Қырымда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті 59 отырысы болып өтті.
Оған қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков бастаған қазақстандық әскери делегация қатысып қайтты.
Отырыстың күн тәртібіне ТМД қорғаныс ведомстволарының әртүрлі бағыттағы іс-қимылдарын қамтитын жиырмадан астам мәселелер шығарылды.
Бас қосуда 2005 жылғы 26 тамызда бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыру қорытындысы және Қорғаныс министрлері кеңесінің 2010 жылғы қызметінің нәтижелері мен әскерлердің бірлескен жауынгерлік әзірлігін арттыру мәселелері сарапталды.
Осы жиында Қазақстан армиясы бүгінгі таңда посткеңестік аумақта үздіктердің бірі болып отырғаны баса айтылды. Достастық елдері мемлекет басшыларының пікірінше, Қазақстан Қарулы Күштері ұтқыр әрі кәсіби.
Осы басқосуда Қорғаныс министрлері Кеңестің 2011 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, Достастық елдері қарулы күштерінің келесі жылы өтетін бірлескен іс-шараларының тізбесін анықтады.
Сонымен бірге, жиында әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері де жан-жақты қаралды. Оның ішінде Үйлестіру орталығында әскери техниканы жөндеу, қосалқы бөлшектерді жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру туралы Ережелер қайыра пысықталды.
Қорғаныс ведомствосының жетекшілері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де барынша көңіл аударды. Конструктивті талқылау барысында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біріккен ақпараттық-сараптамалық жүйе қызметінің қолданбалы бағдарламасы талқыға салынды.
Отырысқа қатысушылар Достастық қарулы күштерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ақпараттық-анықтамалық жүйені қолдану туралы әдістемелік ұсынымды да талқыдан өткізді.
Қорғаныс министрлері ТМД Қарулы Күштерінің инженерлік қамтамасыз ету саласындағы қарым-қатынасы туралы келісім жобасын да бір ауыздан мақұлдады.
Талқылаулар барысында тарихи ескерткішерді қорғау мәселесі де сөз болды. Отырысқа қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттер халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қаһармандығын мәңгілік есте сақтау туралы келісім жобасын, Әскери-мемориалдық жұмыстардың модельдік ережесін бекітті. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кеткендерді іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру туралы да пікір алмасты.
Министрлер ТМД-ның 20 жылдығына арнап, Достастық елдері армияларының VІІІ Спартакиадасын өткізу туралы мәселелерді де қарастырды.
Отырыста қабылданған шешімдер Достастық форматындағы көптарапты әскери ынтымақтастықты одан әрі жетілдіріп, аймақтық және ұлттық мүдделер негізіндегі әскери саладағы тиімді әріптестікті дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.