• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2010

Композиторға құрмет

596 рет
көрсетілді

“Талант – Жаратқанның ғана сыйы емес, сонымен бірге, өзіңнің алдыңдағы, қоғам мен Отан алдын­дағы жоғары жауапкершілік те”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев айтқандай халқымыз­дың ардақты ұлы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, даңқты ком­позитор Еркеғали Рах­мадиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған кеші К.Байсейітова ат­ын­дағы ұлттық опера және балет теат­рында болды. Сахна шымылдығы театрдың оркестрі Ерболат Ахме­дьяровтың дирижерлігімен атақты сазгердің музыкасына жазылған сим­фониялық күй “Құдаша-ду­ман­мен” ашылды. Қарғадайынан өн­ерге зейін қойған азаматтың өткен жолынан сыр шертетін кеште ком­позитордың шығарма­лары жап-жақсы әңгіме арқауына айналып, жиырмаға жуық алуан тақырып­тарды қамтыған тамаша туындылар орындалды. 1963 жылы жазылған үш актілі лирикалық-психо­ло­гия­лық “Қамар сұлу” опе­ра­­сы сол кез­де бүкіл ел көле­мінде ірі құбылыс ре­тінде бағалан­ды. Шығармада ком­по­зитор басты кейіпкерлер партия­ла­рында бұ­рын-соңды қазақ опе­ра­ларында болмаған вокальдық-ан­самбльдік, симфониялық тегеуі­рін­дегі поли­фониялық қақтығыс дра­матургия­сын әкелді. Шығар­ма­шы­лық кеш­тің алғашқы бөлімінде сол опера­дан Айдар Абжахановтың ди­ри­жер­лігімен Роза Нүркей мен Қи­яқ­­бай Асамбаев Қамар мен Ахмет­тің дуэтін орындады. Жиналған қауым оның скрип­ка­ға арналған туындыларын – Қа­­зақстанның халық әртісі, Мем­ле­­кеттік сыйлықтың лауреаты, про­фессор Айман Мұсаходжаева на­қы­шына келтіре ойнады. Мәде­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұ­хам­­мед сексеннің сеңгіріне шы­ғып, абыз қа­рия атанған Еркеғали Рахма­диев­ке ерекше қошемет көрсетті. Сахна төріне мерейтой иесі ша­қырылып, сөз кезегі берілді. Ол қау­малап тұрған жұртқа қарап: “Қа­­дірлі қауым, жас күнімізде 60-70 жасқа келген қарттарды көрге­ні­мізде біз де осы жасқа жетер ме екенбіз деген ой келетін. Бүгін міне, сол шақтан да өтіп, 80 жасқа келіп қалыппын. Осы жастың жет­піс жылын халқыма арнадым. Ел­басының өзі елеп-ескеріп, уақыт тауып, құттықтап қоңырау шалды. Мың да бір рахмет! Тағы бір ай­та­тыным, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қызметке келгелі бері, өнерде тың бастамалар көте­рі­луде. Содан бері халыққа жиырма опе­ра, жиырма балет көрсетілді. Елі­міз үшін бұл қуанарлық жаңа­лық. Жуырда Елбасымыздың тап­сыр­масымен Абылай ханның обра­зын музыкаға сомдап жазып шық­тым. Шыным­ды айтсам, ол жетпіс­тен әлде­қашан асып кеткен қария үшін оңай дүние емес екен. Сол туын­ды 71 бет болып жарыққа шықты. Осы ретте сондай ауқымды дүниені жазуыма себепкер болған азаматтарға айтар алғысым ұшан-теңіз. Әсіресе, К.Байсейітова атын­­­дағы опера және балет театры­ның ұжымына, сахна төрі­нен көрінген ұл-қыздарым мен жиналған көп­ші­лікке ілтипатым бөлек. Халқымызға амандық, көпшілікке денсаулық ті­леймін!”, – деді. Осылайша, атақ­ты сазгер­дің сексен жылдығы елор­да­да аталып өтілді. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.