• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2010

Алаштың ардақтысы

749 рет
көрсетілді

Оңтүстікте ел иесі, жер иесі Пір Бекетке арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті “Біз жоқ іздеген халықпыз”,  деген екен Ахаң, қазақтың заңғар ұлдарының бірі Ахмет Байтұр­сы­нов. Жоқ іздеу деген қырға шығып кеткен малыңды емес, та­рихыңды түп-тұқияныңнан бастап түген­деп, асылдарыңның қадіріне жету арқылы олардың ақыл-ойынан молыққан толық­қанды мемлекет болу, мемлекетшіл болу дегенге саяды. Ал ол – бір жыл­дың, жүз жыл­дың емес, мыңдаған жылдар­дың енші­сіндегі шаруа. Алаштың ардақты ұлдары бір өңірдің, бір облыстың иелігінде емес, бар қазақ баласына ортақ болуы керек. Осы ой алтын арқау боп таратылған шараның бірі Оң­түстік Қазақстандағы басқосу дер едік. Атап айтқанда киелі Маңғыс­таудың Оғыланды шыңында жатқан Пір Бекет Мырзағұл­ұлының 260 жылдық торқалы тойы Оңтүстікте “Ел иесі, жер иесі – Пір Бекет” деген атпен халықара­лық ғылыми-теориялық конферен­цияға ұласты. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі бірге ұйымдастырған осы шара Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында өтті. Пір Бекетке ұстаз болған Қожа Ахмет Ясауидың мәңгі дамылдаған өлкесіндегі осынау іске мұрындық болған азамат – Қазақстан Рес­публикасына еңбегі сіңген заңгер, заң ғылымдарының докторы, про­фессор, “Жеті Жарғы және Қожа­берген жырау” қайырымдылық қорының төр­ағасы Бекет Тұр­ғараев. Бекеңді қазақ жұр­ты қабыр­ғалы азаматым деп біледі. Оңтүс­тікте туып өсіп, азамат болып қа­лып­тасып, Солтүстік Қазақстан облы­сын­да қазақ тарихының жоқшысы болып, әділетсіздіктерді қалпына келтіруге, елдің өшкенін жандыруға қызмет істеп жүргенін және жақсы біледі. Мерейтойға қатысушылар ал­ғашқы күні Шымкент қаласының көрікті жер­лерін тамашалап, Арыс­танбаб, Қожа Ах­мет Ясауи, Бәйді­бек баба, Домалақ ана, Қара­бура, Баба түкті Шашты Әзіз әулие­лер кесенелеріне зиярат етіп қайтты. Ке­ле­сі күні қонақтар “Пір Бекет Ата” атты тарихи-мәдени фото­галерея және деректі фильм­мен танысқан­нан кейін конферен­ция өз жұмысын бастады. Жиыр­маға тарта ғылым док­торы, алты академик, он Мем­лекеттік сый­лықтың лауреа­ты, зиялы қауым өкілдері қатыс­қан халықаралық конферен­цияның беташар сөзін Бекет Тұрғараев айтты. Тәуелсіздікке дейінгі ара­лық­та халқы­мыздың аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр, – деді ол. Мұның бәрі ұмытуға бол­­майтын төл тари­хымыздың қастерлі беттері, қасіретті тағдыры. Тәуелсіз мем­ле­кетімізді төрткүл дүние танып, тари­хымызды түген­деп жатқан кезінде, еліміз­дің бостандығы мен береке-бірлігін әлім­сақтан ойлаған баһадүр бабалары­мыздың есімдерін, қадір-қасиет­ке толы өмір жолдарын бүгінгі жас буынның біліп өсуі парыз. Ғасырлар бойы халқымыз арман еткен егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздіктің туы тиген еліміз ұлан байтақ жердің то­лық­қанды иесі атанып, ежелден қалған ұлы істердің, іргелі мемлекеттің заңды мұра­гері болып отырған шақта, тарих қойнауында аты бей­мәлім болып қалып бара жат­қан тұлға­лардың есімдері әйгі­леніп, тарихта алар орны зерт­те­ліп, зерделенуде. Кәрі Кас­пий­дің жағасындағы 362 әулие мекендеген аймақты “аспан ас­тын­дағы мұражай” деп бекерге айтпай­ды екен, қайда барсаң да тарихтың ізі сайрап жатыр. Облыс орталы­ғынан үш жүз шақырымдай жердегі Оғландыдағы Бекет бабаға зиярат етушілердің саны есепсіз. Заманымыздың заңғар жазу­шысы, сөз зергері Әбіш аға Кекіл­байұлы:“Қиянатқа жол бермес әділ­діктің, күпірлікке жол бер­мес адалдықтың, қараулыққа жол бер­мес шапағаттылықтың, қатыгез­дікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасат­тылықтың асқан үлгісін танытқан, еліміздің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, даудағы әділетті арашалаған қазы, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” деп Бекет атаның ұлт­тың ұлы тұлғасы екендігін ерекше ашып көрсетті. Халық арасындағы “Мәдинада Мұ­хам­мед, Түркістанда – Қожа Ах­мет, Маңғыстауда – Пір Бекет”, – де­ген баталы сөз бар. Осы­дан-ақ, Бе­кет атамыз­дың өз зама­нындағы айналасына ізгі­ліктің сәулесін шаш­­­қан терең ғұ­лама болған­дығын аңғара­мыз. Саналы ғұ­мы­рын­да айналасына қана­ғат­тың, мейі­рімнің, адамгер­шіліктің, тәу­бенің нұрын шашып, әулиеліктің “гаус” делі­не­тін ең жоғарғы сатысына көте­ріліп, аса биік мәртебе “ма­шайық” дәреже­сіне же­тіп, “зама­нының ұлы сопы­сы” атағын алған рухани ұстаз Пір Бекет атамыздың 260 жылдық ме­рейтойы республика кө­лемінде кең түрде атап өтілді. Оған ерек­ше мән беріп, Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың құттықтау хат жолдауы қазақстан­дықтардың, күл­лі ислам әлемінің жүрегіне жы­лы­лық құйып, ислам­ның өрке­ниет­ті идеяларын ілгері­летуге ықпал етеді. Пір Бекет атамыздың мерей­тойы ұлт тарихынан ойып орын алған Қо­жа Ахмет Ясауи, Баба Түк­ті Шаш­ты Әзіз, Қарабура, Дома­лақ ана, Бәйдібек ата, Абылай хан, Қаз дауыс­ты Қазыбек секілді көрнекті тұлға­лардың жамбасы жерге тиген киелі Оңтүстікте қорытын­дылан­ғалы отыр. Осынау мәдени-рухани шараны бір­лесіп өткізуге тікелей қолдау көрсеткен Оң­түстік және Солтүстік Қазақстан об­лыс­­тарының әкімдері Асқар Мырзахметов пен Серік Біләлов мырзаларға ұйым­дастыру алқасының атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. 1993 жылдың 28 мамырында қасиетті Ордабасыда XVІІІ ғасыр­дың аса ірі мем­лекет қайраткерлері Төле биді, Қазы­бек биді, Әйтеке биді еске алуға арналған сал­танатты жиында Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев: “Бізді де бұл киелі төрге ар­манды тілек, елім деген перзент­тік жүрек алып келіп отыр. Біздің де ойлағанымыз – бірлік. Біздің де аңсарымыз – еліміздің көсегесінің көгергені, дәулетті де сәулетті өмір сүргені. Төле би, Қазыбек би, Әй­теке би заманындағы басты мақсат – бар қазақтың бірлігі болса, бүгінгі мақсат та дәл сол”, – деп еді. Мемлекетіміздің ны­ғайып, көркеюі үшін ең бастысы ұлты­мыздың өзара ауызбіршілігінің аса қажет екенін осы жылдар аралы­ғында мықтап сезіндік. Бекет ата сынды, барша ел қадір тұтып, ар­дақ­тайтын ғұлама­ның мерейтой асы халқымыздың басын біріктіре түсуге ықпал ете түсетініне сені­міміз мол. Бекет Тұрғараев осылай тол­ғанды. Конферен­цияның ая­ғы­на дейін қа­тыс­қан Оң­түстік Қа­зақ­стан об­лы­­сы­ның әкі­мі Ас­қар Мырза­х­метов құт­тық­тау сөз сөй­леп, тұ­шымды ой­лар айтты. Бе­кет ата ме­рей­тойының Оң­түстікте тү­йін­делуі кез­дей­соқтық емес. Өйт­ке­ні, мұнда со­пылық ілімін негізін салған Қо­жа Ахмет Ясауи, яғни Пір Бе­кет­тің рухани ұс­тазы жа­тыр. Ұлы­сы­мыз­дың ұйыт­қысы бол­ған Оңтүс­тікте Бекет атаға ас берілуінің осындай заңды­лықтары да бар деді. Асқар Иса­бекұлы сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи, Пір Бекет атаға ха­лық­тың дені ұлы дін­дар­лар деп қана ұғып, солай қарай­тынына келіспейтінін, олардың елді бір­лікке, ынты­маққа ұйыстырудағы еңбегін наси­хаттау жағының кем­шін­дігіне тоқталды. Өңір басшысы ұлы, ойшыл, ұстаз, үлкен әулие ғибраттарын ұғу үшін Түркі­станда хикметтерді қызыл гранитке қашап жаздыртқанын айтты. Жас ұрпаққа ұлтын жақын тану, Отанын сүюге баға жетпес тәрбие құралы екен­дігін термеледі. Конференцияда Солтүстік Қа­зақ­стан облысы әкімінің құт­тықтау хатын облыс­тық мә­де­ниет бас­қармасының бас­ты­ғы Дидар Малаев оқып берді. Солтүстік Қазақстан облысы әкі­мінің құттықтауынан соң Қы­зылорда облысы әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс облыс әкімі Б.Қуандықовтың құттық­тауын жеткізді. Осыдан соң ғалымдардың баян­дама­ларына кезек берілді. Профес­сор Ө.Озған­баев, өзбек­стандық ғалым К.Құдай­бергенов, Еуразия уни­верситетінің оқыту­шы­сы, мате­матик Н.Те­мір­ғалиев Бекет Ата жө­ніндегі зерттеулері­нің мәнін тар­қатты. Делегаттар Қызылорда об­лы­с­тық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы, ұлт зиялысы Сейілбек Шау­қаманов­тың сөзін тұшынып тыңдады. Тоқсаннан асқан жасында нағашысы тама Есет батыр жиені Бекетке: Үстіңнен дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін. Ақ пен қараны айырар, Жауды кері қайырар, Атың да айтып тұрғандай дүр боларсың, Елге шуақ шашып  нұр боларсың, Үш жүзге танымал Пір болар­сың, – деп бата бергенін тер­мелеген Сейілбек аға үштен бір бөлігі дүниенің түкпір-түк­пірінде шашы­лып жүрген қазақтың өз Отанын­дағы үштен бірі Оңтүстікті жай­лайтынын айтып, жұртты бір жел­пінтіп тастады. Имандылықтың есігі, әулие­лердің бесігі деді. Ислам дінінің ең асыл дін, азамат ғұмы­рындағы ең ұлы тұлға – Мұхаммед пайғамбар екендігін тарихи дерек­термен өрнектеп, бар қазақтың бір қазақты, бір қазақтың бар қазақты бағалауы, құрметтеуі, тыңдауы ұлт­тың мерейін өсіретіндігін айтты. Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ прорек­торы, профессор Құлбек Ергөбек әзіл­ге сүйеп: “Озған­баевтан озып еш­теңе айта алмаспыз-ау”, дегені­мен, таңдайына шешендік ұялаған, сөздің қадірін бір кісідей білетін, қа­дір­лейтін азамат жақсы ойлар айтты. Ғалым қазақ қазақ болғалы сан мың­даған жылдар өткенімен тарихи мұра­ларына әлі де жеткілікті мән бермей жүргендігін, осы олқы­лықты Өзбекәлі Жәнібековтей ұлт­жан­ды азамат толықтырып, алды мал қо­ра­ға айналған ескерт­кіш­тердің тізі­мін алып, есепке түсір­генін айтты. Мы­рыш­­тан тақтай құйғызып, мем­лекет қам­қор­лығына алған сол ес­керткіш­терге әлі де жүр­дім-бар­дым қарау бар. Оларға консер­вация жа­сау мәселесін кө­теріп, ғылыми не­гіз­де реставра­циялау қажеттігіне тоқталды. Пір Бекет ескерткішінің стату­сын көтеру жайын ел есіне салды. Ғалым көтерген өзекті мәселе сопы­лық ілімнің негізін салған ұлы ойшыл, ағартушы Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми-тео­риялық кон­ферен­ция­сын тек Оң­түс­тікте ғана емес, рес­публика­мыз­дың бас­қа өңірлерінде де өткізуді ұсынды. Сон­да ұлы тұл­ғаларға кешенді түр­де келер едік, деді. Жөн сөз. Ұлт ардақтыларын өзі дү­ниеге келген ай­мақта ғана дәріптеу шектеуді туғызады, бөлінуші­лікке әкеледі, бірлікке сына қағады. “Ел иесі, жер киесі – Пір Бекет” халық­ара­лық ғылыми-тео­рия­лық конферен­ция­сын Маң­ғыстау облыс­тық арда­герлер кеңесі­нің төр­ағасы, профес­сор Өмір­зақ Озғанбаев қорытты. Ол “Пір Бекет Ата” кон­ферен­циясына ұсы­нылған ең­бек­­тердің кі­тап болып шыға­тын­дығын, облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев­тың баба мұра­сын ұлықтау ісі­не сергек қарайтын ұлтжанды азамат екен­дігін ел есіне сал­ды. Ұлт бо­­лып ұйы­сып, халық болып бірі­гіп, Ел­басының төңірегінде топтаса­йық, тәуел­сіздіктің туын бекем ұстайық деді. Мұны еш­кім қызыл сөз дей алмас. Бір­лігі жоқ халық­тың ертеңі бұ­лың­­ғыр. Тарих тегер­шігі оның салдарын сан мәрте көрсеткен. Ал, бүгінгі қазаққа ынтымақ бұрынғы­сынан да керегірек. Мақаланың біссмілласын Ахаңның “Біз жоқ іздеген ха­лықпыз” деген сөзімен әдіп­теген едік. Жоғымыз түген­деліп келе­ді. Маңғыстаудың ғана емес, қазақтың Бекетінің асы ұлыстың ұйытқысы бол­ған, қазақ баласы қысыл­ған­да қолтығынан демейтін, жүрегі ыстық, жаны жомарт Оң­түстікте берілді. Халқы­мыздың айтулы аза­маттары­ның мерей­тойларын өзі туған аймақ емес, бар қазақ даласы іліп әкетіп жатса, алаш бала­сы­ның бірік­кені сол емес пе?! Жиын­нан соң өнер тарлан­дары кон­церт қойды. Бекет ата әруағы­на бағышта­лып ас берілді, қонақ­тарға сый-сыяпат жасал­ды. Көңілде шуақ қалдырған сәттер­дің бірі атақты Ескендір Хасан­ғалиевтың ұлы Біржан­мен қосылып, “Атамекен” әнін шыр­қағанда болды. Конференция деле­гат­тары орын­дарынан тік тұрып, әуені қуатты, сөзі ма­ғыналы әнге қо­сылды. Жасы да, кәрі­сі де, жаса­мы­сы да. Сүйікті ата­мекенге, ұлы Отанға деген құр­мет еш­кімді де орнында отырғыз­байды екен... Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. __________________ Суреттерде: мінбеде – Б.Тұр­ғараев; Бекет атаның ұрпағы Н.Арал­байұлы баба шаңырағының маңдай­шасын қастерлеп сақтауда. * * * БЕКЕТ БАБА Күліп кетер, өмір жоқ, күліп келіп, Дүниені барады күдік керіп. Заманақыр зауалы таяғанда, Әулиені іздейді ел үміттеніп. Дұға біткен өріліп таңдайына, Тірі барған Алланың дәргайына. Алтын тәжді, айбарлы әулием-ай, Маңғыстаудың жарасқан маңдайына. Сен қаласаң тау мен тау жымдасады, Сен қаласаң шөлді де гүл басады. Аспан, жердің арасын тазартсын деп, Пәруардігәр өзіңді Пір жасады. Талай рет бұл жалған шайқалыпты, Ер Бекеттен ысқырған шайтан ықты. Бір қылышты сілтесе, мың қылыш боп, Мысын басып дұшпанның қайтарыпты. Пенделікті деді ме тастаса адам, Екі қолмен ерінбей тас қашаған. Кие тұнған ұядай үңгір мешіт, Алтын сарай жердегі аспас одан. Адамдардан айрықша өресімен, Бар құдірет бұйырған Егесінен. Малға, жанға медеткер мешіт салып, Тырнағының қан аққан көбесінен. Жардан түсер соқпағы сылаң қағып, Жұмбақ мекен, қарайсың, сыр аңғарып. Тау да, тас та, бұлақ та, аң да, құс та, Қасиетке малынған Құран дарып. Ізгілікті есті ұрпақ өшірмейді, “Жаздым, Құдай, жаңылдым”, – десін мейлі! Маңғыстауда жағымпаз, мәймөңке жоқ, Жолдан тайса Бекеті кешірмейді. Емен болып көрініп ебелектер, Тегістеліп кетеді терең өткел. Жолаушыны тәубеге түсіретін, Бірі асады, бірінен кереметтер. Ақ-қараны алғаусыз айыратын, Көкіректер кірінен шайынатын, Бекет керек дүниеге, Бекет керек Қанатыма болашақ жайылатын. Жердің үсті қантөгіс қызыл ала, Бомбадан да қорықпас жүзі қара. Аса таяқты әулие бір көрінсе, Бүкіл ғалам құлар еді құбылаға. Аса таяқ қақ бөлер қасқа құзды. Шындықты алар тереңге сүзгі. Сүйген құлы Алланың Бекет баба, Ұят, Иман, Пәктікке баста бізді. Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны.