• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Кәсіп болмай – нәсіп болмас немесе кәсіби білім қайтсек дамиды?

1336 рет
көрсетілді

Тамыз мәслихаты қарсаңында Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен мамандар алмасу үшін оларды бір жүйемен біліктіліктен өткізуді көздеп отырған әлемдік қауымдас­тық­тың ортақ мақсаты біздің еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қайтадан қарастыруымызға түрткі болады. Аталмыш са­ла­да ақсап жатқан тұсымыз кә­сіби білім беруді стан­дарт­тау мәселесі, біліктілік талап­тарын қалыптастыру шара­ла­ры және кәсіби даярлықты бағалау екені жасырын емес. Орталықтандырылған білім беру жүйесі қалыптасқан бар­лық елдердегі сияқты, Қа­зақстанда да жалпы білім мен кәсіби білім бағдарламалары Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы арқылы құрас­ты­рылатын мемлекеттік стан­дарттар бойынша жүргізіліп келген. Қазіргі кезде кәсіби білім беруді стандарттаудың негізгі келеңсіздіктері осы нормативтік құжаттың ескір­ген­дігінен де орын алып жатыр. Мәселен, елімізге ин­вестиция құйып, түрлі эко­номика секторларын дамы­туға атсалысып отырған шет­елдік компаниялардың кәсіби стандарттары еліміздегі стан­дарттарға сай келмей, көпте­ген жағдайларда құқықтық мәселелер туындайтыны жа­сы­рын емес. Атап айтар бол­сақ, дамыған елдерде бұрын­нан бар мамандықтар қазақ­стан­дық өлшемдерге әлі ен­гі­зілген жоқ. Я болмаса, сол елдердегі сияқты әр маман­ның санасына “өмір бойы бі­лім алу” деген ұғымды сына­лай қағып, оны өз біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратындай етіп тәрбиелеу бізде әлі қолға алынған жоқ. Осының өзі елі­мізде қалыптасқан білім жүйесін дамыта түсу керек­тігін көрсетеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған бағ­дарламасын тиімді түрде жү­зеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі көптеген шаралар атқарып жатыр. Соның бірі Білім және ғылым министрлігінің “Республи­ка­лық техникалық және кә­сіп­тік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғы­лыми-әдістемелік орталығы” шаруашылық жүргізу құқы­ғын­дағы республикалық мем­лекеттік кәсіпорынның (РҒӘО) құрылуы болып та­былады. Кәсіпорынның не­гізгі мақсаты ТжКБ жүйесінде ғылыми әдістемелік жұмыс­тар­мен айналысып, оқу орын­дарынан немесе өз бе­тінше белгілі бір мамандықты меңгеріп шыққан техникалық және қызмет көрсету сала­ла­рының мамандарына білік­ті­лік беріп, кәсіби дайындығын тәуелсіз бағалау жүйесін қа­лыптастыру болып табылады. Орталық осы мақсатта шет­елдермен байланыс жа­сап, олармен әріптестік қа­рым-қатынастар орнатты. Мә­селен, Еуропалық комис­сия, Білім беру және білік­ті­лік­ті арттыру орталығы (RKK, Норвегия), Герма­ния­ның Техникалық ынтымақ­тастық жөніндегі қоғамы (GTZ), ИнВент (Германия), Британ кеңесі сияқты озық халықаралық ұйымдармен қоян-қолтық араласып, бағ­дарламаны табысты іске асы­ру үшін маңызды жобалар жол­ға қойылуда. Бүгінге дейін техникалық және қыз­мет көрсету еңбегінің кадр­ларын даярлау туралы Ұлы­британия колледжі мен рес­публика ТжКБ оқу орын­да­рының арасында 24 келісімге қол қойылған. Олардың бар­лығы еліміздегі кәсіптік және техникалық білім алушы­лар­дың халықаралық стандарт­тарға тезірек бейімделіп, бә­секелестікке барынша қабі­лет­ті болуын, біліктілік дең­гейін шетелдік әріптестерімен терезесі тең болатындай дәре­жеде көтере білуін қам­та­ма­сыз ету мақсатын көздеген. “Атамекен” одағы” Ұлт­тық экономикалық палатасы” заңды тұлғалар бірлестігі де еліміздегі жұмыс беруші­лердің үлкен одағын құрып отыр. РҒӘО пен “Атамекен” одағының” әріптестігі Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Білім және ғылым ми­нистрліктері мен “Атаме­кен” одағы” Ұлттық эконо­микалық палатасы” ЗТБ үштігінің арасындағы ұлттық пактіге негізделген. Осы берік байланыстың арқасында техникалық және кәсіби білім беруді дамытуға арналған бағдарлама бір қадам алға басып, РҒӘО шаруашылығын қолдауға арналған жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіби дайындық деңгейін тәуелсіз бағалау мен кадрларды серти­фикаттау жүйесі техникалық және кәсіби білім сапасын көтеретін институционалды механизм ретінде құрылған болатын. Бұл жүйенің басты мақсаты – арнаулы пәндер бойынша берілетін оқу бағ­дарламаларының меңгерілу дәрежесін анықтап, еңбек рыногының түрлі сұраныста­рын зерттеп отыру. Мемле­кет­тің жаңа стандарттарын, типтік бағдарламаларын, мем­лекеттік біліктілік санат­тарын қалыптастырып, іске асыру РҒӘО мойнына жүк­тел­ген. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы осы салаға басты назар аудару керек екенін атап өткені өзі­мізге мәлім десем, соған бай­ланысты жұмыстар атқары­лып, кәсіби стандарттардың алғашқы жобалары жасалып та үлгерді. Мәселен, “Қаз­Мұнай­Газ” Ұлттық компа­ния­сы, “КазЭнерджи” ком­па­ниялары өздерінің кәсіби стандарттарын жасап, ми­нистр­лікке тапсырды. Олар қа­былданса, еліміздегі алғаш­қы әлемдік талаптарға сай кә­сіби стандарт болып қа­лып­таспақ. Елбасы айтып отырған техникалық және кәсіптік білім беру ұлттық біліктілік жүйесінен (ҰБЖ) құралады. Оның ішіне ұлттық біліктілік шеңбері енеді. Бұл шетел­дерде білім беру деңгейі деген ұғымды білдіреді. Ал біздің елде әр жүйеде әр түрлі, кім қа­лай атағысы келсе солай атай­ды. Мысалы, бізде жұ­мыс­шыларды разрядтарға бөледі, колледж бітірушілерін техниктер, ал институт бі­тірушілерді бакалавр, инже­нер дейді. Кейде өзіміз де шата­сып қаламыз. Инженер разрядтың не екенін білмейді, техниктер бакалавр дегенді түсінбейді. Міне, біздің мін­детіміз осы келеңсіздікті жой­ып, барлық жүйелерді біріз­ді­лік­ке түсіріп, ұлттық білік­тілік шеңберін құру. Яғни, разряд, техник, инженер сияқты біртектес біліктілерді бір деңгейге топтастыру. Гер­мания, Шотландия, Ұлыбри­тания және басқа да көптеген елдерде бұл жүйе бұрыннан қолданылып келеді. Ұлттық біліктілік жүйе­сінің тағы бір элементі кәсіби стандарт. Қарапайым тілмен айтсақ, кез келген маман не білуі керек, не істей алуы ке­рек деген мәселені реттес­ті­реді. Бұрын, мысалы, бұрғы­лау маманын алар болсақ, алдымен оған не білуі керек деген талап қойылатын, содан кейін барып, сол білімі арқылы не істеу керектігі белгіленетін. Ал кәсіби стандарт бойынша, алдымен не істей алады де­генге басты назар аудары­ла­ды, содан кейін ғана сол бі­ле­тін жұмысын атқаруы үшін нені оқып үйренуі қажет деген тапсырмаға кезек беріледі. Үшінші кезекте серти­фи­каттау жүйесін айтуымыз қажет. Яғни, кез келген білім беру мекемесін тексеріп оты­ратын тәуелсіз бағалау орта­лықтары болуы тиіс. Таратып айтсақ, бұл элементтің де көп­теген артықшылақтары бар. Мәселен, тәуелсіз баға­лау орталықтары техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектерін арнайы біліктілік сынағынан өткізіп, сертификат береді. Осының нәтижесінде атал­мыш білім беру орталығының деңгейі анықталады. Бұл – бір. Екіншіден, қолына сертификат ұстаған маман сер­тификатсыз маманға бәсекелестік туғыза алады. Жұмыс беруші қолында құ­жаты бар, арнайы біліктілік сынағынан өткен маманды жұмысқа қабылдауға тырыса­ды. Сол әрекеті арқылы жұмыс өнімділігін арттырып, ел экономикасының алға жылжуына септігін тигізеді. Ұлттық біліктілік жүйесі­нің төртінші элементі – әлеу­меттік серіктестік. Бұл сала білім беру орталықтары мен жұмыспен қамту орта­лықтарының өзара қарым-қатынасы негізінде құрылады. Белгілі бір мамандықты мең­геріп, сертификатын қолына ұстап шыққан азамат ертеңгі күні сол мамандығы бойын­ша жұмысқа орналасуы қа­жет. Міне, осы тұста әлеу­меттік серіктестіктің атқарар рөлі анықталады. Қорыта келгенде, осы төрт элемент бір-бірімен тығыз байланыста іске асырылмаса, ұлттық біліктілік жүйесі де жарамсыз күйінде қала бермек. Деген­мен, бұдан аталмыш жүйе бірден қолданысқа енеді екен деген ой тумаса керек. Жоға­рыда біз атап кеткен мем­ле­кеттер мұндай жүйеге қол жеткізу үшін ондаған жыл­да­рын сарп еткенін де естен шығармауымыз қажет. Бүгінгі күнде Қазақстан Республи­касының “Білім туралы” Заңы мен Техникалық және кә­сіптік білім беру бағдар­ламасының негізінде ұлттық біліктілік шеңбері мен кәсіби стандарттар жүйесі біртіндеп жасалып жатыр. Ал әлеу­меттік серіктестік пен сер­тификаттау жүйесі осы екеуінің негізінде құрылады. Біздің орталықтың елі­міздің барлық облыстарында филиалдары қызмет етеді. Олардың барлығы мемлекет­тің бастамасымен қолға алын­ған техникалық және кә­сіптік білім беру саласын­дағы іс-шараларға міндетті түрде атсалысып отырады. Республикада 882 техникалық және кәсіптік білім беретін лицей мен колледж бар. Оларда 609 мыңнан астам адам білім алады. Осылармен жүйелі түрде сауатты жұмыс жүргізе білсек, келешекте үлкен күшке айналары сөзсіз. Өйткені, техникалық және кә­сіптік білім беру бағдарла­масы қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп үлгер­ді. Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың стратегиялық басымдығы  рес­публиканың білім беру жүйесін дамытудың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасында одан әрі дамытылатын болады. Тұтас­тай алғанда, аталмыш жүйе ЮНЕСКО-ның назарын аударып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Декларациясының шешімімен мыңжылдықты дамыту мақсатындағы бағдар­ламалар қатарына жатқы­зылды. Бақыт ЕРЖАНОВ, Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығының  бас директоры.