«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен батыр Бауыржан. Сол ұлы қызметті атқарып келе жатқанымызға биыл – жиырма жыл. Бұл аралықта мектеп тіршілігінің біраз қызығы мен шыжығын көріп те үлгердік. Қаншама «жаңа бастамалардың» тәп-тәуір басталып, ақыры аяқсыз қалғанының да куәсіміз. Ұлттың өз болмысын, өз түр-сипатын, өз тағдыр жолын айқындайтын ұлттық білім ордаларын әлі де қалыптастыра алмай келе жатқанымыз да өкінішті.
Тәуелсіздіктің отыз жылында мектептеріміз талай тәжірибе мен сынақтың «алаңына» да айналды. Әлі де айналып жатса, таңғалмаймыз. Сондағы ойлайтынымыз, «осыншама уақыт аралығында ендігі заманына сай қазақ мектептері қалай, қайтіп құрылымдалғаны дұрыс?» деген сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрген, толғанып жүрген біреу бар ма дейміз ғой. «Ұлттық құндылықтарымызды негіз еткен мектеп құруымыз қажет» деп айтамыз да, кешеуілдете береміз. Әлемдік білім беру негіздерін бетке ұстаған заманауи мектептер қалыптастырамыз деп жаңа бір бастамалар көтерсек те, алдымен сол білім ошақтарының қарапайым мәселесін әлі күнге шешіп бере алмай келеміз. Не де болса, бүгінгі әрбір дұрыс қадам – ертеңгі ұрпақ игілігіне жарай білсе екен деген тілек қой біздікі. Қалай десек те, қазақ мектептерінің мәселесі үздіксіз жүріп жатқан бүгінгі күрделі үдерістерде күрмеліп қалмаса екен дейсің...
Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген екен. Ұлт ұстазының мақаласынан үзіндіні бекер келтірген жоқпыз. Бір ғасыр бұрын жазылған бұл мақаланың мән-маңызы өз дәуірінің ғана емес, осы заманның да өзекті мәселесіне айналғанына әбден көзіміз жетті. Әріптестеріміздің де талайды көріп келе жатқаны даусыз. Талайды деп отырғаным, білім жайына қатысты, әрине. Рас, мұғалімдер педагогикалық қызмет барысында шәкірттерге барын салып, білгенін айтып, үйренгенін үйретіп келеді. Үйренгені демекші, әріптестеріміз өткен он бір жыл ішінде «Жаңартылған білім беру мазмұнынан» не үйренді екен?.. Шынайы жауап таба ала ма? Бүгінде осы сұрақты өз-өзімізге жиі қоятын болдық. Сан алуан әдіс-тәсілдер, көтерілген мәселені білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, оны бағалау жолдары, қысқаша айтқанда, алдыңыздағы шәкірттің «танымдық көзқарасын қалыптастырып, сын тұрғысынан ойлау өрісін кеңейту жолындағы» педагогтің өзі әлі жіті түсіне қоймаған (шындығы осы) ұзын сонар «әрекеттер жиынтығы»...
Осылайша екіұдай күйде жүргенімізде, мектептің бұдан да «қорқынышты» мәселесі алдымыздан көлденең шыға келеді. Бұл – бастауыш сатыдан негізгі сатыға (5-сынып) көшкен оқушылардың (оқушының емес) оқу сауаттылығы мен жазу сауаттылығы мәселесі. Біздің білеріміз, негізгі сатыға көшкенге дейінгі төрт жылда (мектепалды дайындықты қосыңыз, бақандай бес жыл!) баланың ой-санасы, ойлау деңгейі айқындалып, тіршілік туралы ұғым-түсінігі, қоршаған ортаны танудың тілдік негіздері қалыптасып үлгеруі керек. Осының барлығы әліпби таныған баланың оқи алу және жаза алу қабілетінің айқындалуымен, оның дамуымен жүзеге асуы керек еді ғой. Алайда бүгінгі ахуал соның барлығын да жоққа шығарып отыр. Осы орайда педагог әріптестерге бір сұрақ қойғымыз келеді: өткен оқу жылында 5-сыныптағы шәкірттеріңіздің (бір сыныпта 24-25 оқушы) қаншасы сауатты оқып, қаншасы сауатты жаза алады? Олардың сіздің алдыңызға бастауыш сатыдан қандай дайындықпен келгенін байқадыңыз? 5-сыныпқа арналған білім беру бағдарламасының талаптарын ойдағыдай орындай алды ма? Танымдық көзқарасының, сыни ойлау қабілетінің қай деңгейде екенін анықтай алдыңыз ба? Мынадай сұрақтармен басты қатырсам кешірім сұраймын. Дегенмен де, бүгінгі шындық – осы! Оқып, айтып, жазып, түсіндіріп бере алмайтын балада қалайша «сын тұрғысынан ойлау үдерісі» жүреді? Қайтіп «танымдық көзқарасы» қалыптасады? Пәндік ғылыми ұғымдар мен тілдік, әдеби үдерістерді оқушы бірден танып-ұғынуы, талдап әкетуі керек деп отырған жоқпыз. Айтайық дегеніміз, 5-сыныпқа көшкен кез келген орта мектеп не мектеп-гимназия шәкірті қалыптасқан жаттанды төрт дағдыға (әдеттерге) дағдыланған, әдеттенген болуы керек емес пе еді? Бастауыш саты ұстаздарының ерен еңбегі осы жерде байқалуы, көрінуі керек. Ендеше, мәселе неде? Жауабын түрліше қарастырып көруге де болар: отбасындағы ата-ананың жауапсыздығы (төрт жыл бойы баласының оқуы мен жазуын тексеріп, қадағалап отырмауы), мектеп әкімшілігінің салғырттығы мен немқұрайдығы, ұстаздың білім деңгейінің төмендігі. Иә, мәселе бар. Көрініп тұр. Жоққа шығару – үлкен қателік. Ендеше, кімнің жауапсыздығын мойындауымыз керек? Кімді сынға алуымыз керек? Мұның жауабын кім береді? Мәселенің қиын тұсы да – осында. Бір сынып жағдайында оқушылардың жаппай оқи алмауын, жаза алмауын бұрын-соңды көріп пе едіңіз? Жыл сайын көзіміз көріп жүрген мынадай мәселе тағы бар: білім деңгейі төмен оқушыларды «амалдап» 9-сыныпты бітіргенге дейін ұстаймыз, сол күйі оқи алмай, жаза алмай кеткен шәкірттердің қолына «бір жапырақ қағазын» береміз де, уақыты келгенде «қуып шығамыз». Бұл да – баршаға белгілі шындық қой. Сол кеткендер (әлгі оқушылар) қайда барып аялдар екен, ендігі жай-күйі, тағдыр жолы не болар екен деп аз-кем ойландық па? Келешегі туралы толғандық па? Жыл сайын 9-сыныптан оқудан, жазудан мақрұм қалған қаншама ұл-қызымыз кетіп жатқанын кім санап көріпті?.. Ақиқатында, ертең бізге базарда арба сүйрейтіндер емес, керісінше, Алаштың асқақ арманын алға тартқан білімді жастар маңызды емес пе еді? Мұндай жағдайдың түп себебін әрқалай қарастыруға да болар. Алайда алдағы күтіп тұрған сан түрлі қатерді ойлаудың өзі ауыр... Бәрін уақыт көрсетер, әрине. Сауатты, білімге, ғылымға ұмтылған, ізгі ойлы ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыз осы ма дерсің, кейде?..
Шындығында, кейінгі жылдары мектепте сөйлеуге дағдыланбаған (сөйлей алмайтын), оқуға әдеттенбеген (мәтін оқи алмайтын), сөз тіркесі мен сөйлем құрастыруға қиналатын, мүлдем жаза алмайтын (тіпті таңбалай алмайтын) шәкірттеріміздің бір сыныпқа шоғырланып, көбейіп алғаны – алаңдатарлық жағдай. Сөздің орайы келіп тұрғанда айта кететін бір жайт: кезіндегі диктант жазу, мазмұндама жазу, шығарма жазу деген оқу мен жазуға сапалы бейімдейтін әдістемелерімізді Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім академиясымен бірлесе кеңесіп, ортақ келісімге келіп, оқу бағдарламаларына қайта енгізсе, ұтымды шешімнің ұтқыр тұсы сол болар еді. Мұны еліміздегі барша қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарының тілегі деп білгейсіздер. «Жазумен сөйлесу» ғасырында барша жұрттың алға озып, дамыған заманында қазақ баласы оқудан, жазудан кенже қалса, кемел келешекке қалай жетеміз? Өз ана тілінде оқып, жаза алмаған ұрпақтың болашағы не болмақ?
«Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деген әдебиет алыбы Мұхтар Әуезовтің тілегі бар еді. Сынымыз да, шынымыз да – ұрпаққа жанашырлығымыз, тілеулестігіміз. Оқу заманынан озған, жазу заманынан жаңылмаған қазақтың жарқын болашағын көру арманы орындалсын дейік.
Арман НАДИРБАЕВ,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі