• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2023

Ұлт ынтымағы ұйысқан алаң

217 рет
көрсетілді

Елімізде кейінгі жылдары көптеген саяси өзгерістер мен жаңарулар орын алып жатыр. Бұның барлығы мемлекет ішіндегі ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге, ел халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси бағдарын тиімді жолға қоюға бағытталып отыр. Соның арқасында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру үрдісі қарқын алып келеді.

Қазақ тарихында ұлттың, мем­лекеттің тағдырына байланысты маңызды құрылтайлар көп болды. Ол жерде халық үшін маңызды, мемлекеттің еге­мендігі мен болашағына қа­тысты үлкен шешімдер жасалатын. Тарихқа көз салсақ, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда тәуелсіз мемлекет болды. Ал елімізді бір тудың астына біріктірген Қарақұм мен Ор­да­ба­сы құрылтайларында халық бірігіп, анталаған жаудан елімізді қорғап қалдық. Орын­бордағы ең алғашқы қазақ құ­рыл­тайында Алаш партиясы құрылса, екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланған болатын. Бұның барлығы қазіргі кездегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негізі болған жағдайлар мен өзгерістер еді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет Дүниежүзі қа­зақ­тарының құрылтайы өтіп, хал­қымыздың басы бірігіп, кеңес қылуы арқасында шетте жүрген қандастарымыздың Атамекенге оралу көші басталғанын білеміз. Осы секілді тарихтағы маңызды құрылтай жиындары халықты біріктіріп, ортақ мәселелерді ортаға салған. Ал кейінгі соңғы екі жылда ата-баба дәстүрін ұстанып, оны жаңғыртып құрылтай ша­қыру дәстүрін қайта жол­ға қойған Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев елдік мәселені кеңе­сіп шешудің өзектілігін көр­сетіп отыр.

Ұлттық құрылтайдың бірін­ші отырысы тарихы терең Ұлы­тауда, екіншісі киелі Түр­кістанда өтті. Бұл екі ұлы жиын халқымыздың бүгіні мен бола­шағына қатысты барлық ма­ңызды істерді қозғап, елдің әлеу­меттік жағдайы мен рухани мәсе­лелеріне назар аударды. Бұл өте қуанатын жағдай. Мен екінші құрылтайдың не себепті «Әділетті Қазақстан – Адал аза­мат» деп аталатындығына тоқ­та­лып, ондағы аталған мақ­сат-міндеттердің азамат­та­ры­мыздың өмірін, рухани дү­ние­сін өзгертудегі ықпалы туралы сөз еткім келеді.

Ең алдымен, Президент Ұлт­тық құрылтайды халықтың жағ­дайын жақсартуға, халқымыздың ру­хани дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына баса назар аударуға ар­нал­ғанын айтты. Президент Ұлт­тық құрылтай отырысы сән-сал­танат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігін ескерткен болатын. Яғни бұл жиын халық арасында өзекті болып отырған, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп тұрған жағдайлар мен мәселелерді шешу, дүниежүзінде өзінің жақ­сы қырымен танылатын ұлтты тәрбиелеу мен әлеуметтік жағ­дайын өзгерту үшін жұмыс істейтінін көрсетті.

Биылғы құрылтайда көте­ріл­ген басты мәселелердің бірі – мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттілігі және ұлт­тық құндылықтарымызды дәріп­тей­тін кәсіпкерлерге қолдау білдіру. Біз үшін тарихы терең, мемлекеттілігі мыңжылдық Ота­ны­мызды танытатын, ұлттық кодымызды айшықтайтын ұлт­тық брендті қалыптастыру ма­ңызды. Біздің жеріміз дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа, салт-дәстүрге бай, ұлттық құндылықтарымыз мол. Енді қазіргі уақытта сол құндылықтарымызды әлемге таныту қажеттілігі туындауда. Мемлекет басшысы осы жолда еңбек еткен азаматтарымызды әрдайым қолдайтындығын және аталған салалардың дамуына ықпал ететіндігін де атап өтті.

Сондай-ақ Президент мем­лекет­тік наградалар мен сый­лық­­тарға, ордендерге қатыс­ты өзіндік пікірін білдірді. Ол аталған мемлекеттік сыйлықтар мен құрметтерді алуға тек өзінің ісіне, кәсібіне, Отанына адал азаматтар ғана алу керек екенін атап айтты. Бұл дегеніміз, шын еңбек еткен адамдардың маңдай тері ақталатындығын, осылай Әділетті Қазақстанның қа­лып­тасатындығын көрсетіп отыр.

Ұлттық құрылтай басында ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға қатысты мәселе көтерілді. Мемлекет бас­шысы Қазақстанның ака­демиялық үлгідегі жаңа тари­хының жазылуы керектігін қадап айтты. Шын мәнінде, қазіргі кездегі Қазақстан тарихы кітаптары еліміздің тарихи жолы туралы толықтай ақпараттар бере алмай отыр. Ұлы даланың көптеген тарихи тұлғаларының өмірлері әлі көпке танылмаған немесе өте аз жазылған. Бұл біздің ұрпағымыздың өзінің тарихи болмысын, рухын және ұлттық сана-сезімін, ата-тегін толық танып-білуіне кедергі келтіріп жатыр. Менің ойымша, қазақ тарихының толыққанды жазылып, еліміз бен жерімізді қорғауға және қалыптастыруға атсалысқан әрбір тарихи тұлға­ның өмірбаяны зерттеліп, ұрпақ назарына ұсынылуы керек. Сондай-ақ бұл маңызды іске әрбір қазақ атсалысып, өзіндік үлестерін қосуы қажет.

Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы ретінде мені ел ішіндегі көптеген мәселелер алаңдатады. Қазіргі кезде жігері сынған, ынтасы жоқ, ойы бұлыңғыр, екі қолын қалтаға салған жас­тар көбеюде. Президент өз сөзінде жас ұрпақты әлеуметтік желінің тәрбиелейтіндігі, мек­теп­тегі тәрбиенің ақсап тұр­­ғандығы, үлкендер тарапынан тәрбиенің толық санаға құйылмауы, ұрпақты еңбек­қор­лыққа тәрбиелеуі тиіс тұлға­лар­дың келеңсіз әрекеттері, вейп пен нашақорлықтың олар­дың денсаулықтарына әсер етіп жатқандығы жайында да кеңінен айтты. Айналаңызға қарасаңыз, шынымен бұлардың барлығын көруіп жүрміз және Мемлекет басшысының сол мәселелерді шешуге қатысты айт­қан сөздерінің алтындай құны бар екендігін байқаймыз. Шын мәнінде, бұл проблемаға тек Президент пен үкімет қана жауапты емес. Бұл жолда әркім өзінің әрекетіне, ісіне, сөйлеген сөзі мен ұрпақтың тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқандығына жауапты болуы керек. Біз отан­сүйгіш азаматтармыз, сон­дықтан Отанымыздың табысты ел болуы үшін жанымыздағы адамға немесе қоғамға, өскелең ұрпағымызға өзіміздің рухани дүниеміздің байлығын, адамгершілігімізді, жақсы іс пен адал еңбегіміз арқылы үлгі немесе мысал көрсетуіміз керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы кітап басып шығару, ұлттық кино, қазақ әдебиеті мен ақпарат таратуға қатысты пікірін білдірді. Мұның барлығы ұлттың санасына ықпал ететін дүниелер екені сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қо­ғам­ның тынысын, пікірін әр­дайым назарда ұстайтын «ақыл-ой орталықтарының» болуын және олардың жұмысының әділ, жүйелі түрде жүргізілуіне назар аударды. Шынымен-ақ, осы аталған шаралар жүзеге асқан кезде «халық үніне құлақ асқан мемлекет» орнайтындығы анық.

Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шетел­дік­терге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деген сөзі қоғамда көтеріліп келе жатқан даулы мәселеге нүкте қойғандай. Сонымен қатар Президент шалғай аймақтар мен ауылды көркейту, су тап­шылығы, жұмыссыздық, білім мен денсаулық сақтау сала­ла­рының мәселелері, т.б. өзекті та­қырып­тар­ды қозғады. Ел болған соң, мемлекет ішінде күр­меуі қиын мәселелер бола­тын­­дығы сөзсіз. Оның бәрін бір күнде шешіп тастау қиын. Ең бастысы, Президент бас болып халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған істерді қолға алып жатыр.

Қорытындылай келе айтарым, Ұлттық құрылтай – ха­лықтың рухани құндылық­та­рының, жігерінің, мемле­кет­тің мызғымастығы мен берік­­тігін қалыптастыру үшін шақы­ры­ла­тын іс-шара. Байқа­саңыз, еліміз соңғы жылдары күннен-күнге көркейіп, әлемдік аренада танылып ке­ле­ді. Бұл үлкен серпілістің жа­салғандығын, сол жолда Мем­лекет басшысы бас­тауы­мен үлкен істер атқа­ры­лып жат­қандығының белгісі болса керек. Бәріміз жиылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарсақ, алмайтын қамалымыз жоқ.

 

Айнұр Бақытжанова,

әлеуметтік ғылымдар магистрі