• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2010

Мемлекет пен жеке меншік әріптестігінің берері мол

535 рет
көрсетілді

Кеше “Нұр Отан” ХДП ғимаратында “Индустриялық-инновациялық саясатты іске асыру жағдайында мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамыту” тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Оған  Президент көмекшісі, партияның Инновациялық комитетінің төрағасы Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов және бірқатар депутаттар қатысты. Дөңгелек үстел тақырыбына өзек болған индустриялық-инно­вациялық даму саясатын мемлекет және жеке меншік әріптестігі арқылы жүзеге асыру бұған дейін талай мәрте көтеріліп жүр. Өйткені, мемлекет дамуына қажетті бизнес- жобаларды жұмыла жүзеге асыру болашақта еліміздің инновациялық дамуын тездете түсуге ықпал етпек. Елбасы Н.Назарбаев та биылғы Жолдауында мемлекет пен жеке мен­шік әріптестігі әлеуетінің ора­сан екендігін атап көрсеткен бо­латын. Дөңгелек үстелде Бақыт Сұлта­нов мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестіктің маңызды­лығына тоқталды. Оның айтуынша, ол біріншіден, инвестицияны қажет ететін салаға қаржы тарту болса, екіншіден, республикалық бюджет­тің жүгін жеңілдететіндігі. Қазақ­станда жеке меншік пен мемлекет арасындағы әріптестік әзірше қа­лыптасу үстінде. Алайда қазір оны нақты жүзеге асыру тетігі дайын десек те болады. Оның негізінде Кон­цессиялар туралы заңнама бар, сонымен қатар, концессия мәсе­ле­лері бойынша мамандандырылған орталық жұмыс атқарып, жобалар іске асырылуда. Мемлекет-жеке мен­шік әріптестігі әлемдік тәжі­ри­бе бойынша бизнес пен мемлекет­тің арасындағы өзара қарым-қатынастың тетігіне айналып отыр, деді Бақыт Сұлтанов. Ал Экономикалық даму және сауда вице-министрі М.Құсайынов қазіргі таңда мемлекеттің жеке инвестицияларды тарту арқылы концессиялық жобаларды іске асыру тәжірибелеріне тоқталды. Бұдан кейін Мәжіліс депутаты М.Тінікеев, “МЖМӘ орталығы” АҚ басқарма төрағасы Қ.Тіле­бал­динов, Көлік және коммуникация вице-министрі Д.Көтербеков, USAІD-тың МЖМӘ транзакциясы бойынша сарапшысы Джилл Дже­мисон сөз алып, талқыланған мәселе жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.