Ирактағы жағдай оңалуға бет бұрғандай
Сонау көктемде бұл елде парламент сайлауы өткен. Оған жұрт үлкен үміт артқан еді. Парламент сайланғанмен, үкімет құрылмай, жұрт тағы дағдарған. Енді, міне, сегіз ай өткенде, үкімет басшысы тағайындалды, ол – бұрынғы премьер-министр Нури әл-Мәлики.
Әл-Мәлики – шиит өкілі. Ирак арабтарының басым көпшілігі шиит болғанмен, елдің басым көпшілігі емес. Сол арабтардың сүннит қауымын айтпағанда, мұнда айтарлықтай күрдтер тұрады, басқа халықтардың да өкілдері бар. Тек шииттерге сүйеніп, алысқа бара алмайсың. Қолдасын демеген күннің өзінде, тіл табысу керек. Соған да, міне, сегіз ай уақыт кетті.
Тіл табысқанда, шииттер басқалармен билік бөлісуге тиіс. Жаңа сайланған парламентте көпшілік дауысқа ие “Иракия” фракциясы бар. Оған негізінен шииттерден басқалар біріккен. Ең алдымен онда сүнниттер бар. Осы сегіз айдың ішінде Мәлики сол блок басшыларымен келіссөз жүргізді. Америкалықтардың араағайындығымен жүргізілген келіссөз барысында “Иракия” көсемі Айяд Аллауи мен Мәлики айтарлықтай көп саудаласқан. Соның нәтижесінде бұларды парасатты тоқтамға келді деп айтуға әбден болғандай.
Әңгіме мынада. Сол нәтижені шииттердің талайы ұнатпады, содан да Мәликиге өкпелі. Әрине, парламентте көпшілікпіз деп “Иракия” блогындағылар үкімет тізгінін ұстауымыз керек дейтіндер де аз емес. Бірақ келісімнің өзі белгілі дәрежеде бір мәселеде біреудің екінші жаққа илігуінің арқасында қол жететін дүние. Илікпеген жағдайда екі жақ та көп нәрседен ұтылады.
Келісімнің арқасында үкімет басында Нури әл-Мәлики қалды. “Иракияға” парламент спикері тиді. Оған блок көсемі Айяд Аллауи емес, оның адамы Усама Наджайфи сайланды. Бұл да тактикалық тұрғыдан дұрыс шешім. Сол спикердің орынбасарлары болып “Күрд альянсының” өкілі Ареф Тайфур мен шиит Абдел Вахаб ас-Сухаилдың сайланғаны да ынтымақтың көрінісі іспетті. Күрд президенті Жалел Талибанидің бұрынғысынша ел президенті міндетінде қалғаны әркез қақтығыса беретін шииттер мен сүнниттерді ынтымаққа шақырушы тұлға ретінде орынды шешім деген жөн.
Осы жерде Нури әл-Мәликиге жеке тоқтала кеткен орынды. 2006 жылы үкімет басына келіп, қиын кезеңде елін басқарды. Алғашында жұрт оны басқаның ықпалында жүретін қайраткер санаған. Кейінірек ол “мінез” көрсетті. Алдымен өз “тентегін” тыйды. Елдің оңтүстігінде және астанада бой көрсеткен шиит жасақшыларына қатаң шара қолданып, жұртты таңдандырып қана қойған жоқ, принциптілігімен танылды. Одан соң шииттердің қарсылығына қарамай, сүннит арабтармен қарым-қатынасын түзетті.
Ирактың саяси өмірінде белгілі дәрежеде тұрақтылыққа жеткізетін оң өзгерістердің барлығы да аңғарылады. Бірақ, сонымен қатар, соңғы кезде өрши түскен лаңкестік әрекеттер жұртты шошытып та отыр. Мұны жағдайдың оңға қарай өзгергеніне қарсылықтың көрінісі деп те қабылдауға болар. Оң бетбұрыс тереңдей түссе, арандатушы күштерге қарсы амал да табылар.
Бұл елдегі жағдайға бүкіл әлем көз тігіп отыр. Жазықсыз қан төгілмесе екен дейді. Лаңкестердің көзі жойылса екен дейді. Мұсылмандар бір-біріне жау болмаса екен дейді. Бәрінен құтылып, қаншама жыл қанға бөккен ирак халқы еңсесін көтерсе екен дейді.