• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

Кешкілік өз елімді сағынамын

640 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алғанымызға 19 жыл толар тұста өз елімде, өз жерімде, тіпті өз үйімде отырып дәл мұндай рухани жалғыздық күйін кешемін деп ойламаппын. Біреулер маған қалжыңдап болса да азат еліңде еркелеп өмір сүріп жүріп, түн жамы­лып, өз үйің-өлең төсегіңде түрлі-түсті теледидарға қарап оты­рып, өзіңнің Қазақ еліңді сағынар­сың десе, мен оның қисық сөйлеп тұрған аузын онан сайын қисайтып жіберер едім. Ұлттық тірлігіңді, болмысыңды жоғалтып, ішің удай ашып жыларсың десе, сол адамның қисық аузын қайыспен қатырып тұрып тігіп тастар едім. Құдай сақтасын, ондай сөз естімедім. Бірақ құдай тас төбемнен ұрған­да кешкілік теледидар алдына оты­ра салысымен сізге өтірік, маған шын қазақ теледидары шын мәнін­де мені шетелдік көрерменге ай­нал­дырады да жібереді. Көгілдір эк­ран толы өзге елдің тірлігі. Со­ның ортасында бір қазақтың ай маңдайлы жүзін көре алмай, қон­жиып мен отырамын-ай, жаным құлазып. Оның үстіне күндіз де, түнде де, түскі, кешкі аста да, той-томалақта да шетелдің елесінен құтыла ал­майсың-ау, алмайсың. Дос-жолдас­тарыңның өзі аман-саулықтан соң “Күзгі жапырақтарды қайта көріп жатырсың ба? Ферхунде сұмырай­ды айтсаңшы”, деп сені жат елге жетелейді. Соңғы кезде теледидардың ар­қа­сында тағы бір айқай-аттан шық­ты. Ойбай, “Женщина солнцаны” “ЕлАрна” қазақшалап қайта беріп жатыр. Қазақстанда “Ант” жүріп жатыр. “Евразияда” “Одержимый” көрсетілуде. Құй сеніңіз, құй сен­беңіз, қарапайым халықтың әңгіме ауаны осындай. Олар өзге елдің адамдарының тірлігін қызықтап, солардың тілеуін тілеп әлек. Кеш­кілік бірі түріктеніп, бірі қытай­ланып, бірі корейленіп, бірі орыс­танып шыға келетіндіктен, ой-жүйе­сі де, таным-түсінігі де, арман-мүддесі де мүлдем өзгерген. Өзгер­мей қайт­сін, қас қарайғаннан бас­тап, Қазақ елінің қазақ теледидары – қара­пайым халқымыз көретін барлық дерлік каналдар – сенің қазақ еке­ніңді ұмыттыруға күш салатын­дай. Бір күн емес, жылдар бойы. Санаңа қаласаң да, қала­масаң да шетелдің өмірін саумал­дап құяды да тұра­ды. Өзгенің тылсым тірлігін қызық­тап отыр­ғанда өзіңнің кім екеніңді ұмытуың заңды құбылыс қой. Мына жаһанданып келе жатқан заманда ақпараттық шабуылдан қайда барып бас сауғалайсың? Сенің өз мемлекетіңде бұдан да ға­жа­йып оқиғалар болып жатады. Шетеліңнің тірлігі әдіра қалсын оның қасында. Тек сол өз өміріңді көгілдір экраннан көре алмай, іздеп таба алмай пұшайман болғаның қиын екен. Ол құзырды барлық канал басшылары басқа мемлекет­терге беріп қойғандай. Жалынып, жалпайып қаржыға шетел фильм­дерін сатып алған. Көрсең де көресің, көрмесең де көресің. Ал біздің өмірімізде де шетел­дегіден бір де кем емес түрлі оқи­ғалар болып жатыр. Ең болмаса оқи­ғаның ізін суытпай деректі фильм түсіруге болады ғой. Қаржы жоқ деп қалтасын қағып отырғаны. /шетел киносын сатып алуға қар­жы оп-оңай табылады/. Алысқа ұзамай-ақ бір ғана Алматы облысындағы Қызылағаш оқиғасын алайықшы. Рас, күн са­йын барлық баспасөздер мен теле­­дидарлар ақпарат жариялап тұрды. Дауымыз жоқ. Бірақ солар­дың бірде-бірі осы табиғат апатының ас­тарында үлкен саяси қателік жат­қанын, стратегиялық мәні бар объектілерді жеке меншікке беруге болмайтынын, пайда қуған бір адамның кесірінен мыңдаған адам азап шегетінін, мемлекет қыруар шығынға бататынын жеріне жеткізіп, ашық айта алмады. Ресей телеканалдары бүкіл елдегі ормандардың өртенгені жайлы сан мәрте хабар көрсетіп қана қойған жоқ. Халықтың жай-күйінен ақпарат беріп, өрттің себебі мен салдарын, сабағын пысықтап жатты. Халқына зиялы қауымның пікірін тыңдатты. Ал бізде қалай? Аз уақытта мемлекет “Ертегі ауылын” салдырды деп биылғы таби­ғат апатының сабағын сарала­мауға бола ма?! Қызылағаш су апа­тында жай халық өкілдері бас­тарын өлімге тігіп жапа шеккен­дерді құтқарған. Сол батырлардың бірде-бірін елге танытпаған баспа­сөз өкілдеріне не айтарсың. Оны да кешірелік. Ал төрт айда өркениетті ауыл салу оңай болып па десеңізші. Қандай мемлекет осындай кемелді ісімен көзге түсіп еді? Біз қаласақ та, қаламасақ та ақсулықтар Қы­зыл­ағаш трагедиясын бір адамның су қоймасының қожасы кесірінен болғанын ешқашан ұмытпайды. Сол біреу – су қоймасының қожасының теледидарда бейнесі де көрсетілген жоқ. Ол азаматтан бір журналист сұхбат та алмады. Неге? Десек те, осы оқиға еліміздің бе­ре­ке-бірлігін танытты, көп ұлтты хал­­қымыз Алланың сынағынан сүрін­­бей өтті. Елбасымыз алғашқы күннен бас­тап-ақ Үкіметке қаржы бөл­гізіп, бә­рін өзі бақылап отырды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бен облыс әкімі Серік Үмбетов жы­лап-еңіреген қызылағаштық­тардың ортасына келіп, үміт шыра­ғын жақ­ты. Алайда халық пен құрылыс­шы­лардың, бас­шылардың рухани ерлігі, дәлірек айт­сақ, Алма­ты облысы басшылары­ның жан­кеш­ті­лігі кейбір БАҚ-тарда кең кө­лем­де жазылған жоқ. Ал біздің аға­йындар темірді қызған кезінде соқ деп табиғат апатының зардабы мен са­бағы жайлы жұрттың жанын тол­қы­тардай деректі фильм түсіріп, көр­сету­ге асығар емес. Жаңа ауыл салы­нып біткен соң тіпті асық­пайтын шығар. Қазақстан халқы осы су апатын өз қайғысы деп қабылдады. Оған ұйытқы болған да өз ұлтымыз. Тал­дықорғанның кейбір зиялы қауым өкілдері той жасаудан бас тартты. Мысал келтірейін. Жазушы Тұрсын Әбдуали өзінің 70 жылдық мерей­тойына шақыру билетін тара­тып қойған болатын. Ол таби­ғат апаты туралы қайғылы хабарды есті­ген соң, “Халқым қан жылап жат­­қанда қалай мерейтой өткізе­мін”, деп қуанышын кейінге қал­дырды. Қараталдық облыстық мәс­лихаттың депутаты Тұр­сын Ос­панов та өзінің 60 жыл­дық мерей­тойын кейінге шегерді. Дос-жаран­дары, туған-туыстары бұл шешімді түсіністікпен қабылдады. Мұндай мысалдар өте көп. Міне, ұлттың ұлы­лығы дегеніңіз осы емес пе? Кісі­ліктің де үлгісі-өнегесі осы емес пе? Біздің Қаратал өңірін де тасқын су басты. Қаратал өзенінің суы кемерінен аса жаздады. Оған жан­таласып бөгет салынды. Бар өзен Балқаш көліне құйылады ғой. Асып-тасқан Қараталдың төменгі сағасын­да үш ауыл бар: Ақжар, Көпбірлік, Дөңши деген. Қарттар мен ауру-сыр­қаулар, балалар аудан орталығына көшірілді. Елде мал-жан қарауыл­да­ған­дар ғана қалған еді. Топан су ауыл тұсындағы өзен бөгетінің ке­мері­не жете бастағанда Наурыз тойы келген болатын. Сон­да Қаратал ау­данының әкімі Қы­дыр­келді Медеуов те су апаты­нан қатер төнген ауылда Наурыз мере­кесін ауыл тұрғындары­мен бірге қарсы алды. Біз болсақ, өлкемізде жерленген 18 әулиенің рухына сыйынып, ел-жұрттың амандығын тілеумен болдық. Аудандағы Жылыбұлақ ауылын да топан су басқан болатын. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің ақпанның алғашқы күндерінде берген нұс­қауын бұлжытпай орындауды бас­шы­л­ыққа алған әкім бас арықтағы қатқан мұзды бұздырып, өзен ке­мерін бекітіп, адам шығынын бол­дырмады. Мал шығыны ғана орын алды. Қараталдық жерлес­терімнің су тасқыны кезіндегі жанқиярлық еңбегі ертегідей. Бірақ олардың бірде-бірі өздерін батыр­мыз демейді. Мұны мен жазып отырған себебім, қазақ халқының өмірі түрік, қытай, корей сериалдарының шым-шытырығынан миллион есе қызық дегенді айтқым келген. Шет ел киносы көрсетілсін. Бірақ бар­лық экранды халық тынығатын уақытта соларға меншіктеп берудің не жөні бар? Азаттықты армандаған елдің халқының аңсағаны жаттір­лікке табыну ма еді? Күндіз ел-жұрттың бәрі тіршілік жасайды. Мына аласапыран заман­да күнкөріс қамы да оңай емес қой. Таңның атысынан күннің батысы­на шейін қайнаған еңбек. Әсіресе, ауылды жердің тыныс-тірлігі тым ауыр-ақ. Қарбалас тынып күн де батады. Кешкі ауқаттан соң арқаң босамай ма? Газет-журналыңды алып оқисың. Сонан соң әлем те­ре­­зесіне бейілің аумай ма? Қызық дәл осы жерде басталады. Қас қара­йып, көз байланған соң, дәл ел-жұрттың тынығатын шағында көрермендер көзайымы болған бар­лық каналдар бірімен-бірі жары­сып шетелдің шытырман фильмдерін көрсете бастайды. Көрсетсін. Көңіліңді ауласа, тағылымы болса, оның несі айып? Әлемнен оқшау­ланып қайда барамыз біз? Үлгі алар өнегесі болса, нұр үстіне нұр жаумай ма? Бірақ, өкінішке қарай, тағылым алар дүниелер таптырмай тұр-ау! Әрине, менің пікіріме реніш білдіретіндер табылар. Мен қазақ ұлты көретін барлық каналдар өз міндеттерін ойдағыдай атқармай отыр деген ойдан аулақпын. Бар­лық каналдардың бағдарламалары әрқи­лы, мазмұнды, мақтарлық, мақ­танарлық жобалар да жеткілікті. Кө­рермен күні бүгінге шейін “Шын­­­­­ның жүзін”, “Ақжүністі”, “Құл­­­төбе­ні”, “Алтын сақаны”, “Қа­зақ­­шаңыз қа­лайды?”, “Қазақ­тың жүз әнін”, та­ғы басқаларын сағы­нады. Мәселе кеш­кіліктегі жағ­дай жөнінде болып отыр. Кеш­кілік қазақ халқы­ның, қазақ жас­тарының бойындағы пат­риот­­тық сезімді, ұлттық рухты кө­те­ре­тін бір жоба бар ма? Жоқ. Кеш­кілік Қазақ елінің Тәуелсіздік алған­дағы, ал­ғаш­қы өтпелі кезеңдегі қиын­дығы мен қуанышын, адами бол­мысты сақтап қалудағы жанта­лас­қан рухани күресін көрсеткен бір кино бар ма? Жоқ. Биылғы екі облыс­тағы (Шығыс Қазақстан және Алматы) көктемгі топан судың зардабы жайлы деректі фильм бар ма? Жоқ. Ресейлік жур­налистер бел­сенділік танытып, темірді қыз­ған кезінде соғады, оқи­ғаның ізін суыт­пайды. Біз ше? Екі рет ғұмыр сүре­тін­дей неге асықпай­мыз осы? Аспан­нан теңге жауатын күнді күтіп, экра­нымызды шатты-бұт­тымен толтыра береміз бе? Кейбір арна басшылары қыран қазақтарды түнгі жарқанатқа айналдырып жібергісі келеді. 50 х 50 міндетін орын­дау үшін тұп-тура түн жарымы ауғанда қазақ тіліне ауда­рыл­ған киноларды көрсете бастайды. Мұ­ның артында “Ана тіліңді сый­лай­тын болсаң, кірпік ілме, ұйық­тама қазақ” деген мысқыл жатыр, әрине. Жастар спутникті теледидар көре­ді. Ал оны ашып қалсаңыз төбе шашың­ды тік тұрғызатын көрі­ністер... Жалаңаш әйелдер, айма­ла­сып жат­қандар. Атыс-шабыс, өлім-жітім... Өзін-өзі асып, атып жатқан­дар. Құдай басқа салмасын, осын­дай анайылықтан жүйкесі қозып, көзі қарауытқандар көшеге шыға салып, көзіне көрін­генге (ұят та болса айталық) шауып жатыр. Жасыратын не бар, қазір жастар арасында суицид көбейіп барады. Жоқтан өзгеге бола кейбір жасөспі­рімдер өзін-өзі асып тастайды. Олар үшін өмірдің құны бес тиынға татымайды. Өйткені, экранда кісі өлтіру ойыншық қой. Байлық қуған ата-анасы балаларымен сырласуға да уақыт таппайды. Кез келген қазақ бала­ның көйлегі көк, тамағы тоқ бол­са болды деп санайды. Шынайы өмірге бейімдей алмайды. Компью­тердің ойыны бір қажайды, кешкілік атыс-шабыс, қатыгездік шыбын жанын тағы жаралайды. Басқа әлем, басқа тірлік, басқа ұлт бейнесі. Қан­төгіс. Төбелес. Супер­мен адам­дар. Бұл ұлттық санаға ақпараттық шабуыл­дың нақ өзі екенін біле тұра, олардан жастарды қорғауға талпын­бай, жасөспірімдер арасында қыл­мыс көбейіп барады деп дабыл қақ­қан боламыз. Сирек болса да көгілдір экран­нан қазақ тұрмысы жайлы фильм­дер көрсетіледі. Өкінішке қарай, кейбіріндегі қазақ тұрмысынан жаның шошиды. Асанәлі Әшімов ойнаған бір кинодағы тоқал тамды режиссер қайдан тауып алды екен деп ойлайсың. Қазақты кедей­шілікте көрсету нағыз қылмыс деп санаймын. Үй тұрмысы да насихат емес пе? Басқа облыста соқпа там­дар бар шығар, ал Жетісу өлкесінен ондай үйді қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсың. “Айтыңызшы, апай, қазақ режиссерлары қазақ халқының тұр­мысын неге жүдеу етіп көр­сетуге әуес?” деген сұрақты мен жиі ести­мін. Жауап айта алмаймын. Иә, қазақтың қай киносын алсаңыз да қазақтардың киімі де жүдеу, үйі де нашар, тұрмысы да кедейшілікті насихаттап тұрады? Неге? Ұлтымыздың әлемді таңқал­дыр­ған кісілігі, адамсүйгіштігі тасада қалады. Қазақ деген жер жүзінде кездеспейтін ең ерекше ұлт қой. Құдай оның бейіліне орай кең бай­тақ жер берген. Ұлттық намыстың үлгі-өнегесін желтоқсандықтар көрсетті. Ұлттық намысты қорла­ған­да жан қиюға барды. Міне, дап-дайын сценарий. Қазір де аяқ бас­қан сайын қазақтардың рухани ерлігіне жолығасың. Соны көретін көз неге табылмайды!? Қазіргі заман жайлы деректі тұрмақ, көркем фильм де жоқтың қасы. “Жетімдер” фильмін мысалға алайықшы. Қазағымның ең басты адами қасиеттерінің бірі – ғажа­йып балажандылығы. Кез келген қазақ бала үшін жанын қиюға бар. Мұндай мысалды өмірден көптеп кездестіріп жүрміз. Ал “Жетім­дерде” бес қабатты үйдің астына түнеп жүргендерді бір қазақтың көрмеуі мүмкін емес қой. Жарайды мұны авторлық ұстаным делік. Ав­тор заманның қатыгездігін көрсет­пек болған шығар. Ал қаршадай баланың өлген қарындасын шанаға салып молаға апаруы тіпті ұлттық шындыққа жанасымсыз-ақ. Өйт­кені, қазақ халқы әруақты сыйлай­тын ұлт емес пе? Қандай марқұмды жаназа шығармай жерлеуші еді. Иә, бұл киноны кәсіпқой режис­сер түсірмеген. Сөйтсе де жастар оны сүйіп көреді. Жаралы сезімді де... Неге? Онда аздап болса да заманның шынайы тынысы бар. Біздің әрқайсымыз экраннан өз өмірімізді көргіміз келеді. Қазақ халқының шынайы толғамды ты­ныс-тіршілігін көргіміз келеді. Өзі­мізді өнер әлемінен танығымыз ке­ле­ді. Тіпті шетел фестиваль­дары­нан жүлде алған фильмдер мүлдем көр­сетілмейді. Халыққа ұсыныл­майтын киноның жүлдесінен не қайыр? Шынымды айтсам, түнде (күндіз жұмыстамыз ғой) менің бо­йымды белгісіз мазасыздық билеп, Қазақ елін, қазақтардың сұлу бет-бейнесін көгілдір экраннан көре алмай сағынатын болдым. Өзге­лердің тіршілігі әбден жалықтырып бітті. Шетелдің үй-ішінің күйбең тіршілігіне телміртіп қойған тағдырға налып, өз әріптестеріме ренжіп, қолыма қалам алдым. – Кешкілік жаның жабығады? – дейді менің замандастарым. – Кешкілік қазақ болмысы неге жоғалады? – дейді әріптес­терім. – Кешкілік шетелдің отбасы­лық көк мылжың киносы неге қайта-қайта көрсетіледі? – дейді тамыр-таныстарым. Кешкілік мен де көгілдір экран­ға телміремін. Өйткені, менің де ел айтқандай оң иығымда пе­ріш­те, сол иығымда сайтан оты­ра­тын шығар. Сайтанның сайтан ойынан құтылудың бірден-бір амалы теледидарды қызықтау емес пе? Алыс та болса жақын жат ел­дер­дің сериалдарын тамашалап болған соң бақытты сәтімді асыға күтемін. Ол – түн жарымынан ауған соң ойналатын қазақ мемлекетінің гим­ні. Осы құдіретті елұран бәрімізді де дүние жүзіне қазақ деп таныс­тырып жүр ғой. Сол айбынды елім аман болсын деп қазақ болып туып, аман жүргеніме қуанамын. Мәкен ӨСЕРБАЕВА, Қазақстанның құрметті журналисі. Талдықорған қаласы.