• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Тамыз, 2023

Tax Free жүйесі: Ел экономикасы үшін тиімді ме?

157 рет
көрсетілді

Tax Free – Қазақстанға қонақтап келген шетелдік туриске тауар сатып алғанда қосылған қосымша құн салығының сомасын қайтаруға мүмкіндік беретін жүйе. Ашып айтқанда, шекара асып шеттен келген азамат біздің елден бір затты сатып алып, өзімен бірге алып кетпекші болса, онда оған тауар сатып алған кезде төлеген қаражатының 12%-ын құрайтын қосымша құн салығының бір бөлігі қайтарып беріледі.

Бұл – әлемде бір­ша­ма уақыт­тан бері қолданылып келе жатқан жүйе. Шығу тарихы 1980 жылы ­ 4 тамызда Швецияның Трел­ле­борг қаласынан бастау алады.­ Сол шаһардан Германияға сапарлаған паром жолаушыларына билет сатып алу үшін қосымша құн салығы қайтарыла бастапты. Содан бері бұл жүйе әлемнің 130-дан астам елінде жұмыс істеп келеді.

Ал біздің елде «Tax Free» жобасын 2022 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті туризмді дамыту мақсатында қанат­қақты режімде енгізді. Қазір­гі уақытта жобаның нәти­же­сін толыққанды білу үшін оның мерзімін 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты. Оны алдағы уақыт ішін­де­­ қанат­қақты жобаға қаты­су тура­­­­лы шарт негізінде Аста­на,­ Алматы, Шымкент және Түр­кіс­тан қалаларында орна­лас­қан­ сау­да нысандары іске асыра­ды. Ал шетелдіктерге ЕАЭО­­ аумағынан тыс жерлерге­ Қазақ­стан Республикасынан сат­ып алын­ған тауар сомасы ке­мінде 20 АЕК (69 000 теңге) бол­ғанда ғана, елден алып кету кезінде толық 12% құрайтын қосымша құн сомасы өтеледі. Есептеп көрсек, ең төменгі сома 69000 теңгеге тауар алған шетелдік, tax free ретінде осы сомадан 8280 теңгені қайтарып ала алады. Әлбетте барлық сау­да орнындағы тауар­лар­ бұл жүйеге кірмейді. Нақ­ты қай кәсіпорындармен серік­тес­тік­те екені еліміздегі қанат­қақты жоба бойынша бас оператор халықаралық «Global Blue Казахстан» ЖШС кәсіп­ор­ны­ның­ сайтынан білуге болады.

Отандастарымыз бен ел үшін мұндай жүйе де пайдалы болуы мүмкін, оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – Tax Free енгізу Қазақстанға шетелдік туристерді көбірек тартады. Туристер елге келуге мүдделі болады, өйткені олар тауарларды сатып алу кезінде салықты үнемдей алады. Туристік ағынның артуы кәдесыйлар, киімдер, өнімдер мен қызметтерді сатып алуды қоса алғанда, елі­міз­дегі тұтыну көлемінің артуы­на әкеледі. Бұл бөлшек сауда мен туристік сектордың дамуы­на­ ықпал етеді, нәтижесінде пайда­ өсіп, жаңа жұмыс орындары құрылады. Екіншісі – шағын және орта бизнесті дамыту: туристер ағынының артуы елдегі шағын және орта бизнестің дамуына түрткі болуы мүмкін. Жергілікті кәсіпкерлер шетелдік келушілердің қажеттіліктерін қана­ғат­тандыру үшін жаңа дү­кен­­­дер, мейрамханалар, қонақүй­лер және әртүрлі туристік қыз­­мет құра алады. Бұл Қазақ­­стандағы экономикалық белсен­­ді­ліктің әртүрлілігіне және кәсіп­­керліктің кеңеюіне ықпал етеді. Үшіншісі – валюталық түсімдердің артуы: Қазақстанға сапар шегетін шетелдік туристер санының артуы елге валюталық түсімдердің ұлғаюына алып келеді. Шетелдік туристер та­уарлар мен қызметтер үшін шетел валютасымен төлейді. Бұл елдің валюта резервтерін күшейтеді және ұлттық валютамыз теңгенің нығаюына ықпал етеді.

– 2019 жылдан бастап қанат­­қақты жоба тек Алматы қала­сын­да­ жүзеге асырылған. Был­тырдан бас­тап Астана мен Түркістан қала­лары да қосылды. Сондай-ақ қала әкімдігінің бастамасымен Шымкент те биылдан бастап осы жобаға енгізілді. Өйткені жоба республиканың туризмді дамы­ту­дағы ең маңызды бастамасы сана­лады. Сонымен қатар турис­тер­ ағынының жыл сайынғы өсі­мін көрсетеді. Жоба жүзеге асы­рыл­ға­лы бері шетелдік турис­тер 500 миллион теңгеден астам тауар сатып алып, 40 миллион­ теңгеден астам қосымша құн салығын қайтарды. Оны 40-тан астам елден келген турист пайдаланды. Дегенмен тәуекелдің бар екендігін де ескеру қажет. Бірін­ші­ден, тәуекел, шетелдік турис­тер қосылған құн салығының есептелген сомасын қайтарған кезде бұл мем­лекет үшін салық кірістерінің бір бөлігін жоғалтуға әкелуі мүмкін. Екіншіден, кейбір турис­тер жалған чектерді ұсыну немесе­ салықты қайтару үшін заңсыз опера­циялар жасау арқылы Tax Free жүйесін теріс пайдалануы мүмкін. Бұл мемлекет үшін бақы­лау­ және ықтимал шығындар проб­лемаларын тудыруы ықтимал. Әлбетте бұл мәселелер осы жүйе­ні іске асырып жатқан жауапты тараптардың қаншалықты тиім­ді жұмыс істей­тініне байла­ныс­ты, – дейді Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті ҚҚС әкімшілендіру бас­қармасы басшысының орынбасары Думан Қансейітов.

Қорытындылай келгенде, Tax Free жүйесі қай тарапқа болсын қолайлы. Туристер үшін де тиімділігі туралы айтып өттік, алдағы уақытта тағы да көз жеткізе жатамыз. Ал еліміз үшін белгілі бір деңгейде пайдасы бар, дегенмен тәуекелдері де аз еместігін анықтадық. Қазақстан Үкіметінің осы бір қанатқақты жобасы өз мәресіне жеткенде бұл жүйенің ел үшін қаншалықты ақталғандығы туралы толыққанды баға бере аламыз.

 

Аружан МӘУЛЕНБАЙ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті