• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2010

Алматыны Абай жыры тербеді

1094 рет
көрсетілді

Абай-165 Тәңірісі жаратқан ұлы талант­тар табиғатпен кәдімгідей кәміл ұғысып үндесетін кереметін қа­зақтың бас хакімі һәм бас ақыны Абайдың Алматыдағы ескерткіші жанындағы дәстүрлі еске алу, рухына бас ию күнінде жан жүре­гімізбен тағы бір сезінгендейміз, санамызбен аңғарғандаймыз. “Ата-анадай елжіреген күннің кө­зі­нен” бір жылы шуақ төгіле ай­ма­лап тұрды. Бірте-бірте Алатау беткейі тұтасымен аспаннан үздік­сіз құйылып жалқынданған көк мұнарға шомылды. Жарты аспан күреңіте күрсінгендей сұстанып, қалған жартысы “көк бұлттан ашылғандай” жарқырай күлімдеді. Сөйтіп, табиғатты да, Алатау ая­сындағы Алматыны да мұңды да нұрлы Абай аруағы тербетіп тұрғандай болды. Осы жолы “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” үн қатқан ұлы ақын­ның 165 жылдығына арнал­ған дәстүрлі “Абай оқуларын” Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқар­ма­сының төрағасы Нұрлан Ора­за­лин қысқа да нұсқа, тебіреністі сөз сөйлеп ашты. Ұлт ұстазының бү­гінгі туған күнінде, деді ол, Алатау мен Арқаға кіндігімен байланған бүкіл қазақ жұрты ұлы Абайдың рухымен тыныстауда, Абай жыры бүгін кең-байтақ Қазақстанның барлық жерінде оқылуда, Абай сөзі бүгін өз халқына абыз дана­лықпен үн қатуда. Бүгінгі қазақ қоғамы, халқымыз өзінің тыныс-тіршілігін, өркендеуін Абай өре­сімен өлшейді. Осыған мың шүкір. Мен де өз Абайыма әркез оралып соғып отырамын дей келе, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин өзінің “Абай­ға оралу” атты өлеңін оқыды. Халықаралық “Абай” қоры­ның директоры Жұмабек Ашу­ұлы, одан соң Абай атамыздың шөберелері Ғазел Жағыпарқызы мен Кәсира Исрайылқызы ескерткіш түбіне мол жиналған халыққа өздерінің жүрекжарды сөздерін арнады. Абайтанушы ақ­сақалымыз Ме­кем­тас Мырзах­мет­ұлы бүгінгі ұл­ық күннің мән-маңызын ал­тын­дай аз сөзбен әдемі жеткізіп айта білді. Елі­міздің еңбек сіңірген әртісі Болат Әбділманов абыздың халқына арнаған тәпсіріндей он­даған өлең шумақтарынан тұ­ра­тын Абай монологын келістіре ор­ындап, осы арада жиналған қау­ымға өз­геше сырлы ой сал­ғандай болды. Бұдан соң кезек Абай әнде­рі­не берілді. Әнші Ерлан Рысқа­ли­дың Қарқаралының бір қарт қа­зағының жеткізуімен Затаевичтің “Қазақтың 500 әні” кітабына енген Абайдың Сыдық Мұхамед­жановтікінен бөлек өз әні “Өз­ге­ге көңілім тоярсыңды” орындауы көпшілікті бір серпілтіп тастады. Әйгілі “Көзімнің қарасын” орыс жігіті Алексей Тимофеевтің нә­шіне келтіре шырқауы да осын­да­ғы жұрттың көңілінен шыққа­нын байқадық. Одан әрі әншілер Майра Дәулетбақованың, Болат Қанағатовтың, Индира Құдабае­ва­ның, Едіге Ақылбековтердің ор­ындауында Абай әндері нұр­ла­на мұнартқан, ұлы ақын аруағы төккен нұрдай ізгі жаңбыр се­бе­леген Алматы аспанына қалықтай берді. Қазақтың белгілі ақыны Жа­рылқасын Аманов жұрт алдына немересі Лаураны жетелей шық­ты. Оның Абай хақындағы ұтқыр сөздері, Абаймен сырласқан өршіл өлеңдері жылы шыраймен қабыл алынды. Атасының Абайға арнаған бір өлеңін немересі Лаура оқып берді.  Бұдан кейін ақындар Нәзікен Алпамысқызы, Жәркен Бөдеш, Зейнолла Тілеужанұлы, Саят Қамшыгер, Кәдірбек Құны­пия­ұлы және басқалар Абай ру­хын көтере саңқылдап, шабытты жырларын оқыды. Алматының Алмалы ауданының мектеп оқу­шылары бірінен соң бірі кезек­тесе Абай өлеңдерін жатқа айтты. Алматыны Абай жыры тербеді. Құйылған көк мұнар жаңбырға ұласса да Абай жыры  толас­та­ма­ды. Жер бетінде қазақ жасап тұр­ған кезде ол жыр толастамас та… Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.