• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2010

Жаңа тау жолы. Халық мәре-сәре

706 рет
көрсетілді

Күнгей мен Теріскейдің арасы жақындай түсті Біздің қазақ айтқыш қой. Шолақ­қор­ған – Ащысай бағытындағы жаңа авто­кө­лік жолы ашылардан бір күн бұрын Кентау қаласына барғанбыз. Алқа-қотан оты­рыстағы кеу-кеу әңгімеде осы жол сөз болды. “Жол керемет, – деді біреуі. Маса та­йып жығылатындай”. Ойпыр-ой, жол сапасы туралы бұдан ар­тық асырып айту дүние жүзінде жо­қ шығар. Келер күні сол жолдың салтанатты ашы­луына облыс әкімі Асқар Мыр­зах­ме­товпен бардық. Маса тайып жығылып, бір жерін зақымдап алатындығын қай­дам, бірақ, тау ішін қуалап кететін ас­фальт жолдың салынуында мін жоқ. Шолаққорғаннан Қаратауды бетке алып шықтық. Рөлде Созақ аудандық іш­кі саясат бөлімінің менгерушісі, сы­рал­ғы дос Бағдат. Асфальт жолдың екі ше­ті сары фосфор аралас бояумен сыр­лан­ған. Мына келе жатқанның өзінде ұшуға старт алған ұшақ секілді күй ке­ше­сің, ал түнге қарай сары бояулар фар жа­рығымен жарқырай жанады дейді. Қауіпсіздік үшін керек. Шала ұйқылы бол­масаң жол шетіне шығып кетпейсің. Әлде мәшинемен жүріп, әлде ұшақ­пен ұшып келеміз бе, сырғыған қал­пы­мыз­да тау ішіне кіре бастадық. Оң жақта үл­кен құбырлар қалып барады. Созақтың әкімі Созақбай Әбдіқұлов Торлан асуын­да­ғы су қоймасынан ау­дан­ға су кіргізбек бо­лып талаптанып жатыр екен. Сол қап­тал­да са­мауырдың мұржасынан бу­дақ­та­ған түтіндей кернейі шошайып асфальт за­уыты қалып барады. – Кәсіпкер, осы жолдың мер­дігері Әлиевтің асфальт за­уыты, – дейді Бағдат. – Асфальт жол ыстық және сал­қын болып бөлі­неді ғой. Алыстан та­сы­мал­дасаң көпке шыдамай іркіт-іркіт бо­лып жа­ры­лып кетеді. Ал, ыстығы төрт-бес жылға дейін бой бермейді. Қожыр-қожыр тастары бөлек­шеленіп шығып тұрған қарт Қа­ратаудың ішіне кір­дік. “Қара­тау­дың басынан көш ке­ле­ді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Қа­рындастан айырылған жаман екен, екі көз­ден мөлтілдеп жас келеді”, деп қарт Қо­жаберген жы­рау сақалы жас­қа мал­шы­нып оты­рып жырға қос­қан Қа­ра­та­уың­ыз осы. Басынан алағай да бұлағай за­мандарды өткерген шерлі қазақ та­ри­хы­ның көзі тірі куәгері бауы­рынан бәрі бе­рі жүйт­кіген мәши­не толы адам­дарға ық­тасын бо­лып, мейірленіп қа­рай­тын­дай. Торлан асуынан өттік. Қапқаз тауын­да­ғы жолдарды көзге елес­те­тетін асфальт жол тазыдан қаш­қан түлкінің бұлаңдаған құй­рығындай бұралаң-бұралаң етеді. Жол мықты екен деп газды баса беруге бол­майды. Әйтсе де мана әзірлікті білмек боп ал­ға кеткен облыстық жолаушылар кө­лі­гі және автомобильдер жолдары бас­қар­масының бастығы Әбілсейіт Ра­баев­тың көлігі жанымыздан жұл­дыз­дай ағып өте шықты. Шолаққорған мен Кентау қа­ласының шекаралық белдеуіне сал­та­нат­қа орай ақшаңқан үйлер тігіліпті. Қақ­пасынан қонақ арылмайтын жаны жо­март Созақ жігіттері Түркістан, Кен­тау, Шолаққорғаннан келген ақ­са­қал­дар­дың бабын жасап жүр. Облыс әкімі салтанатты жиынды ашты. “Жол азабын тартқан біледі”. Түр­кістан, Кентау, Созақ аудандарының жо­лаушылары бір-біріне қатынау үшін бұ­рын Қызылкөпір арқылы 230 ша­қы­рым жүріп келер екен. Ал, мына жолмен тө­телей шыққанда 90-100 шақырымнан ас­пайды. Сонда, жолыңыз үш есеге дейін қыс­қарады. – Бұл жол Елбасының тікелей тап­сыр­масымен “Жол картасы” мемлекеттік бағ­дарламасына сай іске асырылды, – деген об­лыс басшысы Асқар Исабекұлы жол­дың көлікпен қатынаудан бөлек қыр­ла­рын да айтып өтті. – Осы облыстық маңызы бар Шо­лақ­қор­ған-Ащысай бағытындағы автокөлік жо­лы көп жылдардан бері аудан тұр­ғын­да­рын толғандырып жүрген күрделі мә­се­ле еді, – деді ол. Сондықтан, құрылысы Кеңес Одағы тұ­сында еске­русіз қалған, тозығы жетіп кө­ліктердің жүріп-тұруларына қолайсыз жолды облыс бойынша елді мекендердегі күр­делі, бірінші кезектегі мәселелер тіз­бе­сіне енгізген едік. Жол құрылысының сме­талық құны 1,2 млрд. астам теңгені құ­рады. Алдағы жылдары осы жолдың бойынан шағын кемпингтер, май құю стансалары, демалыс орындары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын бо­лады. Бұл да халықтың әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына, жаңа жұмыс көздерінің ашы­луы­на, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағ­дай туғызады. Сондай-ақ, Баба Түкті Шашты Әзіз ке­сенесіне баратын, Тасты-Шу-Жуантөбе және Шолаққорған-Абай елді мекені ара­лы­ғындағы жолдар орташа жөндеуден өтті. Осы жолдардың жөнделуі ауданда туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер ту­ғы­зады. Созақ топырағында Баба Түкті Шаш­ты Әзіз, Ыстық бап, Қарабура, Саң­ғыл би, Ақбикеш, Бибі Мариям және бас­қа да тарихи орындар мен көне ес­керт­кіш­тер көптеп кездеседі. Ендігі жерде Түркістан қаласы арқылы осы әулиелі, кө­не тарихи орындарды аралап, “Мәдени мұ­ра” мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес “Ұлы Жібек жолы” туристік бағы­тына қо­сы­луға мүмкіндіктер туып отыр. Облыс басшысынан соң Созақ ау­да­ны, Кентау және Түркістан қалаларынан ақ­сақалдар сөз алады. “Бұл үш аудан, қа­ла халқының жетпіс-сексен жылдан бері ар­ма­ны еді”, — дейді ақсақалдар. Кеңес Одағы кезінде қанша айтылып, қанша рет мә­селе етіп көтеріл­гені­мен селт ете қой­ған­дар болмаған. Кейінге ысы­ра берген. Сон­дықтан бұны тәуел­сіздіктің жемісі де­се де болғандай. Айтқандай, кезінде Парла­мент­ке үміт­кер болған түркістандық бір азамат “депу­тат болсам, осы жолды салғызып беруге бар күшімді жұм­саймын, соған уәде ете­мін”, деп халықтың дауысын алып кетіпті. Со­зақ жұрты да өз елінен шыққан аза­мат­қа дауыс бермей, әлгіге жақтасқан ғой. Созақ ақсақалы осыны айт­қан­да қа­сында тұрған кентаулық қарт сөзін бөлді. “Қолынан келмесе де, айт­қа­ны келді ғой” деген. Жұрт күліп жатыр. ОҚО жолаушылар көлігі және ав­то­мо­биль жолдары басқармасы­ның тапсыр­ма­сымен жолды салған мердігер “Айжамал” ЖШС-інің өкілі сөйледі. Қыс­қа, нұсқа. Көп сөйлеп қайтеді. Жа­сал­ған жұмыс көрініп тұр ғой. Созақ ауданының әкімі Созақ­­­бай Әбдіқұлов, Кентау қаласының әкімі Нұр­жі­гіт Қалмұрзаев және Түркістан қа­ла­сы­ның әкімі Қайрат Молдасейітов жұпта­рын жаз­бай бірге жүр. Жол қысқарғаны үш ау­дан, қалаға да тиімді. Түркістанның арзан кө­көнісі тау жолымен Созақты жарылқап жат­са, Созақтың жусан жеген, құйрығы керсен­дей қойлары, қаймақтай шұбаты Кен­тау мен Түркістан дастар­ханының әрін кіргізеді. Қарт Қаратаудың бұлың-бұлың жол­да­рымен Кентауға тарттық. Қы­зыл­ор­да­дан шыққан жолаушылар автобустары қыс­қа жолмен Жамбыл облысына өтіп жа­тыр. Әрі қарай Алматы. Бұл жаңа жол Қы­зылорда, Жамбыл облыстарына да тиім­ді екендігі байқалады. Бұрын бұл жолдармен өткен жеңіл көлік иелері жол ортасында қабанның ті­сін­дей сойдиып шығып тұрған тастарға мәшиненің бауырын тілдіріп ойбайға ба­сып жататын еді. Қазір өзендегі қайықтай сыр­ғиды. Күнгейі мен Теріскейдің жұрты Ел­басыға рахметімізді жеткізіңіздер деп біз­ге аманат айтады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.