• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Қамқорлық – қазақтың қанында бар қасиет

2973 рет
көрсетілді

Алдыңғы күні Астана­дағы Конгресс Холл са­райында еліміздің Атымтай жомарттарына ІV ұлттық қоғамдық “Алтын жүрек” сыйлығы салтанатты түрде табысталды. Шара рес­публикамыздағы қайы­рым­дылықты дамыту және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, зағиптар мен құлағының мүкісі бар жандарға көмек көрсетуді одан әрі жалғас­тыру мақсатында іске асырылды. Сахна шымылдығы Астана қа­ла­лық балалар хорының “Бақыт ту­ра­лы” жаңа әнді орындау пре­мье­расымен түрілді. Жүздерінен мейі­рім мен күлкі, шаттық табы сезіл­ген бүлдіршіндердің бұл концерт нөмірі залға қайырымдылық пен меценаттықтың қанат жаюына ықпал етіп келе жатқан “Алтын жүрек” жеңімпаздарына жылы леп әкелгендей болды. Бұл іс-шара осымен 4 рет өткізіліп отыр. Биыл бұған шақырылған лауреаттар өмірі ерекше оқиғаға толы деуге болады. Себебі, марапаттау рәсімі елорда­мызда алғаш рет өткізілуде. Атақты педагог В.Сухомлин­ский бір кездері балалық шақ ке­зеңі бұл ең алдымен жүректі тәр­биелеу кезеңі деген-тін. Қайырым­дылықты елден, ал пайымдылықты қариядан үйрен дейді халқымыз. Ұлтымыздың кемел келешегі жас ұрпақты тал бесіктен жер бесікке дейінгі екі аралықтағы өмірінің мәні боларлық адами қасиеттер мен әдет-ғұрыпты бой­ларына сіңіруді біз үлкендер арқылы үйренеміз. Егер бала­ларымыз айна­ламыздың көзқарасы мен мейірім­ділігін қаншалықты ерте сезінсе, ол соншалықты құндырақ бола түседі. Осыны ерекше ескер­ген іс-шараны ұйымдастыру­шылар салтанатты кешті “Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін” номинациясын алдыңғы кезекке шығарудан баста­ды. Бұл аталым­дағы “Алтын жүрек­ке” 10 адам ұсы­нылған екен. Олардың ара­сын­­дағы мысалы, Қызылорда қала­сындағы “Ұмай” мектепке дейінгі балаларға арнал­ған сауықтыру-тәрбиелеу қайы­рым­дылық бас­панасы” меке­ме­сі­нің басқарушысы Анар Ізден тұрмысы төмен от­басылардың ата-аналары мен бала­ларына, сондай-ақ өз ба­ла­­ларын тәрбиелеп ұстауға уақыт­­ша мүм­кіндігі жоқ отбасы­ларға әлеу­мет­тік қолдау арқылы мемле­кетке үлкен көмек көрсеткен. Атап айт­қанда, пси­хоневрология ауру­ларына шал­дыққан 103 балаға Арал қала­сында тегін стацио­нар ашып бе­ріпті. Ал Ақтөбе об­лысын­да­ғы, Әйтеке би ау­да­ны­ның азама­ты, сон­­­да­ғы “Ком­со­­мол” ЖШС бас­шы­­­сы Ви­талий Волы­нец Х.Ақ­­­­чурин атын­д­ағы ба­лалар үйіне қам­қор­лық жасауды өз мойнына алған. Ба­ла­лар үйінің қажетті­ліктері мен шығын­дарын В.Волынец отбасы­ның жеке қа­ражатынан бөледі екен. Мұндай жаны жайсаң азамат­тары­мыз қаншама. Деген­мен, бұл сала бо­йын­ша жоғары марапат­қа ал­маты­лық “Перзент” отбасы типтес қайырым­дылық бала­лар үйі” жеке меншік мекемесінің прези­денті Әми­на Әжі­баева ие болды. Соңғы 15 жыл ішінде ата-анасының қам­қорынсыз қалған балалар мен жетім балаларға көмек көрсетіп жүрген бұл жылы жүректі жан ісінен еліміздің көпшілігі хабар­дар. Бүгінде “Пер­зентте” 40 бала тәр­бие­­­ленуде. Әмина Әжі­баева­ға жү­рек тәріздес қан там­шысы бар мүсін мен шыныдан жасалған жан таза­лығын білдіретін дипломды “Дәуір” баспа үйінің президенті Свет­­лана Назар­баева мен өткен жыл­ғы осы номинация бойынша жеңімпаз атанған Есіркеп Есім­ханов табыс етті. “Алтын жү­рек­ті” алуға сахнаға көтерілген Әмина қажының соңы­нан томпаң­дай ерген бүлдіршіндер бір-бірден гүл ұсынды. Қандай да бір қайғы оның ал­дындағы үрейден қорқынышты емес. Келесі номинация өзгелердің қиын­дығы алдында өз абыржушы­лығын жеңіп, оларға күн сайын көмек көрсеткен жандарға арналды. Дәлірек айтсақ, “Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін” тап­сырылатын “Алтын жүректі” елі­міз­дің Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбді­халықова мен “Эйр Астана” өкілі Ербол Оспанов “Джей Ти Ай Қа­зақ­­стан” ЖШС өкіліне табыс етті. Бұл серіктестік “Болашақ” жасөс­пірім балалар клубының жағдайы төмен отбасыларына демеушілік көрсетіп келеді екен. “Зағип мүге­дектерді кәсіби оқыту” атты жобаны жүзеге асырыпты. “Қазақ соқырлар қоға­мы” ЖШС мекемесін іске қосқан. “Талғар пси­­хо­невро­логия­лық” үй-интер­наты” ММ-ге қаржы бөліп, Қы­зылағаш ауылында зардап шеккен­дерге материалдық қолдау көр­сеткен. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осыларды тілге тиек ете келіп “Алтын жү­ректі” ұйым­дастырушыларға үлкен алғысын жеткізді. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Н.Назар­баев “Парыз” әлеуметтік марапа­тын ұсын­ған болатын. Ал бұл жоба осындай жобалардың жақсы жалға­сы. Өз кезегінде “Алтын жүректі” иемденуші JTІ компания­сының басшысы шараны ұйымдас­тыру­шысы “Бауыржан” қорына зор алғысын жеткізді. Әлеуметтік жауапкершілік бұл – Қазақстанда еңбек ететін барлық компанияның алдындағы міндет. Көп айтқымыз келмейді, керісінше, көп іс тын­дыр­­ғымыз келеді деген ол бұл сыйын өмірден озған Иран Омар­бековке атайтынын жеткізді. Бұдан соң тумысынан құлағы естімейтін Алматы мемлекеттік қызмет көр­сету және технология колледжінің сту­дент­тері “Ым арқылы” ән айтып берді. Жан дү­ниеңді астан-кестен қылып жібе­ретін көрініс. Сым­батты, бой-сой­лы үш жас бала ор­та­ға шықты да ана туралы әнді қол-қимыл қозға­лыстарымен көрсете бастады. Әуені жаныңды тербейтін анаға арналған сағыныш әнін дыбыстап айтпаса да, жүрек тұсы мен құшақтағанды көре отырып, көзге жас келді. Парламент Мәжілісі депутат­тары белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Майра Айсина өз әріптестері Нұртай Сабильянов­қа “Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін” номинациясын тапсырды. Лау­реат Алматы облысының Қы­зыл­ағаш ауылындағы мектеп оқушыларының киімдеріне қаржы аударып, жекелеген жандарға шәкіртақы түрінде қолдау көрсетіп келеді. Семей өңірінің Баршатас, Ақтоғай, Бозай, Құндызды Архат ауылдарына музыкалық аспаптар алып берді. Нұртай Салихұлының азаматтығын көрген жандар көп екені шындық. Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын демей ме қазақ атамыз. Төлеген Мұхамед­жанов сыйлықты ұсына тұрып, қазақ қайырымдылыққа ерекше көзбен қараған, үйіндегі тәтті нәр­сені балаларына бермей, құрметті қонағына сақтаған баба жолы бүгінде ең қымбатын өзгеге беру, жомарттық таныту болып табылады дей келіп, бүгін Нұртайдың көпті сыйлағаны үшін бағы жанған күн деген жүрекжарды сөзін айтты. Халық қалаулысы бұл марапатқа асып-таспай, салиқалылық көрсет­ті. “Ұйымдастырылып отырған іс-шара қоғамға да, халқымызға да қажетті іс-шара. Мұндай іске бар­лығымыз атсалысуымыз қажет. Жалпы, осы елдің байлығын осы елге, осы елдің жастарына, өз қо­ғамы­на арнауымыз керек. Қыз­метте жүрген, қалтасында қаржысы бар, атқа мінген азаматтарымыздың барлығы басты қағида-қайырым­дылықты естен шығармауымыз тиіс деп ойлаймын”, – деді. Әрбір номинацияға лауреат болудың өзі жеңіспен пара-пар. Өйткені, қайырымды жанның дер кезінде жасаған жақсылығының құны өлшеусіз. Жадыраған күлкі оның ең жақсы қайтарымы. Кез келген ғылымның негізінде қара­пайым ақиқат жататыны секілді, білім алудың негізінде оның алғы­шарт­тары жатады. Ал осыларға қам­қор­лық жасау үлкен жүрек­тілікті білдіреді. Мемлекеттіліктің бір бел­гісі, төрткүл дүние спорт­тағы жетістіктерің үшін назар ауда­рады. Мықты бәсекелестік те осы салада туады. Қазақстан­дықтардың халық­аралық деңгейдегі спорттық жетіс­тіктері еліміздің көшбасшы елдер қатарында болуына ұмтылыс береді. Сондықтан спорт саласын қолдау қоғамдық қызметтің қашан­да басты назарында. “Спортты дамытуды қолдағаны үшін” Пар­ламент Мәжі­лісі депутаттары Ирак Елекеев пен Айгүл Соловьева “Бо­гатырь Көмір” ЖШС-на “Алтын жүрек” мүсінше­сін табыс етті. Бұл мекеме ел бад­минтоны ұлттық құрамасына, сон­дай-ақ “Саңырау­лардың спорт ода­ғы” ҚБ, “Спорт­шыларды қолдау қоры” ҚБ-ға 19 млн. теңге қаржылай көмек көр­сеткен. “Екібастұз футбол клубы­на” 30 млн. теңге бөлген. “Ал­тын жүректің” “Ар­дагерлерге көрсет­кен құрметі үшін” номина­циясына Алматы қаласы мәс­ли­хатының де­путаты Құсман Шалабаев ие бол­ды. Ол ҰОС арда­гер­лері мен Ауған соғысы ардагер­леріне үнемі көмек қолын созып келе­ді. Қайы­рым­ды­лық­қа жал­пы көле­мі 35 млн. 280 мың теңге кө­ле­мінде қаржы жұм­­­саған жан шы­на­йы құр­метке бө­ленуге әб­ден ла­йық­ты деді тілек білдірушілер. Осы орайда арда­гер­­лерге үнемі кө­мек көр­сетіп жүре­тін жан­дарды айта кетпес­ке болмайды. Олар­дың қата­рын­да Альянс Банкі, қара­пайым зей­н­ет­кер Роза Ку­нирова, “Кар-Тел” ЖШС, қызыл­жарлық Сайран Хамзин бар. Сайран Шай­сұл­танұлы ҰОС ардагерлеріне жыл сайын “Егемен Қа­зақстан”, “Казах­стан­­ская правда” сын­ды басылым­дарды тегін жаз­дырып береді. Ал ОҚО облыстық қарт­тар қоғамының төрағасы Жеңіс­бек Мәуленқұлов 10 ай ішінде 4 420 ардагердің тегін емделуіне көмек берді. Жыл сайын оларға материал­дық көмек жасап келеді. Құрметтің бағасы шексіз. Сон­дай-ақ шым­кенттік жеке кәсіп­кер Абдукахар Пайзахметов “Дос­тық” және “Қы­зыл­жар” аудан­дарында мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған үй салып, “Жұл­дыз” ауылында медресе аш­қан. Сол үшін де ол “Жыл меце­наты” номи­нация­сы бойынша мара­патталды. “Время” газеті “Ақпарат­тық қол­дау­шы” номина­циясы бо­йынша “алтын жүректі” атанды. Газет аяқ­сыз дүниеге келген Әли Тұрғын­баевқа протез жасауға 40 мың евро көлемінде ақша жинауға көмектес­кен. “Қазақ мұнай және газ инс­титутының” бас директоры Ұзақбай Қарабалин мен халық әртісі Роза Рымбаева “Жылдың қайырым­ды адамы” аталымымен Болат Әбілов­ті марапаттады. “Жыл ұйы­мы” номи­нациясы бойынша “Қаз­мұнайгаз барлау және өндіру” АҚ ма­рапат­талды. Ал Сарқыт Тө­леуішова “Өнер және қайырым­ды­лық” номи­нация­сымен жеңімпаз атан­ды. “Ал­тын жүректі азаматша” өнер сала­сында ауыл­дық жерлерге жасайтын қайы­рымдылық істері­мен белгілі. Ерік-жігері мықты адам ғана қайырымды бола алады дейді ха­лық даналығы. Мінез еркіндігі мен жүрек жұмсақтығын қатар алып жүрген жан ғана қайырым­ды­лық­пен айналыса алады. Ал осындай шараны ұйымдастырған Жұлдыз Омарбекова мен “Бауыр­жан” қа­йы­рымдылық қоры алтын жүректі таныған нағыз “Алтын жүректер!” Венера ТҮГЕЛБАЙ.