• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2010

Ядролық технопарк

1021 рет
көрсетілді

Алдағы жылы егемен ел атанып, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге жиырма жыл толады. Дәл осы жылы ажал аж­даһасы атанған Семей атом полигоны­ның кө­мейіне құм құйылғанына да жиыр­ма жыл толмақ. Мұның соңғысының тәуел­сіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуі де бекерден бекер емес. Солай дей тұр­ғанмен, бейбіт заманда қырық жыл қыр­ғынға ұласқан ядролық сынақтардың еліміздің тұңғыш Президентінің алғашқы Жарлық­тарының бірімен ел тәуелсіздігін жария­ламай жатып-ақ тоқтатылғаны да шындық. Бірақ, өкінішке қарай сол шақта бұл жақтан ауа көшкен әскерилердің полигон астанасы атанған Курчатов қаласын мейлінше бүлдіріп кеткені де өтірік емес. Абырой болғанда іле Елбасының екінші бір Жарлығымен мұнда Ұлттық ядролық орталығы құрылды. Ал осыдан төрт-бес жыл бұрын Курчатовта тағы да мемлекет басшысының Жарлығымен “Ядролық технологиялар паркі” акционерлік қоға­мын құру ісі қолға алынды. Содан бергі аралықта ел газеті “Егеменде” сол бір игілікті шараның қалайша жүзеге асыры­лып жатқаны туралы бірер мәрте жазылған да болатын. Енді, міне аталған парк кезең-кезеңімен іске кірісіп жатыр. Сондықтан басылымымыздың қалың оқырмандарын осындағы атқарылып жатқан ауқымды істермен тағы бір таныстырып қоюды жөн көргенбіз. Әйтсе де, ол туралы сөз қозғамас бұрын бұл ауқымды шаруаның қандай мақсатпен қолға алынғанын қысқаша баяндай кеткеніміз дұрыс болар. Курчатовта Ұлттық ядролық орталық ондағы бұрынғы атом полигонының ғылыми әлеуетін енді бейбіт мақсатта пайдалану үшін құрылған-ды. Ал бұл міндет жеделдетіліп жүзеге асырылып жатқан шақта енді сол ғылым жетістік­терін іс жүзінде пайдалану қажеттілігі туындады. Сөйтіп, мәселе алғаш рет Ел­ба­сының 2003 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілді. Содан кейінгі жерде де ол мемлекет басшысы­ның назарынан тыс қалған емес. Айталық, Елбасының осыдан үш жыл бұрынғы кезекті Жолдауында алдағы он жылдың басты отыз бағыты белгіленіп, соның он екінші бағытында элекр энер­гетикалық ресурстарды дамыту және атом энергети­касының негіздерін жасау нақты­ланды. Яғни, бұл жолғы Жолдауда атом энерге­тикасын дамыту, елімізде атом электр стансасы құрылысының негізде­месін жасау қажеттігі атап айтылды. Жо­ғарыда айтқандай, Курчатовта шоғыр­ланған ғылыми әлеуеттің салмағы өте зор. Бүгін­де мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге барын­ша қабілетті 50 елдің қатарына кіруге талпынып отырса, осындай орасан мүм­кіндікті пайдаланбау енжарлық болар еді. Осы орайда елімізде  үш негізгі және өңірлік үш технопарк құрылысы қатар қолға алынғанын айта кетсек дейміз. Бүгін біз сөз етіп отырған технопарк солардың ең бастысы болып табылады. Ал оның тізгінін алғашқы күннен бастап Санкт-Петербург политехника инсти­тутының түлегі, техника ғылымының кандидаты Абзал Құсайынов деген бауырымыз қолында берік ұстап келеді. Содан бергі жерде бұлар жаңалық-өзгерістерден кенде емес. Технопарк қызметкерлері мен қызметшілері үшін 50 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Осыдан тура екі жыл бұрын әкімшілік-өндірістік және радиациялық технологиялар кешені қатарға қосылды. Жер-жерден мұнда келіп түсіп жатқан инновациялық ұсыныстар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Жуырда іргелі кәсіпорынның жас та болса іскер басшысы Абзал Тұсынбай­ұлымен қайыра тілдескенбіз. Ол өздеріне жүктелген міндеттерге тағы да тоқтала келіп, өздеріндегі соңғы жаңалықтарды айтқан. Бүгінде аумағы 7 мың шаршы метр жерді алып жатқан кәсіпорында бизнес-орталық пен бизнес-инкубатор ұйымдастырылған көрінеді. Соның нәтижесінде өндірілген өнімді сыртқа шығаруға мүмкіндік молая түсіпті. Осыдан екі жыл бұрын қатарға қосылған ЭЛВ-4 деп аталатын электронды өндірістік жеделдеткіштің арқасында материалдар мен бұйымдарды өндіру сапасы дұрыс жолға қойылған. Ал радиациялық тазартқыш корпусы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді өңдеуге арналған. Рентгендік диагностика жүйесін жасау біздің елімізде енді ғана қолға алынып отырған көрі­неді. Осындай жаңа технология арқасында пленкадағы бұрынғы рентгендік сурет қажет болмайды. Яғни, адамның ішкі органы бірден компьютерден көрініс береді. Бұл бірлескен жобаға британдық ядролық орталық демеушілік жасауда. Технопарк құрылып, іске кіріскеннен бергі жерде мұнда бірлескен бірнеше кәсіпорын пайда болыпты. Соның біріне Ресейдің “Ядролық технологиялық паркі” мен “Технопластполимер” акционерлік қоғамдары демеушілік танытыпты. Бірлес­кен бұл кәсіпорын полиэтилен материал­дарын шығаруда. Ал мұның артықшылығы неде дегенге келетін болсақ, жылу сақтау, шулы дыбыстар мен су өткізбеу, оны пайда­ланудағы қолайлылық пен қауіпсіздік болып жалғаса береді. Ең бастысы сол, мұндай материалдарды пайдалану мерзімі де ұзақ. Ал оларды азаматтық және өнер­кәсіптік құрылыста, жылу жүйесінде, автомобиль және кеме жасау ісінде, халық тұтыну тауарлары өндірісінде және басқа толып жатқан шаруада кеңінен пайдалануға болады. Өткен жылы, мұнда сондай-ақ Украи­наның “Ядролық технологиялық паркі” және “Демпург” сауда үйімен” бірлесе отырып және бір кәсіпорын құрылыпты. Бұл кәсіпорын теміржол көлігіне және крандарға қажетті бөлшектер, түрлі тежегіш құрал- жабдықтарын шығаруда. Бүгінгі таңда оларға да сұраныс көп. Айта берсек мұндай бірлескен кәсіпорындар жетіліп-артылады. Оңтүс­тіккореялықтармен бір­лескен кәсіпорын “Каз­кор” деп аталатын поли­мер материалын шыға­рып отыр. Оның да бе­рік­тігі мен ұзаққа сақ­та­латын қасиеті ерекше. Мұндай ма­териал негізі­нен ғимараттардың төбе­сін жабуға пайдаланатын көрінеді. Осындай тығыз бай­ланыс Америка Құра­ма Штаттары және Қытай фирмаларымен де орна­тылып үлгерілген. Олар­дың алғашқысы сандық радиографикалық, флюро­­скопиялық және компьютерлік томограф бағдарламасын жүзеге асыруға қолқабыстарын тигізуде. Ал Қытайдағы Теньян қаласындағы тоңазытқыш құрал-жаб­дықтары зауыты біздің елімізде жылу насосы қондырғыларын жасай­тын зауыт құрылы­сына атсалысуда. Курчатовта техно­парк құру жобасы шама­мен оншақты жылдан соң өзін өзі ақтауы тиіс. Сол шақта оның табысы үш есе артпақ. Басқаша айтсақ бір теңге инвес­тиция жалпы құны үш теңгенің түрлі өнімін шығаруға мүмкіндік ту­ғызады. Бұл кезде тех­нопарк кәсіп­орын­да­рында шамамен 1200 жұмыс орны ашылады. Ал қосымша салаға қызмет ететіндер саны екі мыңға жетіп жығылмақ. Алғашқы он жылда технопарктен мемле­кет қазынасына он миллиардтан астам теңге түседі деп күтілуде. Бұл кезде Курчатов қаласының келбеті тұтасымен өзгеріп, түлеп, жайнап сала беретіндігіне еш күмән болмаса керек. Биылғы күзде Курчатовта әдет­тегідей үлкен бір халықаралық кон­ференция өткізілген еді. Сонда да Кур­чатов­тың түптің түбінде Дубно, Об­нинск, Оксфорд секілді шағын қала болғанмен, әлемдік ғылыми орталық­тарының біріне айна­латындығы айтыл­май қалмаған. Сол алқалы жиында сөз алған Мәскеудегі Ресей халықтар дос­тығы университетінің шетел тілдері институты директорының орынбасары, түбі омбылық қаракөз қарындасымыз Ұлданай Бақтыгереева де бұл қаланың болашағын аспандата келіп, ұрпағы үшін осы қаладан қазірден бастап бір пәтер алып қоюға әзір екендігін мә­лім­деп жатты. Ол солай дей келіп, Ресей­де жүрген қандас небір маман физик ғалымдарды Курчатовқа шақыру туралы келелі ұсыныс айта кетуді де ұмытпаған. Қандастар демекші, бүгінгі таңда оралман ағайындар үшін мұнда көп пәтерлі төрт үй жөндеуден өткізілуде. Соның алғашқысы дайын да болып қалды. Осы үйлерге орналасып, жайға­сатын отандастар ядролық технопаркке, Ұлттық ядролық орталыққа қызметке орналасып жатса, шіркін дейсің іштей армандап. Сондай күнге жететінімізге де сенгің келеді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.