Эндрю ТЕЗОРЬЕР, ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Орталығының басшысы:
– Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылғы төрағалығы Қырғызстандағы саяси және этностық тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған проблемаларды шешу үшін “Көк тәңірі жіберген” төрағалық болды.
Тезорьер – ЕҚЫҰ-ға іссапарға жіберілген жоғары дәрежелі британиялық дипломат. Ол бүкіл әлемдегі “ыстық нүктелерде”, оның ішінде Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, Африкадағы, Балкан түбегіндегі және Солтүстік Ирландиядағы азаматтық тәртіпсіздіктер кезінде жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жинақтаған.
Тезорьер Қазақстанның жақындығы және оның өзінің оңтүстіктегі көршісін дұрыс түсінуі, сонымен қатар, елдегі ішкі жанжалдың бүкіл өңірге таралу қаупіне байланысты алаңдаушылығы Қырғызстанның “құздан құламауына” көмектесті дейді.
“Қырғызстанның көзқарасы бойынша, – дейді Тезорьер, – Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде дағдарысты реттеу бойынша өзінің миссиясын толықтай орындап шықты. Әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен және ЕО-мен бірлесіп, саяси шиеленісті ушықтырмау үшін шұғыл шараларға бастамашылық танытты. Қазақтардың қырғыз халқымен туыстық және жақын қарым-қатынасы үлкен рөл атқарды. Олардың ынтымақтастығы мен шешімділігі бірден көзге ұрып тұрды. Шағын Еуропа еліне, мәселен, егер ол ЕҚЫҰ-ға төраға болған жағдайда, тілдік ерекшеліктер туралы айтпағанның өзінде, аталған ахуалдың нюанстарын түсіну анағұрлым күрделі болған болар еді”.
Қырғыз президенті Құрманбек Бакиевтің құлауына алып келген сәуір көтерілісі, Тезорьердің атап көрсетуінше, “екінші цунами” деңгейіне көтерілді. Бұл жерде британиялық дипломат елдің оңтүстігінде орын алған қырғыздар мен өзбектер арасындағы этностық негіздегі қасіретті қақтығысты меңзеп отыр.
“Қазақтар этностық толқулардың бүкіл өңірге таралу ықтималдылығын тез түйсінді”, – деп атап көрсетеді елші. “Олардың іс-қимылдары құр сөзге қарағанда анағұрлым салмақты шықты. Қазақстан гуманитарлық және экономикалық көмекпен қамтамасыз ету үшін нәрлендірушілерді табысты жұмылдыра алды”.
“Қырғызстан әлі де болса проблемалардан толық айыққан жоқ”, – дейді Тезорьер.
Таяуда болып өткен сайлаудан кейін елге алда Үкімет жасақтау міндеті тұр. Сонымен қатар, экономиканы қалпына келтіріп, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа қол жеткізу қажет. “Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Астанада өтетін алдағы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті Қырғызстанға ерекше назар аударатын болады. Бұған дағдарыстарды басқару бойынша алынған сабақтар мен оларды жұмыста пайдалану жәрдемдесуі тиіс”, – дейді Тезорьер. “Саммиттен кейін Қазақстан Литва және Ирландиямен бірге бұрынғысынша ЕҚЫҰ “үштігінде” қалады, сөйтіп, Қырғызстанның саяси келешегінің келесі кезеңі бойынша да ЕҚЫҰ-ға қолдау көрсетудің авангардында болады”.
Жоғары деңгейдегі кездесу өзіндік мақсат болып табылмайтынын атап көрсете келіп, елші былай дейді: “ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретіндегі Қазақстанның жаңа қадамдары мемлекет басшылары мен жұртшылық арасындағы үнқатысуды нығайтуға оң ықпал ете алады”.
“Адамдардың жақсылық күтуі өсе түсіп отыр”, – дейді ол. “Халықаралық институттық құрылымдар, әдеттегісінше, аморфты және қарапайым адамға түсініксіз”. Ол адам өмірін жақсарту үшін негіз ретінде алынған және Біріккен Ұлттар Ұйымымен үйлестірілген Мыңжылдық даму мақсаттарына сілтеме жасай отырып, өмір сапасын жақсарту айырмашылықтарды қысқартуға жәрдемдеседі деп санайды.
Тезорьер ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Орталығы басшылығына 2008 жылдың мамырында келген болатын. Ол Ұлыбританияның Алжирдегі, Албания мен Латвиядағы елшісі, Сириядағы сенімді өкілі; БҰҰ Арнайы миссиясының Ауғанстандағы басшысы және БҰҰ гуманитарлық дала миссиясының Ауғанстандағы басшысы; Ауғанстанды талибтер басқарған кезде ішкіауған бітімгершісі болды. Тезорьер 1985-1991 жылдар аралығында бес жыл бойы Ливанда батыстық кепілдікке алынғандарды босату бойынша жұмыстар жүргізді.
Чарльз ван дер ЛЕУ.