Қоғам • Кеше

Ел тұрғындары жаңажылдық кештерден жаппай бас тарта бастады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мереке қарсаңында көптеген компаниялар корпоративтік іс-шараларға қатысты жоспарларын қайта қарап жатыр. Себебі биыл қызметкерлерге арналған кештің құны бір адамға шаққанда 50 мың теңгеге дейін қымбаттаған, деп жазады Egemen.kz.

Ел тұрғындары жаңажылдық кештерден жаппай бас тарта бастады

Фото: rusnord.ru

Бағаның өсуі наразылық тудырып отыр

Кейбір компаниялар дәстүрлі корпоративтен мүлде бас тартса, ал мерекелік көңіл-күйді сақтап қалғысы келетіндер шығынды қысқартуға тырысып жатыр.

Корпоративтің стандартты пакеті әдетте мыналарды қамтиды:

- ыстық тағамдар мен салаттар;

- сусындар (алкогольді және алкогольсіз);

- жүргізуші мен диджей;

- фото және бейнетүсірілім;

- шоу-бағдарлама немесе ойын-сауық бөлігі.

Бағалар өңірге және аптаның күніне байланысты өзгеріп отырады. Жұмыс күндері – 23 мың теңгеден басталса, демалыс күндері – 25 мың теңгеден басталады.

«Барлығы қымбаттап жатыр, әсіресе асхана мен өнім сатып алу шығындары, сондықтан мәзір бағасы өсіп отыр», дейді мейрамхана өкілдері.

Рекордтық сомалар

Ең жоғары бағалар Алматыда байқалып отыр: мұнда стандартты корпоратив 30-50 мың теңге аралығында, ал премиум нұсқалары 100 мың теңгеден де асып кетуі мүмкін. Астанада бағалар 20-70 мың теңге аралығында құбылып тұр.

Қазақстанның көпшілік өңірлерінде корпоратив құны 20-40 мың теңге деңгейінде сақталып отыр. Ал ең қолжетімді нұсқалар Семей мен Ақтөбеде анықталған, мұнда корпоративтік кешті бір адамға небәрі 10 мың теңгеге ұйымдастыруға болады.

Қымбаттаудың себебі неде?

Экономистер корпоратив бағасының өсуі инфляциямен тікелей байланысты емес екенін айтады. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің түсіндіруінше, басты себеп – сұраныстың артуы.

«Барлығы желтоқсан айында мереке өткізгісі келеді, сол себепті жүргізушілерге, шеф-аспаздарға және мейрамханаларға сұраныс үшін бәсекелестік күшейеді», дейді ол.

Осылайша, маусымдық баға өсімі компаниялардың мерекелік кезеңде қызметкерлеріне жарқын кеш ұйымдастыруға деген ұмтылысынан туындап отыр.

Қай тұстардан үнемдеу көзделіп отыр?

Компаниялар сапаны төмендетпей, шығынды азайтудың жолын іздеп отыр. Мысалы, үнемдеу үшін мыналардан бас тартуы мүмкін:

- интерактивті бағдарламалардан;

- би қойылымдарынан;

- қосымша әртістерден.

Алайда алкоголь және тәжірибелі жүргізуші тұрғысында өзгерістер бола қоймайды.

«Тұтынушылар көбіне орта деңгейдегі мейрамхананы таңдайды, бірақ мықты жүргізушіні алады. Бағдарламадан бас тартуы мүмкін, алайда жүргізуші міндетті элемент», дейді шоумен Алмас Калемов.

31 арнаның хабарлауынша, 2026 жылы мерекелік кештердің бағалары қымбаттай түседі.

Соңғы жаңалықтар