Тұрақты комитеттер тынысы
КӨМЕК КӨРСЕТУ КӨЗДЕЛДІ
Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінде “Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы талқыланды. Бұл Конвенцияға және оған Хаттамаға ақша белгілерін қолдан жасаудың алдын алу және жолын кесу саласындағы ынтымақтастыққа құқықтық негіз жасау мақсатында 1929 жылғы 20 сәуірде Женевада қол қойылған болатын. Конвенцияда шартқа қатысушы мемлекеттердің шетелде жасырынып жүрген ақша белгілерін қолдан жасаушылар мен өткізушілерін іздеу мен ұстап беруге қылмыстық-құқықтық көмек көрсету көзделген. Осы Конвенция шеңберінде Қазақстан Республикасы өзара құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауды республиканың Бас прокуроры арқылы жүзеге асырады. Комитет мүшелері сондай-ақ “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын да қарады. Екі заң жобасы да талқыланғаннан кейін палатаның қарауына ұсынылды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. * * *БАҒДАРЛАМА БАҒЫТТАРЫ БАЯНДАЛДЫ
Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің басшысы Болат Жылқышиевтің төрағалық етуімен депутаттардың Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығымен кездесуінде ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша әңгіме қозғалды. Бірқатар министрліктер мен мекемелер өкілдері қатысқан кездесуді аша келіп Б.Жылқышиев ауылдық аумақтарды орнықты дамыту туралы Мемлекет басшысының жарлығын талқылаудың маңызын айта келіп, ауылдық жердегі халықты жұмысқа тарту және олардың тұрмыс деңгейін көтеру мәселесіне тоқталды. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың бағыттары туралы баяндады. Ол инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауылды орналастыру үлгілері, жергілікті жерлерді мамандармен қамтамасыз ету, ауыл халқының кірістерін арттыру және кедейшілікпен күрес мәселелеріне тоқталды. Министр атап өткендей, 2004 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін қаржы бөлудің барлық көздерінен 766,1 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 324,3 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 337,4 миллиард теңге және басқа қаржы көздерінен 104,4 миллиард теңге бөлінді. Ауылды дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заңнамаларға қатысты А.Күрішбаев ауыл халқының тыныс-тіршілігі мен еңбек жағдайын жақсартуды мақсат ететін құқықтық жағдайлар жайына тоқталды. Ауыл аумақтарын дамытуға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуына, бюджеттік жоспарлауды жақсартуға, ауыл өмірін қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастыруға қатысты депутаттардың көптеген сауалдарына Қаржы, Білім және ғылым, Экономикалық даму және сауда, Көлік және коммуникация министрліктері, сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі мен “Қазагро” ұлттық холдингі” АҚ өкілдері жауап берді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. * * *Талқылау тағылымы
КЕШІГУДІ КЕШІРУГЕ БОЛА МА?..
Неге Үкімет заң жобаларын кешіктіріп жатады? Сәрсенбіде өткен Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселеге депутаттар жауап іздеуге тырысты. Оларды мұндай әбігерге салған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына қорытынды әзірлеу мәселесі болды. Екі жүздің үстіндегі өзгерістерді көздейтін заңдық құжатты заңнамалық айналымға алу туралы палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың қысқаша баяндағаны сол еді, әріптестері тарапынан сұрақтың астында қалды. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Аманжан Жамалов республикалық бюджеттің кірісі мен шығысын нақты айқындайтын әзірге тек 25 ұстанымның ғана кестеге енгізілгендігін, алда депутаттардың өздері тиісті өзгерістерді енгізе жатарын алға тартқанымен, бұл уәж де көпшіліктің күпті көңілін сейілте алған жоқ. Негізінен республикалық бюджет жобасына үстіміздегі жылдың желтоқсанына дейін қол қойылуға тиіс. Ал салық салу бюджет түсімі мен шығысының басты көрсеткіші екені белгілі. Қаулы жобасында аталған заң жобасының маңыздылығына қарамастан, қаралу мерзімінің 17 қараша деп белгіленуі немен байланысты екендігін сұраған Темірболатов бұл уақыт тіпті де қысқалығын тұшымды жеткізді. Комитет төрайымының айтуынша, келесі жылдың бюджеті осы қаралып жатқан салық салуға қатысты заң жобасы ескеріле әзірленген. Сондықтан аталған заңдық құжатты қалыптасқан жағдайға қарамастан қабылдау керек, олай болмаған жағдайда бюджетті қайта санауға тура келеді, деді ол. Осы ретте Рауан Шаекин мен Иван Чиркалин де өз сұрақтарын қоя отырып, салық салуға қатысты өзгерістерді көздейтін заңдық құжаттың кемшін тұстарына назар аудартты. Жеке кіріс салығына қатысты ойын ортаға салған Мұхтар Тыныкеев вахталық жолмен табыс тапқандарға 15 пайыздық, ал еліміздегі және шетелдердегі кіріс көздерінен дивиденд тауып отырғандарға 5 пайыздық ставкімен салық салынуы дұрыс еместігін тілге тиек етті. Депутаттың пайымынша, мұнда әділдік жоқ. Әлі жұмысқа қабылданбаған заң жобасы бойынша талқылаудың басталып кеткендігін ескерткен заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі бұл мәселені дауысқа салуды ұсынды. Осылайша Қаржы және бюджет комитетінің заңдық құжаттың дәл мерзімінде қабылдануы керек деген пікірі назарға алына отырып, Үкімет әзірлеген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы көпшілік дауыспен жұмысқа алынды. Алайда, 208 түзету енгізуді қажет ететін және жұмыс тобының қажырлы әрекетін тілейтін салық салу заңнамасының оңай болмайтыны да қазірден белгілі болып қалды. Залда отырған Үкімет өкілі Қошанов та заң жобасының кешіктіріліп жеткізілгендігін мойындай келіп, жұмыс тобында тер төгуге дайын екендіктерін білдірді. Алайда Үкімет өкілінің мұндай жауабы спикерді де қанағаттандыра қоймады. Мәжіліс Төрағасы бұндай жағдайдың бірінші рет қайталанып отырмағандығын ескерте келіп, егер аталған заңдық құжат 10 немесе 20 күн бұрын жеткізілгенде мұндай түсініксіздік орын алмас та еді, деген пікірін ортаға салды. Тіпті осы мәселемен Премьерге екі рет шыққанын да жасырған жоқ. Енді депутаттар үстіміздегі жылдың 17 қарашасына дейін бюджет кірісі мен шығысын айқындайтын салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізетін заң жобасын жан-жақты пысықтап үлгерулері керек. Қысқасы, бюджет заңнамасы жаңа жылға дейін толық қабылданып, өңірлердің тұрмыс-тіршілігіне жұмыс істеуі қажет. Бұл қажеттілік, оны әзірге ешкім бұзған емес. Сондықтан кешігуді де кешіруге тура келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. * * *Іскерлік іссапарлары
ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТШІЛЕРІ ИТАЛИЯДАН ОРАЛДЫ Қазақстан парламентшілері Италиядан оралды. Олар Палермо қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясына қатысқан еді. Қазақстанның ресми делегацияның құрамында ЕҚЫҰ ПА-ның Жалпы комитетінің мүшелері, Қазақстан Парламентінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Әмзебек Жолшыбеков, Әділ Ахметов, Светлана Бычкова, Бақберген Досманбетов, Төлебек Қосмамбетов болды. Парламенттік Ассамблеяның күзгі сессиясының алғашқы күнінде ЕҚЫҰ ПА-ның Жерорта теңіздік форумы ұйымдастырылып, оны Ұйым президенті П.Эфтимиу мен Сицилия аймақтық ассамблея төрағасы Ф.Каскио сөз сөйлеп ашты. Сонымен қатар, форумда “Жерорта теңізі бассейніндегі экономика және инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық”, “Жерорта теңізі жаһандануындағы Мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі ынтымақтастық”, “Трансұлттық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес проблемасы” тақырыбындағы мәселелер қаралып, талқыға салынды. Аталған сессия жұмысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Әмзебек Жолшыбеков ішкі тұрақтылық пен келісімді қалыптастыра алған Қазақ елінің оң тәжірибесі қазір ЕҚЫҰ-ның өзге мемлекеттеріне үлгі болғанын айта келе, әлем назары 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілетін ЕҚЫҰ Саммитіне аударылып отырғанына тоқталды. Қазақстан өзінің әлемдік аренада өсіп отырған беделін және посткеңестік елдермен арадағы саяси байланысын пайдалана отырып, Астана Саммиті аясында ЕҚЫҰ-ны әрі қарай дамытудың стратегиялық бағдарларын нақтылап, “Жол картасын” жасауға шақыратынын айтты. Осындай жоғары деңгейдегі басқосу Ұйымның жаңа жағдайларға бейімделуін және әлемдік қоғамдастықтағы “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” сәтті даму кезеңіне қол жеткізеді деп күтілуде. 2010 жылы ЕҚЫҰ барлық үш өлшемі бойынша Еуропа мен Еуразияда қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға нақты үлес қосып, жиырма бірінші ғасырда Ұйымның рөлін арттыруға мүмкіндік беретін және бұл мәселелерді шешуде ЕҚЫҰ ПА-ның да орасан үлесі бар екенін атап көрсете келе, осындай жауапты мүмкіндікті пайдалана отырып, күзгі сессия жұмысына қатысушыларды алдағы желтоқсан айында Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық жұмыстары барысымен таныстырды. Сессия жұмысына қатысушы Парламенттік Ассамблея Ұйымына қатысушы-мемлекет өкілдерін Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ Саммиті жұмысы табысты өту үшін оның жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына атсалысуға шақырды. “Егемен-ақпарат”. * * *Жаңа жоба жайында
САЛАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Кеше Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігімен “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасының” жобасы таныстырылды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Жобаны әзірлеген Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин аталған құжат туралы палата депутаттарына баяндап берді. Жобаның мақсаты – тұтынушыларды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, тіршілік ету жүйесінің жұмыс істеу сенімділігі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің тиімділігін арттыру, коммуналдық жүйелерді жаңғырту және дамыту. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жеке капитал тарту, тариф жүйесін жетілдіру де қарастырылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасы Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес әзірленген. Агенттік төрағасының мәлімдеуінше, республика бойынша коммуналдық инфрақұрылымның желілері мен құрылыстарының техникалық жай-күйі бойынша көп бөлігі жөндеуді немесе ауыстыруды талап етеді. Атап айтқанда, су бұру жүйесінде жөндеуді талап ететін желілер мен құрылыстардың үлесі 66 пайыз, жылумен жабдықтау – 63 пайыз, электрмен жабдықтау 73 пайыз, және газбен жабдықтау 54 пайызды құрайды. Жаңа желілер мен құрылыстар салу оларды одан әрі кім пайдаланатынына қарамай, жеке немесе мемлекеттік құрылым екенінен тәуелсіз, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіледі. * * *Достық дәнекері
ҚАЗАҚСТАН – КУБА: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Динара Нөкетаева Куба Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абелардо Фабио Эрнандес Феррер мырзамен кездесті. Елші алдымен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап отырған әлем алдындағы беделді қызметімен құттықтап, тілектестігін білдірді. Осы кездесудің өзегі – әлеуметтік сала мен екі ел арасындағы денсаулық сақтау саласы мамандарының жетістіктері және тәжірибе алмасу мәселесі болатынын атап өтті. Кубада ең алдымен денсаулық сақтау мәселесіне көңіл бөлінгендіктен, әйелдерінің өмір сүру ұзақтығы – 78 жасқа, ерлердікі 76 жасқа жетіп отыр. Елде жасы ұлғайғандар көп. Ана мен балаға арналған орталықтарда әйелдер екіқабаттықтың алғашқы күнінен босанғанға дейін жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Кубаның аталған саладағы жүйесінің атқарып отырған істерін қолдап отырғанын мәлімдеді. Мәжілістің комитет төрайымы өз кезегінде 1992 жылдан басталған Қазақстан мен Куба арасындағы сауда-экономикалық, ғылым мен туризм және спорт салаларындағы байланыстарды атап өтті. 2003 жылы екі ел арасындағы емдеудің ең үздік әдістері бойынша, тәжірибе алмасу ынтымақтастығы туралы келісім-шартқа қол қойылған. Қазақстанның Мемлекет басшысының Жолдауларында халық денсаулығы, ана мен бала денсаулығына ерекше тоқталып “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын ұсынған. Өткен жылы халықтың денсаулығын сақтау мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс қабылданып, нәтижесінде үлкен қаржы бөлініп, елде заманға сай жаңа ауруханалар салына бастады. Тараптар осы кездесу нәтижесінде парламенттік дипломатия мен өзара ынтымақтастық байланыстар көкжиегі алдағы уақытта кеңейе түсетініне сенім білдірді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.Сауалы мен жауабы
ДЕМАЛЫС ЖАРИЯЛАУ – ТИІМСІЗ
Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бақыт Сыздықова Мәжілістің 2 қыркүйек күнгі жалпы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда депутат 1 қыркүйек – Білім күнін демалыс күні деп жариялауды сұраған болатын. Осы сауалға орай Премьер-Министрден жауап келді. “Сіздердің 1 қыркүйекті демалыс күні деп белгілеу туралы ұсыныстарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын: 1 қыркүйек – Білім күні, ол барлық ата-аналар, балалар мен оқушылар үшін мереке күні ғана емес, сонымен қатар, ол білім саласының қызметкерлері үшін әр түрлі тәрбиелік іс-шаралар (салтанатты сапқа тұру, оқу сабақтары, сынып сағаттары және басқалар) өткізетін жұмыс күні болып табылады. Бұл ретте, 1 қыркүйекте техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында бір уақытта сабақтар басталады. Тиісінше, Еңбек кодексімен регламенттелетін еңбек қатынастары жағдайында болжамды демалыс күні білім қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру және еңбегіне қарай ақы төлеу мәселелерін туындатуы мүмкін. Айтылғандарды ескере отырып, ұсынылған 1 қыркүйекті демалыс күні деп жариялауды тиімсіз деп санаймын”, – дейді Үкімет басшысы. * * *Сізді не толғандырады?
КҮН ТӘРТІБІНДЕ БАЛАБАҚША МӘСЕЛЕСІ
Қазіргі таңда Қостанай облысында 623 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызмет етуде, оның ішінде 96 балабақша және 527 шағын орталық бар. Тәрбиеленушілердің жалпы контингенті 30 653 баланы құрайды, 53,8% (16 512 бала) – балабақшалардың тәрбиеленушісі, 46,2% (14 141 бала) – шағын орталықта. Облыс бойынша мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту 90,5% құрайды. Сонымен қатар, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 қыркүйекке дейін балабақшада орын күтушілер саны 7575 адамнан 9592 адамға көбейді, осылайша ағымдағы жылдың 8 айында балалардың балабақшаға кезегі 2017 балаға өсті. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда орын алуға ең үлкен кезектер қалалық жерлерде сақталуда – 7222 бала. Қостанай, Арқалық қалаларында және Қамысты мен Науырзым аудандарында кезек өте көп. Қостанай қаласында әлеуметтік ширығуды алып тастау және халықты мектепке дейінгі ұйымдардағы орындармен қамтамасыз ету мақсатында мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру қажет: “Қостанай қаласында №4 балабақшаны 280 орынға қайта құру” (жалпы құны – 584,514 млн. теңге. Мемэкспертизаның 30.07.2010 ж. №13-0142/10 қорытындысы); “Қостанай қаласында әскери комиссариаттың ғимаратын 280 орындық балабақшаға қайта құру” (жалпы құны – 516,873 млн. теңге. Мемэкспертизаның 30.06.2010 ж. №13-0120/10 қорытындысы); “№5 мектеп-балабақшаны хауызы бар балабақшаға қайта құру, (жалпы құны – 284,592 млн. теңге. Мемэкспертизаның 30.06.2010 ж. №13-163/09 қорытындысы). “Қостанай облысы Қамысты ауданының Қамысты ауылында 160 орынға балабақшаны қайта құру” жобасына жобалық-сметалық құжаттама бар (жалпы құны 221 024 млн. теңге. Мемэкспертизаның 14.04.2010. ж. №13-95/09 қорытындысы). “Қостанай облысы Науырзым ауданының Қарамеңді ауылында 160 орынға “Балбөбек” балабақшасын қайта құру” жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді (Мемэкспертизада тұр). “Қостанай облысының Арқалық қаласында Қайырбеков көшесі, 17-үйде орналасқан 110 орынға балабақшаны қайта құру” жобасына әзірленген жобалық-сметалық құжаттама бар (жалпы құны 159,962 024 млн. теңге. Мемэкспертизаның 20.12.2009. ж. №13-0289/09 қорытындысы). Инвестициялық жобалар Білім және ғылым министрлігіне 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын басым жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың тізімдеріне енгізу үшін көрсетілді. Ольга КИКОЛЕНКО, Мәжіліс депутаты. * * *Сайлаушы сөзі
АЛТЫН ОРДА — АҚ ОРДАМ
“Зиялы қауымның қатты алаңдауға тиісті бір саласы – білім беру ісі” деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әдептіліктің де, әдеміліктің де, даналықтың да көзін ашушы – мектептердің өз деңгейінде болуы – егемендікке қол жеткізген еліміздің негізгі мақсаты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі шәкірт өмірінің мәні боларлық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты шуақ шашар шапағаты бар ұстаз беріп жатса, зердесінде сәулесі бар шәкірт көкірегінде қалай сақтамасын. Әсемдік әлеміне қанат қақтыратын мектеп болғандықтан, келешегіне сенім білдіре отырып, ертеңгісін бүгін ойлайтын, білімді, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар тәрбиелеу мақсатында істеліп жатқан жұмыстар көп-ақ. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Естайбекқызының 2010 жылғы 19 маусым күні “Егемен Қазақстан” газетінің 3-бетіндегі “Сенім” атты мақаласы толайым табыстарға, жалынды жасампаздыққа, сергек сенімге толы кезеңде жазылып отыр. Осы кезеңге жетудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім саласындағы, ұрпақ алдындағы парықты парызын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудағы, педагогтардың рухани және тұрмыстық мәселелерін шешудегі қайраткерлік тағылымын әрбір педагогтің көңіліндегідей айтып өтті. Иә, “Алтын орда – ақ ордам” деп отырған себебіміз, мектеп – білімнің киелі ордасы. Бала бойына тәрбие, білім ұрығын сеуіп, оның қалай көктегенін қырағы қадағалап, үлкен өмір жолына аттандыратын – ұстазы. 1989-90-жылдары аласапыран шақта ашылған Мүсілім Базарбаев мектебінің де өзіндік шағын тарихы бар. Әрбір істің атқарылуы басшыға байланысты екенін өмір тәжірибесінде дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Елеманова Әлия Сейдекәрімқызының гимназия басшысына тағайындалғаннан бергі еңбек жолы әлеміне үңіле отырып қарасақ, менің айтқанымды істе емес, өзі сол атқарылмақ істің үлгісі болғандай. Әр апта, жиындарда айналадағы болып жатқан дүбірлі өзгерістер, жаңалықтармен өз ұжымын қаруландыра келуі көңілге қонымды-ақ! Тек ескерту айту, бұйрық беру емес, сол жоспарланған дүниенің орындалуына да бақылау жасап, жауапкершілікпен қарауы жұмыс істеу стилінің дағдысы сияқты. Талап, бақылау, қатаңдық пен қамқорлық жұптаса жүргенде ғана жұмыс жеңісін берері сөзсіз. Тап солай... Қысқарта айтқанда, тесттік бақылау, ғылыми жұмыс, әртүрлі жарыстардағы ұстаз және оқушы жетістіктері бұған дәлел бола алады. Айыр тілді Әйтеке, Қарлығаш би атанған Төле, Қаз дауысты Қазыбек атанған билеріміз де 6 жасынан ел дауына араласып, әділ төрелігін айта білген қазақпыз ғой. Ендеше, жастығына қарамай үлкен ұжымды басқарған, елеулі- елеулі жеңістерге жетіп жатуымызға ықпал жасап отыруы көп нәрсені аңғартады. Басшы жөнінде шегініс жасай кетсек, жұмыстың жауапкершілігін түсінетін, жаңалықпен өзін де, ұстаз қауымын да “қаруландырып” отыратын, бұйрықпен емес, іс-әрекетімен ұжымын айналасына үйіре білетін, өз білімін үздіксіз толықтырып отыратын сергек жанды ұстаз. Мектебімізде алдыңғы толқын – ағалар қатары келешегінен үміт күттіретін кейінгі толқын – інілермен толығуда. “Шәкірт шаңырақта шыңдалады” деген ғой, 20 жылдың ішінде мектеп бітірген шәкірттеріміздің атынан және қазіргі оқып жатқан шәкірттер атынан сол кездегі қалалық білім беру басқармасының бастығы Нұрпейіс Қасымовқа, ардагер ақын, аяулы азамат, марқұм Шона Смаханұлына ықыласымызды білдіріп, жатқан жері жәннатта болсын дейміз. Қазақ елінің тек ұрпағы арқылы өрлей алатынын білген көріпкел аталары мектептің алғашқы ашылуына ерекше атсалысқан еді. Ел үмітін ақтайтын, ел іргесін шайқалтпай сақтайтын біртуарлар дайындап, төл ұямыздан өзіміздің танымал жұлдыздарымыздың қатарын көбейте беретініне сенеміз. Мария МҰҚЫШЕВА, Алматы қаласы Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.