• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Мерейі биік “Медеу”

1231 рет
көрсетілді

Елбасы Қазақстанның Азиадаға сақадай сай екенін қадап айтты Мұсылман қауымы жүрегін ақ пейілге, шапағат нұрына шүпілдете толтырған Құрбан айтының бірінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы екі күндік жұмыс сапарын биік таулы “Медеу” спорттық кешенінде түйіндеді. Бұл арада Азиадаға соңғы әзірліктер аяқталып болған. “Медеудің” қазіргі көркіне көз тойғандай. Биік құзарлар қаумалай қоршаған осынау қолдан жасалған ғажайып бейне бір ертегілік қамал ішінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Атақты мұз айдынының тарихынан тартып, қазіргі жаңғырту мен жаңаланудан өткен келбет-көркін бұдан бұрын да сүйсіне жазғанбыз. Айдыны төселіп, алаңы қоршалып, 200 шаршы метрлік алып билбордты бейнетаблосы түрлі-түсті сурет-ақпараттарды жалт-жұлт ағынмен төкпелеп көз жауын алған “Медеудің” бүгінгі көрінісі тіптен таңғаларлықтай екен. Айдында Алматы мен Астананың құрама командаларының конькимен жүгіру шеберлері әсем музыка әуенімен үйлескен әдемі өрнекпен сызылта сырғанап өнер көрсетіп жүрді. Елбасы осы ғажаптың бәрін мін­­берлердің ең биігінен барлай шо­лып қарады. Мұндағы Азиадаға әзірліктің барысын, спорт кешенін ре­конструкциялаудың және заман талабына сай жақсартып жа­ңар­тудың жай-жапсарын “Медеу” мұз айдынының бас директоры Сабыр­жан Бектемісов баяндап берді. Ай­тар болсақ, мұз айдынын жаңғырту жұмыстары 2008 жылдың күзінен басталып, 2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары қарсаңында, әсі­ре­се, қарқынды өрістеген-ді. Бүгінгі таң­да мұз алаңының реконструк­циясы толықтай аяқталып, сондай-ақ жаңағы айтқан, АҚШ-тың “BіllboardVіdeo” компаниясының қа­тысуымен жаңа мультимедиалық табло орнатылды. Заманауи тех­но­логияның үздік үлгісі саналатын бұл табло спорттық ойындардың нәтижелерін айқындап нақпа-нақ көрсетуге, телебағдарламалар ха­бар­ларын, тақырыптық және жар­намалық роликтерді паш етуге мүмкіндік бермек. Айдын-сырғанақтың мұз алаңы жаңа алты аймақтық үлгі бойынша жұмыс істейтін болады. Әр аймаққа өзіне сәйкес мұздатқыш агрегаттар тобы көзделген. Ескі мәшине залы толық ауыстырылып, осызамандық жаңа мұздатқыш қондырғылар қойылған. Айдынның астына 140 шақырымдық құбырлар тартылған. Мұның өзі біздің ауа райы жағ­дай­ында мұзды 1 қазаннан 1 сәуірге дейін қатырып ұстауға септеседі. Сондай-ақ әлсіз токпен жұмыс іс­тейтін дабыл, ақпараттандыру және қауіпсіздік жүйелері модернизация­лан­ды, жалпы жарықтандыру және жарыс кезіндегі арнайы прожек­тор­лар бойынша жұмыстар жүр­гі­зі­ліп­ті. Спорттық нысан электр энер­гия­сымен түгелдей жаңа под­стан­садан қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, ескі подстанса резервтік энер­гия көзі ретінде қалдырылған. Көрермендер енді бұрынғыдай пластик емес, әрленген ағаш орын­дықтарға отыратын болады. Мінбер астындағы орынжайлар да тыңғы­лық­ты жөндеуден өткен. Бұлардың ішінде жаңартылып, көркімен көз тартқан баспасөз орталығын, көп­ші­лік­тің сырғанақ тебу вестибюлін, мұражайды, спортшылар киім ауы­с­ты­ра­тын орынды, дәрігерлік қа­да­ғалау орталығын, демалыс бөлмесін және басқалары атап айтарлықтай. Ау­мақ­ты абаттандыру орайында да едәуір ілкімді істер тындырылған. Мұз алаңының өзі өңірлік һәм халықаралық деңгейдегі ірі спорт­тық шараларды өткізуге арналған. Сондай-ақ мұнда коммерциялық негізде конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, допты хоккей сияқты спорт түрлерінен жаттығулар өткізу де ой­ластырылған. Осы тұрғыдан кел­генде биік таулы “Медеу” мұз ай­ды­ны алдағы Азиадада жарқырап кө­рінуге тиісті негізгі спорттық ны­сандарымыздың бірінен саналады. Мұнда қазан айының соңында бендиден (допты хоккейден) Алма­ты қаласы әкімінің кубогы үшін сынамалық жарыстар өткізілді. VІІ Қысқы Азия ойындарында нақ осы спорт түрінің додасы “Медеу” мұз айдынынан атойламақ. Екі жылдан бері Азиада нысан­да­рының дайындығын қалт еткіз­бей назарда ұстаған, “Медеудің” қазіргі жай-күйімен егжей-тегжейлі танысқан ел Президенті кешенге жиналған журналистер алдында былай деді: – Қазақстан Азиаданы өткізуге сақадай сай, дайын деп ойлаймын. Себебі, біз “Медеудің” бүгінгі жоғары деңгейдегі әзірлігін көріп отырмыз. Шымбұлақтың әзірлігін көріп отырмыз. Шаңғымен секіру тұғырлары, биатлон және шаңғы стадионы да әзір тұр. Астанадағы мұз айдыны стадионы дайын бола­ды. Балуан Шолақ спорт сарайы дайын. Сөйтіп, бүгін таңда біз VІІ Қысқы Азия ойындарына Қазақ­стан толық әзір деп айта аламыз. Демек, Алматы мен Астанамызда Азиаданың спорттық жарыстарын қабылдап алуға дайынбыз. Әрине, әлі де кейбір ұсақ-түйек дұрыс­тай­тын жерлері бар. Бірақ, ең басты­сы, Алматыға, Қазақстанға, еліміз­ге, өзімізге абырой әперетін үлкен-үлкен озық спорт нысандары жаңа технологиялармен, жаңа қондырғы­лар­мен жарақтанып, дүние жүзінде тұңғыш рет бізде жасалып отыр. Бұл өзі зор қуаныш болып саналады. Жалпы, кешеден бері Алматы­ны аралап, жолдарды көргенде, қала келбетін көргенде, универси­теттерде кездесулер өткізгенде кө­ңіл­ге түйгенім, Алматы қаласында әкімдіктің басқаруымен атқарылып жатқан әрі алға жоспарланған қыруар істер бар екен. Болашақта біз Алматы қаласы мен облысында, Алатау өңірінде үлкен туристік жүйе жасайтын боламыз. Бұл сала өркендеп дамиды. Шеттен көп адам­дар келетін болады. Қаланың жанында тұрған, тау шаңғысымен жүретін мынандай керемет мұз ай­дыны бар мемлекеттік кешендерді ұтым­ды пайдалануымыз керек. Кеше шаңғымен секіру тұғырын көрдім. Ондай трамплин Қазақ­стан­да бұрын болмаған. Алматыдан Медеуге тартылған жол қандай! Балуан Шолақ спорт сарайы, мұз айдыны, осынау барлық спорт нысандарында ең жаңа озық техно­логиялар қолданылған. Сондықтан алдағы Азиаданы абыроймен өткізу – ең ардақты міндет. Баршаңызды Құрбан айт мерекесімен құттық­таймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Иә, Елбасы айтса айтқандай, реконструкциясына 9,079 миллиард теңге ақша бөлінген, бүгінде соның 8,7 миллиарды игерілген, қалған сомасы нысанды келешекте пайда­ланудың ұзақ мерзімді кепілдігі ретінде сақталып отырған “Медеу” мұз айдынының қандай мақтауға да лайықты екендігін көзімізбен кө­ріп, көңіліміз өсіп тұрды. Бұдан әрі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына үде­мелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдар­ла­масы, 2020 жылға дейінгі Бизнес­тің жол картасы, әкімдіктің 13,2 миллиард теңге сомасында өзекті са­лаларға сәтті орналастырған обли­гациясы жайында әңгімелеп, Алматының осы жылдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып өтті. Әлемге әйгілі мұз айдынына Елбасының атбасын тіреуі елеулі оқиға болып, баршамызға қым­бат­ты “Медеудің” мерейін көтере түсті. Қорғанбек АМАНЖОЛ.