• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Апта айшықтары

423 рет
көрсетілді

ОРНЫ БӨЛЕК НАР ТҰЛҒА Сәбит Мұқановтың 110 жылдығы Қызылжар жерінде кеңінен аталып өтті. Мерейлі мерекеге жазушының қыздары Баян, Жанна, немере-жиендері, сондай-ақ белгілі мүсінші Шота-Аман Уәлихан, қазақтың танымал ақын-жазушылары Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, Дулат Исабеков, Баянғали Әлімжан, Құлбек Ергөбек, Әділғазы Қайырбеков, Ғалым Жайлыбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов, Ресейдің көршілес облыстарында тұратын ағайындарымыз арнайы келді. Атақты сөз зергерінің рухына тағзым ету Петропавл қаласындағы ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойып, мұражайын аралаудан басталды. Сосын оның есімімен аталатын Қазақ сазды-драма театрында “Балуан Шолақ повесі бойынша Дулат Исабеков жазған “Жаужүрек” пьесасы қойылды. Салтанатты іс-шара Сәбеңнің туған жерінде жалғасты. Жұртшылық ақын­дар айтысын, мүшәйраны, ұлттық спорт түрлерін қызыға тама­шалады. Мереке “Дала жұлдыздары” атты шығармашылық ұжымдардың гала концертімен қорытындыланды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы “ЖОЛ КАРТАСЫ” ЖЕМІСІН БЕРУДЕ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Бұланды және Бурабай аудандарында болып, “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты. Облыста жаңадан салынатын және күрделі жөндеуден өткізілетін 123 нысан белгіленген. Бұл жұмыстарды атқаруға “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, екі мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Министр Бұланды ауданының орталығындағы қарттар үйі мен құю-механикалық зауытындағы оң істерге ризалық білдірді. “Жол картасы” бағдарламасының шарапатымен әлеуметтік нысанды күрделі жөндеуге биыл 18 миллион 640 мың теңге жұмсалып, 23 адам жұмысқа тартылған. Ал зауытта 15 жас техникалық мамандықты игеріп, кәсіпорынның кадр саяс­атын жақсартқан. Дәл осындай жақсы ұмтылыс “Жалайыр-Бұланды” жиҺаз кәсіпорнының табыс баспалдақтарын биіктетіп отыр. Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ Бурабай ауданындағы 115 бүлдіршін тәрбиеленетін “Айналайын” жекеменшік балабақшасында, “Зеленый бор” мектеп-гимназиясында болып, мұндағы жақ­сы тәжірибені қолдау қажеттігін атап өтті. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ ЖАЙЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығында қазірдің өзінде 807 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның 195-і 25-ке дейінгі жастар, дипломы бар мамандар. Жақында осы жастардың өздерін еңбек рыно­­гында еркін сезінуіне көмектесу үшін семинар-тренинг өткізілді. Онда түйіндемені қалай толтыру керектігі, бос жұмыс орындарын қалай іздеу­­ге, мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болатындығы ортаға салынды. Семинар-тренингке қатысушылардың жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі, еңбек өтілінің болмауы екен. Мамандардың айтуынша, көпшілік жастар жұмыс іздеп барған жерлерінен тауы шағылып қайтады. Сондықтан түйіндемені толтырғанда жұмыс берушінің өзімен кездесуге мәжбүр ететіндей мәліметтерді жеткізуі керек. Жаңа жұмыс орнында пайдаланатын білімі мен білігіне сендіре білу де ұтымды болмақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. БІРІНШІ ОРЫН — ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДА Облыс орталығындағы стадиондар екі күн бойы аймақтағы қалалардан келген әуесқой спортшылардың қарым-қабілет сынасу орындарына айналды. Бұл дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жазғы спартакиада. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған жарысқа сегіз қаланың өкілдері қатысты.Олар спорттың 10 түрінен бәсекеге түсті. Бірінші орынды бұл жолы да қарағандылықтар иемденіп, 9 бірінші орынды жеңіп алды. Ал үзеңгілес сатыға көтерілген теміртаулықтар 6 екінші орыннан көрінді. Балқаштықтар қола жүлдеге қол жеткізді. “Арай” аталатын осынау спартакиада келесі жылы Жезқазғанда өтеді. Жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңарған стадион жарыстың өткізілуіне дайын тұр. Облысқа, қала берді елімізге танымал спортшылардың тұсауы аталған спартакиада арқылы кесіліп жүр. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ. ДЕМАЛУШЫЛАР БАҒАСЫ ЖОҒАРЫ Туған жердің тамаша табиғаты мен жанға шипа ауасы мен суын демалушылар игілігіне айналдыру мақсатындағы жұмыстар соңғы кезде өз нәтижесін беріп келеді. Арқасын Жоңғар Алатауына тіреп, жағасын Сарықұм, Қарақұм шөлімен жалғастырып, етегін көлге тіреген Алакөл аймағы туризмнің дамуына мейлінше жол ашқан. Мұнда атбасын бұрған шетелдіктер тамылжыған табиғатқа жоғары баға беріп, Швейцариядан кем көрмейтінін ортаға салатыны осының дәлелі. Алакөл – экологиялық жағынан ең таза көл ретінде демалушылардан жоғары баға алды. Айдын көлдің мөлдір суы мен шағыл құмы буын, остеохондроз, радикулит, бронхит, тағы басқа ауруларға шипа болғандықтан мұнда екі демалыс лагері, жеті демалыс базасы, жалпы 64 нысан туристерге мінсіз қызмет көрсетуде. Өткен жылы Алакөлде 20 мың адам демалып, бюджет қоржынына 10 млн. теңге түссе, биылғы демалушылар қатары одан әлдеқайда көп. Демек, өңір экономикасын көтеруге қосатын үлесі қомақты. Ағымдағы жылы демалыс аймағына 66 млн. теңге инвестиция тартылып, кешенді шаралар жасалған. Осылайша көл жағасына келушілерге қызмет көрсететін нысандар қатары жаңасымен толығып, демалыс аймағы жайнай түскен. Сондай-ақ 500 адам туристерге қызмет көрсету бағытында жұмыспен қамтылғаны да жақсы істер қатарында екенін айтқан жөн. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ЖИЫРМА ЖЫЛДАН СОҢ... Жуырда қаланың шет жағындағы Мичурин көшесіне жарық орнатылды. Ал бұл көшеде жарықтың сөніп қалғанына жиырма жыл болған-ды. Әлгіндей игілікті шаруа “Жол картасы” бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Биылғы жылы қаланың бұдан басқа да бірқатар көшелері жарық­тан­ды­рылды. Мұның сыртында аспалы көпірге әшекейлі шамдар орнатылды. Сөйтіп, уақыт өткен сайын қала көркі ажарланып келеді. Көшелерді жа­ры­қ­тандыру қылмыстың алдын алуға да септігін тигізуде. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай өткен аптада облыс орталығындағы “Достық” үйінде, одан соң Мойылды санаторийіндегі демалушыларға арнап қайырымдылық концертін өткізді. Концерттік бағдарламасының тақырыбы әртүрлі халықтар тілінде болғандықтан, әнші итальян, испан, орыс, украин тілдерінде ән шырқап, жиналған жұртшылықты, әсем әнімен тәнті етті. Өз туған тілімізде орындаған әндерін айтпас бұрын, әр әннің шығу тарихына, авторына дейін түсіндіріп берді. Қазақ әндері әуелеп кең даланың тынысын сездіргендей болды. Ән кешінің өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова әншіге шығармашылық табыс тіледі. Бұдан кейін Кенжеғали Мыржықбай концерттік бағдарламасын табиғаты керемет Баянауылда жалғастырды. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.