20 қазанда Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХVІ сессиясы болып өткені белгілі. Бұл жолғы сессияның бір ерекшелігі – оған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына келген шетелдік меймандардың қатысуы болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзі қатысушылар тарапынан зор қызығушылық туғызды. Төменде назарларыңызға ұлтаралық татулықтағы Ассамблеяның рөліне және Елбасы сөзіне орай қазақстандықтар мен шетелдіктердің пікір-лебіздерін ұсынып отырмыз.
Жақия қажы АБДУЛЛАҰЛЫ, Ассамблея мүшесі.
Ассамблеяның қоғамдағы рөлі мен маңызы ерекше. Елдің бірлігін, ынтымағын сақтай отырып, үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлыққа алу сияқты ізгілікті жолды насихаттап келеді. Бүгінде елімізде экономикалық жағдай жақсарып, тұрақтылық орныққан деп айтуға негіз бар. Енді елді рухани жағынан қолдауымыз керек.
Адам баласы ең алдымен рухани бай болса, онда оның ниеті дұрыс, жұмысы да түзеледі. Өкінішке қарай, біз қазіргі таңда балаларымызды тек өзін материалдық жағынан қамтамасыз етуге тәрбиелеп жатырмыз. Рухани жағынан толыспаған ұрпақ қазіргі әлемде орын алып жатқан жат пиғылдарға қарсы тұра ала ма?.. Елбасы өзінің сөзінде беймәлім бір пастордың Құранды өртеймін деген пікірін босқа айтқан жоқ. Президенттің: “Қазір ксенофобияны, этностық экстремизм мен шовинизмді ашық пайдаланушылардың саяси ықпалы артуының үрдісін көрмеу мүмкін емес. Кейбір елдерде олар парламенттегі өкілдіктерінің болуына қол жеткізіп, үкіметке кіріп отыр”, деуі жоғарыдағы ойымызды ширата түседі.
Қазақстандағы ең бірінші ауызға алатыныңыз – ол халықтың бірлігі мен татулығы. Алла тағала түсірген Құранда да “біз сіздерді бір атадан, бір анадан жараттық, бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін әр түрлі ұлттарға, нәсілдерге бөлдік”, деп жазылған. Онда бір-бірлерінен бөліну үшін емес, танысып білісулері үшін деп жазылғандығын қаперден шығармаған жөн. Олай болса, біз де осы ұстанымды ту етіп алуымыз қажет.
Мен өзім тәжіктің баласы болғаныммен, Қазақстанда туып, осында өсіп-өндім, осы жердің қасиетімен сусындадым. Қазіргі таңда бес балам бар, солардың барлығы да қазақ тілін жақсы меңгерген. Халықта: “Бір тіл білгенің, бір халықты білгенің”, деп тегін айтылмаса керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: “Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу”, деп атап өтті. Олай болса мемлекеттік тілдің мәртебесі міндетті түрде жоғары болуы тиіс.
Қазақ тілін оқыту, үйрету және үйрену бәріміз үшін ортақ шаруа болғанда ғана тіл өзінің өміршеңдігін сақтайды. Өзін сыйлайтын адам мемлекеттік тілге құрметпен қарағаны жөн. Намаз оқитын жастарымыздың өзі орыс тілінде сөйлесетінін көріп, ішім ашитынын несіне жасырайын. Сондықтан бетбұрысты осы жастарымыздан бастағанымыз абзал.
Тұрақтылығымыздың тұғыры
Асылы ОСМАН, “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы.
Еліміздегі тыныштық та, бірлік пен татулық та алдымен даласындай дархан қазақ халқы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі. Соның барлығына ұйытқы болып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы. Президентіміз сессияда сөйлеген сөзінде “Біздің Ассамблеяның тарихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы”, деп ерекше айтып кетуінің астарында үлкен мағына жатыр.
Президент Қазақстанды айрандай ұйытып, әлемге үлгі етсе, қосшылары – біздер де сол рухта болуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Ассамблеяның алар орны ерекше. Қазіргі таңда менің елім халықаралық сахнада ерекше сенімге ие. Бұл ненің арқасында? Қазақ халқының төзімділігі мен елге деген сенімінің, өз бойындағы асыл қасиеті мен дәстүрінің, оның басында отырған Нұрсұлтан Әбішұлының халықты еш бөліп-жармайтын қазақы қасиетінің арқасында. Осы айтылғандар елімізді де абыройға бөлеп келеді. Қазақ – арамдықтан ада, қиянаттан шет және тумысынан таза халық.
Осы кезге дейін Ассамблея өз мәртебесін айқындауға күш салса, бүгінгі таңда қоғамға қызмет етуі тиіс. Мемлекет басшысы ХVІ сессияда сөйлеген сөзінде былай деді: “Тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет”. Олай болса, бұл ұлтаралық қарым-қатынастар институтының жұмысын одан әрі жандандыруды қажет етеді. Ассамблея құрылғалы бері мемлекеттік тілді білу аз айтылмағанмен, толық көлемінде орындалмай келеді. Менің пайымымша, өркениетті елдердің сапына қосылуымыз үшін, ең алдымен мемлекеттік тілді білуіміз керек. Яғни, Отанымыз ортақ па, онда тіліміз де ортақ болуы тиіс. Егер Ассамблея өз жұмысында осы мәселені басшылыққа алса, онда көп мәселенің оң шешілуіне ұйытқы болар еді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан соң, мемлекет құраушы ұлттың жандүниесін түсіну үшін оның тілін біліп, әдет-ғұрып, салтынан хабардар болу шарт қой деп ойлаймын.
Егер өзге ұлттың өкіліне мемлекет тарапынан тілі мен мәдениетін дамытуға қаржылай көмек беріліп жатса, онда соған сәйкес біздің де қайтарымымыз болуы керек емес пе?! Ең бастысы – бұл туған Отанға деген адалдығымыз болып шығар еді. “Жүрегіме ұялатқан қазағым – жүрегіме ұялатқан жолбарыс. Сондықтан да жолбарысша, тал бойымда бар намыс. Әрбір қазақ менің туған негізім, өйткені, сол қазақ иісі түркі негізі”. Сондықтан әрбір этнос қазақты негізім деп санауы тиіс. Осында өмір сүріп жатқан этностар қазақ деген халықты, басқан топырағын сыйласа, қадірлесе ешқандай түсініспеушіліктер орын алмайды.
Қорыта келгенде айтарым, Ассамблея аталған бағыттарда үлкен істер атқарады деп сенемін. Он бес жылдан бері Ассамблея арқылы өзімізді таныттық па, енді өз қызметтеріміз арқылы Ассамблеяны танытайық.
Шетелдік меймандар лебізі
Сіздерге қызығамыз. сіздер үшін қуанамыз
Роджер НЕЛСОН, PhD, АҚШ-тың Әлемдік түсіністік жобасының директоры:
– Бенджамин Франклиннің: “Жүріп келе жатып бағытыңнан айрылсаң, өз жолыңды тез тауып кетуің мүмкін. Ал сенімнен айрылсаң, оны ешқашан да қалпына келтіре алмайсың”, деп айтқан сөзі бар. Менің ойымша, дәл Қазақстан үшін, Қазақстанның саясаты үшін ұлттар арасындағы сенімділіктің мән-мағынасы да, қадір-қасиеті де ерекше.
Әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде АҚШ-та халық ассамблеясы болмағандықтан, мен осыған дейін оның қызметін дұрыс түсінбейтінмін. Алайда, Қазақстанға келгеннен кейін, оның үстіне бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысқаннан кейін мұндай ұйымның қаншалықты қажет екендігін айқын ұғындым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігін нығайтуда, рухани мәдениеттілікпен ұштасатын ұлтаралық үнқатысуды және отансүйгіштік рухты көтеруде барынша жұмыстанып жатқанын жүрегіммен сезіндім. Сырт көзге мұның өзі өте сүйкімді көрінетін іс екен.
Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ ОҒЛЫ, Әзірбайжанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғам үшін, саясаттың ықпалын тұрақтандыру үшін өте қажетті құралдардың бірі екенін анық аңғардық. Жыл өткен сайын Ассамблеяның маңызы артып, жауапкершілігі күшейе түскені де нақты байқалады. Елде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге де Ассамблеяның берері көп екен.
Ассамблея арқылы этностар бір-бірінің үнін ести алады, бір-біріне не қажет екенін біледі. Қазақстанның саяси тұрақтылығына да Ассамблея белгілі дәрежеде ықпал етіп келе жатқанын түсіндік. Біз бұған, әрине, қуаныштымыз. Өйткені, көрші жақын елдерде болып жатқан түрлі қақтығыстарды көзіміз көріп жүр. Жалпы, ұлтаралық қақтығыстардан қорқынышты нәрсе болмайтын көрінеді. Оны өз басымызда бар жәйт болған соң ғана айтып тұрғаным жоқ. Менің айтпағым, ондай түсініспеушіліктен туындайтын қақтығыстарды тұтату оңай да, кейін сөндіру тұрмақ, бәсеңсітудің өзі өте қиын екен. Сондықтан ондай жағдайлардың мүмкіндігінше алдын алу керек.
Қазақстанда тұрып жатқан менің таныстарымның бәрі елдегі тыныштықпен, ұлттар арасындағы түсіністікпен тыныстайды. Мұны олар мақтаныш тұтатынын көріп жүрміз. Мақтанбағанда ше, мұндайға қолдары жетпей жатқан елдер қаншама. Қазақстанда барлық жағдай үшін қолайлы мүмкіндіктер толығымен ойластырылған. Сол себепті тыныштық бар жерде нәтиже болады, жеңіс пен жеміс болады дегім келеді. Ұлттардың бір-біріне деген бауырмалдығы мәңгіге жалғаса берсін.
Мариям ХАН, Пәкстандағы Әлемдік үйлесімділік кеңесінің мүшесі, Пәкстан халық партиясы жанындағы адам құқықтары жөніндегі комитеттің басшысы:
– Менің Пәкстандағы қызметім адамдар арасындағы байланыс төңірегінде болғандықтан, бұл мәселенің жаһандық деңгейдегі күрделілігін жақсы түсінемін. Ұлт адамдардан құралады емес пе. Алайда байқап қарасаңыз, ұлт мәселесінен бұрын, адам мәселесі қазір әлдеқайда маңызды болып отыр. Өйткені, жаһандық демократиялық категория бойынша мемлекет ұлт емес, ұлттан бұрын ол адам деген сөздің байланыстарын анықтайды. Бірінші адам қарастырылады, содан барып ұлт ұғымы тереңірек зерделенеді.
Қазір Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің барысында Ауғанстан мен Қырғызстан проблемаларын реттеу, қару-жараққа, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, тағы да көптеген басшылыққа алған бағыттары бар. Ал солардың бәрі адамдардың сана-сезімдерінен туындаған қайшылықтарға тойтарыс беру емес пе. Қазақстаннан басқа елдердің үйренері көп. Әсіресе, адамдардың өз отанына деген сенімділігін Қазақстаннан көбірек үйренсе, әлемде қаншама ғимараттар, мешіттер жарылмайтын еді, балалар атан-аналарынан, ата-аналар балаларынан айырылып қалған жағдайлардың бір де біреуі болмайтын еді.
Имон КОЛИНС, Нигерия Әлеуметтік ғылымдар және адам дамуы орталығының директоры:
– Қазақстан жас мемлекет, соған қарамастан, өте әсем әрі жанға жайлы мемлекет екендігін Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысу барысында айқын түйсіндім. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы кезінде әрбір азаматтың өз еліне деген махаббаты ерекше білініп, көрініп тұратын ел екендігіне де анық көзім жетті. Әрбір елдің азаматы – сол елдің мақтанышы. Сіздердің көтеріп жүрген ұлтаралық түсіністік деген сөздің ауқымды мағынасын мен тек ұлт емес, мемлекет пен мемлекет, ел мен елдің арасындағы әріптестік, махаббат, бейбітшілікті нығайтудағы ортақ күрестің бір бөлігі ретінде қарастырғым келеді.
Әлем халықтарының үрейден, қорқыныштан, жанкешті оқиғалардан құтылуының бір ғана жолы бар. Ол, әрине, тыныштық пен адамдар арасындағы махаббатты, рухани төзімділікті жандандыру. Ал Қазақстанның барлық ішкі саясатымен қатар, сыртқы дипломатиясы да осындай ізгі бағытпен жүріп жатқандығы бәрімізді қуантады. Мен бұл сөздерді Бүкіләлемдік рахани мәдениет форумына қатысқандығымнан айтып отырғаным жоқ. Жер планетасының екінші бір бұрышын мекен ететін, жаһандық мәселелерден хабардар адам ретінде айтып отырмын.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.