• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 11 Қазан, 2023

Электронды оқулықтың артықшылығы мен кемшілігі

791 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дәстүрлі оқулық түрлерімен қатар электронды оқулықтарды да пайдалана бастады. Қазіргі кезде мектеп оқулықтарының басым көпшілігі цифрлық форматқа көшірілген. Бұл оқушылар сөмкесінің салмағын жеңілдетуге байланысты қолға алынған қадам еді. Алайда заманауи оқулықтардың пайда болуы қоғамда дәстүрлі оқулықтар қолданыстан шығып қала ма деген алаңдаушылық та туғызды. Ата-аналар электронды оқулықтарды, интерактивті құрал-жабдықтарды жиі пайдаланудың бала денсаулығына зиянын да айтып дабыл қағып отыр.

Швеция неге шала бүлінді?

«Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Мұхамеджанова балалардың сапалы білім алуы үшін цифрлы контенттен гөрі дәстүрлі оқу­лықтарды көбірек пайдаланған ұтым­ды екенін алға тартты. Өйткені қағаз басылымдағы оқулықтармен оқушы­лар оқу бағдарламасын жылдам мең­гере алады әрі оның санитарлық норма­ларға сәйкестігі де дәлелденген. Цирф­лы оқулықтардағы оқу материалдарын оқушы жылдам көз жүгіртіп шыға­тын­дықтан, есінде сақтай алмайды. Осы орайда Ш.Мұхамеджанова соңғы кезде «баспа саласындағы монополияны жою керектігіне» қатысты айтылып жүрген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, оқулық шығарумен айналысып жүрген баспалардың бүгінде өз тарихы, мол тәжірибесі бар. Білім бағдарламаларын жеткілікті меңгерген, оқыту үрдісіндегі жаңашылықты игеруге икемделген авторлық ұжымдар қалыптасқан. 

– Бастауыш сынып оқушылары үшін оқу материалын оқулықтан оқып үйренсе, көкейге түйгенін қағазға қа­лам­мен жазып, жазу мәнеріне де жыл­­дам машықтанады. Ол бала сана­сының өрістеуіне, қимылының дамуына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан бала­лар­дың сөмке ауыртпалығын жеңіл­дету үшін оқулықтарды тоқсандық бағдарламаға сай бөліп шығару үрдісін жал­ғастыру қажет. Бұл балаға да, бас­паға да, мұғалімге де ыңғайлы. Артық шығынды қажет етпейді. Ал электронды оқулықтарды енгізу таяу болашақта бір реткі жоба күйінде қалып қоймаса екен. Оның әлеуетін толыққанды пайдалану үшін балалар денсаулығына кері әсерін қарастырған жөн. Бүгінде әлемнің озық елдері, үздік білімімен көш басында тұрған Гарвард, Оксфорд сияқты университеттер де дәстүрлі оқулықтардың маңызын түсінген. Тіпті әлемге атағы шыққан ғалымдар, бизнес өкілдері де жетістікке жетуде оқуға тиіс әдебиеттерді кітап түрінде оқуға кеңес береді. Ақпараттық кеңістік ғылыми кеңістіктің рөлін атқара алмайды. Сондай-ақ электронды платформаларды пайдаланудың тегін еместігін де ескерген жөн. Технологиялардың дамуымен қосымшаларды жаңартып отыру да қосымша шығынды қажет етеді. Ұлттық маңызы бар жобаларды іске асыруда терең талдау, ішкі қажет­тіліктерді зерделеу аса маңызды, – дейді Ш.Мұхамеджанова.

Цифрлық кеңістіктің адамзат үшін пайдасы мен кері әсерін ғалымдар үнемі қаперде ұстап келеді. Жуырда Швеция елі планшеттердің орнына дәстүрлі оқулықтарға көше бастады. Бұл елде цифрлық технологиялардың оқу үдерісіне дендеп енуімен балалардың кітап оқуында қиындықтар белең алған. Халықаралық зерттеулер нәтижесіне сәйкес, балалардың оқуы мен мәтінді түсінуі 12-ден 19 пайызға дейін өскен. Осыған алаңдаушылық білдірген Швеция билігі аталған мақсатқа 58 млн еуро, алдағы екі жылға 44 млн еуро қа­растырып отыр. Ондағы мақсат – әр­бір оқушыны әр пән бойынша оқулықпен қамтамасыз ету. Ал бастауыш сынып­та жазу барысында планшеттер қолданылмайды. Өйткені бала 10 жасқа дейін жазу мәнерін қалып­тас­тыр­уы қажет. Ал қолмен жазған кезде мәнерлеп жазуға да, сауатты оқуға да бейімделетін болады.

 

Ауыр сөмкені жеңілдетудің амалы

Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету ко­митетінің хабарлауынша, орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған электронды оқулықтардың жалпы саны 436 атауды құрайды. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім бе­рудің үлгілік оқу жоспарларының пәндерін электронды оқулықтармен қамтамасыз ету 80 пайызға тең. Қазіргі күні сараптамаға орта білім берудің оқу жоспарларының барлық пәні бойынша қазақ және орыс тілдерінде 255 оқулық келіп түскен.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Электронды оқулықтар қағаз оқу­лықтардың орнын алмастырмайды, дәстүрлі оқулықтарға қосымша оқу ма­­териалдары ретінде пайдаланы­ла­ды. Электронды оқулықтардың ар­тықшылығы – мультимедиялық, инте­р­ак­­тивті контенті мен функцияларында. Өз кезегінде, оларды оқу үдерісінде пай­далану педагогтердің сабақты тар­тымды өткізуіне көмектеседі. Осы­лай­ша, оқушылардың білім алуға деген қы­зы­ғу­шылығын арттыру көзделіп отыр. Электронды оқулықтардың бейне, аудио контенті болуына байланыс­ты, оларды электронды түрде пайдалану маңызды. Осыған орай электронды оқулықтар қағаз оқулық түрінде ба­сылымға шығарылмайтынын еске саламыз. Бүгінде электронды оқулықтар 9 платформада орналастырылған және бұл оқу үдерісінде жергілікті атқарушы органдардың осы платформаларға жазылуы негізінде жүзеге асады», деп хабарлады комитет мамандары.

Оқулықтарды әзірлеу және оларды басып шығару дамыған елдердегідей бәсекелестік ортаға берілген. Осыған байланысты, оқу басылымдарын да­йындау мен басып шығаруға, сондай-ақ электронды оқулықтарды әзірлеуге мем­ле­кеттік бюджеттен қаражат көздел­меген. Оны баспалар, әзірлеушілер жү­зеге асырады. Ал оқу басылымдарын сатып алуға, оның ішінде электронды оқулықтарға жазылуға ар­налған қаражат жергілікті бюджеттен жұм­са­лады.

Электронды оқулықтарды «Алматы­кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Келешек-2030», «Астана-кітап», «Express Publishing», «Oxford U.P.», «Көк­жиек-горизонт», «Edustream», «На­зарбаев зияткерлік мектептері» бас­палары, сондай-ақ «Жаңа білім беру технологиялары» және «Педагогикалық технологиялар және білім беруді ақ­параттандыру орталығы» IT компания­лары әзірлеген. Қазіргі уақытта 1 балаға арналған оқулық жиынтығының құны шамамен 41 мың теңгені құрайды. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар оқу басылымдарын тиісті өңірдің мектеп жасындағы бала санына қарай сатып алады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және сараптау қағидаларына сәйкес оқулықтар орта білім беру ұйымдары үшін әрбір 5 жыл сайын жаңартылатынын ескерген жөн.

 

Интернеті нашарға игілік емес

Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Кембридж универси­те­тінің магистрі, сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, электронды оқулықтар дамыған елдерде заманауи мүмкіндіктерге бола қолданысқа ен­гі­зі­ліп жатыр. Нәтижесінде, оқушылар көрнекіліктердің сан алуандығы мен электронды оқулықтардың витруалды мүмкіндіктерін барынша пайдалана алады. Алайда еліміздегі мектеп жетіспеушілігі, екі, үшауысымды мектептер мәселесі мен интернет қол­­же­тім­сіз аймақтар жағдайын сараптай қа­рай­тын болсақ, электронды оқу­­лық­тар­ды пайдалануды көрпеге қарай көсілу қағидатымен іске асырған абзал. Себебі қомақты қаржыны қа­жет ететін жоба инфрақұрылымы жа­рақ­талған, интернет жақсы жұмыс іс­тей­тін аймақтарда, бірауысымды әрі инновацияға жағдай жасалған, мұға­лім­дердің біліктілігі жо­ғары мектептерде қанатқақты жоба ре­тін­де іске асуы керек.

– Өкінішке қарай, елімізде интернет желісі жетпеген аймақтар бар. Ин­тер­активті құралдарды, қарапайым элек­трон­ды поштаны дұрыс пайдалана ал­­майтын мұғалімдердің де бар екенін жа­сырмаймыз. Сондықтан ұлттық дең­гей­де қолға алынып жатқан жобаны іске асыруды оқушылардың сөмкелерін жеңілдетумен байланыстырған мүлде дұрыс емес. Цифрландыру әлемдік тенденция болғандықтан, оны бүгінгі қоғамның сұранысына қарай икемдей отырып, балалардың денсаулығына зия­ны тимеу жағынан қарастыру қажет болатын. Бізде бір мәселені шегіне жеткізіп зерттеп алмай, оның салдарын тартып жататынымыз қалыпты жағ­дайға айналғандай. Балалар қазіргі кезде көп уақытын компьютерде, гаджетте өткізеді. Ендігі кезекте сабақ барысында ғаламторға алаңдаушылығы ауатын болады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан бала ағзасына компьютер технологияларының зияны бар екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Осы орайда тиісті ведомство балалардың сөмкесін жеңілдету жағын басқа да әдіс-тәсілдермен шешуі қажет. Ендігі жағдайда қолданыстағы мектептерде балаларға қолайлы жағ­дай­лар қарастырылып, шкафтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Шкафтарда оқу­шылар қажетті заттарын сақтап, оқу­лықтарын қоюына мүмкіндік алар еді, – дейді Н.Досыбаев.

Үкімет еліміздегі мектеп тапшы­лығын шешіп, балаларды заманауи білім орталықтарымен қамтамасыз ету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алғаны белгілі. Жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 400-ден астам заманға сай мектептер салу міндеті тұр. Осы орайда Н.Досыбаев «Таяу жылдарда мектептер тапшылығы мен екіауысымды мектептер мәселесін толығымен шеше алмаймыз» деген пікірін айтты. Ал оның бас­ты себебін елімізде жүйелі көзқарас қалыптаспағандығымен байланыстырған сарапшы: «Жеріміз қазба байлыққа бай, қаржылық тұрғыдан ауқымды жобаларды жүзеге асыруға шама-шарқымыз жетеді. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын кәсіпкерлік әлеуетіміз де дамыған. Ұлттық деңгейде жүзеге асырылатын жобаларды іске асыруда инновациялық стандарттан тыс шешімдерге бара алмайтынымыз қынжылтады. Мұндай әлеуметтік жоба­ларға сарапшыларды тартып, қоғам болып шешу жолын қарастыру қажет. Бүгінде дамыған елдерде екіауысымды мектептер атымен жоқ», деп жауап берді.

Біздің сауалымызға министр­лік берілген жауабында бүгінде оқулық­тарды шығару бәсекелестік ортаға бе­рілгені айтылған еді. Алайда кейінгі жыл­дары оқулықтардың сапасы, маз­мұндағы қателер қоғам талқысына жиі ұшырап жүргені мәлім. Бұл мәселе Үкімет тара­пы­нан да, Парламентте де талқылан­ғанымен, оқулықтардың сапасы әлі күнге сын көтермей келеді. Н.Досыбаевтың пікіріне сүйенсек, нарықта белгілі деген баспалардың өзі оқулық сапасына кепілдік бере алмай отыр.

– Оқулықтардағы қатеге қатысты сын жиі айтылып келеді. Оқулықтар­дың ин­терактивтілігінің сын көтермей­тін­ді­гіне дамыған елдердегі оқулықтарға қарап көз жеткізуге болады. Ол елдерде баспалар пәнді оқытудағы әдіс-тәсілін бәсекеге қабілетті етуге тырысады. Ал қандай оқулықты қай баспадан алу қажеттігін мектеп мұғалімдері шешеді. Айналып келгенде, бұл мәселе бізде білім басқармаларына барып тіреледі. Жергілікті мектептер жұмыс берушінің қалауынан шыға алмайды. Сондықтан мектептер білім басқармасы, әкімдіктерге емес, қоғамдық кеңеске, тәуелсіз органдарға бағынатын болса, онда оқулық жайын әр мектеп өзі шешіп, са­пасыз баспалармен жұмыс істемейтін жағ­дайға жететін еді. Бюджеттен бөлі­нетін қаражат әкімдіктердің емес, мек­­тептердің шотына аударылса, мек­­теп әкімшілігі қаражатты қалай жұм­­сайтынын өзі шешетін болады. Да­­мыған елдерде кітап заңнамада арнайы баппен қорғалған. Ол елдерде нарықта екшелген, қоғам сүзгісінен өткен баспалар оқулық шығарумен айналысады. Сондықтан тиісті министр­лікке қарасты оқулықтарды сараптау орта­лығы әлеуметтік маңызы бар, идеоло­гиялық бағытқа ықпал ететін тарих, қазақ тілі, қазақ әдебиеті сияқты пәндерді қадағалаумен айналысып, математика, физика, химия, биология пәндерін нарыққа шығаруы керек. Сонда ғана баспалар жарысып, көрмелер, яғни нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы өз кітабын өткізуге тырысса, сапасыз кітаптарға да, баспаларға да сұраныс азаяр еді. Сондықтан баспа саласындағы монополияны жою керек, – дейді ол.

Біздегі ата-аналардың алаңдау­шы­лығы білім берудің дәстүрлі құнды­лық­та­рының цифрлық кеңістікте жұтылып кетуі мүмкін екенін туындап отырғанын жоғарыда айттық. Компьютер алдында ұзақ отырудың бала денсаулығына кері әсері туралы зерттеулерге сүйенсек, омыртқа қисаюы, дене қозғалысының азаюы, шаршау, тәуелділік артып, цифрлы құралдарды шектен тыс пайдалану «цифрлық аутизм» ғана емес, кибертәуелділікке соқтырады. Ал электронды оқулықтарды балалар игі­лі­гіне пайдаланып, нәтижелі болуы үшін тиімді қолдану жүйесі мен ғылы­ми сараптамасы жасалғаны қажет. Зерт­теушілер оқушылардың ауыр сөм­кесін жеңілдетуде «өгіз де өлмей­тін, арба да сынбайтын» әдістердің бар­шылық екенін алға тартады.

 

АЛМАТЫ