• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ЖАҢАША ОЙЛАП, БАТЫЛ ҚАДАМДАРҒА БАРУ МІНДЕТ

668 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет: мақсат және мансап 2020 СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЫ: ОҢТАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ НЕГІЗГЕ АЛҒАН ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жыл сайынғы жолдауларында мемлекетіміз­дің өткен уақыт аралығындағы іргелі істе­рі­нің нәтижесін қорытындылап, мемлекет алдында тұрған маңызды тапсырмаларды айқындап келеді. Әр Жолдаудың ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналып жүргендігі де сондықтан. Қазақстан қоғамы үшін стратегиялық мәні зор биылғы Жолдау да алдағы уақыт­тағы бағыт-бағдарымызды толығымен қам­тиды. Ол “Қазақстан – 2030” Стратегия­сы­ның алғашқы онжылдығын қорытындылап, ел дамуының келесі онжылдық жоспарына қадам басуын айшықтап отыр. Бұл орайда Елбасы Ұлттық көшбасшы ретінде Қазақ­стан қоғамының күшін ел дамуындағы нақ­ты мақсат-міндеттерді орындауға бағыттады. Аталған тапсырмалардың жүзеге асу мүм­кіндігі зор, өйткені, оларды орындауға Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері де, адам ресурстары да жеткілікті. Өткен он жыл ішінде қабылданған стра­тегиялық шешімдер елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Мұндай жетістікке еліміз “Қазақстан – 2030” Стратегиясындағы ба­сым­дықтардың бірі – кәсіби үкімет құруды жүзеге асыру арқылы қол жеткізді. Аталған стратегиялық тапсырма Қазақстанда мем­ле­кет қызметін тиімді іске асыра алатын қа­зір­гі заманғы мемлекеттік қызмет құруды қарастырады. Осы орайда Қазақстан 1990-жылдардың соңынан бері мемлекеттік қыз­мет жүйесіне оң ықпал еткен кешенді әкім­шілік реформаларды жүзеге асырған бола­тын. Бұл орайда өткен жылдарда Мем­ле­кет­тік қызмет істері жөніндегі агенттік құры­лып, “Мемле­кет­тік қызмет туралы”, “Жем­қорлыққа қарсы күрес туралы”, сондай-ақ “Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі” секілді бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Осындай әкімшілік реформаларды тиімді жүргізудің арқасында бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің оңтайлы моделін қалыптастыру мүмкін болып отыр. Та­лаптарды орындау тұрғысынан ол шетелдік баламалардан кем түспейді. Бұған қоса, келешек даму жолында да мүмкіндіктері зор. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың бағалауынша, осы салада қазақстандық заңнамалар халықаралық стандарттарға біршама жақындай түскен. Мұның басты көрінісі – елімізде мем­лекеттік қызметке орналасудың конкурстық негізде жүзеге асырылуы. Ата Заңымызға сәйкес еліміздің әрбір азаматы еш кедергісіз мемлекеттік қызметке орналасудың заңды құқығына ие. Аталған қағида тең қолжетім­ділік ұстанымы деп аталады. Сондай-ақ, Қазақстанда саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резерві жұмыс істейді. Басқарушы саладағы мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан негізсіз шығарылуына жол бермеу заңмен қорғалады. Мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселесіне де баса назар аударылады. Біліктілігімен көзге түскен ма­мандарды қызмет бабымен өсіру қарасты­рыл­ған. Осының бәрі мемлекеттік орган­да­рымыздың жұмысын анағұрлым айқын етіп, мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігін арттыруға мүмкіндік беруде. Бүгінде кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесін бір жүйеге келтіріп, тұрақты не­гізде жүзеге асырмайынша, мамандары­мыз­дың кәсібилігіне қол жеткізудің мүмкін бол­майтыны белгілі. Бұл мәселемен ҚР Прези­денті жанындағы Мемлекеттік басқару ака­де­миясы және Ұлттық мемлекеттік саясат мек­тебі айналысады. Бұған қоса, мем­ле­кеттік қызметкерлер қатары “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандармен толыға түсуде. Айта кету керек, мемлекеттік қызмет­кер­лер­ге қойылатын талаптар жылдан жылға қа­таңдай түсуде. Мәселен, қазіргі ақпарат­тық қоғам дәуірінде мемлекеттік қызмет­кер­лер­дің ақпараттық технологияларды мең­ге­ру­леріне баса назар аударылады. Жұмыстың этикалық бөлігіне де ерекше мән берілуде. Әрбір мемлекеттік қызметкер азаматтардың талап-тілектерімен жұмыс жасай біліп, мә­се­ленің мән-жайын анықтап, өз құзыреті аясында оның шешімін табуға бар күшін жұмсауы тиіс. Мұнымен қатар, қыз­мет бабында мем­лекеттік қызметкер тек мем­ле­кет пен қоғам мүддесін же­текші­лікке алып, кез келген жағ­дайда отансүйгіштік, саяси бейта­раптық және заңға бағынушылық қасиет­терімен танылуы керек. Әрине, мұндай талаптар мем­ле­кет­тік қызметкерлер үшін осыдан он жыл бұрын да маңызды болатын. Ал дамуымыздың жаңа кезеңінде бұл талаптар аса ерекше мәнге ие бола түседі. БОЛАШАҚҚА БАҒДАР Алдағы 10 жыл Қазақстанның ілгері дамуы мен жаңа бағыт-бағдарының шарық­таған кезеңіне айналары сөзсіз. Осы орайда мемлекет рөлі нығая түсіп, мемлекеттік басқару сапасының артуына ерекше мән берілетін болады. Сол себепті “2020 Стар­те­гиялық даму жоспарында” да оны рефор­ма­лаудың басты бағыттары айқындалған. Мемлекеттік аппарат халықаралық тәжі­ри­бенің тиімді тұстарын жинап, жұмыс бары­сында нәтижелілік, ашық болу және қоғамға есеп беру сынды маңызды қағидаларға негізделуі тиіс. Бұл заңды құбылыс, себебі, жаңа он­жыл­дық экономикасын жоғары кәсіби әрі құзы­ретті кадрлар құрайтын болады. Страте­гия­лық жоспардың басты ділі де осылайша та­нылуда. Бұл орайда, біз мемлекеттік қыз­метке нағыз кәсіпқой мамандарды тартуы­мыз керек. Елбасымыз біздерге осындай міндет жүктеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа онжылдық тапсырмаларын орындау барысында кәсіби біліксіздік салдарынан жұмыстың тежелуіне жол бермеу керек. Керісінше, осы уақытқа дейін шыңдалып келген басқару тәжі­ри­бемізді жоғары сапалы деңгейге шығаруы­мыз қажет. Бұл – мемлекеттік басқару саласындағы ділімізді қалыптастыруда адам мүмкіндігінің артықшылығын мойындауға бет бұру деген сөз. Бүгінде мемлекеттік қызметкердің жеке басының іскерлік, зияткерлік және адамгершілік қасиеттерінің рөлі мен маңызының күннен күнге артып отырғанын қаперде ұстаған жөн. Аталған екі фактор – адам мүмкіндіктері мен мемлекеттік басқару сапасы арасында екіжақты тығыз байланыс бар. Ол төмен­дегідей жағдайларда көрінеді. Тек жоғары кәсіби кадрлар арқасында ғана мемлекеттік институттар жұмысының тиімділігін арт­ты­ру­ға қол жеткізуге болады. Және де сәй­ке­сін­ше, мемлекеттік басқару тиімділігінің артуы адам мүмкіндіктері сапасының жо­ғарылауын айқындайтын бірден-бір көр­сеткіш болып табылады. Мемлекеттік шешімдердің уақтылы әрі дұрыс болуы осы екі құраушы негіздің сәйкес келуіне тікелей байланысты. Және де осы қағидаттың санамызда ана­ғұр­лым жылдам қалыптасуы еліміздің даму қар­қынына игі ықпалын тигізетінін айта кеткен жөн. КӘСІБИЛІК – УАҚЫТ ТАЛАБЫ 2020 Стратегиялық жоспарына сәйкес мем­лекеттік қызметті реформалау оны кәсі­билендіруге ұштасады. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың басты бағыттары қалыптасқан. Мемлекеттік қызметтің өкілдерін бас­қа­ру жүйесі мемлекеттік қызметті атқару ке­зең­деріне – кон­курс­тық іріктеуден бастап, қызмет бабымен өсу барысында әр кезеңге сай құрылатын бо­лады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібін же­тілдіру бойынша қо­сым­ша қажетті ша­ра­лар қабыл­да­на­ды. Ол конкурстық іріктеу жүйесіне белгілі жа­ңа­шылдықтарды ен­гі­зуді қажет етеді. Бұл орайда, өткен он­жыл­дық тәжірибеміз бен бүгінгі өмір шынды­ғын ескеруіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби тұр­ғыда жетілдіру жүйесін дамыту да кеңейіп отыр. Мәселен, әр қызметкердің бір жылға арналған жеке басты даму жоспарын енгізу ісі қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер жұмысының нәтижесі, оларды аттестаттау, арнайы оқу бағдарламаларын іріктеу, лауазымдық жоғарылау болжамы сынды бар жағдайлар ескерілетін болады. Әр­бір мемлекеттік қызметкерді оқыту шара­сы тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс, яғни ол жаңа білім алып, қабілеттілігін арт­ты­ру кәсіби жолының әр кезеңін қамтуы міндет. Аталған жағдайда маңызды рөл мем­ле­кет­т­ік органдардың кадрлар қызметіне тие­сілі. Кадр қызметі жұмысына ортақ талаптар енгізіп, оларды кадрлық менеджмент қыз­ме­тіне бөлу керек. Өзге сөзбен айтқанда, біз­дің кадрмен қамтамасыз ету қызметіміз тек кадр есебін жүргізіп қана қоймай, өз ведомстволары шеңберінде кадрларды толыққанды басқаруы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің мансабын жоғарылату жолында оларды ағымдағы жыл­дың қаңтар айында Президент алға тартқан орталық-аймақ желісі бойынша ротациялау іс-шарасы жүзеге асырылып отыр. Қазірде мем­лекеттік орталық және аймақтық орын­дау­шы органдар арасында жүргізіліп жатқан ротация ел үшін аса маңызды. Елбасы атап өткендей, елдің индустриялық-инновация­лық дамуы бағытындағы барлық тапсыр­ма­лар­ды орындау барысында негізгі ауырт­па­лық аймақтардың еншісіне тиесілі бола­тын­дықтан, облыстарымызды кадрлар тұрғы­сы­нан бекемдеуіміз керек. Бүгінде көпшілік аузында жүрген аталмыш ротацияның негіз­гі мәні осында жатыр. Мемлекеттік қызмет кадрларын рота­ция­лау шарасы көптеген елдерде тиімді қолда­нылып келеді. Мәселен, Финляндия үкіметі “Ротацияны жүзеге асыру стратегиясы” жобасын қабылдап, осыған сай 2015 жылға дейін 4 мыңнан 8 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді аймақтарға ротациялауды жос­пар­лап отыр. Сол сияқты, ротацияның мем­ле­кет аппаратының қызметіне оң ықпал ететініне көз жеткізетін бірқатар мысалдар келтіруге болады. Бір орында ұзақ қызмет атқару мемлекеттік қызметкерлердің еңбекке деген ынтасының бәсеңдеуіне әкелетіні белгілі. Бұған қоса, қызметкер көзқарасы да қызмет аясымен шектеліп, біліктілігін жаңа бас­қару әдістерімен жетілдірмейтіні ақиқат. Жаңа қызметке ауысу екі жақтың ахуалын салыстырып, жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндігін туғызады. КҮН ТӘРТІБІНДЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТҰТЫНУШЫЛАРЫ Біздің мемлекетіміз бүгінде мемлекеттік қызмет тұтынушыларының мүддесіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы үлгісін құрауда. Бұл орайда, Елбасы “Жыл сайынғы орталық мемлекеттік және облыстар, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі туралы” қаулыға қол қойған болатын. Аталған құжатқа сай, Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету және персоналды басқару бағыттары бойынша орталық және жергілікті атқару органдары қызметінің тиімділігіне баға беретін болады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгінгі деңгейін анықтау барысында қызметтің са­пасы, оның уақытында орындалуы, қолже­тім­ділігі, шағым беру шарасы, қызмет­кер­лердің кішіпейілдігі, электрондық пішімде көрсетілуі сынды тұстар қаперге алынады. Қызмет сапасын бағалауда мемлекеттік қыз­мет көрсету тұтынушылары арасында әлеу­мет­тік сауалдама жүргізіліп, санақ мағ­лұ­мат­тары пайдаланылатын болады. Сауалдама жүргізу жұмысына дербес сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Бұл – көпшілік мақұлдаған әлемдік тәжірибе. 2009 жылы Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету сапасын анықтау бағытында әлеу­меттік зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу аясында сондай-ақ БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері арасында сауалдама жүргізілді. Оның қорытындыларына жүгінер болсақ, азаматтардың мемлекеттік мекемеге хабарласуы барысында қағазбастылыққа жиі ұшырайтыны айқындалып отыр. Мемлекеттік қызметті жетілдіру талап­та­рының бірі ретінде мемлекеттік қызмет­кер­лердің ділінің өзгеруін ескерген маңызды. Іс жүзінде мемлекеттік қызметке тұрған соң, қызметкер мемлекет атынан азаматтарға қыз­мет көрсетуге тиісті. Азаматтар мем­ле­кеттік қызметкерлер еңбегін төлеушілері бола тұра, соңғыларынан сапалы қызмет көрсетуді талап етуге құқылы. Осы тапсырманың сауатты орындалуы азаматтардың мемлекеттік қызметкерлерге деген сеніміне тікелей ықпал етсе керек. Атал­мыш сенім мемлекеттік қызметкерлер жұмысының қоғамдағы беделін де ай­қын­дай­ды. Оң бедел деген ұғымды күштеп телу­ге болмас, оған тек лайықты болу шарт. Сол се­бепті мемлекеттік қызметтің оң беделі мем­­лекеттік органдардың халыққа көрсете­тін қызметінің сапасына тікелей байланысты. Мамандарды басқаруды бағалауға келер болсақ, бұл орайда оларды іріктеу, оқыту, бі­ліктілігін жетілдіру, ынталандыру және әдеп талаптарын орындауы мен сыбай­лас­тық деңгейін ескеру қаперге алынады. Жұ­мыс барысында мемлекеттік қызмет пер­со­на­лын сараптау, мемлекеттік орган маман­дары арасында жүргізілген сауалдама қорытындылары мен сыбайластық құқық бұзушылық және Ар-намыс кодексін бұзу көрсеткіштері негізге алынатын болады. Осылайша, аталған қаулы күшіне енген сәттен бастап мемлекеттік органдар жұмы­сы­ның тиімділігін арттыру бағытында қо­сым­ша тетіктер іске қосылды. Бұлардың бар­лығы еліміздегі мемлекеттік қызметті кәсі­билендіру жолындағы үлкен жұмысқа жаңа дем беретініне сенімдімін. Жалпы, мемлекеттік қызмет жеке-дара бөлек дүние емес. Керісінше, ол – мемле­кет­тік басқару жүйесінің өзегі, елдің мем­ле­кеттілігін қамтамасыз етіп, нығайтатын дәне­кер. Бүгінде қазақстандық мемлекеттік қызмет бұл саладағы серпінді реформа­лары­мен сипатталуда. Мұны бірқатар шетелдік сарапш­ы­лар да мойындап отыр. Сөйте тұра, бұл жетістіктермен шектеліп қалуға бол­май­ды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметті жетіл­діре түсу жолдары мен жаңа тәсілдерін қарастырып, іске асыру қажет. Бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлап, батыл қадамдарға бару керек. Сол жағдайда ғана Елбасымыз “2020 – Стратегия­лық жоспары” шеңбе­рін­де алға қойған тапсырмалар ұтымды жүзеге асатын болады. Қайрат НҰРПЕЙІСОВ, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы.