• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2010

Махаббат пен достық нығайтады әлемді

864 рет
көрсетілді

Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы Қазақстанда Бүгінде елорда жұртшылығы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қызу дай­ындық үстінде. Өйткені, 18-21 қазан аралығында өтетін бұл форумға әлемге аты танымал қалам, өнер, дін қайраткерлері қатысатыны белгілі болып отыр. Әрине, мұндай дүниежүзілік маңызы бар іс-шараның елордамызда өтуі барша қа­зақс­тандықтар үшін зор мәртебе десек, бүгінгі шиеленіскен, күрмеуі көп за­манда осындай игі басқосулардың сол түйіндерді шешуге де ықпалы болатыны сөзсіз. Жалпы, көп жағдайда адамдар арасында түсініспестік пен жатсыраудың орын алуы олардың бір-бірінің жан әлемін, рухани тынысын ұғына алмауынан туындап жатады ғой. Ендеше, бұл дүниежүзілік деңгейдегі ірі тұлғалардың басқосуы да барша адамзат үшін пайдалы болатыны хақ дей отырып, біз бүгін латынамерикалық көрнекті поэзия өкілдерінің Бақыт Рүстемов, Амангелді Жұмабеков, Егіндай Әбдірахмановтың орыс тілінен тәржімалаған бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Әрине, бұл өлеңдердің аудармасы төрт аяғынан тайпалған жорға деп айтуға болмас. Әйтсе де өзгенің жүрек лүпілін ұғуға талпыныс бар. Ал ең бастысы да осы ғой. _______________________________________________________________ Габриэль Гарсия МАРКЕС, колумбиялық ақын, Нобель сыйлығының лауреаты. ҚАЙНАҒАН ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ Сендік табыт – жеңіл кеме, жәшік Жүріп кетсең, алыста мәңгі қалып. Айқын түсің сол кезде үзіліп кетсе, Құдай ісі бұл жіберген біліп. Юдоль жерлік тез өтер Оқтай ұшып белгісіз. Бүгін жоқ, ертең – мәңгілік Сағатша жылжып білімсіз. Ыңғайлы білгір, көреген Қайғы-шерін жинасын. Құдайдың өз қолында Кімге рақым, кімді қинасын. Тоқтамай жүзіп келеді Жәшіктей жеңіл кемесі. Тәкаппар сарай қарайды Жиреніп аласа үйлерге. Ақылды үңіліп өмірге: Біледі кімде бар, сол жоғалтарын Тақыр кедей ешқашанда Ештемесін жоғалтпасын. Тоқтатпас толқын оның жүгірісі, Теңізге кімдер шықса жағалаудан Алыстап кете берсе, сол бетімен Оны іздеп, мәңгілікке таба алмаған. Байлық, алтын және де түрлі тастар. – Қазына сеніміңді опықтырар. Бәрінің де өз орны бар уақыт келсе, Құтылу жоқ, бәрін де ажал табар. Армандадым: ақшамен алдар ажалды Мойнында байдың кресі бар тағынған Жай ғана емен ағашынан жасалған Үлкен қып, бірақ шеберлікпен қашалған. Берілген ол Христық сенімге, Сыз қабірде, шешіндіріп жалаңаш, Жауап алып, тергейтін сәтін күтуде Терең түсі үзіліп кетті, қарашы. Көңілімде мен ап-анық естимін: “Құдай қарар қатты суық көзбенен”. Жаратқанның жазуымен болады: “Кімге рақым, кімге азап кез келген”. Соңынан оны қайталаймыз бірлесіп. Ұмытпаған бұл өсиетті жөн енді: “Адам енді, жасамасын жамандық, Махаббат пен достық нығайтар әлемді”. Сені күтіп, қандай істер тұр енді, Бұралаң жол, бұлтарысын тағдырдың. Айта алмаймын, тек қана оның үкімін Жаратқанның өзіне ғана қалдырдым. ______________________________ Мигель Анхеле АСТУРИАС, гватемалалық ақын, Нобель сыйлығының лауреаты. ҮНДІСТЕР ТАУДАН ТҮСЕДІ Үндістер таудан түседі, Көгілдір аспан астынан. Қалаға олар кіргенде Көшені көріп шошыған. Топтанған шамдар өшеді, Жұлдыздай таңғы басылған. Қолдары ескек тәрізді Желді қаққа бөлгенде. Шаң жолда қалар іздері Жалаң аяқ жүргенде. Қалыпты жүрек қағысы Бәрі аң-таң көргенде. Тау басында жұлдыздар Таң атқанша жарқырап. Таңертең оны жинайды, Үндістер үлкен себетке. Ақ тауық онда қонақтап, Гүл шоғы жатыр себетте. Үндістер өмірі – үнсіздік, Қарбалас біздің не керек! Олар таудан түскенде, Бақылап біздер көрген ек. Дем алады жарқырап, Жыланша жылжып, өрмелеп. _________________________ Хулио КОРТАСАР, аргентиналық ақын. ҚОС ҚИЯЛ Аспан асты раушан гүлі арайлы, Жапырағын жұлып күнін санаймын. Қозғалмайтын көлеңкедей мен үнсіз, Тіл қатпастан таңғы шыққа қараймын. Елге деген махаббатым жетелеп, Өзенге де алып келсе, төтелеп. Қас қағымдай өте шықса білінбей, Сергелдеңмен жүрген мерзім өтеліп. Қиялымда ұя басар аяулым – Бүркітімсің, жағалаудан қараймын. Сенің бейнең жарқыраған оттай боп, Жер бетіне дуалы даусың тарайды. ____________________________ Энрике Гонсалес МАРТИНЕС, мексикалық ақын. КӘРІ ТҰЛПАР Жүрегім сен, кәрі тұлпар! Өжет досым, турашыл. Кібіртіктеп тұрмайтын, Тура жауға шабатын. Күн де болсын, түн болсын, Оңтайлы бір сәтті табатын. Бүгін мен, досым-ау, жорықтасым, Өзіңе еркіндік сыйлаймын. Дегенмен, өзіңді қимаймын! Сен барып, құмарың қанғанша, Жайқалған көк шөпте аунайсың. Деміңді ал алаңсыз, сен енді Ешкімге тәуелді болмайсың. Жүрегім сен, менің кәрі тұлпарым! ____________________________ Хосе Сантос ЧОКАНО, перулік ақын. КҮЗГІ ТҮН Ай тұр биік, қажалған беті тиындай, Үстінде көлдің, бейне, салқын күмістей. Бұлыңғыр қара жібермей түсер әдейі, Таласып таңмен тұрғандай оған беріспей. Ай мұнартқан бет пердесін қозғады. Өксуде жел, жыра-сайға кез келіп, Ақ талдардың жапырағымен ойнайды, Көз көрінбес ылғалды түнекте тербеліп. Нөсерлеп құйып, тамшысын жаңбыр себеді, Бұта мен шілік, гүлдерге өскен далада. Жұлдыздар жылап көз жасы ағып жатқандай, Хрусталь көл және аспанмен екі арада. Міне, бір тамшы, құлады жапырақ үстіне, Тамырмен сырғып, дірілдеп толқып жармасып, Артынан сосын айналып, қарлы алмасқа Қандырып иін, шөлдеген жерге жау, тасқа. Анда-санда барабанның тарсылындай естілер, Қосылып судың әуеніне кейде найзағай. Шыныдай жылтыр жамылғы үстіне жапқандай Жұқа да селдір қазан айындағы бақша-бау. Жұлдызды түнде өрнекті бұтақ сорайған, Ал ойда жатыр астаң-кестең жапырақтар. Апатты, зиян, қаһарлы қара түнек те, Біздерді алдап шақырып тұр өзіне. ____________________________ Габриэла МИСТРАЛЬ, чилилік ақын, Нобель сыйлығының лауреаты. КУБАЛЫҚ ОЙЫН Жол үстінде шығыстан шығар батысқа, Көкжиектен көтеріліп үңілер. Тікенектей жапырақтары жалаңаш – Корольдік пальма шолғыншыдай көрінер. Кейде сирек жұлдыздарша сейілген, Немесе қойдай бір отар боп жайылған. Және тағы бір қатарға тұрып ап, Корольдік пальма сақшыдай белін буынған. Арасымен кофе ағашы, мақталық, Арасымен қалың қопа, тақыр – сор, Корольдік пальма жол көрсетіп тұрғандай, Жолсеріктей адасқанда жол табар. Шабындық пен шалғыннан өткенсің, Ұйықтамайтын, айкезбеше пальмалар. Кірпік қақпай, бойын тіктеп, қақиып, Жолда тұрған сақшыдай боп ол қалар. Куба қашан, мойынға тағар шалмадай, Жан-жағынан жалын отқа оранса, Корольдік пальма ән айтқандай хорменен. Ақырын ғана мұңаюмен ол аңсап. Бірақ қазір, денеден ұшқан рухтай, Түсінбейтін тілдерімен сөйлесіп, Тура аспанға бойын созып, ұмтылып, Корольдік пальма тұр, әнеки, жерде өсіп. __________________________________ Николас ГИЛЬЕН, кубалық ақын. ГАРСИА ЛОРКЕДЕГІ ҚАТЫП ҚАЛҒАН СӘТ Ол ұйқыда. Қалампыр көрді түсінде, Зәйтүн ағашы мен ай көргені де есінде. Гранада, Көктем, Федерико. Ол – тұтқыны үнсіз көрген түсінің, Жасыл шалғын үнсіздікке бөленген. Лимонды бақ тыныштыққа жайланып, Ұзақ түнде жұлдыздар айқын көрінген. Жарық қылып жазыққа сәуле шашады, Бір кезде бұзды тыныштықты айғаймен “Федерико!”, сығандар ғой мыналар, Ол оларды алып барады конвоймен. Айғайлаумен қансыз қалған еріндер, Қолдары да салбырайды еріксіз. Көз жанары мағынасыз қарайды, Шеттерінен күйге түскен көріксіз. Көлеңкедей, бақша мен тоғай арасын, Қаққа жарып, топталып өтіп барады. Соңынан оның түсінесің, қарасаң, Қайтып енді оралмас жуық арада. Ол оянды, тұрды аймен тазарып, Гранада, Көктем, Федерико. Қалампыр мен зәйтүн ағашы Түсті бұл да үнсіз топтың жолына. ____________________________ Риккардо Хаймес ФРЕЙРЕ, боливиялық ақын. АҚҚУЛАР ЖОЛЫ Асау толқын, жел жалына жармасып, Жарқылдайды найзағай оты аспанда. Алып балға ұстаханада таудағы Ұрады төсті, көрікті ұста басқанда. Асау толқын, көшкен бұлттың астында Ызғарлы кеште, бірін-бірі ұрады. Жайлап қана буға айналып жатқандай, Күңгірт түннің тасасында тұрады. Асау толқын, құбыжықтай ашулы, Көбік шашып, долыланып қаһарлы. Ентіге соққан дауыл әкеп түсірер, Жабайы бір көрініске жаһанды. Асау толқын, жалын иіп ұмтылады, Жанталасып, өршеленіп ызалы. Үнсіз, іштей өксіген бір дыбыспен, Ызғар суық түннің тыныштығын бұзады. Асау толқын, өңменіңнен өтетін, Жауынгердің алып өткір көзіндей. Күңгірттеніп аққулар жолы жылтырар, Қаһарлы теңіз патшасын күтіп, көз ілмей. ___________________________________ Гильермо ВАЛЕНСИЯ, колумбиялық ақын. ЫМЫРТТА БОЛАР КӨРІНІС... Ымыртта болар көрініс, көзіңді ашып-жұмғанша Мөлдір де тыныш табиғатта жарқырап сәуле жанғанша. Ағаштың тәжі шырынды, Айқын да жарық түсі де Мұнараға бедерлеп, Бейнесін құстың түсірген. Жарық жоғалар алдында, Әлем тыныштыққа оранған. Және жеңіл мөрменен Сыртқы бақ та қоршалған. Түн болардың алдында, Қараңғылық басарда. Бар сұлулығын әлемнің Паш етер құдай қашанда. Мен гүлденген бақшадай, Көзді ашып-жұмғанша. Жанды табиғат қиялынан Көңілге жарық толғанша. Көктемде көктеп өскіндер Жайлы хабар әкелер: Бақшада үн бар естіңдер, Жұпары баурап жетелер! _____________________ Рубен ДАРИО, никарагуалық ақын. КҮЗГІ ӨЛЕҢДЕР Гүл ішіндей қымбат маған сен туралы ойларым; Көз қарасың күңгірт ұяң есімді менің алғандай Жалаң аяқ табаныңда көбік те әлі құрғамай, Күлкіңнен сенің қуанышым бір жадырап қалғандай. Сонысымен қызық уақытша махаббат, Бақыт пен қайғының ғұмыры қысқа ойласаң. Басқа атты бір сағат бұрын қарға жазып ем, Басқаны тағы жазыппын құмға қарасам. Теректердің жапырағы түсіп жатыр шашылып, Сүйгендер өтіп барады, жүзінде мұң білінген. Күз-тостаған түбіне, көктемнің  көгі басылып. Сенің де түсер, әрине, жапырағы раушан гүліңнің. ________________________________________ Хуана де ИБАРБУРУ, уругвайлық ақын. БҮЛІКШІ Харон, сенің қайығыңа бүлікші  боп мінемін, Үнсіз ғана басқалары көз жастарын жасырсын, Не сыйынып құдайына ыңырсуын естіртпей, Сөйтіп, сенсің жанарыңнан қатер отын қашырсын. Жансыз сенің қайығыңды сері жаным оятар, Бозторғай ма ән салып еркелетіп жүзгенде. Шамдай жарық қылам судың бетін түнерген, Көгілдір дақтар ғайып болар, мен қолыммен сүзгендей. Мінемін мен қайығына бүлікші боп Харонның, Тамшы жас та көрсетпеймін дыбысымды шығармай, Қанша ашулан, тәкаппар бол, көндірмейсің ырқыңа, Мен бағынған көлеңкең боп, қайығыңнан кетпеймін. Көтеріп өзің түсірерсің, рақымсыз тұтқындай. _____________________________________ Хорхе Каррера АНДРАДЕ, эквадорлық ақын. МӘҢГІ ЖАСЫЛ КИТО Сүрлеу жолдар тау шатқалда жаңадан Пайда болған, оның үлкен мәні бар. Қоңыраулар тұтқындарша ән салған, Үндістерге жемістерін саудалар, Ескектерге арқаға ағаш артылған Біріне де осы жолдан пайда бар. Төтелігі адамдарға пайдалы Өз істерін тындыруға ойдағы. Мұнаралар, бейне, күзетте тұрғандай, Адамдарға мейірбан боп таудағы, Мейірімді, ыстық нандай қызулы Алтын күннің нұр шашады қызуы. Түн келгенде қараңғылық жасырып, Жаңбыр жауса көрінбей кетер ығысып, Шөп албардың қалқасының астында. Армандайды өткеннің кең елесі, Жолы болып жүзіп келе жатқандай Теңіз-аспан, ал өзі Нұх кемесі.