• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2010

Жасампаздықтың жарқын жетістігі

450 рет
көрсетілді

Адриан СЕВЕРИН: Демократия егетін дәрі емес... Жақында бір топ Еуропа Пар­­ламенті мен Еу­ропа форумы өкіл­дері Қазақ­станға арнаулы миссия­мен келіп-кетті. Арнаулы делегация еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуларына қатысты мәліметтер мен деректер жинақтау үшін атбасын бұрған екен. “Қазақстанды даттауға да, мақтауға да келген жоқпыз. Біздің мақ­сатымыз – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында атқарылып жат­қан нақты тірліктерді көзбен көріп, барлық ақпараттарды бас­тапқы дерек көздерінен алу”, дейді Еуропарламент өкілдері. Әзірге ресми сапар барысына қатысты қорытынды жасауға асықпай отырған де­легация жетекшісі, Еуропарламенттегі социалистер мен демократ­тар­дың прогресшіл Альянс тобының өкілі Адриан СЕВЕРИН Қазақстаннан мультимәдени қоғамды құру тәжірибесін алуға болатындығын атап көрсетті. – Еуроодаққа Орталық Азия өңіріне қатысты саясатын қайта қарау мен өзгертетін кез келді. Бұл аймақта еуропалықтарды тек сауда мен экономика ғана қызықтырады дейтін қасаң қағидаларға қара­мастан, Орталық Азия мен Еуро­паның өзара қарым-қатынасында саяси ынтымақ­тастық мәселесі маңызды орында тұр. Бұл кон­текстегі шешуші рөлді мемле­кеттің демократиялық дамуы атқарады. Ал қандай да бір елге демократия сырттан импорт­тал­майды. – Северин мырза, бірнеше күнге созылған миссиялық сапар, жоғары деңгейдегі кездесулер қандай қоры­тындыға жетелейді? Дамудың қазақстандық үлгісі мен қазақ­стандық демократия үрдісі деле­гацияға нендей ой салды? – Демократия егетін дәрі емес... Қазақстандағы демокра­тия­ның “ұрығы” еуропалық емес, Қа­зақ­станның өзінікі болуы тиіс. Біздер өз тарапымыздан тек кеңес түрінде суаруға” “су” ұсынып, тал­қылаулардың көмегімен тәжі­рибе алмасып, адам құқығын қор­ғау­­дағы демократиялық тетік­терді жа­қындастыра аламыз. Біз еуро­палық демократия моделі кір­шіксіз және оны кезек күттір­местен Қазақстанға немесе басқа елге енгізу қажет деп айта алмай­мыз. – Алайда, ТМД елдері ұзақ жылдар бойы темір шымылдықтың бер жағында оқшау өмір сүрді ғой. Осының салқыны да сезілмей ме? – Қазақстандағы демократи­зациялау үдерісін жүргізу кешегі Кеңес Одағының басқа республи­калары сияқты “посткеңестік син­дромнан” ада емес және бұл ай­тарлықтай кедергілер де туғызып келеді. Дегенмен, осыған қарамай, бір мезетте мемлекетті де және ұлтты да құру керек. Элита мен қоғам арасындағы кедергіні жо­йып, екеуінің ортасындағы айыр­машылықты жалғап және өзара әрекетін күшейту – оңай атқа­рыла салатын міндет емес. Және оған төзімділік пен келісім қағида­ла­рына негізделген көпұлтты қоғам­ды жасақтау қосылады. Мұның бәрі дәл қазіргі таңда Еуропаның да алдында тұрған ең көкейкесті мәселе. Осы тұрғыдан алғанда Батыс делегаттарына Қа­зақстан­ның тәжірибесі аса өзекті. – “Қазақстаннан табуға бола­тын қызықты идеялар” дегенде нені меңзеп отырғаныңызды нақ­тырақ білуге бола ма? – Өкінішке қарай, біздерді мәде­ниеттеріміз ерекшелейді. Өйт­кені, олардың әрқайсысы өзіндік этностық бірліктерге құ­рыл­ған. Әрине, түрлі мәдени топтардың күн тәртібі қатар жүріп жатса да, кей-кейде олар қақты­ғыстарға ба­рып тұрады. Сондықтан да бүгінгі таңда ұлттық тамырға тәуелді болмай, баршамызға бей­біт­шілік пен үйлесімділікте өмір сүру төтен­ше маңызды болып тұр. Қазақстаннан табылған “бірнеше қызықты идея” осы мәселеге ба­рып саяды. Біздің делегация Қазақстан халқы Ассамблеясының, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының жетекшілерімен кездесті. Астанада болған кездесу­лерде әрбір сағатымыз маңызды үнқатысуларға толы болды. Парла­мент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқа­лықова ханыммен және басқа да лауазым иелерімен жүздестік. Сырт­қы істер министрлігі, Мұнай және газ вице-министрлерімен, оп­позициялық пар­тия өкіл­де­рі­мен, үкіметтік емес ұйым­дар­мен, журналистер­мен кездесулер өткіздік. – Қазақстанға арнайы атбасын тіреген Еуропарла­мент өкілдерін кімдер құ­райды? – Бұлар – депутаттар, социа­листер мен демократ­тардың прог­ресшіл Альянсы­ның жетекшілері. Еуропа форумының, ұлттық пар­ла­менттер мен партиялардың, олардың ішінде Румыния, Бол­гария, Нидерланды, Ұлы­бри­тания, Словакия, Грекия, Германия және Шведия өкілдері бар. – Этномәдени топтардың демократиялық қарым-қатынасы тек алдыңғы кезекке адам және аза­маттық қоғам қойылған демо­кра­тиялық ортада ғана өмір сүре алады дейсіз. Осы Қазақстанда бар ма? – Қазақстанның ұтып отырған жері осы. Тең құқықтылық қағи­датына құрылған мұндай қоғам оның мүшелерінің ұлттық алуан­дылығынан да жеміс жинай алады. Біз ең болмағанда Еуропада бір мезетте мультимәдени және азамат­тық қоғам туралы сөз қозғаймыз. Өйткені, біздің ойымызша, тек азамат­тық желілер ғана түрлі мәде­ниеттерді жалғай алады. Азаматтық және мультимәдени өлшемдерді іздеу жолындағы үйлесімділікті табу үшін еуропалық тарап қазақстан­дық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Біздер әрқайсымыз өмірден алынған өз тәжірибемізді бір-бірімізге ұсына аламыз. Және жетілдіруге болатын тұстарды жетілдіре түсеміз. – Северин мырза, Еуропарла­мент өкілдері осы үнқатысуды жүр­гізудегі маңызды тұсқа тап келіп отыр-ау? – Мұндай үнқатысуды жүр­гізуде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы таптырмайтын кезең. Алайда, осы міндетті атқарып отыр­ған Астана өзінің ең басты нәти­желерін әлі толық қорытын­дылаған жоқ. Бірақ, бұл тәжірибе елдің ішкі дамуында болсын және оның әлемдегі ұстанымында бол­сын міндетті түрде оңды айшық­талатын болады. – Қазіргі Еуропа Қазақстанды саяси картадан қалай салмақтайды? – Қазақстан нақты тұрғыда біз үшін маңызды. Ол аймақта ғана емес, бүкіл әлем үшін мәнді рөлге ие. Қазақстан Еуропаға, жалпы Батысқа мұнай шикізатының бол­ғандығы үшін ғана емес, сезімтал геостратегиялық ұстанымы үшін де маңызға ие ел болып табылады. Өкінішке қарай, Орта­лық Азия Еуропа үшін есірткі ­трафигі мен лаң­кестіктің транзиттік нүктесі болып қала береді. Осыған бай­ланысты Еуроодаққа, әсіресе, саяси тұрғыдағы тұрақтылығымен ерек­шеленетін аймақтық одақтас керек. – Кәрі құрлықтың осы тұрақ­тылықты тұрлаулы етудегі тәжіри­бесі қандай? – Тұрақтылықтың кепілі – құқықтық сауаттылық пен өз елің­нің дамуына мүдделі саяси белсенді азаматтық қоғам. Егер елдің азаматтары өздерін экономи­калық жобалардан, саяси мүдделерден көретін болса, онда ол мемлекетке тұрақтылық тән. Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасы осы негізде дами беретініне күмән жоқ. Бұған ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммиті де белгілі бір деңгейде септесетініне сенемін. Бұл оқиға Еуропа елдері үшін төтенше ма­ңызды. Өйткені, Еуроодақтың бар­лық елдері ЕҚЫҰ құрамына кіреді. Меніңше, саммит біздердің саяси мүдделерімізді жүзеге асыру тұрғысынан табысты болады. Қазақстанның төрағалығы бары­сындағы бұл жоғарғы деңгей­дегі кездесу де баршамыз үшін ынты­мақтастық пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің әрі қарайғы жолын анықтаудың төтенше мүм­кіндігіне айналады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретті түсірген Сергей ХОДАНОВ. Бұл ата-баба арманы еді Мұхамбет КӨПЕЕВ, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары. Міне, тәуелсіздігіміздің он тоғызыншы жылы да өз мәресіне жетуге таяу қалды. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз, қорытындылап айтқанда, тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Әрбір қазақстандық азаматтың ой-өрісі кеңейіп, ізгілікті іс-қимылы заман талабына сай ілгерілей отырып, өркениетке бағыттал­ған тынымсыз тіршілік жылдары ретінде өтіп жатқанына куә болып отырмыз. 2010 жыл қандай сәттермен ерекшеленді? Бірінші, – егемен еліміз аман, жұртымыз тыныш. Бұл – біздің басты байлығымыз. Екінші, – осыдан 10 ай бұрын жария­лан­ған “Жаңа онжылдық – жаңа экономи­ка­лық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” атты Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақ­стан халқына Жолдауындағы көрсетілген бағыттар, ауқымды стратегиялық даму мақсаттары, кең-байтақ қазақ дала­сын­дағы әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін шешуге арналған бағдарламалар кезегімен жүзеге асуда. Үшінші, – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының, ішкі тұрақтылық пен келісімнің, әлемдік дамудың көкейкесті мә­селелерін дер кезінде алға тарту шаралары­ның нәтижесінде 2,7 миллион шаршы ша­қырым жерінің 4 пайызы ғана Европа құр­лығында орналасқанына, мемлекетіміздің жастығына қарамастан, әлемдегі Еуроатлан­ти­ка және Еуразия аумағындағы мем­ле­кеттердің басын қосқан беделді халықаралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық етуі біздің егемен елімізді кәрі құрлықтың – Еуропаның төрінен орын алу мәртебесіне ие етті. Мұны қазақстандықтар үлкен сенім, құрмет және зор жауапкершілік деп қабыл­дады. Осы тұрғыда мейлінше адал, ашық, ты­нымсыз жұмыстар жүргізілді. Әлемдік қо­ғамдастық Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық қызметіне өте жоғары баға беріп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық формуласын маз­мұ­ны мен маңызы жөнінен өлшем мөл­шеріне сыймайтын латынның төрт “Т” әрпі­мен басталатын сөздермен анықтады. Ол: траст, традишн, транспаренси, толеранс – қазақшасы: сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік. Осы бір төрт аталы сөздер қазақтың кең­пейілділігін, қонақжайлылығын, бауырмал­дығын көрсетіп тұрған жоқ па? Көптен бері түйінделген, ұзаққа созылған шиеленістерге ерекше көңіл бөлу, екіжақты кездесулерге көпір болу, көршілес елдердің ортақ мәмілеге келуіне ықпал ету және тағы басқа да ша­ралар Қазақстанның абыройын асқақтатып, ұлтымыздың ұлылығын әлемге паш етті. Бұған әлемге әйгілі саясаткерлер мен Гер­мания, Түркия, Франция және басқа да ел­дердің бұрынғы және қазіргі басшыларының Қазақстанның төрағалық етуіне өте жоғары баға беруі дәлел бола алады. Бұл – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған тапжылмас табандылық пен тағатсыз күн-түндерінің толағай табысы. Үстіміздегі жылдың сәуір айында АҚШ-та өткен ядролық қауіпсіздік мәселелеріне ар­налған Мемлекет басшыларының самми­тінде Қазақстан Президентінің баяндама­сынан кейін “Қазақстандық жол”, “Қазақ­стандық үлгі”, “Қазақстандық таңдау” сияқ­ты сөз тіркестері сол саммиттің лейтмотиві болғаны ешқашан ұмытылмайды. Жиырма жыл бұрын географиялық кар­тадан Қазақстанды іздеп әуреге түсетін шетелдіктер бүгінде оны үлгі тұтып, төрінен орын беріп жатса, ол бізге аспаннан салбырап түсе қалған бақ пен құрмет емес. Мұны тәуелсіздік алғаннан бергі жердегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізіп отырған салиқалы, сарабдал саясаты мен мәуелі мақсаттарының жемісі деп ұққанымыз абзал. Мұны қадірлей білу әрбір көкірегі ояу, көзі ашық азаматтың борышы деп білемін. Таяуда мен Мексикада халықаралық кон­ференцияға қатысып, еліміздегі ұлтаралық татулық туралы сөз сөйледім. Соңынан көп­теген конференцияға қатысушылар Қазақ­стандағы жағдайға қызығушылық танытып, “О, Қазақстан!” “О, Назарбаев!” деп мені құттықтап, қолымды қысып жатты. Бұдан артық Қазақстанды, Елбасының ерен еңбегін мойындаудың қандай үлгісі бар?! Таяу күндері, 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне 55 мүше мемлекет пен 12 серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, 69 халықаралық ұйым жетекшілері, 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан астам журналист қатыспақшы. Бұл халықаралық Ұйым өміріндегі соңғы 11 жылдағы елеулі оқиға болғалы отыр. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі, бұл – егемен еліміздің, қаһарман халқымыздың жеңісі. Бұл – ел болуға ұмтылған, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың асыл арманы. Бұл – 50 жылда бір айналып келетін маңызды шара. Осынау айтулы оқиға біздің заманы­мыз­да, біздің сүйікті Отанымызда өтуі халқымыз үшін қазынаның қайнар көзі, әрі теңдесі жоқ қуаныш, әрі мәртебе екені даусыз. Сондық­тан, осы шараны абыроймен атқару, оның өз деңгейінде өтуіне атсалысу  – бәріміздің міндетіміз. Тіпті, үйіңе қонақ келерде де аулаң­ды, үйіңнің ішін тазалап, бар дәмді тағамыңды даярлап, қонағыңның риза болғанын қалайсың ғой. Астана қаласының басшылары көптеген абаттандыру жұмыстарын орындауда. Осы сәтте елордалықтар үшін де үлкен ұйым­шылдықпен қаланың тазалығын сақтап, кө­шелер мен аулалардың ажарын енгізіп, ұлты­мызға тән қонақжайлық пен сабырлылық үлгісін көрсетіп, бірлігі мен ынтымағы жа­расқан, мыңжылдық мәдениеті, ата салт дәстүрі сақталған еңселі ел екенімізді паш ететін сын сағаты келді. Олай болса, іске сәт, ағайын! Барыс – белестерді бағындыру белгісі Халқымыз қашанда барыс жылы – табыс жылы болатынына сенім­мен қараған. Әріге бармай-ақ, 1986 жылды алайық. 16-18 желтоқсан күндері тоталитарлық ­жүйеге қарсы тұрып, азаттықты, теңдікті аңсаған қазақ жастары Алматыда көтеріліске шықты. Бұл оқиға кеңестік жүйеге қарсы шерулердің бастауы болды. Желтоқсан оқиғасы тарихта қалды. 1991 жылы ішкі бей-берекетсіздікке ұшыраған Кеңес Одағы тарап тынды. Желтоқсан оқиғасынан кейін тура бес жылдан соң, 16 желтоқсан күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Тұрарбек АСАНОВ,  Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер,  қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, саяси ғылымдар кандидаты. 1998 жыл – барыс жылы. Барыс жылын табыспен бастау үшін орасан зор қадамдар жа­салды. 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақ­стан – 2030” атты әйгілі страте­гиялық бағдарламасы жа­рия етілді. Бұл Елбасының халыққа ар­на­ған тұң­ғыш Жолдауы болды. Онда барлық Қа­зақ­стан халқының өсіп-өр­кендеуі, қауіп­сіз­дігі және әл-ауқатының артуы көрініс тап­қан. Елдің 2030 жылға дейінгі алар асуы, же­тер жетістігі сипатталды. Сол кездің көзімен қа­раған адамға ол армандай болып көрінді. Мем­лекет басшысы: “2030 жылы біздің ұр­пақ­тарымыз бұдан былай әлемдік оқи­ға­лар­дың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың Қазақстаны Еу­разияның орталығы бола отырып, жедел өр­кендеп келе жатқан үш аймақтың – Қы­тай­дың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті бай­ла­ныстырушы буын рөлін атқаратын бо­лады”, – деді. Шынымен де, Қазақстан қа­зір­дің өзінде әлемнің көптеген елдері үшін Еу­разия кіндігіндегі саяси тұрақтылығы бе­рік, сенімді стратегиялық әріптестікке ла­йық­ты мемлекетке айналып отыр. 1997 жы­лы-ақ Елбасы 2030 жылы Қазақстан күрделі жол­дан ойдағыдай өткен және дамудың ке­ле­сі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ай­шық­ты ел болатынын айтты. Асқаралы белестерді бағындыру үшін жасалған қадамдардың бірі – Қазақстан ел­ор­дасының республика орталығына қоныс аударуы. 1997 жылы 10 желтоқсан күні ел ас­та­насы Алматыдан Ақмолаға көшіп келді. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының Жар­лы­ғы­мен Ақмола қаласы Астана деген әлемдік атауға ие болды. Сөйтіп, 1998 барыс жылы табыспен бас­тал­ған болатын. Сол кезден бастап елдің эко­но­микасы да, әлеуметтік-мәдени жағ­дайы да өр­кендеу жолына қадам басты. Ас­танадан бас­тап барлық қалаларымыз бен ау­дан­да­ры­мыз жаңарып, көркейе түсті. Халықтың ер­тең­гі күнге деген сенімі ны­ғайды. Жаңа ХХІ ғасырды жарқын көңіл­мен, асқақ сезіммен қар­сы алды. Ел ішіндегі бірлік, татулық, ұлт­ара­лық және дінаралық келісім бірлесе оты­рып жеңіске жетуге болатынын айғақтады. Енді, міне, 2010 – барыс жылы да Қазақ­стан үшін әлемдік қо­ғамдастықтағы беделінің ар­туымен табысқа ке­нел­тіп отыр. Бүгінгі таңда Қазақ­стан Респуб­ли­касы Еу­ро­падағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тастық ұйы­­мына төр­ағалық етуде. ЕҚЫҰ-ға мүше мем­­лекеттердің бір­ауыздан қолдауымен ха­лық­­аралық беделді Ұйым­ға жетекшілік жа­сау мис­сиясы елімізге үлкен сеніммен тап­сы­рыл­­­ды. Бұл міндетті атқарудағы Қа­зақ­стан­ның рөлі, Мемлекет бас­шы­сының жүргізіп отыр­­ған саясаты, атқарылған ауқым­ды істер ту­­ра­лы қазір әлем елдерінің саясаткерлері де, та­нымал сарапшылары да айтып отыр. Біз мұ­ны күн сайын телеар­на­лардан көріп отыр­­мыз, газет-журнал­дардан оқып, радио­дан ес­тіп жүрміз. Үлкен форумдарда, халық­аралық кез­десулерде Қазақстан тара­бы­на, елдің бас­шысы Нұр­сұлтан Назарбаев­тың атына айтылған пайымды пікірлер хал­қымыздың абы­ройын асқақтата түсетіні сөзсіз. Өз сөзінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “ЕҚЫҰ-ға төраға болып сай­лану – Қазақстанға деген еуропалық және әлем­дік қоғамдастық тарапынан зор се­німге ие бо­лып отырғанымыздың арқасы”, – деп атап өт­кен болатын. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті – ТМД ел­дерінен және Азия мемлекеттері арасынан ал­ғаш рет бізге сеніп тапсырылды. Үстіміздегі жылы қаңтардың 14-і күні Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қыз­метіне кірі­суі­не орай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үн­деуін жа­рия етті. Ел­ба­сы өз Үн­деуі­нде Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы ЕҚЫҰ-ға жә­не бүкіл әлемге ағыл­шын тілінде алғанда төрт “Т” ұра­ны­мен ай­шық­­тал­ған құн­ды­лық­тарды ұсы­натынын мәлім етті. Еліміздің төрт негізгі ұстанымы мемлекеттік және ағылшын тілінде: Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашық­тық (Transpa­ren­cy), Төзім­ділік (Tolerance) болды. Бұл бастама бірден қол­дауға ие болғанын да айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ құрамына 56 мем­лекет еніп отыр. Атап айтқанда, ол – Еуро­­паның, Солтүстік Американың, Оң­түс­тік Кавказ бен Орталық Азияның көп­те­ген мемлекеттерінің басын қосқан ірі өңірлік құрылым. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан бері тұ­рақты мүше болып келеді. ЕҚЫҰ-ға мүше бол­ған жылдар ішінде Қазақстан осы құ­ры­лым­мен, оның барлық қызметінің са­ла­сы бо­йын­ша өзара қарым-қатынастарын жо­ға­ры деңгейге жеткізу бағытында жұмыс істеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ра­лы ниетін Қазақ­стан 2003 жылы білдірген болатын. Осы ниет­­ке Елбасының 2005 жылғы “Қа­зақ­стан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаң­­ғыру жо­лын­да” атты ха­лық­қа арнаған Жол­дауында арнайы ба­сым­дық берді. Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіне 2005 жылы Қазан қаласында ТМД басшыларының сам­­митінде қолдау көрсетілді. Ал 2007 жылы 30 қара­ша­да Мадрид қаласында өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер ми­­нис­тр­лерінің кеңесінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төр­ағалық етуі туралы мә­селе шешімін тапты. Ұйым­ға мүше ел­дер­дің бар­лығы бірауыздан қолдау білдірді. Сол күн­нен бастап еліміз осы миссияны аса жа­уап­кершілікпен атқару жо­лындағы да­йын­дыққа кірісті. Н.Назарбаевтың бастамасымен “Еуро­паға жол” мемлекеттік бағдарламасы қа­был­данды. Оның ішінде мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету жо­лындағы мақ­са­ты мен мін­дет­тері айқын көрініс тапты. Осы бағдарламаның арқа­сын­да Қазақ­стан­ның Еуропа елдерімен әлеуметтік-саяси ықпал­да­суы, гуманитарлық ынты­мақ­тас­ты­ғы жаңа ар­наға түсті. Бұл Еуроодақ ел­де­рімен ын­ты­мақ­тастық байланысымызды жа­ңа деңгейге кө­теруге бастаған сындарлы қа­дам болды. Астана жаңа ғасырдан бастап әлемдік маңызды іс-шараларды өткізудің орта­лы­ғы­на айналды. Мол тәжірибе жинақтады. Бір­не­ше халықаралық форумдар болып өтті. Соның бір мысалы ретінде айтар бол­сақ, Қазақ­станның елордасында Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезі үш рет табысты өткізілді. Ол әлемге ұлтаралық жә­не діндераралық келісімді қалай жүргізу ке­рек­тігін паш етті. Осы жолдағы Қазақ­стан­ның ұстанған саясаты үлгі ретінде жо­ғары бағаланды. Елбасымыздың Астанада ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру туралы ұсынысы да ЕҚЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер тарапынан бір­ауыздан қол­дау тапты. Желтоқсан айының 1-2-сі күндері Ас­танада өтетін ЕҚЫҰ-ға мү­ше елдер Мем­ле­кет басшыларының Сам­­ми­тіне шамамен 5 мыңға жуық шетел­дік қонақ ке­леді деп бол­жа­нуда. Астана әлем на­за­рын­да болмақ. Сондықтан Астана қаласында ЕҚЫҰ Сам­митін өткізу – үлкен жауапкершілікті та­лап етіп отыр. Бүгінгі таңда қаламызда қы­зу дайындық жүріп жатыр. Барлық са­ла­ны әлем­дік деңгейге келтіру – оңай шаруа емес. Ке­зінде Алматы қаласында да осындай ха­лық­аралық маңызды шаралар жиі өтіп тұр­ды. Мұн­дай шараны өткізу қала бас­шы­лығы үшін аса жауапты. Қазір Астана қа­ла­сы әкім­ді­гінің құрылымдары ЕҚЫҰ Саммитін өт­кі­зу­ге толық әзірлігі туралы да­йын­дық төл­құ­жат­тарын алуда. Аста­на қа­ла­лық мемлекеттік са­нитарлық эпи­де­мио­ло­гиялық қадағалау де­пар­таменті, көлік және автомобиль жолдары де­пар­та­менті, төтенше жағдайлар депар­та­мен­ті мен өртке қарсы қызметтер, барлық ау­дан әкім­діктері, туризм және спорт бас­қар­ма­сы, елордалық туризм қауымдастығы, мем­ле­кеттік сәулет-құрылыс қадағалау бас­қар­ма­сы дайындық төлқұжат­та­рын алып үлгерді. Қазақ халқының қонақжайлығын паш ету мақ­сатында қонақтарды қарсы алу, мә­де­­ниет­ті қызмет көрсету шаралары жолға қо­йыл­ды. Шетелдік қонақтарды жоғары дең­­­гей­де қарсы алу үшін “5 жұлдызды” қо­нақ үй­лер іріктеліп алынды. Шет елдер тіл­дерін те­реңдетіп оқыту курстары өткізіліп, жүз­­де­ген маман даярланды. Жуырда Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев ресми сапармен Бельгия Ко­роль­­ді­гіне және Францияға барып келді. Аталған мем­лекеттер бас­шы­ларымен өткен жо­ғарғы дең­гейдегі кез­десулерде екі елдің ын­ты­мақ­тас­тық бай­ла­ныстары туралы, сонымен қатар, Қазақ­­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуі, Астанадағы ЕҚЫҰ Сам­ми­тіне дайын­дық жөнінде әңгіме өрбіді. Франция астанасында өткен Париж Хар­тия­­сының 20 жылдығына және Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына орай ұй­ым­дас­ты­рылған конференцияда Қазақстан Пре­зи­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ­стан Ас­та­­на­да ЕҚЫҰ Саммитін өткізу да­йын­дығына аса жауапкершілікпен қарайды. Біз ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­лары тарапынан біз­дің жас мем­лекетімізге, жас демо­кра­тия­мыз­ға көрсеткен зор сені­міне алғыс айтамыз. Біз Саммиттің табыс­ты болуы үшін қолдан кел­геннің барлығын жа­сап жатырмыз, қазіргі за­манның жаңа сұраныстарына жауап бере алуы үшін біз қа­был­дағымыз келетін барлық құ­жаттар келісілді”, – деді. “Астана Саммитінің ЕҚЫҰ қызметінің жа­ңа сатысының бастауы болатынына се­нім­дімін. Ол стратегиялық бағыттарды және Ван­куверден Владивостокқа дейінгі біртұтас жә­не бөлінбейтін “жол картасы” үдерісі жү­йе­сін белгілейді”, – деп атап өтті Мемлекет бас­шысы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­­баев “Қазақстан-2030” Стра­те­гиялық жос­парында Азияның ең кедей елдерінің кей­бірі отыз жыл ішін­де қайыршылық­тан оңалып, индус­трия­лды мемлекет­тер­ге ай­нал­­ға­нын, оның ішінде алғаш­қы­лары Ко­рея, Тай­вань және Син­гапур болса, кейін олар­ға Ма­­лайзия, Индо­незия және Тайланд қо­­сыл­ға­нын жазған. Соңғы жылдары Қы­тай мен Үндістан қар­қынды дамып келе жатқанын атап өт­кен. Ресейдің де әлеуеті жо­ғары екенін айт­ты. Сингапур өз тәуел­сіздігін алған кезде жан басына шаққанда 200 долларға жетпес та­бысы бар кедей ел болса, қырық жыл ішін­де жедел дамып, адам басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар Азия жол­ба­рысына айналған. Осы ойларды мы­салға ала оты­рып, Елбасы: “2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін”, – деді. Ойымызды қорытындылай келгенде ай­­та­рымыз, барыс жылы еліміз үшін та­быс­ты бо­лып отыр. Биыл еліміз дүние жү­зіне жақсы та­нымал болды. Іргелі сая­са­тымыз бен хал­қы­мыздың мәдениеті мен өнер саласы да жан-жақты наси­хат­талуда. Жер шарының тұр­ғындары Қазақстанды, қо­нақжай қазақ хал­қын білді. Сондықтан 2010 жыл мем­ле­ке­ті­міздің жаңа кезеңге аяқ басуының қа­рыш­ты қадамы ретінде ба­ғалануда. Ендеше, бір­лігі мен ынтымағы жа­расқан еліміздің ал­дағы уақытта алар асу­лары да асқақ болып, абы­ройы арта бер­сін дегім келеді.