• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2010

Апта айшықтары

424 рет
көрсетілді

Елді мекен жаңа атауға ие болды

Қызылжар ауданына қарасты Элитное селосы облыс орталығына жақын әрі жол бойына орналасқан. 50 үйлі елді мекеннің мәртебесін осындағы Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты көтере түсетін. Енді, міне, аудан әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімімен Элитное селосы Бәйтерек ауылы болып өзгеріп, жаңа атауға ие болды. Былтыр осы маңға шетелден келген ағайындарымыз үшін 23 үй салынып, жұртшылық арасында құлаққа жағымды естілетін Бәйтерек ауылы атанып кеткен болатын. Биыл “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасы аясында 140 үйдің қадасы қағылып, республикалық қазынадан бөлінген қаражаттың 350 миллион теңгесі игерілді. Мұнда құрылыс жұмыстарымен 300-ге жуық адам айналысады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.

* * *

Заң талаптары қатаң қадағаланады

Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі құрылысының жүзеге асырылу барысына қатысты кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Мәжіліс барысында ғасыр жобасына теңестіріліп отырған халықаралық маңызы зор құрылыстың аймақта жүзеге асырылу барысы жан-жақты талқыланып, күрделі мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, халықаралық жол құрылысының аймаққа тиісті бөлігін салушы мердігер компаниялар тарапынан орын алып отырған заң бұзушылықтарды болдырмау тиісті сала басшыларына қатаң тапсырылды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.

* * *

ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің шешімімен “Тараз” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ құрылып, директорлар кеңесінің алғашқы жиналысы болып өтті. Онда көпшілік дауыспен директорлар кеңесінің төрағалығына облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев сайланды. “Тараз” ӘКК” АҚ құру туралы тиянақты шешім “ӘКК “Оңтүстік” ҰК” АҚ акционерлерінің жалпы жиналысынан соң, яғни активтерінің үштен бірін жаңадан құрылған корпорацияға өткізгеннен кейін қабылданды. Енді өзінің жеке жарғылық қоры бар АҚ-тың бірден-бір акционері Жамбыл облысының әкімдігі болып табылады. ӘКК міндеті – мемлекеттік және жеке ресурстардың мүдделерін бір арнаға тоғыстыра отырып, өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосу. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.

* * *

Ауыл жастары елдің болашағы үшін

Қашыр ауданының орталығы Тереңкөлде облыста тұратын ауыл жастарының басын қосқан форум болды. Биыл екінші рет өткізіліп отырған бұл жиынға әр аудан, ауылдан туған жері үшін ауылында қалып немесе жоғары оқу орнын бітіріп келіп еңбек етіп жүрген жастар келді. Форумды елімізде құрылған “Ауыл жастары одағының” жергілікті бөлімшесі ұйымдастырыпты.Ауыл жастарының елдің болашақ тірлігі үшін атқаратын жұмыстарына сай қандай талап-тілектері мен ұсыныстары барын облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова тыңдады. Ауыл жастарына елдің болашағы үшін бірге болайық деп үндеу қабылданды. Форумнан соң жиналғандар ауданда атқарылып жатқан жақсы істермен танысты. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.

* * *

Дәстүрлі жексенбілік жәрмеңкелер

Үржар ауданында күз айы басталмай жатып дәстүрлі жексенбілік жәрмеңкелер басталып кетті. Онда ауыл шаруашылығы өнімдері түр-түрімен молынан сатылуда. Және мұндағы баға базар нарқынан біршама төмен. Айталық, базарда сиыр еті – 650, ал картоп 100 теңге болса, жәрмеңкеде ол тиісінше – 550 және 30 теңгеден сатылуда. – Ауданда мал басын көбейтумен бірге, өнім сапасын арттыруға күш салып отырмыз, – дейді аталған аудан әкімі Бауыржан Жанақов. Жәрмеңке күндері аудан өнерпаздарының күшімен арнайы концерттік бағдарламалар ұсынылуда. Сондықтан жергілікті халық биылғы жәрмеңкеге дән риза. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.

* * *

Бағдаршамдар қозғалысты жеңілдетті

Абай шағын қала болғандықтан, ондағы жол қозғалысын реттеп тұруға бағдаршамдар қажетсінбей келген еді. Кейінгі жылдарда көлік көбейді, шаһар өсіп келеді. Өмірдің өзі ұсынған талапқа сәйкес орталық көшелер түйістеріне бағдаршамдар орнату мәселесі аудан әкімінің тұрғындармен жыл басындағы кездесулерінде көтерілген болатын. Олардың тілектері қабыл алынып, осы мақсат үшін жергілікті бюджеттен 7,6 миллион теңге бөлінді. Міне, енді ұлы ақын атындағы аудан орталығында бағдаршамдар жұмыс істей бастады. Соның арқасында бұған дейінгідей жүргі­зушілердің бір-біріне жол бермеуі сап тыйылды. Жүргіншілердің көшелерді қиып өтуі жеңілдеді. Әсіресе, оқушылардың мектептерге барып-қайтуына ата-аналар қобалжы­майтын­дай болды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы.

* * *

Лисаковтық “Даңқтың бір мезеті”

Лисаков қаласында жарты жылдан бері “Даңқтың бір мезеті” думан-бағдарламасы жалғасып келген болатын. Оның финалында көрерменді өнерімен таңғалдырған лисаковтық анықталды. Бағдарламаның мәресінде таңдалып алынған 20 өнерпаз өнер көрсетті. Соның арасында Ольга Ковалева лисаковтықтарды әнімен таңғалдырып, бірінші орынды иеленді. Мұнан кейінгі жүлделі орындарды цирк өнерін көрсеткендер мен аккордеонның құлағында ойнаған музыканттар иеленді. Бұл шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ресей арнасына еліктеп өткізгенмен, мұндай байқау-думан қалалықтардың шығармашылықпен айналысуына ықпал ететіндігін айтады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы.