• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

Апта айшықтары

476 рет
көрсетілді

АЛҒАШҚЫ “ҚАРЛЫҒАШ” ҚАНАТ ҚАҚТЫ Облыста мектепке дейінгі балалар мекемелерін көптеп ашу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуда. Солардың бірі – Ақтау қаласында “Балапан” бағдарламасы аясындағы “Қарлығаш” атты шағын балалар орталығы. Аймағымызда алғаш ашылған жеке меншік орталықта балалар тәрбиесі үшін барлық жағдай жасалған. Жұмысқа тәжірибелі мамандар тартылыпты. Орталық басшысы аймаққа белгілі азамат, ғылым кандидаты Әлімжан Сағынбаев осынау балалар мекемесін өзі басқаратын “Мейірбике”  медициналық колледжі жанынан ашып өздері орналасқан шағын аудан тұрғындарынан игі тілек, жылы лебіз естіді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларға деген әкелік қамқорлығына сай осы жылдың аяғына дейін Ақтауда 17 балабақша ашу көзделуде, – дейді облыс әкі­мінің орынбасары Қаныбек Жұмашев. Жалпы, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің ауылдық жерлерде де жиі ашыла бастауын құптарлық жағдай деуге болады. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы. БҮЛДІРШІНДЕРДІ ҚУАНТЫП ҚАЙТТЫ Облыс орталығындағы  отбасылық үлгідегі балалар ауылына жомарт жандар әркез демеушілік жасап тұрады. Бұл жолы оның тәрбие­лену­шілеріне банк қызметкерлері өздерінің сый-сияпаттарын арқалай келді. Алдымен балалар ауылына “Еуразиялық банк” өкілдері атбасын тіреп,  70 мың теңгенің тартуын сыйласа, олардан кейін іле-шала келген “Халық банкі” зейнетақы қорының қызметкерлері  де мол базарлықпен қуантты. 200 мың теңгенің заттай сыйлықтарын ұсынып,  22 балаға  демалыс лагерьлеріне жолдама үлестірді. Ал “Қазпошта” АҚ жергілікті филиалы 63 мың теңгеге аяқ-киім және сандық фотокамера сыйлады. Бүлдіршіндер жақсы оқуға, тәртіпті болуға уәде етіп, ән-жырдан шашу шашты. Өмір ЕСҚАЛИ,Солтүстік Қазақстан  облысы. КӘСІПОРЫН  АЙЫППҰЛҒА КЕСІЛДІ Табиғат кенішін игеріп жатқан кәсіпорындардың кейде өзімбілемге салынып, жалғанды қонышынан басатын уақыттары болады. Бұл, әсіресе, қоршаған ортаға байланысты. Мұндайда оларға заңдық тұрғыда тоқтам салардай пәрмен керек. Созақта уран кенішін игеріп жатқан “Катко” бірлескен кәсіпорнының қоршаған ортаға келтірілген залалы анықталып, 15,5 млн. теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен төленді. Сөйтіп, облыстық прокуратураның ымыраға бармайтындығы өзге кәсіпорындардың экология мәселесіне сергек қарауына оң ықпал етуде. Бақтияр ТАЙЖАН,  Оңтүстік Қазақстан  облысы. ЖАҢА БАСШЫЛАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ Облыстағы халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей айналысатын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мен жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына жаңа басшылар тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен бұған дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары лауазымындағы Ұмсын Балабиева аталған басқармаға, ал облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бұған дейін орынбасар лауазымындағы Қобылан Манапов сол мекемеге бастық болып тағайындалды. Демек, жаңа лауазымдағыларға аталған саладағы жұмыс таныс, әрі ұжыммен байланыстарының қалыптасқанын көрсетеді. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ҰЛТ БІРЛІГІ – ЕЛ ҰЙЫТҚЫСЫ “Жас ғалымдар альянсы” қоғамдық бірлестігінің бастамасымен “Ынтымағы жарасқан елде бақ тұрар” атты түрік этноорталығы өкілдерімен қызғылықты кездесу болды. Оның барысында сан алуан ұлт өкілдері ұлттар татулығы жайлы пікір алмасып, “Ел бірлігі” доктринасы жайлы өз ойларын ортаға салды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-інде білім алып жатқан түрік студенттері өздерінің Қазақ еліне деген құрметтері зор екенін студент-жастардың тату-тәтті өмір сүруінің  маңызы аса зор болып табылатынын жеткізді. Кездесу әлеуметтік сенімділікті қалыптастыру және ұлт бірлігі мен қай ұлттың болмасын тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мұрат тұтты. Мұндай кездесулер тарихы терең, тағдыры бір ұлттар үшін алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ЕЛІ АҚЫНЫН ҚҰРМЕТТЕДІ Өзінің лирикаға толы, адам жанын ізгілікке бөлейтін өлеңдерімен ерекшеленетін талантты ақын Нұрлан Мәукенұлының  арамыздан кеткеніне 5-6 жыл болды.  Алайда, ақын ұлдарын зайсандық жерлестері ұмытпапты. Зайсан аудандық мәслихатының депутаттары бұрынғы Гагарин көшесін ақын Нұрлан Мәукенұлының атымен атау жөнінде шешім қабылдады. Нұрлан Мәукенұлы ұзақ жылдар Зайсанда, Өскеменде қызмет жасады. Кенді Алтайдың өсіп-өркендеуі, ғажайып адамдары оның қанатты жырларына арқау болды. Өмірден қыршын кеткен сезімтал ақынның есімін өзі оқыған Жамбыл ауылындағы орта мектепке беру жөніндегі ұйғарым бұл күндері облыстық ономастика комиссияның қарауында жатыр. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы. ТАЛАНТТЫ САЗГЕРГЕ ТАҒЗЫМ Биылғы жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінің құрылғанына – 55, ал осы оқу орнында қырық жыл еңбек еткен белгілі сазгер, ұлағатты ұстаз Теміржан Базарбаевтың туғанына 75 жыл толып отыр. Жуырда Абай атындағы драма театрында өткен аталған колледж түлектерінің есеп беру концерті талантты сазгердің мерейтойы құрметіне арналды. Осы шараның қарсаңында Темкең тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Соның бәрінің басы-қасында колледж директоры Отантай Кәрібжанов жүргенін айта кеткен жөн. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. ТАЛАНТТЫ САЗГЕРГЕ ТАҒЗЫМ Биылғы жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінің құрылғанына – 55, ал осы оқу орнында қырық жыл еңбек еткен белгілі сазгер, ұлағатты ұстаз Теміржан Базарбаевтың туғанына 75 жыл толып отыр. Жуырда Абай атындағы драма театрында өткен аталған колледж түлектерінің есеп беру концерті талантты сазгердің мерейтойы құрметіне арналды. Осы шараның қарсаңында Темкең тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Соның бәрінің басы-қасында колледж директоры Отантай Кәрібжанов жүргенін айта кеткен жөн. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. ЕЛ ІШІНДЕ ТАЛАПТЫ ЖАСТАР КӨП Өткен аптада облыс орталығындағы “Шаңырақ” деп аталатын халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі сарайында өткен  ауыл жастарының басын қосқан “Нар тәуекел!” атты сайыс осыны көрсетті. Расында да, ел ішінде талантты жастар тұрғанда ауыл кешінің көңілді,  ойын-сауық думанға толы екені де сөзсіз. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл сайысқа Екібастұз, Ақсу қалаларының ауылдық аумақтарынан және облыс орталығына жақын орналасқан Павлодар ауданынан ауыл жастары қатысты. Шалғайдағы ауылдардың  жастары да қазір келесі сайысқа дайындық үстінде. Ал бұл жолы өнерлі өнерпаздар  анықталып, Кенжекөл, Шақат, Жетекші ауылдарының жастарына сый-сияпат жасалды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.