• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Уақыт талабына сай реформа

554 рет
көрсетілді

Мемлекеттік мәселе Кеше Алматыда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығында белгіленген қағидаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиналыс өткізілді. Оның жұмысына Алматы қаласының әкімі А.Есімов, қала және Алматы облысының құқық қорғау, бақылау-қадағалау, атқару органдарының және соттардың, сондай-ақ “Нұр Отан” ХДП-ның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқалар қатысты. Өз сөзінде Бас Прокурор 17 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев өткізген кеңесте Қазақ­стан­ның құқық қорғау жүйесін рефор­малау тұрғысынан жеті негізгі ба­ғыт бойынша шаралар жүргізуді тап­сырғанын және сол күні құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі ша­ра­лар туралы Жарлыққа қол қой­ға­нын, соған орай алдағы рефор­ма­ның қазіргі уақыт талабына сай еке­нін атап көрсетіп, Жарлық уә­кілетті органдардың ұйымдасты­ру­шылық құрылымын жетілдіруге, оларға тән емес функцияларды алып тастауға және олардың құзы­ретін неғұрлым нақты шектеуге, қызметкерлердің штат санын оң­тай­ландыруға, қылмыстық заңна­ма­ны ізгілендіруге бағытталғанына баса назар аударды. – Елбасы өз сөзінде құқық қор­ғау жүйесінің қазіргі құрылы­мы­ның қоғамда қалыптасқан на­рықтық қатынастарға сай келмей­тінін қадап айтты, – деді Қайрат Мәми. – Біз бен сіздердің қыз­мет­терімізде функционалдық қай­та­лану, сапалық көрсеткішті сандық көрсеткіштен алмастырудың көп кездесетінін ескертті. Осының бәрі халықтың құқық қорғау орган­да­ры­на деген сенім деңгейіне кері әсер туғызып отырғанын атап көрсетті. Бұған дейінгі реформалардың күткен дәрежеде нәтиже берме­ге­нін айта келе, Елбасы құқық қорғау органдары жүйесін реформалау жөнінде бірқатар тапсырмалар бер­ген болатын, деп ескертті Бас Прокурор. Сонымен қатар Жарлықта құ­қық қорғау органдарының шаруа­шы­лық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фак­ті­лерін болдырмау және бақылау-қа­дағалау функциялары бар мем­ле­кеттік органдарды одан әрі қыс­қар­ту түрінде бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қарастырылған. Қайрат Мәми Президент Жар­лығын бірнеше айқындаушы топқа бөліп қарастыруға болатынын жет­кізді. Олар – ұйымдық-құры­лымдық, функционалдық және заңнамалық шаралар. Реформаның шешуші мәселелерінің бірі құқық қорғау органдарының құзырын нақты шектеу және сот өндірісін же­тілдіру болып табылады, деді Қайрат Әбдіразақұлы. Атап айтқанда медициналық айықтырғыштар қызметін Денсау­лық сақтау министрлігінің жүр­гі­зуіне, ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және оңалту ор­талықтарын Білім және ғылым министрлігінің жүргізуіне беру көзделеді. ІІМ-нің өкілеттігінен айрықша маңызды стратегиялық нысандардан басқа күзет қызметі алынады. Көлік құралдарын техни­калық тексеру өткізу бәсекелестік ортаға беріледі. Бұл ретте оны өт­кі­зуге бақылауды Көлік және ком­муникация министрлігі жүзеге асы­рады. Бұл жұмыстың жай-күйіне жауапкершілік Ішкі істер министр­лігінен алынбайды. Демек қазірдің өзінде өзара іс-әрекеттің тетіктерін, бақылау тәртібін ойластырған маңызды болмақ. Көлік полициясы мен прокуратураның қарамағын­да­ғы үш өңірлік бөлімшелер бір бөлімшеге біріктіріліп, олардың жүйесінде де оңтайландыру жүреді. Қайрат Мәмидің атап көрсет­кеніндей, Ішкі істер министрлігінде Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау ко­ми­теті күшейтіледі, сондай-ақ Көші-қон полициясы комитеті құрылады. Мұның өзі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуге және кө­ші-қон үдерістерін мемлекеттік тіркеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарғы Сот жа­нындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет жойылып, сот шешімдерін орындау жөніндегі функция Әділет министрлігіне беріледі. Әділет министрлігіне сондай-ақ ІІМ-нің әкімшілік тұтқындау түріндегі әкім­шілік шараны атқару жөніндегі фун­кциясы мен өкілеттігі де беріледі. ІІМ-нің Криминалдық полиция комитеті мен Тергеу комитетін біріктіру жөнінде түбегейлі шешім қабылданды, деді Бас Прокурор. Сол арқылы қылмыстық процестің сотқа дейінгі кезеңін реттеуді өз­гер­ту жөнінде маңызды қадам жа­сал­ды. Жарлықта көзделген бұл мә­селелер қылмыстық істер бойынша өндірістерді жеңілдетуге және оның жеделдігін арттыруға әкеледі. Одан әрі олар сот өндірісінің жаңа мо­делін қалыптастырудың іргетасы қызметін атқарады. Мұндай жүйе көптеген дамыған елдердің практи­ка­сында өзін ақтады. Жаңа тергеу органы қызметінің қанатқақты жобасы облыстардың бірінде іске асырылатын болады. Бас Прокурор функционалдық жетілдіруге, яғни құқық қорғау және арнаулы органдар арасындағы құзыретті шектеуге тоқталып, бұл мәселе Жарлықта толық шешім тапқанын атап өтті. Құқық қорғау органдарының құзырын практикада нақты шектеудің жоқтығы функ­ция­ларды қайталаушылыққа, сала­мат­ты емес бәсекелестікке ұрын­дыр­ғаны белгілі. Басымдықтар мен құзырлылықтың ауысушылығы әсі­ресе Алматы қаласында байқалып отыр, мұндағы жекелеген арнаулы ор­гандар өздеріне тән емес мін­деттерді шешіп келген. Жарлықта ұсынылып отырған қылмысты ба­ла­малы тергеу моделі аталған проб­леманы ойдағыдай шешеді және бұдан былайғы жерде құқық қорғау құрылымдарының іс-әрекетін ке­ліс­тірудің әлдеқайда жоғары дең­гейін қамтамасыз етеді, деп атап өтті Қайрат Мәми. Алдағы кезде Қар­жы полициясы эко­но­микалық және сыбайлас жемқор­лық қылмыстарына қарсы күрестің, ҰҚК – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмысқа қарсы күрес­тің жай-күйіне жауап береді. ІІМ есірткі қылмысына қарсы күресте қо­сымша өкілеттіліктерге ие бо­лады. Бірқатар жүйелік шараларды заңнамалық регламенттеу арқылы шешу көзделеді. Жарлықта азамат­тардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, олардың конституциялық құқықтарының кепілдіктерін кү­шей­туге бағытталған мемлекеттің құқықтық саясатының өзекті мақ­саттары көрсетілген. Осыған орай заңнаманы одан әрі криминалсыздандыру және із­гілендіру көзделеді. Қылмыстардың жиырмадан астам құрамын Әкімші­лік кодекске аудару орын алмақ. Сонымен қатар олардың алдын алу мақсатында әкімшілік преюдиция, яғни бір жылдың ішінде қайталап қылмыс жасаса ол үшін қылмыс­тық жауапкершілік көзделмек. Ен­дігі жерде жеңіл-желпі қылмыстар үшін көлемі бірнеше есе көбей­тілген айып салу қолданылмақ. Бетпе-бет айыптаудың, көпшілік алдында бетпе-бет айыптаудың қылмыстық істер санаты кеңейеді, сондай-ақ бітімгершілік ресімдерін қолдану, соның ішінде медиация мүмкіндігі артады. Шағын және орта бизнеске қыспақты азайту үшін салықтың қыл­мыстық жауапкершілік баста­ла­тын төленбеген көлемін заңнама түрінде ондаған есе арттыру көзде­ле­ді. Тұтастай алғанда рейдерлікке сенімді тосқауыл қойылады. Құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің жай-күйіне, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарды сауықтыру және оңалту бойынша атқарушы билік орган­дары­ның жауапкершілігі едәуір арттырылады. Құқық қорғау органдары қыз­меткерлерінің және соттардың жауапкершілігі айтарлықтай өседі. Олардың қызметтік жағдайын пай­далана отырып қылмыс жасауы жаза тағайындауда жазалауды ауыр­лататын жағдай ретінде қабылда­натын болады. Реформада жоспарланған іс-шаралар құқық қорғау органдары­ның неғұрлым тиімді ұйымдық-функ­ционалдық құрылымын жа­сап, құқық қорғау қызметі мен сот жүйе­сінің қарқынды дамуын қам­тамасыз етеді, сондай-ақ азамат­тардың, қоғам мен мемлекеттің құ­қықтары мен заңды мүдделерін барынша қорғауға септігін тигізетін болады. Жиналыс барысында Алматы қаласы және Алматы облысындағы заңдылықтың және құқық тәртібі­нің жай-күйі қарастырылды. Қаты­сушылар құқық қорғау орган­дары­ның қызметіндегі кемшіліктерді атап көрсетті. Атап айтқанда, қо­ғам­дық орындардағы ауыр қыл­мыс­тардың жасалу деректерінің жиі орын алуы, ұйымдасқан қылмыс­пен күрестегі шаралардың жеткі­ліксіздігі, алдын алу шараларының тиімділігі­нің аздығы, тергеу және жедел-із­дестіру қызметі сапасының төмен­деуі, қоғаммен тығыз байла­ныс­тың болмауына назар аударылды. Бас Прокурор құқық қорғау ор­гандарының басшыларынан ат­қа­ру­шы органдармен бірге Жарлықтың тиісінше жүзеге асырылуын қамта­масыз етуді, профилактикалық жұ­мыстың деңгейін және ұйымдасқан қылмыспен күрестің нәтижелілігін көтеруді, азаматтардың, әсіресе, бас бостандығынан айыру мекеме­ле­рін­де ұсталып отырған адамдардың конституциялық құқықтарының бұзылуының әрбір дерегі бойынша жедел ықпал ету шараларын қа­был­дауды, қоғамдық институттармен іс-қимыл жасасуға және азамат­тар­мен кездесуге ерекше назар ауда­руды талап етті. Талқылау қорытындысы бойын­ша қатысушылар қарастырылған мәселелердің өзектілігін және құ­қық қорғау органдарының қызме­тін­дегі орын алған кемшіліктерді де­реу жою қажеттілігін атап көрсетті. Елбасының Жарлығында бекі­тілген міндеттерді сапалы орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұм­сауымыз керек, деді Қайрат Мәми. Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптарды тұрақты түр­де арттыра отырып, өз жұмы­сы­мыз­ды тиімді жүргізудің нәти­же­сінде халықтың біздерге деген се­німіне толық ие болуымыз қажет. Жедел лебіз Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, Алматы облыстық сотының төрағасы: – Бүгінгі өткен алқалы жиында Елбасы Жарлығының негізгі қағидалары мен мақсаттарының мәні талқыланып, Алматы қаласы мен Алматы облысы құқық қорғау органдарының алдағы міндеттері межеленді. Негізінде Жарлықта көзделген жәйттер құқық қорғау органдарының арасында көптен шешімін таппай жүрген мәселе еді. Міне, сол жағдайлар жан-жақты айтылып, соңғы нүктесі қойылғандай. Баршаға аян, еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардан құқық қорғау реформасы кенжелеп жатқандықтан, аталмыш Жарлықтың өзіндік ерекшелігі, жөні бар. Онда құқық қорғау органдарының әрқайсысына өздеріне тиесілі жұмыстары айқындалып берілген. Яғни, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тек мемлекеттің қауіпсіздігі істерімен, ішкі істер ведомствосы тек нашақорлықпен айналысса, ал жемқорлық пен экономикалық қылмыстың барлық саласы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің құзырына беріліп отыр. Сондай-ақ сот жүйесінде де реформа болып жатыр. Біздегі сот шешімдерін орындау мәселесімен енді Әділет министрлігі айналыспақ. Сонымен қатар жиында еліміздің Бас Прокуроры Қайрат Мәми барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдап, жарияланған Жарлықтың дұрыстығына көз жеткізіп, алдымызға үлкен міндеттер жүктеді. Ендігі жерде сот органдары қызметкерлері мен құқық қорғау органдары арасындағы жұмысымыз жүйелі болып жатса, ертең сотқа келіп түскен қылмыстық азаматтық істердің шешілуі де ойдағыдай болады деп ойлаймын. Ержан ҚОЖАБЕКОВ, Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры: Елбасы Жарлығын орындау міндеттерін талқылау барысында прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік алды. Айта кетсек, биылғы жылдан бастап прокуратура өзінің құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіру жұмыстарын нығайтпақ. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне қарасты кейбір құрылымдар Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктеріне берілгендіктен, олармен де тығыз байланыс орнатпақпыз. Және де Ішкі істер министрлігінің ішіндегі өзгерістер бізге жұмыс бабында тиімді болмақ. Өйткені, соңғы кездері қылмыстық істер дұрыс тергелмей, уақыты өтіп, созылып кетуде. Себебі, тергеуші қылмыстық іс бойынша өз-өзімен қалып, ведомстволық бақылау өте нашар жүргізіледі. Егер бұл істі тергеу және жедел іздестіру комитеттері бірігіп қолға алатын болса, онда тергеу жұмыстары жанданып, қылмыскерлер жазасын ертерек алмақ.