Түптің түбінде алпыс екі тамырында көшпелінің ізі бар халқымыз жиһанкез ұлтқа айналатыны сөзсіз. Бүгінде әлемнің қай түкпіріне жолыңыз түссе де, саяхаттап жүрген қандасты кездестіресіз. Тіпті мәңгілік мұзды мекен – оңтүстік поляр аймағындағы Антарктидаға, дейін барған жерлестерімізді білеміз. Жарнамасы әбден келіскен, әлемнің басқа қиырындағы мекендерді бес саусағындай білетін отандастарымыз өз елінде де ертегідей жерлер бар екенінен бейхабар.
Басқа өңірлерді айтпағанда, мынау іргеміздегі Жетісу өңірінің ұңғыл-шұңғылында кез келген көлік жете алмайтын, екінің бірінің табаны тимеген көрікті мекендер көп екені айдан анық. Соның бірі киелі – Бұрқан бұлақ. Жуырда ғана осы алыс та жақын, қасиетті мекенге бір топ БАҚ өкілінің жолы түскенін және оған жұрттың бәрі жете алмайтынын тарқатып айтқанымыз жөн болар.
Бұрқан бұлақ – Орталық Азиядағы ең биік, айналасының сұлулығын сипаттауға сөз жетпейтін әсем сарқырама. Алматы облысының Текелі қаласынан жоғары Қора өзенінің шатқалында орналасқан, төрт қиядан құлай аққан сарқыраманың жалпы биіктігі – 168 метр. Ал көз жететін жердегі төменгі үш қиясы – 114 метр. Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктен сарқырап құлайтын Бұрқан бұлақ өзені Қаратаудан бастау алады.
Бұрқан бұлақ шатқалындағы тұмса табиғатты көрген кез келген турист табиғаттан асқан шебер жоқ шығар деген пайымға келері сөзсіз. Таңғажайып табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек осы маңда ғана өсетін Тянь-Шань шыршалары мен азиялық аршалардың хош иісі жан сарайыңды ашады. Саф таза ауаның өзі қандай? Әсем табиғатта жаның тыншу табады.
Әлемнің бір шалғайына шекара асып, мұхит басып, ақша шашып жүрген жерлестеріміздің өзі де Отанында осындай табиғаттың таңғажайып кереметтерін біле бермейтіні даусыз. Неге?
Мәселен, Жетісу өңірі де жаңа туристік бағыттарды дамытуға ерекше ден қойып отырғанымен, Жоңғар Алатауындағы «Бұрқан бұлақ» сарқырамасына елдің бәрі жете алмайды. Ең басты кедергі – жол. Оған тек жол талғамайтын көлікпен ғана жете аласыз.
Жолдауда осы мәселеге кезекті рет тоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жетісуға келген сапарында экологиялық туризмді дамытуды тапсырған еді. Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде қазір Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін жол салу жоспарланып жатқан жайы бар.
«Жетісу облысының туристік әлеуетін ілгерілету аясында 2024 жылы Қора шатқалындағы Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін жол салынады. Биыл 1 ақпанда Жетісу облысының әкімі Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жөніндегі Жол картасын бекітті. Халық өз игілігін көруі керек. Жетісу өңірі жаңа туристік нысандарды дамытуды қолға алып келеді. Бұл тарапта біздің орталық ақпараттық жұмыстарды қолға алып, ішкі туризмді дамытуға өз үлесін қосуда. «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ашылғанына 10 айдан асты. Аз уақытта біраз жұмыс атқарылды. Бұрқан бұлақ сарқырамасына баратын екі жол бар. Бірі қысқа жол болса, енді бірі – Қапал арқылы өтетін айналма жол. Біз Текелі арқылы баратын қысқа жолды жоспарлап отырмыз. Ол Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін 52 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жолдың техникалық паспорты әзірленді, топографиялық түсірілім жүргізіліп, инженерлік-геодезиялық есеп дайындалды. Судың максималды шығынын анықтау үшін инженерлік-гидрологиялық есептеулер жүргізілді. Бұрқан бұлаққа жол салуға облыстық бюджеттен 94,8 млн теңге бөлінді», дейді «Vizit Zhetysu» туристік орталығының басшысы Жандос Нұриев.
Сол сияқты өңірдегі Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – экологиялық туризмді дамытуда ерекше орын алады. Тау бөктерінде жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады. Бүгінде осы кереметті аңғарған саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан бұлақтың танымалдылығы жыл сайын артып келеді.
Бұрқан бұлақ шатқалында орналасқан жалғыз турбазаның менеджері Екатерина Николаеваның айтуынша, жолсыз жолдың ауыр әрі күрделілігіне қарамастан саяхатшылар көптеп келеді.
«Көбінесе Германия, Ұлыбритания, Ресей, ТМД елдерінен келетін туристер көп. Биыл Үндістаннан да алғашқы қонақтар келді. «Бұрқан бұлақ» демалыс орнында бір мезетте 50 адамды қондырып, күтіп жібере алады. Мамыр айынан қыркүйек айына дейін күн суытқанша жұмыс істейміз. Саяхатшыларды Талдықорғаннан арнайы жол талғамайтын көліктермен тасымалдаймыз. Бұл жердің таңғажайып сұлу да әсем табиғатына сүйсінбеген жан жоқ. Барлығы риза болып, қайта ораламыз деп кетеді. Жол салынса, саяхатшылар үшін жағдайлар жасалса, Жетісудың көркем табиғатына жол ашылар еді», дейді Е.Николаева.
Осы сапарда журналистер Әулие тасқа да аялдап, Жетісу облысының жаңа туристік бағыттарымен танысты.
«Respublica» партиясының Жетісу облыстық филиалы мен «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ұйымдастыруымен өткен үш күндік пресс-тур аясында БАҚ өкілдері Балқаш көлінде де болды. Еліміздегі экотуризмнің жай-күйімен, проблемаларымен және даму келешегімен, сондай-ақ туризмнің осы түріне демалушылардың сұраныс деңгейімен танысу сапардың басты мақсаты еді.
Жер жаннаты Жетісу жеріндегі экотуризмді дамытуда Алакөл мен Балқаштың әлеуеті зор. Еліміз туризмді өз даңғылына салуға әрекет жасап отырғанымен, Алакөлдің Шығыс жағының жағдайы дұрысталып, демалыс орындары бой түзеп, халық игілігіне жарай бастады. Ал Балқаш көліндегі жағдай керісінше. Балқаш көлінде жарық та, ауыз су да, жол да жоқ.
«Балқаш көліне әлемдегідей көкпен таласқан биік ғимараттар салмаса да, ең құрығанда көл жағалауларында заманауи үлгідегі демалыс орындары бой көтеріп, халықтың демалуы үшін бар жағдайлар жасалса екен», дейді Балқаш көлінде демалып жүрген алматылық турист Гүлмира Асылбекқызы.
Балқаш көлі маңындағы ең жақсы деген «Бунгала» демалыс орнының иесі Бунько Татьянаның айтуынша, көлге жол 5 жылдан бері салынып жатыр.
«Турбазаның ашылғанына 7 жыл болды. Жыл сайын туристер саны артып отыр. Биыл Германия, Қытай елдерінен саяхатшылар келеді. Көбісі ресейліктер. Демалушылар мен саяхатшылардың шағымы тек біреу – жол машақаты. Бірінің дөңгелегі жарылса, бірінің көлігі жүруге, тіпті жарамай, эвакуатормен алып кетуде. Жолдың жасалып жатқанына 5 жылдан асты. Екі жыл болған дұрыстау жолдың өзін жоқ қылды. Жолдың жасалып бітпеуі біздің бизнеске кері әсерін тигізуде. Біз де демалушылар үшін мүмкіндігінше бар жағдай мен сервисті жақсартуға тырысып жатырмыз. Жарықты генератор арқылы береміз. Ал ауыз суды өзіміз алып келеміз. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Бұл менің ғана емес, осындағы демалыс орындары иелерінің жанайқайы деп білсеңіздер», дейді Т.Бунько.
Оның айтуынша, Балқаш көлінің шипалық қасиеті 15 тамыздан қыркүйек айының ортасына дейін артады екен. Орайы келіп тұрғанда, Балқаш көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы, әлемдегі ең үлкен тұйық көлдердің бірі екенін айта кету керек. Аумағы 19 мың шаршы шақырымға жетеді. Су тұнық таза және тұздылығы төмен. Сонымен бірге жағасы таяз болғандықтан суға түсуге қауіпсіз көл деп айтуға болады. Балқаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан Батыс пен Шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетінінде. Батыс бассейні бұрын суы көп болған Іледен толығатындықтан су тұщы болады да, Шығыс бөлігі – ащы. Қазір көлге Іле, Қаратал және Лепсі өзендері құяды.
Табиғи экотуризм – бүгінгі заманның ырғақты дамып жатқан трендтерінің бірі. Әлемдік нарықта экотуризм бағыттарына сұраныс бірнеше жылдан бері қарқынды өсіп келеді. Орталық Азия тұмса қалпы бұзылмай сақталған табиғи нысандарының көптігімен экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Ресми деректерге сүйенсек, тек бір ғана Қазақстанның өзінде мемлекет қорғауындағы табиғи аумақтардың жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елге қарағанда он есе үлкен.
Қазір Алматы мен Жетісу өңірлерінде қарқын ала бастады. Туристік бағыттар Ұлттық парктерді, Көлсай көлін, Қайыңды көлін, Шарын шатқалын, Іле Алатау ұлттық паркін қамтиды. Сондықтан осы бағыттағы саяхатшылар саны көбейе бастады. Шығыс Қазақстан облысының да әлеуеті арта бастады десек, Қатон-қарағайда да туризм жолға қойылды.
Осы Жолдауда Президентіміз: «Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», деді.
АЛМАТЫ