• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

АРАСАН СУЫ ТҮПСІЗ ЕМЕС

891 рет
көрсетілді

Әр істің өз жанашыр адамдары болады. Ортақ іске жаны күйіп, көлді қорыған қызғыштай шы­рылдап жүреді. Сарыағашта арасан суын халыққа ұсынып отырған “Курорт-Барыс-2030” ЖШС президенті Молдәлі Қолдасов осындай жан. Әйгілі Арасан суымен даңқы Қазақстаннан асқан Сарыағаш күніне мың қауға салсаң кенеуі кетілмейтін түпсіз теңіздің үстінде отырған жоқ. Сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары тәулігіне төрт мың текше метрдей су алынып келсе, ендігі пайдаланып отырғаны 3-4 есеге артқан. “Курорт-Барыс” серіктестігі бұрындары құбырынан секөнтіне 5 текше метрден су алып келсе, қазір 1,7 литр ғана шығады. Бұл судың үштен екісі жоғалғандығын байқат­қандай. Арасан суын жауап­сыз пайдалану жалғаса берсе ондаған жыл­дардан соң мақтаулы курорттар жабылып, алып ғи­мараттары мал қамайтын қора-қопсыға айналуы мүмкін. Бұл – Молдекеңнің қаупі. Алайда, гидролог мамандар олай де­мейді. Теңіз құрғаған жоқ, гәп бас­қада. Сарыағаш Өзбекстанмен шектес аудан. Арасан көлі ортақ. Су бассейінінің 70 пайызы Қазақ­стан жағында болғанымен уақы­тын­да қаржы шығарып, барлау жұ­мыс­тарын жүргізген, курорт, профилактикаларды көбейтіп алған Өзбекстан жағы көбірек тұ­тынады екен. Кезінде мән беріл­мегендіктен су құбыр­ларының аузында отырған­дар жан алқымға таянғанда ғана ес жиған сыңайлары бар. Жақында олардың қатысуымен алқалы жиын өтті. Екі мәселе қойылды. Су құбырлары барлар су қорын барлау, сараптау жұмыс­тары үшін ортадан қаржы шы­ғаруы қажет. Уақытында гидро­лог, геолог мамандар дайындауға Қазақстан­ның мойны жар бер­мегенге ұқ­сайды. Бұрынғы кәсіби маманд­ар­дың дені өмірден өткен, біразы басқа мемлекеттерге қоныс аудар­ған. Сондықтан Өзбек­станның осы саладағы атақты ғалымдары бірлесе жұмыс жасауға шақырылған. Бүгінде Сарыағаш ауданында 44 ұңғыма бар. Оның 10-ында бас ие жоқ. Яғни, ауыл-ауылдарда күндіз-түні сарылдап ағып тұр. Мәселен, Қарақалпақ ауылында аз ғана түтін бар. Тұтынып отырған суы секөн­тіне 12 литр. Ал, үлкен кең­шар­ларға уақытында секөнтіне 5 литр су мейлінше жеткенін ескерсек, есіл арасан су аяғы құрдым бол­ғаны емей немене?! Ошақты ауылы секөнтіне 10 литр су алады. Мұн­дай ауылдардан барлау, сараптама жасату жұ­мыстары үшін ақша алу мүмкін емес, ортақ қожайын жоқ. Төлем төлеуге сиырының үмесіне қарап отырған отбасылардың жағдайы да жоқ. Осындайдан ара­сан құды­ғынан пайда айырып отырған ағайынға салмақ түседі. Және аз емес. Әр құбырдың барлау жұ­мыстарына 25 мың доллар жұм­салады. Бұл бір мезеттік жұмыс. Толық жасатқаннан кейін 25-26 жылға дейін тоқтаусыз пайда­лануға бола беретіндігін есептесек, көп те ақша емес. Айналып келгенде 44 құбырдың 25-і төлем төлеуге қабілетті екендігі бай­қалды. Бірақ, олардың да дауысы біркелкі емес. Жиында “мен құбырдан айына 100 мың теңге табамын, біреу 1 млн. теңге табады. Неге бірдей тө­ле­уіміз керек” деп кеңірдек жыр­тып шыққандар да болды. “Алекс” ЖШС-інің атқарушы директоры Серғазы Қанат өздеріндегі екі құбыр үшін 50 мың доллар қазір төлеуге дайын екендігін айтты. “Егер табыс таппайтын болса­ңыз­дар скважинаңызды үкіметке қай­тарып беріңіз” дегенді және айтты. Әу баста осы істеліп жатқан жұмыстарға күмәнданып, бәлкім, пендешілігі де тартқан шығар құ­быр иелерінің бірі осы жұмыс­тар­ды атқару үшін алматылық фир­маға өтініш айтқан екен. “Ма­құл” депті. “Әр құбыр үшін тоғыз миллион тең­­геден төле­сеңіздер жасап береміз”. Бұл, әрине, аса қымбат қызметақы. Жиын бары­сында әрі тарт пен бері тарт бай­қалғанымен несібесін арасан суы­нан айырып отырғандар келісті. Ал, әліптің артын бағып, кейін төлеймін дегендердің қулығы іске аспайды. Минис­трлікке нақты құжат өткі­зіл­ген­нен кейін барлау жа­сат­па­ғандармен келісім-шарт үзіледі. Өйткені, бұл қызметті келісім-шартта көрсетіл­гендей фирманың өзі қаржысына жасатуы керек. Гидролог Нұрмұхамет Бай­за­қов­ты сөзге тарттық. Оңтүстікте осы салада оның алдына түсетін маман жоқ болғандықтан жауап­кершіліктің үлкен жүгін арқалап отырған азамат “шығасыға иесі басшы” болған­дығын айтады. Арасан суы қорын қайта есеп­теу әлі шешілмей келеді. Қайта есептеу ғылыми тұрғыда негіз­де­леді. Ертеңгі ұрпаққа қалдыратын мұраның инженерлік есебі қамтамасыз етілуі қажет. Бүгіндері дала жұмыстары толық жасалған, ендігісі нақты ғылыми тұрғыда жүргізіледі. Байзақов су қоры түге­сіліп барады дег­енге келіспейді. Мәселе, құбыр­дан насоспен су тар­тып отырған иелерінің білік­сіздігінде. Сарыағашта алғашқы бұрғылау 1947 жылы басталыпты. Одан кейін 1950-70 жылдары бұрғы­ланған. Дұрыс пайдаланбау әсері­нен жер асты суы көтерілгенде құм пайда болады, су сорғының шлан­га­ла­ры­ның қапталдарына беріш болып қатып қалады. Маман жоқ бол­ған­нан кейін су таусылуға айналды деген ойбай­дың шығу төркіні осы. Құбырлардың өзі барлау және пайдалану деп бөлінеді. Шипажай барлау кезінде қазылған құбырды пайдаланып отыр екен. Негізгісіне тапсырыс бермеген. Ал, арасан суының есепсіз пайдаланылып жатқаны жүрек ауыртатын жағдай. Мәселен, секөнтіне 128-129 текше метр су алатын болса, соның 15-20 пайызы ғана кәдеге асады да, қал­ғаны босқа ағады. Гидролог жер ас­тынан қайнап шығатын суды ысы­рап қылмай түрлі мақсаттарға жұм­саудың жөнін айтады. Үй жылыт, жылы­жайға пайдалан. Су қоры мол болса балық өсіретін бөгет жаса. Сарыағаш суы – қасиетті су. Асханалық. Үнемі ішуге болады. Макрокомпонентті. Құрамында гидрокорбонат, хлорид, сульфат бар. Минералы жағынан натрий, калий, кальций, магний бар. Яғни, бір литр суға жарты ас қасық сода және бір шөкім тұз салған сияқты. Мөлшері осындай. Сарыағашта 18-20 метрден су шыға береді. Бұл –тұз­ды су, әжетке жарамайды. Ал, ара­сан суының тереңдігі 1 мың метр­ден әрі басталады. Жер асты­нан қайнап шығып жатқан ара­санды алтыннан артық дейтіні осы. Байзақов “біздің қазаққа ауы­лы­­ның іргесінен асау өзен ар­қырап ағып жатса да су жетпейді” деп еді. Құрсай елді мекеніне кел­генде осыған көзіміз жетті. Арасан құбырынан ақтарылған суда тоқтау жоқ, жіңішке жылға тауып далаға ағып жатыр. Шағын ауыл. Есек арбамен келген балалар бөшкемен су әкетіп барады. Ауылдың малы осы жерден су ішеді. Облыста “Таза су” бағдарламасы жүріп жатыр. Әр үй бір-бір қойын қиса, әр үйге құбыр тартып, әр отбасы рахат­танып отырар еді. Бес-алты малын өріске айдап салып, ауылға сырттан бөтен кісілер келсе таяғын беліне қыс­тырып “не әңгіме айтар екен” деп бүкшеңдеп жетер қариялар басқа өңірдің адамдары бір кесесін ішсе зәмзәм суын ішкендей рахаттанып қалатын арасанға обал жасадық-ау дегенді ойламайды. “Кедейдің күні кі­жі­ну­мен өтеді” дегендей, құны алтын­нан артық судың қадірін білмеген осылай болар. Тағы да бірер ауылға, құбыр ұстап отырғандарға жолымыз түсті. Бірі монша ашқан, бірі дәрігері жоқ болса да қонақ үй салып, ваннаға кісі қабылдап жатыр. Құдайдың қазаққа келгенде пейілі кең. Құнттай алмай отырған өзіміз. Арасан сулары тек Сары­ағашта ғана емес, Мақтаарал, Арыс, Түркістан, Бәйдібек, Ор­да­басы аудандарында да бар. Көбісі монша ашып, содан түскен ақшаға қанағат етіп отыр. Неміс пен еврей ұлты­ның қолына тисе осы арасанның суын алтын бұлаққа айналдырып жі­берер еді. Судың орны толады деп дәт­ке қуат еткенімізбен арасан түпсіз көл емес. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.