Елімізде бірде-бір қолданбалы өнер мұражайы жоқ, ал материалдық емес мұрамыздың 80 пайызы экспозициялауға орынның жетіспегендігінен мұражай қоймаларында жатыр.
«American Space & Makerspace Almaty» мәдени орталығында өткен конференцияда қазақтың дәстүрлі өнеріне қатысты онлайн ресурстың ашылу салтанаты өтіп, ұлттық мұрамызды сақтап қалуға бағытталған игі іс-шараның тұсауы кесілді.
Бұл іс-шараны АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында Еуразия қорының қолдауымен Қолөнершілер одағы өткізді.
Қолөнершілер одағының төрайымы, белгілі дизайнер, тоқыма шебері, Бүкіләлемдік қолөнер кеңесінің құрметті мүшесі әрі кеңесшісі Айжан Бекқұлова қазақ халқының ұлттық мәдени кодын сақтап қалудың мән-маңызына тоқталды.
– Мәдени мұрамыздан айырылу тарихи тәжірибені, қазақы құндылықтарымызды, ұлттық генофондымызды жоғалтуымен пара-пар. Осы орайда ұлттық мәдениетімізді дамыта отырып, оның шығу тегіне, тарихымызбен бүгінгі ұрпақтың сусындауына барынша мән беруге тиіспіз. Дәстүрлі қолөнерді сақтау әлемдік кеңістікте өзімізге тән төлтума ерекшеліктерді дамытумен тығыз байланысты. Бүгінде Жапония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай сынды елдер экономикаcын дамытуда өзінің мәдени мұрасын тұрақты насихаттауға мән беріп отыр. Осыған байланысты еліміз әлемде ұлттық бағдарын нығайту үшін дәстүрлі мәдениетті дамыту уақыт күттірмейді. Қазақтың дәстүрлі өнерін сақтау және насихаттау жастардың өзін-өзі танып, елге деген отаншылдық сезімін дамыта отырып, өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні сөзсіз, – деді А.Бекқұлова.
Сарапшылардың айтуына сүйенсек, қазақ қолөнері үлгілерінің 70 пайызға жуығы жойылып кеткен. Ал бүгінге дейін бірді-екілі үлгілері сақталып келген түкті және түксіз кілем тоқу, ши, алаша, сырмақ және текемет дайындау сынды тоқыманың, түскиіздерді, киімдерді, аяқкиімдер мен баскиімдерді кестелеудің көптеген әдісінің, киіз үйдің ішкі жабдықтарының жоғалып кету қаупі бар.
Айжан Бекқұлова атап өткендей, елімізде бірде-бір қолданбалы өнер мұражайы жоқ, ал материалдық емес мұрамыздың 80 пайызы экспозициялауға орынның жетіспегендігінен мұражайлар қоймаларында жатыр. Ал ұлттық және аймақтық мұражайлардың негізгі қорларында дәстүрлі өнердің жеке түрлері бойынша шектеулі ғана коллекциялар сақталған.
Осыған байланысты былтырдан бастап дәстүрлі тоқыма өнерін танымал ету үшін дәстүрлі өнер иелері арнайы жобаны іске асырды. Олар: Ақтау, Орал, Қостанай, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент, Павлодар қалалары. Сонымен қатар Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан облыстарын аралап, жергілікті шеберлермен кездесіп, зерттеу экспедицияларын жүргізген болатын.
Жобаның алғашқы бөлімі негізінен тоқыма бұйымдарында қолданылатын дәстүрлі оюларды қазақтардың материалдық емес мұраның бөлшегі ретінде құжаттауға арналған. Қысқаша түсініктемелері және семантикасы бар оюлар базасына жиналған ақпарат сандық форматта Қазақстан қолөнершілер одағының сайтына www.crafts.kz орналастырылды. Аталған ресурсты осы жылдың 1 тамызынан бастап тегін пайдалануға болады.
Жиын барысында суретші, дизайнер, зерттеуші және қазақ ою-өрнектерін жинақтаушы, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаев көнеден жеткен барлық символдың философиялық мағынасы бар екенін атап өтті. Ерлан Қожабаевтың айтуынша, өкінішке қарай бүгінде оюлардың мән-мағынасына, сипатына мән берілместен кез келген бұйымда қолдану үрдісі белең алып кетті. «Көне заман тұрғындары табиғат, ғарыш заңдылықтарына, үйлесіміне терең мән берген. Олардың философиялық таным-нанымын пихтограммалардан анық аңғара аламыз. Әлем халықтары пайдаланған пихтограммалар бір-бірімен ұқсас келетіндіктен, оны түсіну жеңіл. Біз қаншалықты ою-өрнектерді терең зерттеген сайын әлем халықтарының бір-біріне жақындығына көз жеткізе түсеміз», дейді суретші.
Жиын барысында дәстүрлі киіз өңдеу (сырмақ, текемет) және тігін өнері шебері Тамара Қапқызы сырмақ өнерінің кенжелеп қалғанын атап өтті. Бүгінде ұмытыла бастаған сырмақтардың көш сырмақ, төр сырмақ, жасау сырмақ сияқты түрлеріне қатысты түсініктеме беріп өткен шебер Қызай мәдниеті, яғни Қызай анамен тығыз байланысты дамыған қолданбалы өнер туындыларының ерекшеліктеріне де тоқталды.
Ұлттық киімдердің түпнұсқалық үлгісін зерттеп жүрген дәстүрлі бізкесте шебері Тілек Сұлтан қолданбалы өнердің аймақтық ерекшеліктері жайында айтты. Оның айтуынша, бүгінде әр өнердің сақталу заңдылықтары бұзылған. Сонымен қатар өңірлердегі өлкетану музейлерінде басқа өңірден таба алмай түрген түпнұсқа үлгілері сақталған. Сондықтан түпнұсқалар сол өңірдің өлкетану музейлерінде сақтау жағына баса мән беру қажет.
Қолөнершілер одағының бастамашылығымен іске қосылған онлайн платформада оюлардың, тоқыма бұйымдардың сан түрі жинақталған. Бұл ресурс үнемі жаңа ақпараттармен толығып отырады. Болашақта ағаш және сүйек өңдеу өнері, қыш, зергерлік өнері, музыкалық аспаптар, ат әбзелдері, дәстүрлі қару-жарақ, ыдыс-аяқ, киіз үй жабдықтары мен металдан жасалған бұйымдар және тағы да басқа дәстүрлі қолөнердің дизайндарын да осы порталға жүктеу жоспарда бар. Сонымен қатар бұл ресурсқа дәстүрлі қазақ қолөнерін жасаудың әдіс-тәсілдері, әсіресе жоғалудың аз алдында тұрған өнер түрлерін үйрететін тәжірибелік сабақтар да енгізілетін болады.