Жуырда ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Франц Кафка атындағы сыйлық қазақ жазушысы, филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтің неміс тіліне аударылған “Үміт үзгім келмейді” атты романына берілгенін білеміз. Мұндай мәртебеге осы уақытқа дейін әйгілі кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форман, әйгілі жапон жазушысы Харуки Муроками ие болған.
“Үміт үзгім келмейді” романы қытай, түрік тілдеріне аударылып, тұсаукесер рәсімдері Ыстамбұл мен Бейжің қалаларында өткенін көзі қарақты оқырман біледі. Енді міне, ҚР Ұлттық кітапханасында қаламгер шығармашылығына арналған “Н.Келімбетов – жазушы, түрколог ғалым” тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелде “Umіt”, “Turk Halklarіnіn ortak edebі eserlerі”, “Dіe Hoffnung wіll іch nіcht verlіeren” атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Басқосуға Ыстамбұлдағы М.Синан атындағы көркемөнер университетінің профессоры Абдулахап Қара, Бейжіңдегі “Ұлттар” баспасының редакторы Айқын Әбидин арнайы келсе, дөңгелек үстелде еліміздің көрнекті жазушылары, ғалымдар мен ақындар, жоғары оқу орындарының басшылары сөз алды.
Зиялы қауым үшін дидарласудың тамаша мүмкіндігіне айналған осы жиынды сөзі мәйекті жазушы Смағұл Елубай жүргізіп отырды. Тұсаукесердің қысқа кіріспесінде ол тағдырдың жазуымен төсекке таңылған Немат сол кездегі жағдайын жан тебірентерліктей етіп баяндап: “Кереуетке таңылған Келімбетов сіз бен біз көрмеген өмір көрді, сіз бен біз көрмеген ой кешті. Алланың әмірімен қазақ азаматы рухани тұрғыда қайта туды...” – десе зәредей де жасандылығы жоқ. Жазушы Еуропадағы Франц Кафка қоғамының президенті Мирослав Кибердің Немат ағаға қаратып айтқан: “Мүмкіндігі шектеулі жанның шектеусіз ерлігі” деген теңеуін, түрік жазушысы Харун Токактың шығармаға тәнті болғанын, Қытай сыншысы Чжань Кайдудың “Үміт үзгім келмейдіні” жылап отырып оқығанын елге өте тартымды жеткізді.
Содан кейін дөңгелек үстелде аты мәшһүр актер Сәбит Оразбаев ақсақалдық сөзін арнаса, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин: “Сіздің еңбектеріңізді қазақ әдебиетінің абырой-беделіне қосылып отырған үлес деп бағалаймыз. Төсекке байланып, тағдыр сынға алған кездері сіз рухыңыздың мықтылығының арқасында өзіңізді сақтай білдіңіз, қаламыңызды да қолыңыздан түсірмедіңіз. Қазақтың арғы-бергі ұлы тарихы мен әдебиетін түгендеп, жинаған қазынасынан бірізді ғылым жасадыңыз. Кеңес дәуірінде алдыңызда кездескен қиындықтарға қарамастан, ғылымды, әдебиетті тереңге алып кететін үлкен-үлкен монографияларды дүниеге әкелдіңіз. Әлемге қазақ жерінен қандай ұлылар өсіп шыққандығын, қазақтың бай әдебиеті, бай тарихы болғандығын жеткізе білдіңіз. Сіз нағыз батыр да батыл зерттеуші қаламгерсіз. Өзіңізді осы қасиеттеріңіз арқылы ел таныды”, деді.
Профессор Қансейіт Әбдезұлының айтуынша, Келімбетовтің көне әдебиеттегі зерттеуге қосқан үлесі сүбелі. “Қызыл империя тұсында ол кісі түркі, ислам заманына барды, Орхон-Енисей жазбаларын да зерттеді. Ол біздің заманымызға дейінгі жыл санауымыздан мың ғасырға тереңдеп барды, соңғы шыққан монографиясында біздің 3 мың жылдық тарихымызды баяндап берді. Сонау сақтар, ғұндар дәуірінен бастап кешегі Мұхамед Хайдар Дулатиға дейінгі, бүкіл қазақ әдебиетінің жүрген жолын зерттеді. Бұл Немат Келімбетовтің әдебиеттегі ерлігі. Немат аға ежелгі дәуір әдебиетінің бірден бір зерттеушісі, ол осы саланың ғылыми мектебінің негізін қалаушы және тұңғыш ежелгі дәуір әдебиеті оқулығының авторы”, – деп атап өтті ғалым.
Елімізде қаламгердің есімі көпшілік оқырман қауымға әлем классиктерінің үздік шығармаларын ана тілімізге аударған тәржімашы ретінде жақсы мәлім. Ғалымның “Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы”, “Қазақ әдебиеті бастаулары”, “Көркемдік дәстүр жалғастығы”, “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Ежелгі әдеби жәдігерліктер” және тағы да басқа іргелі зерттеулері жарық көрген.
Айнаш ЕСАЛИ.
______________
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.