2002 жылдың 17 маусымында Елбасының жарлығымен құрылған Риддердегі спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат сегіз жылдың ішінде талай асулардан асты десек, қателесе қоймайтынымыз анық. Мектеп-интернатты құрудағы мақсат еліміздің барлық облыстарындағы қысқы спортқа бейімі бар таланттарды жинап, әлемдік, халықаралық жарыстарда жолдары болып жатса, тіпті қысқы Ақ Олимпия ойындарына қатыстырып, үлкен өмірге қанат қақтыру болатын. Сегіз жылда бұл үміт ақталды ма? Оның үстіне басталуына небәрі бес ай қалған Алматы мен Астанадағы VІІ қысқы Азия ойындарында кем дегенде екінші немесе үшінші орынға табан тіреу міндеті қойылғаны тағы бар.
Жақында табиғаты суреттеуге тіл жетпейтін ну орман ішіндегі спорт мектеп-интернаттың табалдырығын аттаудың сәті түсті.
Бізді осы ұландар ұясының директоры, волейболдан спорт шебері, кезінде облыс, ел құрамалары сапында өнер көрсеткен Владимир Кнауб қарсы алды. Бұл азамат Ресейде де волейбол ойнап, сан рет чемпион атанған. Тіпті Туризм және спорт министрлігінде бөлім басқарып, соңғы сегіз жыл бойы мектепке жетекшілік етіп келеді. Біз ел спорты жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматты келе жатқан ердің жасы елуімен құттықтап, спорт мектебі қабырғасында тәрбиеленген шәкірттері арасынан Олимпия ойындарының чемпионы шығуына ақ жол тіледік. В.Кнауб қазақшаға судай, ұзақ жылдар Үржар ауданында тұрып, аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болған азамат сөйлеген кезде қазақтардың өзін жаңылдырып кетеді.
– Мектеп-интернат құрылғаннан бері 7 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 44 спорт шебері әзірленді, – дейді ол.
– Спорт мектебі ашылған 2002 жылы Үкімет оны қаржыландыруға 52 млн. теңге қаржы бөліпті. Өткен жылы ол төрт есеге жуық өсіп, 198 млн. теңгені құраған. Биыл 194 млн. теңге бөлінген. Үкімет пен Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің өзі мектеп-интернатты үнемі қамқорлығына алып отырады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің республикалық шаңғы спорты федерациясының тізгінін ұстағаны да қысқы спорттың өркендеуіне жол ашқалы отыр.
Алайда, шалғайда жатқан соң мұнда проблемалар жоқ десек, артық айтқан болар едік. Биатлон көп қаржыны талап ететін күрделі де қиын спорт түрі екені белгілі. Бір қарағанда, мылтық атып, жүгірудің онша қиындық туғызбайтын сияқты болып көрінуі заңды да. Бірақ биатлоншылар әзірлігін көзбен көрген кезде бұл спорттың ерекше күрделі екеніне көз жеткізеді екенсіз. Біріншіден, жаз маусымында шаңғының орнына аяққа кроссовки киіп, иығыңа мылтық асынып, орман ішін аралап жүгіру қажет. Ал биыл кенді Алтайда жауын-шашын мол, сондықтан батпаққа малшынып, жүгіру оңай шаруа емес. Екіншіден, мылтық ататын алаңға бетон төселуі қажет. Биатлон алаңында оған мүмкіндік болмай тұр. Бапкер В.Ларионов 70-ке жақындап қалса да, шәкірттерді ұзақ жылдар бойы биатлонға баулып жүр. Оның айтуынша, жуық арада биатлоншыларға жағдай жасалмайтын сияқты. Барлық мәселе қаржы тапшылығында.
Бұдан бес жыл бұрын спорт мектебі ауласында қашықтығы бір шақырымға әрең жететін ролик трассасы жасалынған. Негізінде бұл шағын болғандықтан, шәкірттердің жаттығуына көп қиындық туғызып отыр. Балаларға кезекке тұруға тура келеді. Егер бұл қашықтықты үш немесе бес шақырымға дейін ұзартып, роликпен жүгіру алаңын салып берсе, асығымыз алшысынан түсер еді дегенді айтады шаңғыдан әлем чемпиондарын әзірлеген бапкерлер Павел Черепанов пен Валерий Трифонов.
Бұдан кейін В.Кнаубпен әңгімеміз еліміздің Қысқы Азия ойындарында қанша медаль, нешінші орынды қанағат тұтатынына, Риддердегі спорт мектебі түлектерінің мүмкіндіктеріне қарай ауысты. Оның пікірінше, Азия ойындарында командалық есепте екінші немесе үшінші орынға таласу оңай міндет емес. Себебі, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдері соңғы кезде халықаралық жарыстарды былай қойғанда, Олимпия ойындарында жүлделі орындарды иеленуде. Биатлон және шаңғы жарысынан әлем кубогын сарапқа салу кезеңдерінде Қытайдың ұл-қыздары намысты қолдан бермеуде. Тіпті, Солтүстік Кореяны да назардан шығармаған жөн. Кілең “сен тұр, мен атайын” дейтін саңлақтар арасында топ жару шынында да қиын мәселе. Біздің түлектер намысты қолдан бермес. Әлем чемпиондары А.Полторанин, О.Черепановтан басқа Д.Кенешев, С.Малахова, О.Яцкая, Я.Савицкий, О.Дудченко, тағы басқалардың алтын алқа үшін күресетіні белгілі. Кем дегенде оннан астам алтын жүлде алу мақсат болса керек. Болашағынан үміт күттіретін Р.Демин, Е.Демина, Л.Челищева мен басқа да спортшылар ел намысы үшін қолдан келгеннің барлығын жасамақ.
Риддердегі спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта бұл күндері 150 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға 14 ұстаз жетінші сыныптан бастап білім беруде. Ұстаздар білікті де білімді жандар. Орал мен Ақтөбеден, Семей мен Өскеменнен, Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Күршім, Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Зырян, Серебрянка, Риддер сияқты ірі қалаларынан келіп білім алып, үлкен спортпен достасқан болашақ чемпиондарға мұнда барлық жағдай жасалынған. Жақында біз Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен әңгімелескенімізде, қысы алты айға созылатын Петропавл, Астана мен Қостанай қалаларында да дарынды жастардың мол екені, оларды Риддердегі спорт мектебінде баулуға көңіл бөлінетіні жайлы айтқан еді. Ол қысқы спорттың кенді Алтайда өркен жайғаны жайлы айта келіп, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы Асқан Можанов басқаратын облыс спортшыларының Азия ойындарында кем дегенде 20-ға тарта медальды алуға мүмкіндіктері мол екенін тілге тиек етті.
Күршімнен келген спорт шеберлігіне кандидат Сымбат Құмарбекова, үржарлық Зура Қалипенова, риддерлік А.Полторацкий, В.Чалбушев, В.Сидельников сияқты жастар ізденіс үстінде. Олар қазірдің өзінде жастар арасында еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары атанды. Сонымен бірге Анна Стоян, Никита Стоян, Артем Игнатушкин, Арсен Қожахметов секілді дарынды спортшылар да еліміздің жастар арасындағы құрама командаларының мүшелері.
Сегіз жылдың белестері осындай. Табыс өздігінен келмейтіні белгілі. Тәжірибелі бапкер В.Кнауб жетекшілік ететін мектеп-интернат түлектері алдағы уақытта да елімізде спорт әлемін бағындырған биік асулармен қуанта бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.