• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Тамыз, 2023

Ұлттық экономиканың осал тұсы

269 рет
көрсетілді

Еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да, экономикалық дамуымыз егемен­ді­гі­міздің толыққандылығы мен оның тиімділігі тұр­ғысында ауыз толтырып айтуға мүмкіндік бер­мей отыр.

Мәселен, 2023 жылдың бірінші тоқ­санында инфляция 18,1%-ды құраса, кейінгі үш жылда ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 19,75% деңгейінде тұрған көрінеді. Бұның сыры тереңде жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдары АҚШ бастаған Батыстың дамыған елдері посткеңестік мемлекеттерге қолдау көрсету дегенді желеу етіп, өздерінің жымысқы саясатын тықпалай бастады: инвестиция құйды, ядролық қаруды жоюға күштерін «аямады», демократия, адам құқығы мен бостандықтары және нарық экономикасының тәжірибесімен жүйелі және табанды түрде бөлісе бас­тады. Сөйтіп, өкінішке қарай, еліміз «бөг­де­нің кеңесіне» жалтақтап, өзінше батыл шешімдер қабылдаудан қалды. Сөйтіп, Қазақстан Халықаралық валюта қоры, Әлемдік банк және АҚШ-тың қаржы министрлігі бірлесіп жасаған «Вашингтон консенсусы» жобасының ықпалы мен қыспағына қалай түскенін байқамай қалды. Мұндағы АҚШ-тың көздеген негізгі мақсаты пайда табу болатын. Ол өнеркәсіпті жаппай жекешелендіру, салық реформасы, қаржы нарығы, сауда саласы мен баға саясатын либерализациялауға жол ашу сияқты шаралар арқылы іске асырылды. Тәуелсіздіктің бас кезінен-ақ мемлекеттік басқару органдарында күн тәртібіне шығарылған мәселелерді толыққанды қарап, тиімді шешім қабылдаудың орнына жұмыс тобын құру әдетке айналып, әрбір мәселені бірнеше рет талқылау, олардың халық игілігіне сай дұрыс шешілетініне ешбір кепілдік бермей, сөзуарлық күнделікті үйреншікті іске айналды. Нәтижесінде, шешім қабылдау жылдамдығы әлсіреп, оның тиімділігі мен сапасынан айырылдық.

Бюджеттік жоспарлау мен оның орын­далуындағы сәйкессіздік, мақсат-міндеттер мен мемлекеттік және салалық жоспарлардың жал­пыламалық және бұлыңғырлық сипаты әдеттегі жағдай бола бастады. Бұл – мүдделер текетіресі мен қақтығысының айқын көрінісі еді. Ол көлеңкелі экономиканы күшейтті. Осылайша, «олигархтық лоббизмнің» асығы алшысынан түсіп, оның неге әкеліп соққанын енді ғана түсініп отырмыз. Экономика біржақты дамып, оған әртүрлі саяси күштің араласуы күшейді. Еңбек өнімділігі төмендеп, мемлекет өзінің ұлттық қорына қол сұғып, болашақ ұрпақты несібесінен айыра бастады. Аймақтық сая­сат назардан тыс қалып, олар трансфертке бой ұрып, жергілікті жерлер дамудан қалды, ал әкімдер жауапкершіліктен бас тартып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы қиындаған заман туды.

Қоғамда батыстық-либералдық тұтыну идеологиясы үстемдік құра бастады. Ірі компаниялар мен банктер өз ақшаларын шет елдерде сақтап, шын мәнінде, басқа мемлекеттердің экономикасын дамытумен айналысты. Бұл әлеуметтік-саяси мәселелерді шиеленістіріп, елдің ұлттық қауіпсіздігіне теріс әсер ете бастады. Қоғамдық өмір саясиландырылып, елдің экономикалық элитасы саяси олигархияға айналып, коррупция дерті тереңдеді. Бұл, сонымен қатар трансұлттық корпорациялар арқылы басқа елдердің экономикасының құрылымын өзгерту, бағаны өсіру т.б. жолдармен жасанды дағдарыстар ұйым­дастырудың «демократиялық және заңды жолына» айналды. Осы неолибералдық идеология Вашингтонға әлемнің кез келген аймағындағы мемлекеттерді «естен тандыру терапиясына» баруға мәжбүрлеуге мүмкіндік берді. Бұның барлығының түпкі мақсаты – мемлекеттің экономикаға араласу деңгейін азайтып, халықтың басым бөлігін жаһандану үдерісіне тартып, оларды бірполярлық әлем жағдайында өздерінің қол астына бағындыруда жатыр. Яғни бұларды экономикалық егемендігінен айырып, елдің табиғи ресурстарын, өндірістік әлеуеті мен тұрғындарын халықаралық қаржы институттарының айдауына көндіру деген сөз. Ендеше, қоғамды қыспаққа алып, оның дамуына тұсау болып отырған санадағы осынау «астыртын құлдықтан» құтылу мемлекеттік саясаттың өзегіне айналса игі еді.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,қоғам қайраткері