Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Алдағы аптада болатын Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар заң жобалары талқыға түскелі тұр. Олар палатаның талқысына ұсынылды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті құқық қорғауға қатысты бір топ заң жобаларын көлденең тартты. Олардың ішінде “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әр түрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, т.б. заң жобалары бар.
Сонымен қатар, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынуымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да бірінші оқылымда талқылауға шығарылатын болды.
“Егемен-ақпарат”.