• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Жаралы жылдар жаңғырығы

735 рет
көрсетілді

Ақмолалықтардың Ұлы Жеңісті қа­румен де, дәрумен де жақындатқа­ны ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Мұнда үш бірдей атқыштар диви­зиясы жасақталып, қан майданда өшпес ерлік үлгісін танытты. Олар­дың барлығы да гвардиялық атағын алып, туына Қызыл Жұлдыз орде­нін тақты. Ақмолалықтар арасынан үш генерал шыққаны да үлкен мәр­тебе. Өзгесін айтпағанда, 72-ші гвар­дия­лық дивизияның 31 жауын­гері Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ие бо­лып, оның таңдаулы 9 өкілі Жеңіс шеруіне қатысқанын мақтан етеміз. Ақмолалықтар Жеңіске дәрумен де үлес қосты дедік. Бұл эвакуа­ция­лық госпитальдарға қатысты айты­лып отыр. Осы орайда Көкшетау қаласында тұрып жатқан 82 жастағы Мария Молоткова әжейдің сөзін әңгімеміздің тізгін қағары етіп алған­ды жөн көрдік. “Госпитальды ауру­ханадан биіктетіп, жандауа мекен десек жарасады, – дейді Мария Семеновна. – Жараланып келген жауынгерлерді көргенде жаны­мыз шығып кете жаздайтын. Ажалдың ортасынан азап арқалап келгендеріне қарамастан, олардың барлығы беті бері қарасымен қан майданға қайта сұранатын. Біз, медбикелер кірпік қақпай бәйек болып, әрқайсысының көтеріліп кетуін армандайтынбыз. Көз жасымыздың көл болған күндері көп болды...” Госпитальдар Қызыл Армияны емдеу-эвакуациялық қамтамасыз етуде ерекше орын алғаны ақиқат. Олардың басты міндеті, Отан сол­даттарының әрқайсысын аман алып қалу, жаралылар мен сырқаттарды тезірек қатарға қосу болып табылды. Бұл міндет абыроймен орындалды да. Дерек көздері былай дейді: 1941-1945 жылдары жаралы жауынгерлер мен офицерлердің 70 пайызы, науқастанғандардың 90 пайызы қатарға қосылды. – Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің және Халық Ко­миссарлары Кеңесінің телеграфтық жарлығына сәйкес Ақмола облы­сының аумағында 2000 орындық 7 эвакогоспиталь құрылды, – дейді облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Александр Положенцев. Ақмола қаласына 1942 жылдың қаңтарында Дондағы Ростовтан 1200 орынға арналған №1600 госпиталь көшірілді. Ол байланыс үйінде, темір жол ауруханасында, балабақ­шада және әскери қалашықтың казарма­сында шашыраңқы түрде қоныстан­ды. Госпиталь бастығы 2-ші рангалы әскери дәрігер Медалье емдеу орнын медицина кадрла­ры­мен, дәрі-дәрмекпен, отын-су, азық-түлікпен, төсек-орын, жи­Һаз­бен толық қамтамасыз ете білді. Дәрігерлермен бірге қалалықтар да жаралы жауынгерлерге қамқор көңілін жайып, қолдан келген көмегін аямады. Госпитальды Ки­ров атындағы №1 мектеп, Целино­град ауданындағы “Красный флаг”, Шортанды ауданындағы Киров атындағы колхоздар, Қарағанды те­мір жол басқармасы шептік қам­қорлыққа алды. Партия ұйым­да­рының бастамасымен облыстық арнайы көмек комитеті құрылды. Жал­пы, осындай қамқорлық пен дә­рігерлердің біліктілігі арқасында 13,5 мың жаралының 61,5 пайызы толық сауығып, сапқа қайта қосылды. Соғыс жылдары әскери-сани­тарлық пойыз Атбасардағы №3984 госпитальға жаралыларды үш дүркін алып келген. Ол жалпы аумағы 1995 шаршы метрлік қазақ мектебінің ғимаратында орналасыпты. Мұнда да жанқиярлық еңбек қайнап жат­ты. Жұртшылық госпиталь бастық­тары Ризванов пен Артемовтің, ота­шы Г.Ов­чаренконың, медбикелер Глян­ченко, Г.Темірболатованың және басқалардың есімдерін әлі күнге құрметпен атайды. 1943 жылы госпиталь басқа жер­ге көшіріліп, мұнда №3006 гос­питаль ашылды. Онда жаралы неміс тұтқындары емделген. Сталин ауданындағы бұрынғы мектеп пен аурухана ғимаратында орналасқан №1344 госпиталь 1942 жылдың 9 қаңтарында 116 жаралы жауынгерді қабылдады. Ол көмек қолын созған жергілікті партия-кеңес органдарымен, қалың бұқ­ара­мен тығыз байланыста жұмыс істеді. Оған мысал ретінде аудан тұр­ғын­дарының жаралыларды стансадан госпитальға жеткізу үшін жылы ки­ім-кешек, аяқ киіммен қамтамасыз етілген 30 керуен ұйымдастырғанын айтуға болады. Щучье (қазіргі Бурабай) ауда­нын­да жалпы саны мыңнан астам орынды қамтитын үш госпиталь жұмыс істеген. Мұнда төсек-орын жеткілікті болғанымен, дәрі-дәрмек, әсіресе, стрептоцид, мильфидин, ба­­лық майы және рентген қағаз­да­ры тапшы болған көрінеді. Осын­дағы №1054 госпиталь соғыстың алғашқы күнінен ұйымдас­тырылып, Бурабай курорты станса­сы­ның ауруханасы мен темір­жолшылар клубына қоныс теуіпті. Ал 1943 жыл­дың 30 мамы­рын­да ол өз бағытын өзгертіп, әске­ри тұтқын­дар­ға қызмет көрсете бастады. Алғаш­қы эшелон­мен 560 тұтқын жеткізілген. Үшінші рангалы әскери дәрігер Брайловский мен оның орынбасары капитан Бәкіров басқарған №4110 госпиталь хирургиялық бағыт ұстан­ды. Бірақ, қолымыздағы құжаттар мұнда ем-дом кешенді түрде жүргізілгенін айқындайды. Ал Бурабай курорты станса­­сынан 25 шақырым қашықтықтағы қайың-қарағайлы орман құшағында №4152 госпиталь орналасты. Ту­бер­кулез кеселін емдеуге бағытталған ши­па­жайлық аурухана алғашқы жауын­гер­лерді 1942 жылдың 7 мамырында қа­былдаса, 20 мамырда оның қабыр­ға­сында 169 жаралы және сырқат май­дан­гер болыпты. Олардың дені Ле­нинград майданы­ның сарбаздары еді. “Нұр Отан” ХДП Ақмола об­­лыс­тық филиалының ұйытқы болуы­мен, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарса­ңын­дағы 4 мамыр күні Көк­шетау гос­пи­тальдарында қайтыс болған жауын­герлердің бауырластар зира­тындағы тағзым кешені қайта жаңғыртылды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.