• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Туған жерге ту тіккен батыр ұрпақтары бабасына ескерткіш орнатып, саябақ ашты

1204 рет
көрсетілді

Найманбай батыр бабамыз Қа­ра­сай мен Хангелді, Шапырашты Нау­рыз­бай, Қанжығалы Бөгенбай, Қа­ра­керей Қабанбай, Райымбек сынды ай­бын­ды ерлерімізбен пара-пар тұра алатын асқақ тұлғаның бірі. Оның ар­тында қалған аңыздар мен әпсаналар уақыт зердесіне жазы­лып қалғаны осы өл­ке­дегі бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін мәлім. Әрине, елі мен туған жері үшін етігімен су кешіп, түн қатып, түсі қашқан кездерінде алыс-жақын жаулары­мен жан аямай күрес­кен батырлардың есімін тізе берсек, сірә, таусылар ма. Десек те, соңғы жи­ырма жыл көлемінде ерен ерлеріміздің ұмыт болуға айналған есімдері елімен бірге қайта жаң­ғы­рып жатқаны зор қуа­ныш. Соның айғағын­дай, өткен сенбіде Бесмойнақ ауылының орта­лығында батыр әрі би болған Най­манбай Айдосұлы бабамызға жасыл же­лекке оранған саябақтың ортасында еңселі ескерткіш ашылды. Осы қуаныштың салтанатына жұртшылық көп жиналды. Онда облыстық мәслихаттың хат­шы­сы Сыдық Ар­дақ сөз сөйлеп, со­ңына мағыналы ұлағат, ұрпағына өне­ге-үлгі қалдырған батырға деген үрім-бұтақ, зәу­за­тының игілікті істеріне мән бере ой толғады. Бүгін қол­ға алынып жатқан шаралардың дені та­рихи сана­мыз­ды жаңғыртып қана қой­май, әрбір жеткіншек өрен­нің бой­ына елжанды­лық қасиетін сіңіре­ті­нін ек­шеп айтты. Осы жарқын қа­дам­ның жүзеге асуына жол­бас­шы бол­ған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Уә­ли­хан Қалижанның бастамасына риза­шы­лығын білдірді. Найманбай батыр ескерткішінің ашы­луын­да Уә­ли­хан Қалижан қазақ елі мен жері үшін жан аямай кү­рескен асыл баба­ла­рымыздың рухы тарих жадында әлі де жаңғыра беретініне тоқталды. Мұның өзі Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың “Қазақ­тың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ – тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан ха­лық” деп атап өткеніндей, ұрпақ­тан-ұрпаққа бірі аңыз, бірі жыр, бірі әпсана болып түрлі қоғамдық құры­лымдардан бізге де тот баспай жетті, сөйтіп ел жадында сақталған біртуар азаматтардың қа­тарында Найманбай ба­тырдың да есімі жар­қырай аталады деген ол. Сөзінің түйінінде ес­керткіш орнатуға ерек­ше қол­­дау көр­сеткен Те­мір­хан, Темірғали Ереке­нов­терге, Елтай Азат­ұлына алғыс білдіре келіп, сән салта­нат­қ­а сай саябақтың енді ха­лық игілігіне қыз­мет ете­тінін мәлімдеді. Ес­керт­кішке Найманбай ба­баның “Ер болсаң шо­шы­ма, ел болып босыма, ағай­ын бір болса, жау жо­ламас қасы­ңа” деген өне­ге­­лі сөзі бе­дерлене жазы­лыпты. Бұдан кейін ел тарихы мен шежіресін құнттауға көп еңбек сіңірген көр­нек­ті жазушы Марал Ыс­қақ­бай сөйлеп, батырдың та­ғы­лымға толы тари­хы­нан кең мәлімет келтіре, маз­мұн­ды әңгіме сабақ­та­ды. Ескерткіштің көгілдір лентасы қиылды. Ақ жау­лық­ты аналар шашу ша­шып, баба аруағына ба­ғыш­­­талып құ­ран оқылды. Ендігі бір сәт­те гүл дес­телеріне орана қалған ес­керт­кіш ұр­пақ­тарының батырға деген пер­зенттік парызының өтеуіндей көрінді бізге. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ----------------------------- Суретте: Найманбай батыр ескерткіші.