Венера ТҮГЕЛБАЙ – Санкт-Петербургтен.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысы Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің, Армения Республикасының Премьер-министрі Тигран Саркисянның, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Сидорскийдің, Молдова Республикасының Премьер-министрі Владимир Филаттың, Украина Премьер-министрі Николай Азаровтың, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаеваның, Тәжікстан Республикасы Премьер-министрі Акил Акиловтың, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Эльер Ганиевтің, Әзірбайжан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбовтың, Түркіменстан Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Рашид Мередовтің және ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтің қатысуымен өтті. Үкімет басшылары кеңесінің отырысында еркін сауда аймағы туралы келісімнің жобасын дайындау барысы мен ТМД елдерінің инновациялық қызметтестігінің мемлекетаралық мақсатты бағдарламасының жобасын әзірлеу мәселелері талқыланды. Сол сияқты зияткерлік меншікті құқықтық қорғау, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты әңгіме арқауына айналды. Зияткерлік меншікті қорғау тұрғысында тиісті мемлекетаралық кеңес құру жайы да сөз болды. Сонымен бірге, отырыста 2011-2012 жылдарға арналған гуманитарлық қызметтестік саласындағы іс-шаралардың басымдыққа ие жоспарлары, ТМД-ға мүше елдердің өндірісін және энергоресурстарды тұтынуын болжау мәселелері төңірегінде де кеңінен әңгіме өрбіді. Мемлекетаралық кеңестің Үкімет басшылары деңгейінде өткен кезекті отырысына Қазақстаннан өзге қоғамдастыққа мүше 6 ел – Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан республикалары мен Ресей Федерациясының премьер-министрлері, сондай-ақ қоғамдастыққа бақылаушы мәртебесіне ие Армения, Молдова және Украина елдерінің үкімет басшылары қатысты. Бірден атап көрсететін жәйт, Мемлекетаралық кеңестің Санкт-Петербург қаласында өткен отырысында ұйым жұмысын одан әрі жетілдіре түсуге қатысты бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Басқосуда Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағын қалыптастыру мәселелері және Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасында Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі іс-қимыл жоспарының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Бұдан өзге күн тәртібінде ЕурАзЭҚ-тың басым бағыттарын дамытуға арналған 2011-2013 және одан кейінгі жылдарға жоспарланған іс-шаралар жобасы, “ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кеден транзиті бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық бақылау жүйесі” мемлекетаралық мақсатты бағдарламасының жобасы, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасын жүзеге асыру іс-шараларының жоспары бар. Сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілердің Кеден одағы шеңберіндегі даулы мәселелер бойынша ЕурАзЭҚ Сотына өтініш беруі және олар бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктері туралы келісімнің жобасы да қаралды. Сол сияқты Мемлекетаралық кеңес отырысында Кеден одағының қызметін жетілдіре түсуге бағытталған бірқатар құжаттарды күшіне енгізу туралы шешім қабылданғанын да атап көрсету қажет. Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі бүкіл құжаттар бойынша келісімге келу жұмыстары аяқталып келеді. Бүгінгі отырыста қоғамдастық шеңберінде бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Сол сияқты жабық есік жағдайында өткен отырыста көптеген маңызды мәселелер талқыланып, олар бойынша принципті уағдаластыққа қол жеткізілді, деп атап өтті Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Мемлекетаралық кеңес отырысынан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ұйымдастырылған арнайы брифингте. Ал Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин ЕурАзЭҚ-тың посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің талас тудырмайтын көшбасшысы екендігіне назар аударды. Өзі өмір сүрген 10 жыл ішінде қоғамдастық сындарлы да ықпалды өңірлік ұйымға айналды, деді ол. Оған мүше 5 ел әлеуметтік, экологиялық бастамаларды ілгері жылжытып, гуманитарлық салада табысты жұмыстар жүргізуде. Өзара іс-қимылдардың қарқыны мен сапасы арта түсуде. ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі отырысының күн тәртібіне шығарылған маңызды деген құжаттардың бәріне де қол қойылды.
•
20 Қараша, 2010
Ықпалдастық бағытындағы жаңа қадамдар
445 рет
көрсетілді