• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Шілде, 2023

Шуда жүзеге асырылатын жобалар

224 рет
көрсетілді

Өңірге әлеуетті инвесторларды тартып, облыс халқын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында Әулиеатада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов облыстық инвестициялық штабтың отырыстарында Тараз қаласында және аудандарда жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызын ұдайы назардан тыс қалдырған емес.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының жергілікті атқарушы билігі де инвестиция тарту жұмыстарына айрықша ден қойып отыр. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, 2023-2027 жылдарға арналған жоспар аясында 1 114 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Төрт жылдың бедерінде жалпы құны 259,4 млрд теңгені құрайтын 129 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша атқарылатын жұмыс толықтай жолға қойылған. Қазіргі кезде контейнер өндіру, құс фабрикасы, жол бойындағы сервис нысандарын салу жөніндегі жобалар бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Барлық тарап жобаларды толықтай жүзеге асыруға мүдделі.

Б.Жәнібеков келтірген деректерге зер салсақ, Шу ауданында іске асырылатын ірі жобалардың қатарында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қолға алған Шатыркөл-Жайсан кен байыту зауыты, «Zhanashyr project» ЖШС-ның Жайсаң мыс кен орны, «Alstom Kazakhstan» ЖШС-ның теміржол жылжымалы құрамын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жобалары бар. Бүгінде аталған жобаларды жедел жүзеге асыру бойынша жұмыстар жолға қойылған.

«Өңірге әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары қай кезде де назардан тыс қалған емес. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін өндіріс орындары көбірек ашылғаны жөн. Жуық арада жүзеге асырылатын жобалардың қатарында «Dain Company» ЖШС-ның контейнер құрастыру зауыты бар. Аталмыш жобаны қолдау мақсатында 2 гектар жер қарастырылғанын айта кеткеннің артықтығы болмас. Жоба құны 450 млн теңгені құрайды. Инвестордың айтуынша, қуаттылығы айына 10 контейнер екен. Мұнда 10 жұмыс орнын ашу көзделген. Тапсырыс берушілердің саны артқан жағдайда 60 адамға дейін жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Бұған қоса «QazAquaAliance» ЖШС-ның ет бағытындағы жобасы да өңір экономикасын өркендетуге сеп болатыны сөзсіз. 500 мың басқа арналған құс фабрикасы Балуан Шолақ ауылынан бой көтереді. Құны 250 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асқанда 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ «Хамза» шаруа қожалығы да 100 мың басқа арналған құс фабрикасын ашуды көздеп отыр. Бүгінде бұл жобаны қолдау мақсатында Көкқайнар ауылдық округі аумағынан 5 гектар жер қарастырылуда. Құны 220 млн теңгеге бағаланған фабрика жұмысын бастаған кезде жергілікті 20 азамат жұмысқа тартылмақ. Бұдан өзге де бірқатар маңызды жобаны іске асыру бойынша өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», дейді Б.Жәнібеков.

Шу ауданының әкімі келтірген деректерге сүйенсек, 2024 жылы өңірде іске қосылатын «SVictory 6» ЖШС-ға қарасты «А» класты жол бойындағы қызмет сервисі (туризм, этноауыл, музей) ірі жобалардың біріне айналмақ. Жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын жоба іске асқанда 40 азамат жұмыспен қамтылмақ. Әлбетте, ауданда инвесторларды тарту, сол арқылы жергілікті халықты жұмыспен қамту жұмыстары жыл өткен сайын қарқынды түрде іске асып жатқаны мәлім. Бүгінде нақты іске асырылып жатқан үш жоба бар екен. Олардың жалпы құны 123,7 млрд теңгені құрайды. Аталмыш жобалар іске қосылған кезде ауданда 430 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Аудан халқы үшін бұл, әрине, жағымды жаңалық.

«Ірі жобалардың бірі ретінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Шатыркөл кенішіндегі фабриканы айтуға болады. Д.Қонаев ауылында іске асырылып жатқан жобаның құрылыс жұмыстары кезінде 377 азамат жұмысқа тартылса, фабрика іске қосылған кезде 300 адам еңбекпен қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Фабрикада еңбек ететіндердің белгілі бір бөлігін жергілікті азаматтар құрайды. Жаңа өндіріс ошағының қуаттылығы жылына 1 млн 200 мың тонна кен өндіруге қауқарлы. Қысқасы, осы жоба сәтімен іске қосылғаннан кейін аудан бюджетіне 300-400 млн теңге аралығында салықтық түсімдер түседі», дейді ол.

Аудан басшысының айтуынша, «Zhanashyr project» ЖШС қолға алған «Жайсан» кен орнын өнеркәсіптік тұрғыдан игеру жобасының да аудан экономикасына келтірер пайдасы мол көрінеді. Бүгінде сол жобаны іске асыру мақсатында нақты қадамдар жасалып жатыр.

«Шыны керек, ауданда қолға алынған инвестициялық жобалардың қай-қайсысы болсын өңір экономикасына айтарлықтай табыс әкелетіні талас тудырмайды. Олардың қатарында «Жайсан» кен орнын өнеркәсіптік тұрғыдан игеру жобасы да бар. Осы ірі жоба толыққанды іске қосылған кезде жылына 600 мың тонна катодты мыс кені өңделеді. Бүгінгі таңда тәулігіне 822 тонна кен Балқаш түсті металл өңдеу комбинатына жіберіліп жатқанын да ескерген жөн. Жаңа кәсіпорын техникамен толықтай қамтамасыз етілген. Шамамен 2024 жылдың ақпан айында толық қуатында іске қосылады деген ойымыз бар», дейді Б.Жәнібеков.

Шу өңірінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында да ауқым­ды жобалар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Аудан әкімі келтірген дерекке сүйенсек, іске асырылып жатқан екі ірі жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды екен. Сол жобалар толыққанды іске қосылған кезде 76 жаңа жұмыс орны құрылады.

«Жалпы, өңіріміз агроаймақ санал­ған­дықтан ауыл шаруашылығына қа­тыс­ты жобаларға да айрықша назар ауда­рып отырмыз. Айталық, «Элнур Адил Групп» ЖШС қолға алып отырған макарон цехы, диірменнің жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Аталмыш жоба іске қосылғанда 64 адам жұмыспен қамтылады. Серіктестік басшыларының айтуынша, диірмен тәулігіне 120 тонна, макарон цехы 22 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бүгінгі таңда аталмыш нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жоба осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз», дейді аудан басшысы.

Қалай алып қарасақ та, кейінгі жылдары өңірге әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары мықтап қолға алынғанын аңғару қиын емес. Жуырда ғана түркиялық «Koyuncu Group» ком­паниясының өкілдерімен кездес­кен өңір басшысы Нұржан Нұржігітов инвесторларды қолдау жұмыстары әрмен қарай жалғаса беретінін айтты. Аталмыш компания Қаратау қаласы «Тараз» индустриалды аймағында нат­рий пиросульфитін өндіру жобасын іске асырып жатқаны мәлім.

Қысқасы, өңірге инвестиция салу­ға келген шетелдік инвесторларға жер­гі­лік­ті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны сөзсіз. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған инвестициялық жобалардың бір парасы тоғыз жолдың торабы саналатын Шу ауданында да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бой көтеріп жатқан су жаңа өндіріс ошақтарына жұмыссыз азаматтар үлкен үмітпен көз тігіп отыр.