• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ғылым 31 Наурыз, 2024

Жаңатастың геологиялық жасын анықтады

240 рет
көрсетілді

Американың Балтимор қаласын­дағы Джонс Хопкинс университеті зертха­насында Сәтбаев универ­си­теті­нің геолог ғалымдары Кіші Қара­тау жоталарын зерттеп, тау ж­ы­ныс­тарының 820 миллион жыл бұ­­рынғы деректеріне талдау жасады.

Satbayev University геология кафедрасының қауым­дастырылған профессоры, PhD Сезім Мұста­паева, PhD Ерқожа Маманов, сондай-ақ осы кафедраның 2-курс студенті Айболат Талғатбек биыл бір ай көлемінде Джонс Хопкинс университеті­нің ғылыми зерттеулеріне қатысып қайтқан болатын. Осы зерттеу барысында ғалымдар шөгінді тау жыныс­тары­ның түзілу тарихын зерттеу үшін Қазақстаннан әкелін­ген үлгілерге хроностратиграфиялық және көміртегі изотоптары арқылы талдау жасады. Сонымен қатар Кіші Қаратау жотасының карбонатты тау жыныстарындағы қазба қалдықтардың биологиялық белсенділігін, климатын және көміртегі айналымының өзгеруін зерттеді.

Қазақстан – Халықаралық геология ғы­лым­дары бірлестігінің мүшесі. Бірлестікке қарас­ты Халық­аралық стратиграфиялық комиссия стратигра­фия­лық шкаланы құрастырумен және зоналық стра­тиграфиялық кестелерді жаңартумен айналысып келеді. Нәтижесінде, ярустар стратотипі, жүйе мен ярус­­тар жаһандық стратотип шекаралары нүктесі анық­та­лып, осы қима орналасқан мемлекет әлемдік белгілі бір стратиграфиялық деңгейде үлгі ретінде танылады. Ярустар стратотипін таңдау көкейкесті мәселенің бірі болып тұр. Оны шешу мақсатында әлем ғалымдары өз елдерінде зерттеулер жүргізіп, ғылыми сайыс­қа түседі. Толық стратотип (белгілі бір жікқабаттың үлгі ретінде танылуы) қимасын анықтап, дәлелдеген елдер Халықаралық стратиграфиялық шкалаға өз атаула­рын енгізетін болса, онда атауды күллі әлем геологтері қолдана алады. Ал жоғарыдағы зерттеулердің нәтижесі – елімізде жаңа кен орындарын ашуға негіз.

«Елімізде қатты пайдалы қазбалар және мұнай кен орындарынан басқа, әлем ғалымдарының қызығу­шылығын тудыратын бірегей палеонтологиялық қорық-аудандар жеткілікті. Атап айтар болсақ, Қара­тау жоталары ерекше назар аудартады. Ол палео­зой эратемасы түгелдей дерлік дамығандықтан, кеңауқымды стратиграфиялық, палеонтологиялық, палеогеографиялық және палеотектоникалық мәсе­лелерді шешу үшін зерттеулер жүргізуге өте ың­ғайлы. Эдиакар кезеңіне тән мол әрі бағалы стромато­литтер, кембрийордовик кезеңіне тиесілі теңіз буын­аяқтылары және басқа қазба қалдықтары бар», дейді С.Нұрахметқызы.

Ғалым атап өткендей, Қазақстанда прикембрий дәуірінің жалпы және аймақтық стратиграфиялық кестелеріне 1989 жылдан бері толық түзетулер ен­гі­зілмеген. Сондықтан прикембрий түзілімдері толық әрі жан-жақты зерттеу жүргізуді қажет ете­ді. АҚШ ғалымдарымен бірлесе жүргізілген жұ­мыс­тар нео­протерезой кезеңдерінің аймақтық страти­графиялық кестелерін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Қажетті мәліметтерді жинай отырып, ежелгі Жер планетасының палеогеографиялық жағдайын қалпына келтіру, сонымен қатар алғашқы рет палеопротерезой және неопротерезой кезеңдерінде болған толықтай мұз басу дәуірін, яғни «Қарға оранған жер» теориясын дәлелдеу де маңызды. «Неопротерезой кезеңіндегі мұз басу Қазақстан аумағында болғаны расталды. Мұз басу дәуірін дәлелдейтін тау жыныстары және оқиғалар тасқа басылған таңбадай Кіші Қаратау жоталарында сақталып қалған. Қазіргі Марстың жағдайы жердің 850 миллион жылғы жағдайына дәл келеді. Осы жаңалықтардың барлығына бірлесе жүргізіл­ген зертханалық жұмыстар барысында қол жеткіздік», дей­ді жоба жетекшісі.

 

АЛМАТЫ