Бұл біз күтпеген мүлде тосын хабар болды. Телефон арқылы алғаш естігенімде есім шыға қуандым. Әрі еріксіз көзіме жас келіп, қатты толқыдым. Рас-өтірігіне сене алмай, өзіме-өзім келе алмай, абдырап отырып қалыппын.
Қуанғаным – Отан соғысында қаза болған ағайымның қайда жерленгенін естідім. Қатты толқып қапаланғаным – осыншама ғұмыр өткенше одан хабарсыз болғанымыз. Жеңістің өзіне 65 жыл өтіпті. Ал оның сонау Тула облысының бір түкпірінде жат жердің топырағын жастанып жатқанына 68 жыл болыпты-ау! Қайран ағатайым-ай десейші! Содан бері ел-жұртыңа, туған-туыстарыңа белгісіз болып жата бердің-ау. Сенің елден ерекше азамат болғаныңды, сонау 1934-35 жылдары Мәскеудің университетін бітіріп келіп, Қызылжар пединститутына сабақ бергеніңді, соғыс басталысымен Отан қорғауға асығып, сұранып майданға аттанғаныңды, майданның алғы шебінде жүріп, ерлікпен қаза тапқаныңды ол жақта кім білді дейсің.
Осы орайда “соншама жыл өткенде ағайың туралы деректі қайдан, қалай таптың?” деп сұрайтын адамдардың да болуы мүмкін. Иә, егер осыдан жиырма шақты жыл бұрын отағасым Әулиехан екеуміз ағайымыздың аты-жөнін “Ескерткіш кітабына” жазу туралы бір кезде ол кісі жұмыс істеген Қызылжар пединститутының ректорына арнап хат жазбасақ, біз өмір бойы хабарсыз өтер едік.
Биыл жыл басында Қызылжарда Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне арналған “Аллея” ашылғалы жатыр деген хабарды құлағым шалды. “Егер соғыста құрбан болғандар туралы жазылатын болса, менің де ағайымның аты-жөні ескерілуі керек қой. Хабарласып көрейінші”, – деген ой туды. Дереу қалалық ардагерлер кеңесіне телефон соқтым. Ондағы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сара сіңілім мені мұқият тыңдады. Ол аллеяға жауынгерлер есімінің жазылмайтынын, Ұлы Отан соғысы туралы басқалай ақпараттар болатынын айтты. Сараға тағы бір өтініш білдіргім келді. Баяғы Әулиехан екеуміздің ректорға арнап ағамыздың “Ескерткіш кітабына” есімін кіргізу туралы жазған хатымыз не болды екен? Соны тексеріп, анығын біліп беруін өтіндім.
Сара: “Жарайды апа, тек 1-2 күннен кейін өзіңіз тағы хабарласыңыз”, – деді. Уәделі күні тағы телефон шалдым.
– Байтоғаев Қартай 1942 жылы 4 қаңтарда қаза болып, Тула облысының “Хлопова” селосында жерленген, – деді Сара.
– Айтып тұрғаның рас па? Дәл солай жазылған ба?
– Міне, “Ескерткіш кітабының” І-томы. Оның 332-бетінде дәл осылай жазылған. Мен тура соны сізге оқып беріп тұрмын.
– Апырым-ай, рас па? Рас қой, ә!
– Иә. Сонда сіздер бұл хабарды осы кезге дейін білмей келгенсіздер ме?
– Әрине, қарағым, білмедік қой, білмедік.
Бұдан соң менде маза болмады. Қалай да басына барып қайтуым керектігін айтып, балаларыммен ақылдастым.
– Жарайды, барамыз, мама, – деді Алматыдан келген Айдарым.
Баламның сөз айтпай келісе қойғанына қуанып кеттім. Елгезек інілерімнің біріне ағамның туған жері – Қызбелден бір уыс топырақ алдырттым.
Мұнда жеткесін ертеңіне ертелетіп таксимен Арсеньевка ауданына бет түзедік. Юрий Иванович берген телефон бойынша Арсеньевка ауданы муниципалдық ағарту ісінің басшысы – Виктор Михаилович Гавриковқа телефон соқтық. Абырой болғанда Виктор Михаилович “Хлопова” селосында жүр екен. Қарсы алатынын айтты.
Ойым – он сан. Атын естісем де затын көрмеген шалғайдағы жат жердің топырағын басам деп үш ұйықтасам ойыма келген бе? Енді, міне, Қартай көкем баяғыдай, менің бала кезімдегідей “Қанашым!” деп жұмсақ дауыстап алдымнан шыға келетіндей елегізіп, елеңдеп, жеткенше асығып келем. Ол соғысқа аттанарда мен 5 жаста ғана болатынмын. Есімді білер-білмес сәби шақ еді ғой. Дегенмен есте қалған сәттер де бар. Жазықсыз айдауда кеткен әкені жоқтатпайын дей ме екен, мені қатты еркелететін. “Келіншек әкелдім әне, керуеттің астына сенен тығылып қалды”, деп үйдегі бар төсектің астын қаратып шығатыны әлі есімде.
1937 жылы әкемді жазықсыздан жазықсыз “халық жауы” атандырып, айдап әкеткенде “ағамның отбасын жетімсіретпеймін” деп, сонау қияндағы Торғайдың Аманкелді ауданынан бізді Қызылжарға көшіріп алды. Шиеттей бала-шаға, 75-те қарт әжем бар. Барлығы бес жанбыз. Ішіміздегі бас көтерер апам ғана. Әкем жоқтағы төрт жыл бойғы бізге жасаған жанашыр қамқорлығын, өлшеусіз қызметін, өзіне ғана жарасымды ізетті жұмсақ мінезін, адамгершілік сыр-сыйпатын апам арқылы танып білетінмін. Қайнысын туған бауырындай жақсы көріп, оны есінде сақтап, өмір бойы қадірлеп айтып өткен адамды апамнан көрдім.
– Тумысынан ерекше жаратылған марқасқам-ай, бізді ренжітпей, бағып-қағамын деп үйленбей кеттің-ау. Отау құрсақ артыңда бір тұяқ қалар ма еді!
Апам осылайша бекзат қайнысын өзегін өртеген өкініш-қайғысымен жиі еске алып отыратын еді. Анам сияқты мен де осы күні ол туралы балаларыма айта жүретін болыппын.
Әкем ақталып түрмеден оралғанда соғыс басталып кеткен болатын. Сағынысып көріскен екі бауыр ұзақ бірге жүре алмады. Қартай өзі сұранып майданға аттанды. Жеті айдан соң қара қағаз келді. Інісінің қазасы әкеме қатты соққы болып тиді.
70-ші жылдары менің отағасым Әулиехан Сарыағаш курортында Закарин Асқармен бірге демалыпты. Ол кісі кезінде Білім министрі, ҚазМУ-дің ректоры, республикамызға кеңінен танымал ел азаматы болған. Зейнеткерлікке шығып, ұлғайған шағы болса керек. Әңгімелесе келе Асекең Қартайды жақсы білетін болып шығады. Бірге оқып, майданға аттанар сәттерде де бір-бірінен хабардар болған екен. “Енді-енді тылға шақыртып аламыз деп жүр едік. Үлгере алмадық. Майданның алғы шебінде жүріп ұзамай оққа ұшты ғой сабазың! Көп адамнан білімі де, азаматтық тұлғасы да көш ілгері жан еді ғой”, – деп кәдімгідей көңілі босап еске алыпты.
...Жол ұзақ, оған қоса тарам-тарам жолдардан шатысыңқырап, кешеулеп келеміз. Тіпті жөн сұрайтын адам да таппайсың. Жол бойында әдеттегідей ағылып жататын мәшинелер де көрінбеді. Бұл жақты да біздердегідей дағдарыс жайлағанға ұқсайды. Алыстағы елді мекендер қаңырап қалған. Шеттеп қалған бір түкпірге бет алып келе жатқан сияқтымыз. Айналамыз орман-тоғай болған соң алыстан ауыл көру мүмкін емес. Әйтеуір, төтесінен түскендей келіп қалыппыз. Манағы сөйлескен Виктор Михайлович жол бойында тосып тұр екен.
– Кешіктіңіздер ғой, – деді салған жерден. – Күте-күте шаршаған сыңайы бар. Өзі мәшинеге отырмады. Алдыға түсіп жол көрсетті. Темір шарбақпен қоршалған бауырластар зиратына алып келді. Қақпаның алдына жауынгерлер мүсінінен ескерткіш орнатылыпты.
– Бұл жерге сіздер сияқты арнайы іздеп келгендер болмаса, ешкім келе бермейді, – деді ол қақпа алдында сәл кідірістеп.
– Иә, мен де 68 жыл өткенде естіп жаңа келіп тұрмын. Көрдіңіз бе қандай өкінішті! 68 жыл өткенде!
– Өкінбеңіз, ағаңыздың жерленген жерін ақыры бір таптыңыз емес пе? Соған қуаныңыз. Білесіз бе, осы облыста тұрып, сізден де үлкен бір қария туған әкесін жақында ғана осы зираттан тапты.
Виктор Михайлович өзі бастап ішке кірдік. Келген бетте көңілім толқып үнсіз тұрып қалдым. Жан-жағыма көз салсам, бейіттердің үстіне шөп өсіп, жер болып тегістеліп кеткен. Ағайым қай маңда болды екен? Басыма алғаш келген ой осы болды. Мұнда кімнің қай жерге (қай тұсқа) жерленгенін білу мүмкін емес еді. Әйтеуір, осы қоршаудың ішінде бір жеріне көппен бірге мәңгіге жат жердің топырағын жастанып жатқаны анық. Қоршаудың сыртындағы гранит тастарға аты-жөндері қашалып жазылған екен. Атаусыз қалмағанына шүкір дедік.
Қарап тұрсам, жер болып кеткен бейіттерде де белгі бар екен! Сонау бір сәл-пәл дөңестеу зират үстінде каска жатыр. “Мынандай бейіттер көп пе? – деп сұрадым.
– Жоқ, небәрі бір-екеу ғана болар, – деді Виктор Михайлович. Күнге күйіп, жел өтінде тұрып, жауын-шашын астында жатып тот басып әбден жұқарған каска. Оқ тескен ойығы да жырымдалып кеңейе түскен. Сол бейітке назарыма ауып, ұзақ қарап тұрып қалдым. Жанымдағылар да өз ойларымен үнсіз қапты.
Қартай туралы келген қара қағазда: басынан оқ тиіп жараланып қаза болған деп жазылғанын апамның айтып отыратыны есіме түсті. Мына зираттағы екі мың адамның бәрі бірдей басынан жараланбағаны анық. Мүмкін, осы каска жатқан бейіт болар ма екен деген дүдәмал ой келді. Бір түйсігім жетелеп сол зираттың жанына алып келді. Жанына жақынырақ келіп отырып, ағайыма бағыштап құран оқыдым. Бауырымның рухымен үнсіз отырып, тілдестім. Бұл жалғанда тірі жүріп, осы уақытқа дейін басына бір келе алмағанымыз үшін кешірім өтіндім. “Қазір тірі жүріп мені көрсең, танымас едің. Баяғы өзің кеткенде 5 жаста қалған Қанашыңмын ғой. Енді міне, мен де балалы-шағалы әже болдым. Майданнан жазған хаттарың мен фотосуреттерің менде. Алтындай қадірлеп сақтап келем. Хаттарыңның бір данасын Арқалық музейіне тапсырғам. Сонда сақтаулы. Сол соғыс біздің әулетке апат болып тиді. Айдарбек, Жарасқан, Қайырғали бауырларың да хат-хабарсыз кетті. Әрі науқас, әрі қайғы екі жақтап, әкем де өзіңнің артыңнан көп ұзамай қайтыс болды”, дедім күбірлеп.
Ағамның мәңгілікке орын тепкен мекеменің төңірегі тыныш, жайлы екен. Көлденең көзден де, у-шудан да таса. “Жан-жағың жұпар иісі аңқыған гүл аралас көк шалғынмен көмкерілген. Жатқан жеріңді көріп, менің де көңілім орныққандай. Саған бұйырғаны туған жеріңнен әкелген мынау бір уыс топырақ. Ең болмаса бір түйірі қабіріңнің үстіне түсер ме екен?” деп оң қапталға түгел шаштым. “Кішкентай Қанашыңның қартайған шағындағы осы тірлігіне риза бол! Отан үшін жаныңды қиған өлімің шаһит қой. Жәннаттың төрінде жүрген боларсың. Қош бауырым, қош! Өле-өлгенше есімің есімде жүрері анық. Әкем айтқандай, тарихта өлімің хат боп қалады!
Ханзипа БӘЛДІКҚЫЗЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана қаласы.
Суреттерде: 1. Оң жақтан бірінші – Қартбай Байтоғаев; 2. Автор – Ханзипа Бәлдікқызы.