Неврологиялық ауруға шалдыққан балалар қоғамға бейімделіп, өзін жат, оқшау сезінбесе, ол – осы бағытта қолға алынып, іске асып жатқан жұмыстың нәтижесі. Өкінішке қарай, мұндай ауруға шалдыққан бөбектердің диагнозы балабақшада, тіпті мектепке барғанда анықталатын сәттер жиі кездеседі. Салдарынан балаларды оңалту, қоғамға бейімдеу балаға, ата-анаға, содан соң оңалту курстарын жүргізетін мамандарға біраз салмақ салады. Ұлттық балаларды оңалту орталығы Астана медицина университетінің ұжымымен бірлесіп өткізген конференцияда саладағы осындай күрделі мәселелер қаралды.
Халықаралық конференция «Неврологиялық ауруларды диагностикалаудағы, емдеудегі, оңалтудағы мультидисциплинарлық тәсіл» тақырыбында ұйымдастырылды. Оған Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қонақтар арасында невропатологтер, реабилитологтер, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер мен психологтер болды. Тақырыптық сессияларда Франция, Италия, Аустралия, Қытай, Түркия, Үндістан, Ресей, Қырғыз Республикасы, басқа да елдердің ғалымдары баяндама оқыды.
Конференцияның ашылу салтанатында Балаларды оңалту ұлттық орталығының басшысы Ажар Ғиният неврологиялық ауруларды емдеуге, ерекше қабілетті балаларды бейімдеуге күш салып жүрген тәжірибелі дәрігерлерге алғыс айтып, конференцияның өнімді, мазмұнды өтуіне тілектестік білдірді.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес жыл сайын неврологиялық аурулардан 9 млн адам бақилық болады екен. Әлемде 5 жасқа толмаған 50 миллионнан астам бала неврология әсерінен мүгедектікпен алысады. Әрине, неврологиялық аурулардың көбінің алдын алуға мүмкіндік бар. Сол тұрғыда бүгінгі конференция неврологиядағы профилактика, диагностика, оңалту іс-шаралары, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін, салаға жаңа технологиялар енгізу жайын, басқа да жаңашыл әдіс-тәсілдерді талқылауға негіз болады. Медициналық оңалту күндері аясында саладағы өзге де өзекті мәселелер Жамбыл облысының Меркі ауданында өтетін «Шипажай–2024» IX халықаралық ғылыми-практикалық форумында талқыланады. Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласын жаңарту бағытында ауқымды жұмысты қолға алып отыр. Соның аясында неврологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге көп көңіл бөлінеді», деді А.Ғиният.
Пленарлық сессияда Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева неврологиялық ауруға шалдыққан балаларды ерте анықтауға педагогтердің араласуы маңызды екенін айтты.
«Бүгінде сапалы скрининг арқылы диагнозды мейлінше ерте қою өзекті болып отыр. Білім жүйесінде 4 миллионға жуық бала оқиды. 7 мыңға жуық баладан ауытқушылық байқалған. Бала балабақшаға, мектепке барарда жан-жақты тексеруден өткен соң диагноз қойылып жатады. Сондықтан бүгінде Денсаулық сақтау саласы мен білім жүйесінің алдында мектепке дейінгі ұйымдардағы мұғалімдерге, бастауыш сынып мұғалімдеріне диагностиканың алғашқы машықтарын үйрету міндеті тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарға балалар 2 жастан барады. Ол кезде баланың дамуы кешеуілдеген болса, қандай да бір ауытқу байқалса, сөйлеуінде кемшілік болса, басқа да ерекшелік байқалса, анықтау қиын. Сондықтан да осы бағытта оқытуды пысықтауымыз керек», деді Н.Жұмаділдаева.
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева ерекше балаларды емдеуден бөлек, ерте жастан қоғамға бейімдеуді ұмытпау керегін еске салды.
«Парламент Сенатында ерекше балалардың көбеюіне байланысты оларды оңалтуға қатысты мәселелерді жиі қозғап жүрміз. Біз ерекше қабілетті балаларды барынша емдеп-жазуға ғана көңіл бөлумен шектелмеуіміз керек. Олардың мектепте, жоғары оқу орнында білім алуына жағдай жасау қажет. Оңалтуға қатысты сауал көп. Оңалтудан өткен, оның қыр-сырын білетін азамат ретінде айтарым, бірінші кезекте оның нақты мақсаты болуы қажет. Көптеген ата-ана баласын оңалту арқылы толыққанды сауықтыруды сұрайды. Бірақ, шынын айтқанда, бұл шаруа өте қиын, күрделі. Бүгінде мүгедектігі бар адамдар қоғамның бір бөлігі ретінде қалыптасып келеді. Конференцияда қоғамдағы ерекше қабілетті азаматтарға қамқорлық жасауға қатысты толымды, өзекті ой-пікір, ұсыныс көп айтылды, нәтижесі болады деп сенеміз», деді Л.Қалтаева.
Бүгінде Балаларды оңалту ұлттық орталығы жыл сайын 14 оңалту курсына 4 200 бала қабылдайды. Ай сайын 300-ден астам балаға медициналық оңалту көмегін көрсетеді. Орта есеппен әр бала 16 қызмет түрін алады. Орталықта невропотологтер, функционалды медициналық оңалту мамандары, психологтер, логопедтер, массаж терапевтері, жаттығу терапиясы, физотерапия нұсқаушылары жұмыс істейді. Осынша маманға сұраныстың жыл санап артып отырғаны неврологиялық ауруға шалдыққан балалардың көбейіп бара жатқанын білдірсе керек.
Конференцияда неврологиялық аурулары бар пациенттерді оңалту, ауруын ерте анықтау, инновациялық емдеуге, оңалтуға қатысты кешенді тәсілдер ұсынылды. Қабылданған қарар елдегі сауықтыру қызметін одан әрі дамытуға негіз болады. Келелі кеңес барысында үздік невропатолог, реабилитолог, меценаттар, қайырымдылық көмек көрсететін ұйымдардың өкілдері «Алтын шипагер» ұлттық медициналық сыйлығымен марапатталды.