• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Еуропадағы Франц Кафка қоғамының президенті Мирослав Кибер: “Мүмкіндігі шектеулі жанның шектеусіз ерлігі”

503 рет
көрсетілді

Жуырда ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Франц Кафка атындағы сыйлық қазақ жазушысы, филология ғы­лымдарының докторы Немат Ке­лім­­бетовтің неміс тіліне аударыл­ған “Үміт үзгім келмейді” атты ро­­маны­на берілгенін білеміз. Мұн­­дай мәртебеге осы уақытқа де­йін әйгілі кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форман, әйгілі жапон жазушысы Харуки Муроками ие болған. “Үміт үзгім келмейді” романы қы­тай, түрік тілдеріне аударылып, тұ­саукесер рәсімдері Ыстамбұл мен Бейжің қалаларында өткенін көзі қарақты оқырман біледі. Енді міне, ҚР Ұлттық кітапханасында қалам­гер шы­ғармашылығына ар­налған “Н.Ке­лім­бетов – жазу­шы, түрко­лог ғалым” тақырыбында өт­кізіл­ген дөңгелек үстелде “Umіt”, “Turk Halklarіnіn ortak edebі eserlerі”, “Dіe Hoffnung wіll іch nіcht verlіeren” ат­ты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Басқосуға Ыстамбұлдағы М.Си­­­нан атындағы көркемөнер универ­ситетінің профессоры Аб­дулахап Қара, Бейжіңдегі “Ұлт­тар” баспа­сының редакторы Ай­қын Әбидин арнайы келсе, дөңге­лек үстелде еліміздің көр­некті жазу­шылары, ғалымдар мен ақын­дар, жоғары оқу орындарының бас­шы­лары сөз алды. Зиялы қауым үшін дидар­ласу­дың тамаша мүмкіндігіне айнал­ған осы жиынды сөзі мәйекті жазушы Смағұл Елубай жүргізіп отырды. Тұсаукесердің қысқа кі­ріс­песінде ол тағдырдың жазуы­мен төсекке та­ңыл­ған Немат сол кез­дегі жағ­дайын жан тебірен­терліктей етіп баяндап: “Кереует­ке таңылған Ке­лім­бетов сіз бен біз көр­меген өмір көрді, сіз бен біз көр­меген ой кешті. Алланың әмірі­мен қазақ азаматы рухани тұр­ғы­да қайта туды...” – десе зәре­дей де жасан­дылығы жоқ. Жазушы Еуропадағы Франц Кафка қоғамы­ның прези­денті Миро­слав Кибердің Немат ағаға қаратып айтқан: “Мүм­кіндігі шек­теулі жанның шектеусіз ер­лігі” деген теңеуін, түрік жазу­шысы Харун Токактың шығармаға тәнті болғанын, Қытай сыншысы Чжань Кайдудың “Үміт үзгім кел­мейдіні” жылап отырып оқығанын елге өте тартымды жеткізді. Содан кейін дөңгелек үстелде аты мәшһүр актер Сәбит Ораз­баев ақсақалдық сөзін арнаса, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма­сы­ның төрағасы Нұрлан Ораза­лин: “Сіздің еңбектеріңізді қазақ әде­биетінің абырой-беделіне қо­сылып отырған үлес деп бағалай­мыз. Төсекке бай­ланып, тағдыр сын­ға ал­ған кез­дері сіз рухы­ңыз­дың мық­ты­лығының арқасын­да өзіңізді сақтай білдіңіз, қаламы­ңызды да қолыңыздан түсірмеді­ңіз. Қазақ­тың арғы-бергі ұлы тарихы мен әде­биетін түгендеп, жи­наған қазы­насынан бірізді ғы­лым жасадыңыз. Кеңес дәуірінде ал­дыңызда кездес­кен қиындық­тарға қарамастан, ғылымды, әде­биетті тереңге алып кететін үлкен-үлкен монография­ларды дүниеге әкел­діңіз. Әлемге қазақ жерінен қан­дай ұлылар өсіп шыққан­ды­ғын, қазақтың бай әдебиеті, бай тарихы болғандығын жеткізе біл­діңіз. Сіз нағыз батыр да батыл зерттеуші қаламгерсіз. Өзіңізді осы қасиеттеріңіз арқылы ел таныды”, деді. Профессор Қансейіт Әбдез­ұлы­ның айтуынша, Келім­бетов­тің көне әдебиеттегі зерт­теуге қосқан үлесі сүбелі. “Қызыл империя тұ­сында ол кісі түркі, ислам зама­ны­на бар­ды, Орхон-Енисей жаз­баларын да зерт­теді. Ол біздің за­манымызға дейінгі жыл са­науы­мыздан мың ғасырға тереңдеп барды, соңғы шыққан мо­но­­гра­фия­сында біздің 3 мың жыл­дық тарихымызды баян­дап берді. Со­нау сақтар, ғұн­дар дәуі­рі­нен бастап кешегі Мұхамед Хай­дар Дулатиға дейінгі, бүкіл қазақ әде­биетінің жүрген жолын зерт­теді. Бұл Немат Келімбетовтің әде­биеттегі ерлігі. Немат аға ежел­гі дәуір әдебиетінің бірден бір зерт­теушісі, ол осы саланың ғы­лыми мектебінің негізін қалаушы және тұң­ғыш ежелгі дәуір әдебиеті оқу­лы­ғының авторы”, – деп атап өтті ғалым. Елімізде қаламгердің есімі көп­шілік оқырман қауымға әлем клас­сиктерінің үздік шығарма­ларын ана тілімізге аударған тәр­жімашы ретінде жақсы мәлім. Ға­лым­ның “Ежелгі түркі поэ­зиясы және қазақ әде­биетіндегі дәстүр жал­ғастығы”, “Қа­зақ әдебиеті бас­таулары”, “Көр­кемдік дәстүр жал­ғас­тығы”, “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Ежелгі әдеби жәдігер­ліктер” және тағы да басқа іргелі зерттеу­лері жарық көрген. Айнаш ЕСАЛИ. ______________ Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.