• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Шілде, 2023

Көмірді ерте қамдаңыз

274 рет
көрсетілді

Көмірдің ірі бассейні саналатын Қарағандыда қара алтынның тапшылығы жоқ. Онымен қоса, енді «Шұбаркөл көмір» АҚ жекелеп сатып алушыларға көмір саудаламайды. Оған компания тарапынан толықтай тыйым салынып отыр. Тек бір ғана оператор – «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Бұл дегеніміз – «Шұбаркөлдің» көміріне жылдағыдай тәуліктеп кезек күткен, жан-жақтан келетін алыпсатардың жолы кесілді деген сөз.

Компания басшылығы қолға алынып жатқан бұл шаралар көмірдің тапшылығы мен маусым кезінде туындайтын дүр­бе­лең­ді жояды деп мәлімдеп отыр. Былтыр «Шұбаркөл кө­мі­ріне» кезек күткен жүк көлігінің саны 400-ге жетіп жығылып, олар үш тәулік бойы сонда түнеген болатын. Бұл бастама – сондай келеңсіздіктің болмауына кепіл.

Қарағанды облысына көмір 1 шахта 8 разрезден келеді. Облыста көмір саудалайтын 52 орын бар. Олардың орна­ласқан мекені туралы облыс әкімінің сай­тынан білуге болады.

Жергілікті билік көмір жет­кілікті екенін айтады. Деген­мен күзде кезек күтіп, қарбаласқа тап болмас үшін ха­лық­қа ерте қам­дануды ұсынып отыр. Қа­зақстан бойынша былтыр, 2022 жылы 113,9 млн тонна көмір өн­дірілді. Биыл алты айда қазылған көмір көлемі – 54,6 млн тонна. Еліміз бо­йынша халық 9,3 млн тонна көмір тұтынса, бүгінде соның 3,3 млн тоннасы аймақтарға жет­кізілді.

– Қарағанды облысындағы сұраныс – 1 млн 100 мың тонна. Көмірді негізгі жет­кізуші – «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Жа­лын» разрездері. Минстрлік та­рапынан жүйелі шаралар қа­был­данды. Республика кө­ле­мінде автокөлікпен көмір экспорттауға рұқсат жоқ. Қа­зіргі таңда көмірді тек экспортқа кө­мір өн­діру­шілер ғана шығара алады. Бұл орайда Үкіметтің қау­лысы әзірленуде. Ондағы мақсат – делдалдарды жою, – дейді Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министр­лігі Индустриялық даму комитетінің төра­ғасы Азамат Панбаев.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Абзал Рахымбаев өңірлік опе­ра­тор­ларға тиісті ұсы­нымдар жолданғанын айтады. Онда көмір ба­ғасы, қоры, жет­кізілу мәселелері нақ­тылан­ған. Оның мәлімдеуінше, Қа­ра­­ғанды қаласы бо­йын­ша 20 опе­ратор бар. Жергілікті «Рапид», «Exim Artis» ЖШС кен орын­да­ры да тікелей сатуды жос­пар­лаған.

Облыс басшылығы тұрғын­дарды қыстың қамын жаз ойлап, көмірді ертерек сатып алуға шақырады. Бұл – қыс түс­­кенде көмір сататын орын­дар­дағы ұзын-сонар кезек пен қар­ба­лас­ты болдырмау үшін керек.

Қарағанды нан комбина­ты­ның ірге­сіндегі «Крылов» сауда нүктесінде 30 мың тоннаға жуық көмір бар. Шах­талардан отын тасып жатқан жүк вагон­да­рының жұмысы кестеге сай, еш ке­дер­гісіз жүріп жатыр. Бірақ қақпа алдында жүк көліктерінің кезегі жоқ.

– Бұл – көмір әлі сатылымға шық­пай жатыр деген сөз емес. Тек, жұрт әлі бейқам. Көбі қар жауып, қазан ұр­ғанда ғана қимылдайды, – дейді сауда нүк­те­сінің директоры Владимир Крылов.

Пришахтинскінің түбіндегі «Арман­дар орындалады» деп аталатын сауда нүктесіндегі көмір мөлшері 15 мың тоннадан асады. Қамдану шаралары қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Мұнда да моншақтай тізілген жүк көліктері жоқ. Әзірге тым-тырыс.

– Сондықтан биыл өңірде қатты отын жеткілікті деуге толықтай негіз бар. Ай сайын қажетті мөлшер жеткізілуде. Осака­ровка мен Жарық стансасында қосымша нүктелер ашылды. Қазақстан бойынша көмірдің ең төменгі бағасы біздің облыста екен. Мәселен, сұраныс­қа ие «Шұбаркөл» көмірінің тоннасы өңірде – 13 400 теңге. Сапаға да ба­қы­лау орнатылған. Егер сатып алған отыныңыз сапасыз болса, тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне бірден жүгіну керек, – дейді облыстық өнеркәсіп және ин­дус­триялық-инновациялық да­му басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Шұ­бар­көл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким кәсіпорын аумағынан кө­мірді өз бетінше алып кетуге тыйым салын­ға­нын ресми хабарлады. Мақсаты, атап өткеніміздей, көмірдің ел арасында қатқа айналуын жою.

– 2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысында коммуналдық-тұр­мыс­тық кө­мірді көтерме сатып алушы ретінде «Көмір гарант» ЖШС анық­тал­ды. Компания төрт отын пунктін құру туралы ше­шім қабылдады: екеуі – Ұлы­тау облысында, біреуі – Қос­та­най облысында және біреуі – Қарағанды облысының Осака­ров­ка кентінде. Осы отын базаларына көмір жеткізу теміржол арқылы үздіксіз жүр­гізіледі. Сондай-ақ халыққа кө­мір жет­кі­зетін жақын маңдағы 9 пункт бар, – дейді «Шұбаркөл Көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ-ы 1 қаң­­тардан алып кету бекет­терінде бағаны 13 пайызға өсірген. Бұл баға кейінгі 5 жылда өспегенін айтады Сергей Ким. «Шұбаркөл» алаңында сұраныс күшейгенде былтыр 400-ге жуық көлік үш тәуліктеп кезекте тұрғаны мәлім. Осылайша, тиімсіз делдалдар коммуналдық-тұрмыстық таскөмірдің басым бөлігін эскпорттап, тапшылық туындауына себепші болған. Комитет төрағасы Азамат Пан­баевтың айтуынша, енді көмір сыртқа теміржолмен ғана тасымалданады. Былтыр Түр­кістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақ­стан, Қы­зылорда облыс­тарына автокөлікпен көмір та­сымалданған. Ал талдаулар ол көмірдің Жамбыл облысы ар­қылы Қырғызстанға, Түр­кіс­­тан облысынан Өзбек­станға өтіп кеткенін көрсетіпті. Сонда Өзбекстанға 30 пайызға, Қыр­ғыз­станға 20 пайызға көмір экспорты ұлғайған екен. Осы­лай­ша, кәсіпорын есебінен орта­дағы делдалдар қал­та­ларын қам­пит­қан. Енді мұндайға жол жоқ.

Бұрынғыша разрездің ма­ңайындағы 100 шақырымда орна­ласқан ауыл-аймақ­тың бәрі тегін көмірмен қамтылады.

 

 Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»