Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры инклюзияны дамыту, баршаға тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағытында игі істерді қолға алған. Ел көлемінде оңалту қызметін жүйелі түрде жолға қойды. Мұның дәлелі кейінгі үш жылда барлық өңірде, соның ішінде аудан орталықтарында түрлі бағыттағы 40 оңалту орталығы ашылды. 40 мыңнан аса бала оңалтудан өтіп, 7 мыңнан аса бала алғашқы қадамын жасады, тілінде мүкісі бар балалардың тілі шықты. Бұл – орталық мамандары мен ондағы заманауи технологиялар арқылы жеткен қажырлы еңбектің нәтижесі.
Осы бағытта қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен былтыр Түркістан облысында «Ақ Мейір» балаларды дамыту және инклюзивті білім беру орталығы жұмысын жаңа қарқынмен бастап, түрлі диагноз қойылған ерекше білім беру қажеттілігі бар 150 баланы кешенді көмекпен қамтыды.
Арнайы мамандар логопедиялық-дефектологиялық, педагогикалық-психологиялық көмек, сондай-ақ арттерапия, музтерапия, құм терапиясы, емдік жаттығу бойынша барынша қамқорлық көрсеткен. Мәселен, логопед-дефектолог маман сөйлеу тілінің ақауы бар, психикалық дамуы тежелген, әріптерді таза айта алмайтын, жалпы тіл кемістігі бар 50 балаға жыл он екі ай көмектесті. Нәтижесінде, аталған балалар ауруынан айығып, толыққанды балалармен бірге сабаққа барып жүр.
Педагог-психолог, педагог-ассистент, музтерапия маманы ерекше білім беру қажеттілігі бар, үлгерімі төмен, сабақты қабылдауы, есте сақтау қабілеті нашар балалармен Педагогикалық психологиялық түзету кабинетінде (ППТК) жеке және топтық жұмыс істеп, балаға арнайы бағдарламамен сабақ өтіп, көркем жазуға, жылдам оқытуға, есеп шығаруға, ән айтуға түрлі ұлттық аспаптарды ойнауға деген дағдыларын оятты. Ал арттерапия, құм терапиясы маманы құммен ойнау, тущ, гуащ, түрлі-түсті қаламмен сурет салу арқылы диагнозы ауыр 2-3-топтағы мүгедектігі бар, үйде оқытылатын балалармен жұмыс істеді.
Логопед көмегін алған оқушылардың бірі – Ерқанат Мақсат. Алғаш рет логопедтің консультациясын алғанда баланың «р» дыбысын айта алмайтыны, әріптер мен дыбыстарды шатастырып нақты орнына қоя алмайтыны белгілі болған. Күнделікті жұмыстың нәтижесінде Ерқанат екінші айдан бастап оң нәтиже көрсете бастады. Уақыт өте оқушы «р» әрпін айту, сондай-ақ дыбыстар мен әріптерді шатастырмауды үйренді. Сол арқылы мектептегі диктант жазуда бағасы жақсарып, үлгерімі көтерілді.
Ал дамуында ақау бар Нурикамал Оразалының зейінін жақсартып, қоғаммен байланысын дұрыстау қажет болды. Оқушының психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке методика құрылды. Сол арқылы балаға ыңғайлы уақытта қосымша сабақтар өтті. Жарты жылдан кейін Нурикамалдың қатарластарымен қарым-қатынасында белсенділігі байқалды. Сурет салуға қызығушылығы ашылды. Қазір осы өнер арқылы өз ойын жеткізуге барын салып жүр.
«Оқушылардың қол моторикасының дамуына, көркем эстетикалық, сезімталдық, талғам, байқампаздық, мейірімділік, әдептілік қасиеттерін тәрбиелеуде, қиялын дамытуда, түсіну дағдыларын қалыптастыруда үлкен жұмыс атқарылды. Жеңіл және ауыр диагнозы бар балалармен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, оқушылардың өнерге деген қызығушылығы оянды, өнер арқылы ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйренді. Ерекше балаларды емдеп-түзеуге, қоғамға бейімделуіне жағдай жасап, қаржылай көмек көрсетіп отырған «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз», дейді орталық жетекшісі Нұрболат Қайрамбаев.
«Samruk-Kazyna Trust» КҚ баспасөз орталығы