• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2010

Біртұтас экономикалық кеңістік талабы

1269 рет
көрсетілді

Алматыда “Қазақстан Респуб­ликасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы біртұтас экономикалық кеңістігін қалып­тастыру аясында салық және ке­ден заңнамасын дамыту. Транс­ферттік баға белгілеудің жағымды және жағымсыз тұстары” атты конференция болып өтті. Көп­шілікке белгілі, биылғы жыл Қазақ­станның Кеден одағына енуімен ерекшеленеді. Ал, енді біртұтас кеден аумағын қалып­тастыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және сонымен қатар олардың мүддесін қорғау мәселесі күн тәртібіне қойылған өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Қалыптас­қан жағдайға орай Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы Кеден одағы құрылымында салық әкімшілігі және кедендік бақы­лау­дың тиімді әрі таза жүйесін құру мәселесінің өзектілігіне баса назар аударып отыр. Мұның өзі шындап келгенде еліміздің экономикалық дамуына қуатты серпін беретіндігі айдан анық. Конференция жұмысын аш­қан Қазақстан салық төлеушілер ассоциациясы басқарушы кеңесі­нің төрайымы Ж.Ертілесова, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Д.Ерғожин күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Әрине бұл орайда елімізде стратегиялық маңызды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік белсенділікті арттыру және инвестицияларды тартуға лайықты жағдайларды қалыптас­тыру үшін заңнаманы тұрақты түрде мониторингілеу және жетіл­діріп тұрудың қажеттілігі назардан тыс қалған жоқ. Жиын­да сонымен қатар “Трансферттік баға белгілеу туралы” заңды одан әрі жетілдіріп толықтырудың қажет екендігі де атап айтылды. Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің біртұтас экономикалық кеңістігін қалыптастыру аясында салық және кеден заңнамасын дамытуға арналған жиында сөз алғандар бірқатар күрделі мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды. Жиында Беларусь Респуб­ликасы салық органдарының Кеден одағы жағдайында жанама салықты алу тәжірибесі мен Ресейдегі трансферттік баға белгілеуді қолданудың тәжірибесі де жан-жақты әңгіме болды. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, конференцияға қатысушылар Кеден одағы мен біртұтас эконо­микалық кеңістіктің болашағы, салық салу және трансферттік баға белгілеу саласындағы заң­намаға енгізіліп жатқан өзгерістер бойынша сала басшыларымен пікір алмасу және олардан кейбір сауалдарға түсіндірмелер алу мүмкіндігіне де ие болды. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.

* * *

Пайдаланылмаған қаражат тұтынушыларға қайтарылуда

Табиғи монополияларды рет­теу агенттігі тұтынушылар мүд­десін қорғау бағытында бір­қатар шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі табиғи монопо­лис­тердің тарифтік саясатты дұрыс қолдануын қадағалау бағытын­дағы жұмыстар. Осы жұмыстардың барысы жөнінде жуықта агенттік төраға­сының орынбасары Анатолий Шкарупа журналистермен баспа­сөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, өткен 2009-2010 жылдардағы жылыту ке­зеңінде сыртқы температураның неғұрлым жоғары болуына бай­ланысты республиканың 12 өңіріндегі есептеу аспаптары орнатылмаған тұтынушылардан жылу қызметін көрсететін монополистердің 651,56 млн. теңгенің ақшасын игермегендігі анықталды. Тұтынушылардың аталған санатынан жиналған жоғарыдағы қаржы оларға кері қайтарылатын болды. Осы бойын­ша қазірдің өзінде 10 өңірде аталған жұмыстар қызу жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Алматы қаласында тұтынушыларға өндірі­летін ақшалай қаражат 71,6 млн. теңгені, Астана қаласында 256,5 млн. теңгені, Қапшағай қала­сында 1,76 млн. теңгені, Ақтөбе облысында 0,7 млн. теңгені, Жам­был облысында 15,8 млн. тең­гені, Шығыс Қазақстан облы­сында 24,9 млн. теңгені, Қос­танай облысында 10,5 млн. теңгені, Қарағанды облысында 188,5 млн. теңгені, Қызылорда облысында 11,6 млн. теңгені, Петропавл қаласында 4,8 млн. теңгені, Екібастұз қаласында 0,7 млн. теңгені, Оңтүстік Қазақстан облысында 64,2 млн. теңгені құрап отыр. Жылу қызметі үшін жеке тұтынушылардан төлемақы жинаған кезде оның мөлшері сырттағы ауа райының қанша­лықты суық екендігіне байла­нысты әртүрлі болып келеді. Аяз қатайған кезде кететін жылу шығыны да арта түсетіндігіне байланысты қызмет бағасы да қымбаттай түседі. Жұмсалған жылу мөлшерін есептейтін аспап­тар орнатылған тұтынушылар үшін осы мәселе алдын-ала ескеріліп отырады. Ал өлшегіш аспаптар орнатпаған тұтынушы­лар бірыңғай тариф бойынша төлейтіндігі белгілі. Сондықтан олар ауа райының жылы болуына байланысты жылу шығыны аз жұмсалған кезде бірыңғай тариф бойынша төлейтіндіктен ұтылып қалуы әбден мүмкін. Агенттік міне, осы жәйтті ескеріп, олар­дың мүддесін қорғап отырады. Жоғарыдағы шара осының бір мысалы. Біз мұндай шараларды әр маусым бойынша тұрақты жүр­гізіп отырамыз. Мәселен, был­тыр осындай жолмен 800 млн. теңгедей қаражат жылу өлшегіш аспаптар орнатылмаған тұтынушылардың пайдасына шешілген болатын, – деп түсіндірді баспасөз мәслихатында Анатолий Шкарупа. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.