• RUB:
    5.35
  • USD:
    482.94
  • EUR:
    535.97
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 09:30

Алаш сарбазы – алғашқы геолог-мұнайшы

38 рет
көрсетілді

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының байырғы мүшесі, Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының бас ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Нәзір Абдулқадырұлы Әзірбаев қоғам ісіне отыз бес жыл бойы белсене атсалысып келеді. Ол қуғын-сүргінге ұшыраған алғашқы қазақ инженерлерінің, мұнайшы геологтардың есімдерін жаңғыртуда үлкен шаруа атқарды.

«Әділет» мүшесі Нәзір Әзірбаев­тың дерегінше, өткен ғасырдың 30-жылдары Мәскеу мен Ленинградтың гео­логиялық барлау институттарында, Тау-кен академиясында оқыған алты қазақтың төртеуінің, атап айтқанда – Мардан Әзірбаев, Беркінғали Ат­шыбаев, Оразәлі Жандосов пен Мерғали Қадылбековтің өмір жолы жаз­алаушы орган қапастарында үзіл­ген. Олар жергілікті ұлт техникалық интел­ли­ген­циясының алғашқы буынынан еді. Сол кезде аталған азаматтарға қоса Қаныш Сәтбаев, Жарқын Айталиев, Сергей (Оқтай, Үгедей) Бөкейханов сынды геологтар ғана болған-тын. Бәрі де өте білімді, білікті, мақсатты түрде алға ұмтылған мамандар ретінде геологиялық қызмет пен геология ғы­лымын ұйымдастыруға, сирек және түрлі-түсті металдар, мұнай кен орындарын іздестіру және барлау істерін жүргізуге зор үлес қосып жатқан-ды.

Нәзір Абдулқадырұлы «Әділет» бас­қармасында Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев жайында оның «Алашорда батыс бөлімі басшыларының бірі» ретінде «қазақ (киргиз) еңбекші бұ­қарасынан оқшауландырылғанын», сөйтіп Батыс бөлімнің өзге басшыларымен бірге Мәскеуге жіберілгенін, сонда Мәскеу тау-кен академиясында 1930 жылға дейін оқығанын айтатын. Одан кейінгі «қысқа да қыз-қыз қайнаған еңбек жолы «Ембімұнай» («Эмбанефть») тресінде өтіп, қатар­дағы геолог, іздеу партиясының бас­тығы, карталы-крелиусты сектор мең­герушілігінен геологиялық барлау кеңсесінің бастығына дейін өсті» деген. Б.Атшыбаев 1931 жылы Мұнайлы, 1932 жылы Алтыкөл, Ескене мұнай көздерін ашып, геологиялық барлауға тікелей қатысты. Дүйсеке, Қарашұңғыл, Шоқай, басқа да кен орындарының геологиялық құрылымын зерттеді. Қон­дыбай, Жолдыбай тұз күмбездерін зерттеп, олардың геологиялық картасын жасады. Бұрын ашылған Доссор, Сағыз, Құлсары, Түлес кен орындарының геологиялық құрылымын крелиус­ты бұрғылау жолымен егжей-тегжейлі нақтылады. Ембі мұнайлы ауданы мен Каспий маңы ойпатының қазақ­стан­дық бөлігі аумағында мұнай мен газға геологиялық барлау жұмысын жүр­гізу ауқымын кеңейтуге көп қа­жыр-қуатын жұмсады. Геология-ми­не­ралогия ғылымдарына қазіргі таң­да да елеулі үлес қосып жүрген ғалым Нәзір Әзірбаев Беркінғали Мұқаш­­ұлы Атшыбаевты Каспий маңы бассей­нінің геологиясы жөніндегі заманауи идеялардың іргетасын қалаған ал­ғаш­қы геологтардың бірі болды деп тұжы­рымдайды. Қазіргі заманғы озық инженерлік ойға Беркінғали Мұқаш­ұлы жол салған осы жерде ХХ ғасырдың екінші жартысында аса алып мұнай кен орындары барланып, Қазақстанды әлемдік мұнай державасына айналдырды, дейді мақтанышпен ғалым.

Батыс Алашорда басшысы Жаһан­шаһ Досмұхамедов ІІ Жалпы­қазақ съезі шешіміне сәйкес арнайы құрылып, әскери дайындықтан өткізілген қосы­нының батыл соғыс қимылымен 1919 жыл­дың аяқ кезінде аймақтағы ақ­тар­дың қолын талқандап, штабын бас­­қарған генералды тұтқындауы­мен кеңес билігі жағына өткендерін нақ­ты жауынгерлік күреспен дәлелдедік деп санаған. Сөйтіп күнбатыс алаш өкіметінің кеңестік құрылымға қосы­лу шарттарының Қазревком және Түр­кістан майданы өкілдерімен 1920 жылдың басында өткізілген келіссөз-мәжілісте тиісінше рәсімделгенінің басы-қасында болған. Оған дейін Алаш­орданың Батыс бөлімінің құрылу тарихы мен саяси мақсаты жөнінде Қазревкомға үзеңгілестерімен бірге хат жазып, «...біз, Алашорда өкілдері, ...уақытша билікке және қазақтың саяси өмірін басқаруға халықтың өз ша­қыруымен келдік, өкімет билігінің барлық ауыртпалығын көтердік... ...Біз өзімізге сеніп тапсырылған билікті Қазақ революциялық комитетіне өткі­зе отырып, қазақ халқының негізгі ұстанымы – басқарудағы дербестігі бұзыл­майтынына сендік. Қазревком да біз қыз­мет еткен идеяға, Қазақ өлкесін авто­номды басқару идеясын жүзеге асы­руға жұмыстанады деп санадық. Біз ...қазақ халқының өзін сақтап қалу үшін мемлекеттік билігі, аппараты болуы керек деген саяси ойды жақтаушылар­мыз. Бізде Қазақ өлкесін басқаратын жоғары органға ұмтылу ниеті мүл­дем жоқ, алайда ел үшін еңбек етуден ­бұдан былай да аянбаймыз», деп хабарлады.

Одан әрі оқиға большевиктік рухта өрістетілді де, кейін, ОГПУ тергеу­шісіне берген көрсетуінде Жанша Досмұхамедов Қазревком төрағасы Станислав Пестковский Мәскеуге бас­тап әкелген серіктерінің Халел Досмұ­хамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәле­нов­тен кейінгі бесіншісінің фамилия­­­сын ұмытып қалғандықтан (өзінен он ­жас кіші қызметкерін әдетте есімімен ғана атап жүргендігінен болар) атын ғана айтып, «біздің интендантымыз» деген-ді. Алашорда батыс бөлімінің бұдан арғы тағдырын Бүкілресей Орталық атқару комитеті (ВЦИК) шешеді деп орталыққа жіберілген бес басшы қай­раткері қатарындағы бұл жиырма екі жас­тағы жас интендант – Беркінғали Атшыбаев болатын.

Оның өмір жолы, жалпы Батыс Алашорданың тарихы тәуелсіздік жылдары, әсіресе бертінде, үстіміздегі ғасыр басында тәп-тәуір зерттелді. Негізгі деректер энциклопедиялық анық­тама­лықтарда жария болды, Жаһаншаһ Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрайымы ғалым Дәметкен Сүлейменова үзбей жариялап жүрген Алаш қозғалысы жө­ніндегі ғылыми мақалаларында, «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бө­лігі» атты монографиясында бұрын бей­мәлім көп жәйттің бетін ашты. Батыс өлкенің тарихы тақырыбына ұдайы қалам тербеген, көптеген саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін жаңғыртуға белсене атсалысқан бел­гілі қаламгер Әбілқайыр Спан, жур­на­лист-тарихшы, кейіпкеріміздің туысы ­Жанат Нұрмаханова, белгілі қа­ламгер ­Сырым Бақтыгерейұлы мер­зімді басылым­дарда Атшыбаев­тың өмірі мен қызметін арнайы зерт­теген мақалаларын жария­лады...

Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев 1897 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында саудамен шұғылданатын дәу­летті кісінің отбасында дүниеге келген. Сол кезгі Гурьев үйезінің Есбол болысындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыды, сосын Орал казактарының империя бойын­ша жақсы оқу орны санатында таныл­ған, жаратылыс ғылымдарының негіз­дерін және математиканы оқытуға басым­дық берілетін нақты (реальды) жалпы­әскерлік училищесінде орта білім алды. Орыс, неміс тілдерін жақсы білген. ІІ Жалпықазақ съезі шешіміне сәйкес Жымпитыда ұйымдастырылған офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлер мектебін 1918 жылы прапор­щик шенімен бітірді. Содан Алашорда батыс бөлімінің бас интенданты қызме­тіне тағайындалған Атшыбаевтың бел­сенді еңбек жолы басталды. Міндетін біліктілікпен тыңғылықты атқаруы нәтижесінде, аймақтағы тұңғыш қазақ (алаш) әскерін қажет азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрі, қилы мұқ­таж құралмен кідіріссіз қамтамасыз етіп тұрды. Батыс бөлімнің қару­лы күшін жабдықтау жолында, қа­жет керек-жараққа қол жеткізу үшін – Қызылқоға, Сағыз үйездік земстволар арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аймақтарындағы кооперативтермен, Орал, Ілбішін, Қаратөбе базарларында жергілікті казактармен айырбас сауда жасауды жолға қойды. Орал казактарының әскери үкіметі арқылы ағылшын қаруларын, Сама­рада құрылған Құрылтайшы жиналыс мүше­лерінің комитеті (Комуч) арқылы бес­атарлар, оқшашарлар, зеңбіректер және автомобильдер алуға атсалыс­ты. Осылай, әскери шаруашылық­ты мүлтіксіз ұйымдастырып-басқарып жүргендіктен де, «Қазақ ұлттық Алаш­орда үкіметінің Батыс бөлімін тарату туралы» 1920 жылдың 5 наурызында арнайы мәселе қараған Қазақ әскери-революциялық комитеті Беркінғали Атшыбаевты Алашорда үкіметі Батыс бөлімінің жауапты басшылары қа­тарында «Кеңес өкіметі Қазақ өлке­сінде бекем орнығып болғанша қазақ еңбекшілерінен оқшау ұстау» қажет деген қаулы алды. Өйткені Қазрев­ком олардың қазақ даласында жүруі жергілікті жерде кеңестік тәртіп идея­сын жүзеге асыруға зиянды әсер етуі мүмкін деп білген-ді. Сондықтан да Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұ­хамедов, Иса Қашқынбаев, Карим Жәлелов, Беркінғали Атшыбаев 1920 жылғы ақпанда ВЦИК-тің құзырына жіберілген болатын.

Қазревком қазақ даласында кеңес­тік билік орнағанға дейін елден жы­рақта ұсталсын деп ұйғарған бес алаш­ордалық қайраткер ішінен сол жылғы жазғытұрым Орынборға Атшыбаев қана қайтарылды. Ол Қазревкомның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман Әйтиевтің ұсынысымен 12 маусымда ревкомның іс жүргізушісі қызметіне бекітілді. 1921 жылдың қыркүйегінен Түркістан және Бұхара республикаларында Қазақ Орталық атқару комитетінің аштықпен күрес жөніндегі төтенше өкілі ретінде аштыққа ұшыраған аймақтарға азық-түлік жеткізуде көп еңбек сіңірді. 1922 жылдың қыркүйегінен бастап, Орынборда әлеуметтік тәрбиешілер даярлау жөніндегі курстың меңгеру­шісі, одан Шымкенттегі емдік шөптер­ден, негізінен жусаннан дәрі жасайтын «Сантонин» зауытында істеген. Зерттеушілер дерек­теріне қарағанда, ол 1928 жылы Мәс­кеудегі Тау-кен академиясы мұнай фа­кул­ьтетінің геология бөліміне оқуға түскенге дейін басқа да жұмыстарда – Халық шаруашылығының жоғар­ғы кеңесінде (ВСНХ), Ақтөбе облысы­ның ұжымшарлық қозғалысқа жәрдем­де­сетін «Қазақ өлкелік одағында» («Каз­крайсоюзда»), сондай-ақ Жоғары сот­тың жазбаша аудармашысы болып та жұ­мыс істеген. «Мемлекеттік кәсіпшілік­тер­дің әкімшілік және инженер-техни­калық персоналын есепке алу карточкасында» бұларға қоса «кадрлар даяр­лау және кәсіптік-техникалық білім бөлімінің меңгерушісі, неміс тіліндегі техникалық әдебиетті еркін оқиды» деген де мәліметтер бар. Орынборда істеген жылдары қазақ ән-күйін жинап жүрген әйгілі Затаевич Атшыбаевтың орындауында Мұхиттың екі-үш әнін, солардың ішінде «Паңкөйлекті» жазып алыпты...

1930 жылы 4-курстағы Бер­кінғали «алашордашыл, кеңестік қоғамға жат элемент» деген айыппен оқудан шығарылған. Сол жылы ол Гурьев (Атырау) қаласына келіп, «Ембі­мұнай» («Эмбанефть») тресіне қыз­метке кірген де, 1937 жылы қазан айын­да тұтқынға алынғанға дейін түрлі лауазымда істеп, жоғарыда аталған ма­ңызды жұмыстарды жүзеге асырған. Анық­тамалықтарда берілген мәліметке қарағанда, желтоқсан айының аяқ кезінде Гурьевтен сол шақтағы облыс орталығы Орал қаласына айдалып, содан хабарсыз кеткен. Зайыбы Лидия Георгиевна Софенрейтер 1956 жылғы 6 сәуірде КСРО Әскери прокурорына күйеуі Беркінғали Атшыбаевты ақтауды сұрап жазған өті­нішінде оны 1937 жылғы 27 қазанда Гурьевте Ішкі істер халық комис­сариа­тының қызметкерлері ұстап әкет­кенін, содан 1938 жылдың мамыр айында «Оралға жөнелтілген, тірі емес» деген сы­бысты естігенін айтыпты. Бірақ тергеу орындары архивтерінен Атшы­баевтың ғұ­мыры қалай үзілгені жа­йында нақты дерек табылмады. Тек алғашқы жазған өтінішінен бір жыл сегіз ай өткенде ғана «өлгеннен соң ақ­талғаны туралы анықтама» келді. Оңтүстік Орал әскери округінің әскери прокуратурасы Беркінғали Атшыбаевты 1957 жылы 6 жел­тоқсандағы қаулысымен ақтаған-ды.

Жұбайы, неміс қызы Лидия Софен­рейтер болашақ жары Беркінғалиды алғаш рет 1933 жылы геологиялық пар­тияда кездестірген екен. Қыздың ұғы­мында ол зиялы, жұғымды жан-тын. Атшыбаев жақсы геолог ретінде танымал, геологиялық партияның бас­тығы болатын, ал Лидия Гурьев мұнай техникумының геология факультетінің студенті еді. Ол 1933, 1934 жылдарғы өндірістік тәжірибеден өту мерзімін соның тобында өткерді. Екеуі 1935 жылы үйленді. Бір жылдан соң дүниеге қыз бала келген, бірақ 1937 жылдың шілдесінде күтпеген жерден шетінеді. Лидияның екінші балаға аяғы ауыр еді. «Көңілін сергіту үшін» Беркінғали келіншегін Мәскеуге апарған, сонда 18 тамыз күні ұл бала туды... Келіншегі ерін еркелеп атайтын есімді қайталап, баласына Беркен деп ат қойған. Сосын Лидия жөргектегі Беркенмен елге оралды, ал Беркінғали шаруаларымен Мәскеуде қалды. Содан Лидия жұбайын Гурьевте 24 қазан күні қарсы алған-ды, бірақ келгеніне үш күн өтер-өтпестен оны НКВД-ліктер алып кетті. Сондағы Беркенінің Лилусясына айтқан соңғы сөзі мынау болды: «Мен ешқандай да кінәлі емеспін, Лилуся, шыда. Бәлкім жыл өтер, бірақ бәрі де анықталады, ораламын». Алайда оралмады, ол кү­йе­уін содан қайтып көре алған жоқ. 22-ақ жаста еді, артында екі айлық сәби­мен қалды. Түрмеден екі рет хат алды. Біріншісінде: «Лилуся, сенің туғандарыңа баруыңды жөн санаймын, солай ету өзің үшін де, Бербишка үшін де жақсы болады. ...Маған шай, махорка мен қағаз, кітап, қант сатып алып беріп жібер. Сендерді қатты сүйемін. Беркен», – деп жазған-ды. Екінші хатпен «22 қараша күні 1 пар қолғап, етік, шұлғау, іш киім, шұлық қабылдап алғандығы туралы» тұтқынның қолхаты жетті...

– Уақыт өтіп жатты. Беркен Мұқаш­ұлынан басқа ешқандай хабар келмеді. Менің сауалыма ешкім жауап бер­меді, – деп еске алды бертінде Лидия Георгиевна. – 1938 жылдың көктемінің соңына таман «Атшыбаев тірілер арасында жоқ, ол туралы қаладағылардың көбі біледі» деген қауесет тарап кетті. Іле-шала жұрт оның өлімі «аштық жариялағанынан» болды, «жауап алу кезінде тергеуші атып тастаған», «есін білмейтін ауруға шалдыққан-мыс» деп, сан-саққа жүгіртті. Беркеннің қазасының шындығы осы күнге дейін беймәлім. Сап-сау шағында түр­меге қамалған адам із-түзсіз, өлі-тірі­сі белгісіз күйде жоғалып кете бар­ды. Партияның XX съезінен соң мен КСРО Әскери прокуратурасына, одан соң Чкалов (Орынбордың 1938–1957 жылдардағы атауы – Б.Қ.) қаласындағы Оңтүстік Орал әскери прокуратурасына сұрау салып хат жаздым. Барлық архив ақтарылды, оң хабар болмады. Алматы мен Ақтөбе де жартымды жауап бермеді. Бір сөзбен айтқанда, тұтқын Атшыбаев ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Ол жайында тек қана Гурьев түрмесінің тіркеу журналы «төңкеріске қарсы деп айыпталған Б.М. Атшыбаевтың 1937 жылдың желтоқсанында Оралға этаппен жіберілгені» туралы жазбасымен сараң хабар қалдырыпты. Сонда менің көз жасымды төгіп: «Бұл қалай, сонда? Қапаста қолдан өлген адамның, ең болмаса, өлі дерегі де табылмай ма? – деген сауалыма прокурор: «Сірә, бұл жерде айыпталушыға қатысты қағаз­дың бәрін жойып жіберуге мәжбүрлеген ­бір зұлымдық жасалған ғой», – деп жауап берді...

Мақаламыздың негізгі тақырыбы етіп алған алғашқы қазақ техникалық интеллигенциясының, оның ішінде қуғын-сүргінге ұшыраған мұнайшы-геологтардың бірі әм бірегейі, Алаш құрылымының сарбазы және кеңес инженері Беркінғали Атшы­баевтың жасампаз істерге толы қайғылы тағды­рына, оның ел мүддесіне арнаған қыз­метіне жан-жақты назар аудару қажет. Оның өмір сүрген заманы мен бейнесін өнер күшімен жаңғыр­тып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне пайдалану бек ұтымды шара болмақ.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы-ғалым