2010 жылдың мамыр айында жарияланған Әлемдік бәсекелестік туралы баяндамаға сәйкес (Халықаралық менеджмент даму институты ІMD) Қазақстан өткен жылғы көрсеткішінен 3 дәрежеге көтеріліп, 58 елдің ішінен 33-ші орынға шықты.
Қазақстанның негізінен статистикалық деректерден құралған ІMD рейтингісі бойынша соңғы екі жыл ішінде жоғары орынға көтерілуі еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқандығының нақты динамикасын көрсетеді. Бұл рейтингіге қатысушы мемлекеттер санының шектеулі болуы берілген бағаның артықшылығын көрсетсе керек.
“Doіng Busіness” Бүкіләлемдік банкінің соңғы рейтингі бойынша 2010 жылы Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда өзінің дәрежесін 1 пунктке көтеріп, 183 мемлекеттің ішінен 63-ші орынға шықты. Жалпы алғанда “Doіng Busіness” рейтингісі бойынша тұрақты оң динамикалардың сақталуы байқалады: Қазақстан 2008 жылғы 72-ші орыннан 2010 жылы 63-ші орынға көтерілген.
Сөйтіп, соңғы жылдардың рейтингі бойынша Қазақстанның көрсеткіштері барған сайын жақсарып келе жатқандығын атап өту керек. Мәселен, ІMD және “Doіng Busіnes” рейтингтері бойынша еліміздің көрсеткіштерінің (ІMD бойынша 2008 жылғы 39-шы орыннан 2010 жылы 33-ші орынға, “Doіng Busіness” 2007 жылғы 71-орыннан 2010 жылы 63-ші орынға дейін көтерілген) біршама жақсарғандығына көз жеткізуге болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан халықаралық ұйымдардың бәсекелестікке қабілеттілік жөніндегі рейтингісі бойынша ортаңғы қатарда келеді. Алайда, еліміздің алдағы уақытта бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға толық мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және әлемдік сахнадағы беделін көтеруге жағдай жасайды.
Қазақстанның экономикалық дамуының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесінде орын алған проблемалармен қатар жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Қазақстан үшін адам капиталын дамытудың, экономиканы әртараптандырудың, инновацияны өндіріске енгізудің, әкімшілік кедергілерді азайтудың өміршең мәні бар. Осыған қарамастан, соңғы рейтингтерде еліміздің макроэкономикалық тұрақтылық мәселелері жоғары өсу баспалдақтарына көтерілген.
Алда тұрған міндеттер мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанның әлемдегі ең бәсекеге қабілетті елу елдің құрамына кіру мақсаты 2010 жылғы 1 ақпанда қабылданған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады. Стратегиялық жоспар бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық салада ғана емес, сонымен бірге сыртқы саясатта, мәдениет, білім және сот салаларында да басымдыққа ие болған.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.