• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2023

Шағын ауыл көрген шарапат

186 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы Үкіметтің алдына міндет қойды. Соның негізінде Ақтоғай ауданындағы шалғай ауылдарға су тартылып, тұрғындар сапалы тіршілік көзін тұтынып отыр. Қуаныш ауылы да қуанышқа кенелді. Енді мұндағы ағайын қыр асып, құдыққа қауға салып, су тасымайды.

«Жалпы, ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», деген еді Президенті. Осы орайда әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әсіресе шалғай ауылдардағы ауыз су мәселесі қолға алынды. Қалай десек те, аңқасы кепкен ауылдардың тізімін түгел жоя алмай отырмыз. Бірақ жыл сайын бұл мәселенің оң шешімін тауып келе жатқанын тағы да атап өту керекпіз. Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданы Қараменде би ауылдық округіне қарасты Қуаныш ауылына су құбыры тартылып, халықты тіршілік көзімен қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарлама аясында іске асып жатыр. Мұндай игілікті шар­уа Жидебай ауылдық округінің құрамына кіретін Үшарал ауылында да атқарылды.

– «Су – тіршілік көзі» десек, оның сапасы да – басты назарда. Халық денсаулығы да судың сапасына тікелей байланысты. Ауылымызға су тартылғанына ел болып қуандық. Өйткені су мәселесі бізді көптен бері толғандырып келген еді. Бұған дейін суды құдықтан тасып ішетін едік. Енді, міне, үйімізге су келді. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Қуаныш ауылының тұрғыны Айбол Жақанов.

Қуаныш ауылының су құбыры желілерін тарту жұмыстары 478,4 млн теңгені құрайды. Былтыр 301,9 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған еді.

– Қуаныш ауылына биыл да облыстық бюджеттен 95,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде жалпы ұзындығы 9 383 метр су құбыры тартылды. Құрылыс жұмыстарын аяқтау осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Уақытша бес жұмыс орны ашылды. Ал Жидебай ауылдық округіне қарасты Үшарал ауылының су құбырына 325,9 млн теңге бөлінген. Өткен жылы 150 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы жылы облыстық бюджеттен – 65,2 млн теңге, Ұлттық қордан 124,7 млн теңге бөлінді. Бүгінде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 5 833 метр құбыр тартылды. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Бұл ауылда уақытша төрт адам жұмыспен қамтылды, – дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов.

Қуаныш ауылының су желілерін тартып жатқан «LifeStoryInvest» ЖШС мердігері мәрттік танытып отыр. Келісімшарт бойынша су желісін тек үйдің ауласына дейін ғана жеткізу көрсетілген. Ал жауапты мердігер үйге дейін тартып беріп отыр. Ауыл халқы, ауыл әкімшілігі компания қызметкері Сағат Дүйсекинге дән риза. Мердігер тіпті, ауылдың мешітіне, мектебіне, клубына суды ақысыз тартуды өз мойнына алып отыр.

– Қазіргі кезде жұмыстың дені өнді. Су желілері толықтай тартылды, енді су құбыры мұнарасы орнатылады, су насосы қойылады. Қуаныш ауылында 42 түтін бар. Биыл мұнда балалар ойын алаңы да салынып жатыр. Тақауда аяқталады. Ауыл бүлдіршіндері алаңды асыға күтіп жүр. Келер жылға да ауқымды жұмыс жоспарлап қойдық. Медпункт құрылысы басталады, – дейді ауыл әкімі Қайрат Әзіров.

Шағын ғана ауыл мемлекеттік бағдар­ла­мадан осындай шарапат көріп отыр. Жалпы, Ақтоғай ауданында 17 ауылдық округте 36 елді мекен бар. Аудан бойынша ауыз су жүйесінің жалпы ұзындығы 145,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде магис­трал­дық желі 41,6 шақырым, орам­ішілік желі 104,3 шақырымға тең. Аудан әкімшілігінің мәліметінше, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту көрсеткіші 91 пайызды құрайды.

Былтыр ауылдық округтер ауыз сумен то­лық қамтамасыз етілсе, биылдан бас­тап шағын елді мекендерді сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатта аудандық, облыстық және республикалық бюджет есебінен 2023-2025 жылдарға 1 млрд 574 млн теңге көлемінде қаржы қарастыру жоспарланды, оның ішінде 2023 жылға – 754,3 млн теңге, 2024 жылға – 319,7 млн теңге, 2025 жылға 500 млн теңге қаржы қарастыру жоспарлаған екен.

– Биыл Үшарал (278 адам), Қуаныш (226 адам) ауылдары ауыз су желісінің құрылысына 285 млн теңге қаржы бүгінде облыстық бюджет есебінде қаралды. Аталған жобаларды аяқтау үшін қосымша 110,1 млн теңге облыстық бюджет есебінде қаралады. Сонымен қатар биыл Жалаңаш (232 адам) ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жаңа құрылыс жұмыстарын бастау үшін 358,7 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Келер жылға Жаланаш ауылының ауыз су құрылысын аяқтау үшін 89,7 млн теңге жоспарлануда. Сонымен қатар халық саны аз Акжайдақ (115 адам), Қарасу (160 адам), Жетімшоқы (122 адам), Қарақой (88 адам), Қаратал (86 адам) ауылдары үшін суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына 230 млн теңге қаралады деп жоспарлап отырмыз, – дейді әкімнің орынбасары Абылай Базылов.

2025 жылға аудандық құрылыс бөлімі тарапынан халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақтұмсық (49 адам), Кенелі (63 адам), Жалаңтөс (70 адам), Өндіріс (75 адам), Беғазы (76 адам), Сона (62 адам), Ақсеңгір (53 адам), Жидебай (43 адам), Дуанши (32 адам), Ақкөл (11 адам) ауылдары және Ортадересін стансасы (52 адам) үшін суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату жұмыстарына 500 млн теңге қарастырылады деп отыр аудан басшылығы.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»