КӨРЕГЕНДІК ІС НӘТИЖЕСІ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін осы жылдың аяғында, яғни желтоқсан айының 1-2-сі күндері Астанада өткізу туралы шешімге байланысты жасаған Мәлімдемесін үлкен қуаныш сезіммен құптаймын. Әрине, ЕҚЫҰ елдеріне басшы болу өз алдына үлкен дәреже. Бірақ біздің Астанамызда соған байланысты Саммит өткізу сол дәрежемізді одан әрі арттыра түспек. Мұны үлкен көрегендік істің нәтижесі деп білеміз. Ал енді сол Саммитте істелген жұмыстарды қорыту, алға келелі проблема қою, оған әлем елдерінің назарын аудару саясаттағы толысқан кемелдікті көрсетеді. Бізге дейінгі басшы болған елдер мұндай үлкен қорытынды жасай алды деп айта алмаймын. Мәселе тек басшы болуда ғана емес, жақсы жұмыстар жүргізіп, әлемді даңғыл жолға салуға үлес қосуда жатыр. Алдымен ЕҚЫҰ-ға кірген ірілі-кішілі елдер өздерінің тағдырын біздің қолымызға бір жылға болса да тапсырды. Бұл үлкен тарихи оқиға, бұрын-соңды болып көрмеген жағдай. Міне, сегізінші айға аяқ бастық, ісіміз абыроймен жүріп жатыр. Әрине, оңай болған жоқ. Ауған түйткілі, Қырғызстандағы қырғынға ұласқан қайғылы жағдай, Таяу Шығыс елдеріндегі шиеленістер. Осыларды сабыр аясына шамамыз келгенше шақырып, саябырсытып бағудамыз. Жыл аяғы осы сенімімізді ақтайды деп күтеміз.
Әр заманның өз проблемасы бар. Бұдан 35 жыл бұрынғы Хельсинки қорытындысы әлемде бейбітшілік пен тыныштық проблемасын алға қойған болатын. Ол кезде қазақ түгілі, Қазақстанды біреу білсе, біреу білмейтін. Ал қазір сол Хельсинки қорытындысын ұран етіп ілгері апару біздің қолымызға сеніп тапсырылды. Бұдан 65 жыл бұрын тамыздың 6-ы, яғни кешегі күні Хиросима қаласы, одан екі күннен кейін Нагасаки қаласы атом жарылысының құрбандығына айналды. Жүз мыңдаған жазықсыз адам қырылды. Мен 1978 жылы Хиросима қаласында болып, сол жарылыстың ауыр трагедиясын көзіммен көргендей болдым. Сонда өмірі тамшылап еріп сөніп бара жатқан, тажалдан қашқан ана мен баланың балауыз бейнесі күйзелткені есімде. Ескерткіш тақтада: “Тыныш ұйықтаңдар, бұл енді қайталанбайды”, деп жазылған. Беті аулақ. Қайталанбасын. Ал енді бүгінгі күннің де өзіндік міндеттері бар. Ол – лаңкестікті болдыртпау, есірткіні таратқызбау, Арал проблемасы, тағы басқалар. Қазақ атымен аталған еліміздің ЕҚЫҰ аясына біріккен мемлекеттердің тізгінін қолға алып, әлемдік проблемаларды шешуге бастап жұмылдыруы үлкен табыс, айрықша мерей, ұлттың салтанатты шағы деп білеміз. Қолымыздағы осынау тарихи бақыт құсын жіберіп алмай алға тарта берейік дегім келеді.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі.
ЕЛІМІЗДІҢ АБЫРОЙЫ САНАЙМЫЗ
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, төбебилік төрінен ақылман қариядай халықаралық жанжалдарды реттеуде жаңаша бетбұрыс бастады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалықтың табалдырығында төрт “Т”-дан бастау алатын негізгі қағидаттарды айрықша атап, әлем елдерінің дәстүрге сенім білдіріп, жаһандық өркениетке ұластыратын демократиялық даму жолында ашықтық пен төзімділік танытуға шақыруының өзіндік сыры бар. Себебі, адамзаттың бір-біріне сенім білдіріп, дәстүрін сыйлауда ашықтық, сонымен бірге, түрлі қиындықтарға төзімділік танытса ғана бейбіт өмірдің аспанын қара бұлт торламас еді. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы халықаралық жанжалдарды реттеумен бірге, Тұңғыш Президентіміздің адамзаттың бейбіт өмірінен қымбат нәрсе болмайды деген сөзін жаһан жұртына мойындатты.
Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалық етуіндегі биік бедел мен үлкен абыройға жетуі оңай болған жоқ. Дегенмен, қазір әлем елдерінің белгілі саясаткерлері Қазақстан төрағалығын сәтті өтуде деп бағалауда. Бұған әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ауқымдағы жанжалдарды реттей алатын тәжірибелі саясаткерлігі, адамзаттың бейбіт өмірін қалайтын прогресшіл көшбасшы екендігі оң әсер етті. Енді Елбасының идеясымен Астанада ұйымға елдер басшыларының үлкен Саммитін өткізуге шешім қабылданғаны ел үшін үлкен мерей. Осы ұйымға төрағалық еткен өзге елдерде, сонымен ХХІ ғасырдың алғашқы он жылында мұндай саммит өтпегенін ескерсек, бұл тәуелсіз Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік дамуын көптеген мемлекетке кеңінен паш ететіндей зор мүмкіндік. Жаңа дәуірде жаңаша даму жолына түскен Қазақстан секілді жаңа мемлекеттегі халықтар бірлігі мен дәстүріне сенімді, қыр-сыры мол демократиялық өркендеуде билік пен бұқара арасындағы ашықтық пен төзімділіктің үлгісін көрсете алатындай мүмкіндік болатындығы және айқын.
Шындығын айтар болсақ, Қазақстан – соңғы он жылда Астана сияқты әлемдегі ең сәулетті, ең әсем, өркениет талабына орай батыс пен шығыстың сәулеттік көркемдік шеберлігі астасқан жауһар елорда тұрғыза алған бірден-бір ел. Бұл да Саммитке қатысушы елдер басшыларын таң-тамаша ететіндей үлкен олжамыз. Қалай айтқанда, үлкен Саммиттің ел жүрегі – Астанада өтетіндігі баршамыздың мерейімізді тасытқанын жасыра алмаймыз. Саммиттің Астанада өтуін ұйымға мүше елдердің барлығы қолдады. Демек, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі жетекші елдердің барлығы дерлік қолдағаны. Ал Елбасының беделі мен абыройы – тәуелсіз Қазақстанның беделі мен абыройы! Бәрінен бұрын осының бәрі қазақ халқының әлем алдындағы мерейінің тасығаны, абыройының биіктегені деп білеміз.
Төлеуіш СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор. Атырау облысы.
САЯСИ КҮНТІЗБЕДЕГІ АЙТУЛЫ ОҚИҒА БОЛМАҚ
Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы түпкілікті шешім нағыз тарихи оқиға және ол Қазақстанның осы ұйымға төрағалығына берілген жоғары бағаның заңды нәтижесі. Ең бастысы, ол әлемдік қауымдастықтың Қазақстан Президенті, партиямыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделін мойындауының және жаһандық бастамаларын қолдауының айғағы. Сол арқылы Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшы мәртебесін тағы бір рет растап қана қоймай, сонымен бірге жаһандық деңгейдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ұмтылатын мемлекет екендігін де айғақтады, оның өзі біздің еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыра түседі.
ЕҚЫҰ-ны басқарушы елдің басшысы ретінде Қазақстан Президентіне оның дамуына жаңа серпін беріп, ұйымның алдына оның жұмысына шығармашылық мазмұн мен өз миссиясын қазіргі заман тұрғысынан зерделеуге жағдай жасайтындай жаңа көкейкесті мақсаттар қоюдың орайы келді.
Біздің көшбасшымыздың қызметі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешім қабылдауда құнды актив болып қана қоймай, сонымен бірге мүше мемлекеттердің Астана қаласында Саммит өткізу туралы келісілген шешіміне де жағдай жасады.
Алда тұрған Астана Саммитінің халықаралық саяси күнтізбеде айтулы оқиға бола отырып, қазіргі заманның проблемалары мен қауіп-қатерлерін шешу ісіне айтарлықтай үлес қосатынына еш күмән жоқ.
Ал қазақстандықтар, сөз жоқ, өз Президенті үшін, өз елі үшін мақтаныш сезіміне бөленуде.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
БҰЛ ТАНЫҒАНДЫҚ ҒАНА ЕМЕС, МОЙЫНДАҒАНДЫҚ ТА
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына еліміздің төрағалық етуі туралы шешім қабылданғанда, оны бізді басқалардың танығандығы, бағалағандығы деп қабылдағанбыз. Шынында да, мұндай үлкен сенім көп елге жүктеле бермейді және ондай жауапты іске көп ел тәуекел ете де алмайды.
Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне де жарты жылдан асты. Біраз шаруаның басы қайырылды. Осынау ұйымға мүше елдердің арасындағы қарым-қатынас, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу, үн қатысу жандана түскені даусыз. Бұған жақында Алматыда өткен Ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің саммиті айқын мысал бола алады. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан Республикасы Ауғанстандағы жағдайға, әсіресе Қырғызстандағы саяси дағдарысқа байланысты бастамашылық қадамдар жасады.
Сонымен бірге ұйымға төраға ел ЕҚЫҰ-ның жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігін терең аңғарып, қордаланған біршама өзекті мәселелерді жоғары деңгейде талқылауды – ЕҚЫҰ Саммитін өткізуді ұсынды. Ұсыныс қабылданды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәлімдемесінде жан-жақты айтылған.
Осы жерде мен бір нәрсеге тоқталғым келіп отыр. ЕҚЫҰ-ға біраз ел төраға болып жатыр. Бірақ соңғы 11 жылда олардың ешқайсысында саммит өтпеген. Олар тарапынан ұсыныс болды ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, болған күнде де кейбіреуіне мұндай үлкен істі сеніп тапсыру да оңай емес. Біз ұсыныс жасадық. Ұсынысымыз қабылданды. Бұл біздің төраға ретіндегі жұмысымызды жоғары бағалағандық, мүмкіндігімізді мойындағандық.
Біз мұның бәрін еліміздің үлкен абыройы санаймыз, мақтанамыз да. Осы ретте кейбіреулердің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуына, кейін Саммит өткізуіне қарсы болғанына еріксіз таңданасың. Олар өздерінше елде демократияның дамуы үшін күресеміз дегенді айтады. Елінің абыройының өскеніне қуанбайтындардың пейіліне күмәнданасың.
Саммит өткізу оңай шаруа емес. Президентіміз айтқандай, ол абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұндай сыннан еліміз абыроймен өтетініне ешқандай күмән да жоқ.
Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі.