• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Отандық сапаға сенім

401 рет
көрсетілді

“Интергранитстрой” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі облыс­тың өндірістік картасында 2004 жылы пайда болған еді. Өркенді істерге қадам бастаған ұжым араға көп уақыт салмай заманалық та­лап­тарға сай жаңа тас қашау зауы­тын пайдалануға қосты. Қазір мұн­да гранит, габбро, мәрмәр тас­тар­дан жасалған 40 түрлі өнім шы­ға­рылуда. Жұмыс италиялық жоғары дәлдіктегі станоктармен атқары­лады. Кәсіпорынның облыс аумағындағы бес карьері шикізат қорын үнемі толықтырып отырады. Құрылыс жұмыстарының барлық түрінен тиісті сертификатқа ие зауыттың әріптестері қатарында Қа­зақстанның, Ресейдің, Еуропа­ның ірі құрылыс ұйымдары бар. “Интергранитстрой” құрамындағы 48 адам сапа көрсеткіштерін жоға­ры деңгейде ұстауды мұрат санай­ды. Оны тұтынушылар тарапынан бірде-бір ес­керт­пенің тір­кел­ме­гендігімен де дә­лелдеуге болады. Көкшетаулық кәсіпорынның ха­лықаралық беделі шетелдік әріп­тес­тердің де назарын аударып отыр. Жуырда зауыт бас­шысы Спи­ри­дон Джейранов Ұлыбританияның Оксфорд қала­сын­дағы, әлемнің 30 елінің өкіл­де­рін біріктіретін, Еуропа бизнес-ассамблеясының (ЕВА) ХLVІІ салтанатты мәжілісіне қатысып қайт­ты. Осынау айтулы шараның куәгері болудың өзі үлкен жетістік десек, жерлесіміздің “Оксфорд лидерлерінің саммиті” бағдарла­ма­сы шеңберінде, алты номинанттың ішінде “Жылдың үздік топ-ме­неджері” атанып, ол басқаратын зауыт “Жылдың үздік кәсіпорны” жүлдесін жеңіп алуы өңір өмірін­дегі елеулі оқиға саналады. Ежелгі аристократтық дәстүрлер өзегіндегі салтанатта Еуропа биз­нес-ассамблеясының бас дирек­торы лорд Джон А. Неттин, Оксфорд мэриясының канцлері лорд Брайн Кин құттықтау сөз сөй­леп, көкшелік кәсіпкерге құрметті айырым белгілерін тапсырды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.